Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
Рухани жаңғыру 9196 39 пікір 31 Тамыз, 2017 сағат 10:50

  Керей, Жәнібек хандар. Баталовқа базына

Өткен жылғы қазан айының басында Талдықорған қаласының ақсақалдары Алматы облысының әкімі А. Баталовқа хат жолдап, өте- мөте орынды мәселе көтерген еді. Қариялар бастамасы Талдықорған қаласында шығатын газеттерде басылып, көпшіліктің қызу қолдауын тудырған. Біз де шама - шарқымызша үлес қоссақ деп, пікірімізді Abai.kz порталы арқылы білдіргенбіз.

Әңгіме Қазақ Хандығын құрған Ұлы Тұлғалар, бүгінгі қазақ халқының дербес этнос болып қалаптасуына өлшеусіз үлес қосқан Керей мен Жәнібек хандарға Талдықорған қаласынан 2015 жылғы Қазақ Мемлекетінің 550 жылдығы кезінде бір көше бұйырмауы туралы болған. Облыс орталығында, ұятына орай, бұл хандарға көше берілмепті. Осы кемшіліктің орнын толтыру үшін қала ақсақалдары Талдықорғанға кіретін, әзірше атау берілмеген үлкен даңғылды Керей, Жәнібек хандардың атымен атауды ұсынып, облыс әкіміне базына білдірген. Бұл даңғылға келіп қосылатын күре жолды Кенесары ханға беру жөнінде біз ұсыныс айтқанбыз. Биыл қазақ халқының азаттығы үшін, орыс басқыншылығына қарсы шыққан Кенесары хан көтерілісінің басталғанына 180 жыл, опасыздық, сатқындық салдарынан Кенесары ханның өлтірілгеніне 170 жыл толады. Туғанына да 215 жыл. Санасында ұлттық намысы бар азаматқа ойланарлық даталар. Бірақ...

Амал не, содан бері аттай он бір ай жылжып кетіпті. А. Баталовқа хат жазған ақсақалдардың алды Керей-Жәнібек хандар көшесін көрмей кетеміз бе деп алаңдай бастады. Елгезек, жұрт пікіріне құлақ қоятын басшыға қыруар шаруа тындырып-ақ тастайтын уақыт өтті. Бірақ Амандық мырза жақ ашпай отыр. Я «бар», я «жоқ» деген жоқ әлі күнге... Не күтері өзіне ғана мәлім.

Осы екі ортада ел арасында бір қауесет тарады. Ұзынқұлақтың азды-көпті қосып отыратыны бар ғой, десе де ел аузында Баталов бұл даңғылдың атын белгілеп, әлдекімдерге уәде беріп қойған деген ақпар жүр. Ойланып қалдық. Қазақ жерінде Керей мен Жәнібек хандардың алдына түсетін ол кім екен? Қазақстанда Қазақ Мемлекетін құрған екі ханнан озар тұлға болуы мүмкін емес. «Қазақпыз!», «Ұлтпыз!» деп ұрандап жүрсек, бұл, алдымен Құдай, сонан соң осы екі ханның арқасы. Ақсақалдардың, облыс жұртшылығының қолқасынан аттап, даңғылға Керей мен Жәнібектің аттары берілмейді деуге кімнің аузы барады? Әлде, тағы да рушылдық дерті улап, Керей-Жәнібек хандармен бақ таластырар «шіркіндер» шығып жатыр ма?

Өз басым, Баталовты жақын танымаймын. «Сен» дескен, қол алып, сәлемдескен жеріміз жоқ. Биыл Талдықорған қаласында екі бірдей үлкен шара өтті, соларда кездесем бе деп едім. Алдымен ақын Сараға қала жұртшылығы жиналып Ас берді. Аруақ силаған жамағатпыз ғой, Қазақстанның әр түпкірінен бата жасаушылар келді. Алматыдан жеткен журналистер ғана үлкен қауым болды. Осы Астан Баталов мырзаны көре алмадық.

Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 325 жыл толды. Халыққа рахмет! Сауын айтып, Талдықорған қаласында Ғылыми-танымдық конференция өткізді. Тағы да Қазақстанның төрт тарабынан меймандар ағылды. БАҚ өкілдерінің қарасы бұл жолы да мол болды. Осы шара облыстың биылғы жоспарына кірмеген еді. Жұрттың жаппай қолдауымен облыс әкімшілігі Ғылыми-танымдық конференцияны өткізуге мүмкіндік жасады. Конференциядан соң Ас берілді. Түскі үзіліс кезі. Амандықтың жиналған елге амандасуға тағы да уақыты табылмады. Кеңсесінен шыға алмай, тұмсығынан шаншылып жатса керек. Алайда, білдей бір облыс әкімі мансабына малынып, шаруасына шалынып жатса да, Қазақ Халқының Бас батыры Қаракерей Қабанбай батырдың Асына келуі міндетті еді. Батаға қатысып, бет сипап кетсе, Баталовқа ел іші кәдімігідей риза болып қалатын еді. Бұл сол Асқа қатысқан көпшіліктің пікірі. Облыс әкімі келіп қатыспағандықтан Қабанбай - Хан батыр - Дарбоз кішіреймейді, әрине.

Өткен жылы Алматы облысында қордаланып қалған біраз жайттарды  жазып едім. Міне, тағы да елге барып, аралап қайттым. Ақсақалдармен, ел азаматтарымен ұзақ-ұзақ әңгіме құрдық. Ұққаным: облыс әкімшілігі  «Халқымыздың тағылымы мол тарихынан...» (Н.Ә.Назарбаев) сабақ алып, тарихи жадымызды жаңғыртудың бетін жылы жауып қойғанға ұқсайды.   Нақты мысал – Керей мен Жәнібек хандарға әлі күнге дайын тұрған даңғылдың аты берілмеуі. Кенесарының  ұмыт болуы. Айта берсек  әңгіме көп. Бір ізге түсіріп алайын. Оларды да алдарыңызға тартармын.

Камал Әбдірахман

Abai.kz

 

 

 

39 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036