Алматыда 1450 спорттық нысан халыққа қызмет етеді
«Үздік спорттық өңір» үміткерлер қатарындағы (республикалық деңгейдегі қала, облыс Дене шынықтыру және спорт басқармалары) Алматы қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасына 2016 жылдың тамыз айынан Дөңбаев Әбіл Бекетұлы басшылық етеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада Комитеті «Хабар» агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған байқау 2017 жылдың 28 қарашасына дейін жалғасады. Дауыс беру http://www.olympіc.kz ресми сайтында келесі номинациялар бойынша өтуде: «Жазғы спорт түрлерінен үздік спортшы», «Қысқы спорт түрлерінен үздік спортшы», «Үздік жас спортшы», «Жазғы спорт түрлерінен үздік бапкер», «Қысқы спорт түрлерінен үздік бапкер», «Олимпиадалық спорт түрлерінен үздік спорттық федерация», «Үздік спорттық өңір» (республикалық деңгейдегі қала, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармалары), «Жыл жаңалығы», «Үздік жыл командасы».
Алматы әкімдігі спорт басқармасымен бірлесе отырып, жылдың басынан Алматыда 2,5 мың спорттық шара өткізіліп, 400 мың адам қамтылған. Атап өтсек, осы жылды біз әлемнің 57 елінен 2,5 мыңнан астам делегаттың қатысуымен 28 Қысқы Универсиада ойындарымен бастадық. Ел тарихындағы ең ауқымды спорттық дода болған Универсиаданың өтуіне жалпы жұртшылық, спортшылар мен халықаралық сарапшылар оң бағасын берді. Сонымен қатар, «Алматы туры», «Әлем Барысы», Шымбұлақта өткен «Тау және спорт фестивалі», «Ұлы дала ойындары», футзалдан Еуропа чемпионатына іріктеу және УЕФА кубогының төрттік финалы және т.б. өткізілді. Орталық Азияда ең ауқымды бұқаралық спорттық шаралардың бірі де бірегейі 20 мың адамның қатысуымен өткен «Алматы марафоны» болып табылады.
Өткен жылы бұқаралық спортты дамыту және насихаттау мақсатында «Спорттық Алматы» жобасы іске қосылған. Осы жылдың басынан аталмыш бағдарлама аясында бұқаралық және спорттық мың шара ұйымдастырылып, жалпы, оларға жүз отыз бес мың қала тұрғыны қатысқан. Жылдан-жылға спортпен шұғылданушылар саны өсіп келеді. Мәселен, 2014 жылы олардың саны 26,5 пайызды құраса, 2016 жылы 29 пайызды, яғни жарты миллионнан көп адамды қамтыды. Осы жылы іске қосылған «Спорт менің ауламда» жобасы аясында қазіргі таңда 600 ауладан 75-і таңдап алынып, жұмыс істеуде және 6 аудан бойынша 6000 бала спортпен айналысады. Тәжірибелі бапкерлер аптасына 6 күн, 2 мезгіл, жалпы, күніне 2 сағат жұмыс істейді. Ал демалыс күндері, аула командалары арасында спорттық шаралар өтеді.
Жалпы, Алматыда 1450 спорттық нысан халыққа қызмет етеді. «Туған жер» бағдарламасының аясында, Алатау ауданында ашық жеңіл атлетика жаттығу стадионы ашылды, сондай-ақ, «Мамыр» теннис орталығы, Орталық стадионның қосалқы алаңын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы Медеу ауданында 5 мың орынға арналған жеңіл атлетикалық манеждің құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, Елбасы тапсырмасымен, Универсиада аясында «Халық Арена» және «Алматы Арена» атлетикалық ауылы сияқты бірегей ғимараттар бой көтерді. Жыл басында өткен дүбірлі дода – Универсиада үшін салынған нысандар да бүгінде жұртшылық үшін қызмет етуде. Олар ірі мәдени және спорттық шаралардың, сонымен қатар, хоккей, коньки тебу және т.б. қысқы спорт түрлерінің орталығына айналуда. Оқушылар мен студенттерге 50 пайыз жеңілдіктер қарастырылған. Өткен маусымда Медеу мен Шымбұлаққа 800 мыңға жуық демалушы келген. Яғни күніне 10 мыңға жуық адам тауға шығып, шаңғы тепкен. Өткен жылы 290, ал осы жылы 470 балалар, шағын футбол алаңдары құрылған.
Тәжірибеге сүйенетін болсақ, ұлттық спорт түрлерінің басым бөлігі ауылдық жерлерде қарқынды дамыған (ат спорты түрлері, жекпе-жек және т.б.). Айта кетсек, алматылық ипподромда ұлттық спорт түрлері қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және т.б 121 шара өткізілген. 2016 жылы күнделікті осы спорт түрлерімен айналысушылар саны 15 пайызға, 2,6 мың адамға дейін өсті. Сонымен қатар, дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын мүмкіндігі шектеулі жандарға ерекше көңіл бөлінеді, олар саны 2,5 мыңнан астам адамды құрайды. Осы бағытты қаржыландыру 18 пайызға өсті.
Жалпы, Алматыда 117 спорт түрі дамып келеді. Олардың: 38-і – жазғы Олимпиада спорт түрлері, 12-і – қысқы Олимпиада спорт түрлері және 67-і – Олимпиадалық емес спорт түрлері.
Осы жылы Алматы командасы ІV Жастар ойындарында бірінші орынды иеленсе, сондай-ақ, 2016 жылы мектеп және колледж оқушылары арасында өткен Спартакиадада жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді.
Жылдың спорттық жүлдесінің қорытындысы салтанатты түрде қарашаның 30-ы күні өтеді.
Нұрлан Сүйін
Abai.kz