Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 8723 0 пікір 5 Қаңтар, 2011 сағат 22:38

Нұргелді Уәлиұлы. Қамшы

Қамшы - қазақ халқының ба­йырғы кездегі шаруашылық, мә­дени өмірінде аса кең тара­ған, «көлікті айдап жүргізу үшін қолданы­ла­тын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі, ер-тұрманның бір құрамы». Бірақ қазіргі кезде осындай қарапайым қамшының өз «құпиясы» барын көбіміз аңғара бермейтін тәріздіміз. «Қамшы» ұғымының құрылымдық мазмұны айтарлықтай күрделі, өйткені аталмыш ұғымның атауы ретіндегі бұл сөз, бір жағынан, тілдік таңбалар жүйесінің бірлігі (единицасы) болса, екінші жағынан, этномәдени жүйенің бірлігі (единицасы) болып табылады. Сөйтіп, тілдік таңба мен мәдени таңбаның тоғысындағы бұл ұғымды алдымен тілдік жүйенің бірлігі ретінде тарихи және қазіргі кез тұрғысынан қарастыруға болады.

Қамшы - қазақ халқының ба­йырғы кездегі шаруашылық, мә­дени өмірінде аса кең тара­ған, «көлікті айдап жүргізу үшін қолданы­ла­тын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі, ер-тұрманның бір құрамы». Бірақ қазіргі кезде осындай қарапайым қамшының өз «құпиясы» барын көбіміз аңғара бермейтін тәріздіміз. «Қамшы» ұғымының құрылымдық мазмұны айтарлықтай күрделі, өйткені аталмыш ұғымның атауы ретіндегі бұл сөз, бір жағынан, тілдік таңбалар жүйесінің бірлігі (единицасы) болса, екінші жағынан, этномәдени жүйенің бірлігі (единицасы) болып табылады. Сөйтіп, тілдік таңба мен мәдени таңбаның тоғысындағы бұл ұғымды алдымен тілдік жүйенің бірлігі ретінде тарихи және қазіргі кез тұрғысынан қарастыруға болады.

Бүгінгі күн тұрғысынан қараған­да, қамшы сөзінің түбір мен қосымша­дан құралғаны байқала бермейді. Ал тарихи тұрғыдан бұл сөздің түбірі - қам; ал -шы (малшы, егінші тәрізді сөздерде кездесетін) қосымша. Алайда қазіргі қазақ тілінде қам түбірі жеке қолданылмайды. Ал орта ғасыр түркі тілдерінде, сондай-ақ қазіргі туыстас тілдердің кейбірінде (тува, тофалар, алтай, сары ұйғыр, хакас, т.б.) қам «бақсы» дегенді білдіреді. Қарайым тілінде қамшы сөзі «ша­ман» мағынасында жұмсалады. Бұл салыстырулардан «бақсы» мағынасын білдіретін сөздің ертеректе бірде қам, бірде қамшы түрінде айтылғанын байқаймыз. Осылайша екі түрлі тұлғада жарыса қолданылатын сөздер оқта-текте кездесіп отырады, мысалы, диқан-диқаншы; мер­ген-мергенші, «Жүзден ­жүйрік, мыңнан ­ мергенші» дейді қазақ мақалы. Әуелде қамшы сөзі қазақтарда да «бақсы, шаман» мағынасында жұмсала келіп, екінші бір заттың атауына көшкен болу керек деп жорамалдаймыз. Бұлай болуы, әрине, кездейсоқ емес. Оған себеп, байырғы кезде қамдар немесе қамшылар (қазіргіше айтсақ - бақсылар) қолдарына көбіне шыбыртқы алып ойнайтын болған. Оны қамның немесе қамшының шыбыртқысы деп атаған. Бірте-бірте қамшы сөзі әрі «бақсы», әрі «шыбыртқы» мағынасында қолданыла бастаған. Уақыт оза келе кейбір түркі тілдерінде, оның ішінде қазақ тілінде, қамшының «шыбыртқымен ойын салушы адам» деген бастапқы мағынасының қолданыстан шеттей түсуін парсы тілінен енген бахшы, қазақша бақсы сөзі жеделдете түссе керек.
Ақиқат өмірдегі үнемі қайталанып отыратын жайттар (стереотипті ситуациялар) санада орныға келіп, екінші бір ретте­гі аталымға (номинацияға) негіз болады. Бір нәрсені қамшымен салыстыру, атқа қамшы ұратын жақ, атқа мінетін жақ, т.б. қамшы бойы, қамшыларжақ, аттанаржақ тәрізді өлшем, бағыт-бағдар атауларының жасалуына, яғни екінші реттегі аталымға ұйытқы болған.
Қамшыға байланысты айтылатын мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз орам­дарының, прецеденттердің тілде жиі кездесуі оның этнос өмірінде аса маңызды орын алғандығын байқатады. Бұл ай­тылғанды төмендегідей тілдік материалдан аңғаруға болады:
Басына [төбесіне] қамшы ойнатты «қорлық, зорлық-зомбылық көрсетті»; Билік қамшысы «билік иесінің қолындағы күш»; Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты «даудың себебі әрқилы, бірақ шешімі не «ақ», не «қара» (айыпсыз үшін «ақ», айыпты үшін «қара»); Қамшы білемдеді а) «қамшының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстады, салмақтады»; ә) қыр көрсетті, жұдырық көрсетті, қоқаңдады, кіжіңдеді»; Қамшы боп тиді «жанына қатты батты»; Қамшыға қамшы қайтарды «күшке күш көрсетті»; Қамшы жеді [көрді] «соққы көрді, таяққа жығылды»; Қамшы жұмсады «сабады, соқты»; Қамшы құрлы көрмеді «еш ауырсынбады»; Қамшының астына алды «қатты сабады, соқты, ұрды»; Қамшысынан қан сорғалаған [тамған] «қатыгез, қатаң, қаһары күшті»; Қамшысының ұшын бермеді «болыспады, жәрдем етпеді, қарайласпады; жамандық жасады, опасыздық істеді»; Қамшы сілтеп келді «талайдан бері егесіп келді»; Қамшы тастады [тастасты] «дауласқан, таласқан екі жақ бидің алдында жерге қамшыларын тастап, сөз кезегін алуы»; Қамшы түтеді «таяқ жауып кетті, соққылаған қамшы жауды»; Қамшы ұрғызды «таяқтады, ұрды, соқты; дүре соқты»; Қамшы ұрды «күш салды»; Қамшы үйірді [ойнатты] а) «сабауға ыңғайланып, қамшыны шыр айналдыра есіп қорқытты, үрейлендірді»; ә) «жан алқымға алды, қауіп төндірді»; Қара қамшы «қара күш иесі, қаһарлы, өктем адам»; Қамшыдай тиді «қатты батты»; Сегіз өрім қамшы «сегіз таспадан өрілген қамшының түрі»; Қырғыз өрім қамшы «өте тығыз етіп, жіңішке таспадан жұмырлап өрілген қамшы»; Бұзаутіс қамшы «жалпақтығы 60-70 миллиметрдей таспадан өрілген, он екі өрімдік дырау қамшы»; Иманына қамшы баспады «реніш-өкпесі болса да, атақ-абыройын сыйлады»; Көзге қамшы тигендей «шыр көбелек айналды, шыжбалаңдады»; [Атына] қамшы басты [салды] а) «қамшылады, қамшы астына алды»; ә) «күш салды, назар аударды, қолға алды, кірісті»; Қамшы салдырмады а) «иесінің ойын қамшы баспай-ақ түсінді, зулады»; ә) «бір істі орындауға келгенде сөз айтқызбай, өз бетімен істе­ді, ынта-жігерімен орындады»; Қамшы бойы «қамшының сабы мен өрімінің ұзындығындай қашықтықты білдіретін халықтық өлшем»; Қамшы салым жер «өте жақын қашықтықты білдіретін халықтық өлшем»; Қамшы болды «себеп болды, түрткі болды»; Қамшының ұшын жалғады «ат ізін суытпады, хабарласып тұрды»; Қамшы салдырды «болдырды, шаршады»; Қамшы салмады «қамшы тигізбей жүріп отыр­ды»; Қамшысын алып келуге [беруге] жарамады «шірік, былжыр, қолынан дәнеңе келмейтін кісі мағынасында»; Қамшы тигізбеді а) «астындағы атына қамшы салмады, ұрмады»; ә) «қамшы салдырмады, зулады, заулады»; Қамшы тимеген «асау ат туралы»; Қара сөзді қамшы қылды «сөзге дес бермей сөйледі»; Қатын өлді - қамшының сабы сынды «әйелі өліп, өмір бойғы серігінен айырылған ер адам туралы»; Салт басты, сабау қамшылы «Сыбай-сылтаң жалғыз басты, үйленбеген бойдақ (адам)»; Сауырына қамшы тиді «өмір, тұрмыс қысымшылығын көрді, тауқымет тартты»; Сөзі қамшы болды «айтқаны түрткі болды, әсер етті»; Қамшыгер «қамшы ұрысына мықты, қанық адам, сойыл соққыш, сойылға шебер»; Қамшыгерлік «қамшы ұрысына мықтылық, сойыл соққыштық; қамшы сайысына тән ше­берлік»; ағаш қамшы көп болар, аттанарда жоқ болар «жайшылықта көп, іздегенде жоқ»; балаға тәрбие, қамшыға бүлдірге керек «өнеге-тәрбие болмаса, бала қолда тұрмай бетімен кетеді, қайысбауы болмаса, қамшы қолда тұрмайды».
Ақиқат дүниенің үзігі ретіндегі қамшының санада сәулеленген қарапайым бейнесінің (образының) ойсурет (картина) түрінде жарыққа шығуын мына бір мәтін жолдарынан айқынырақ аңғаруға болады.
Қарағайлы көдік бойында,
Қамшым қалды ойында:
Бүлдіргесі - бұлан терісі
Өрімі - құнан білдің қайысы
Шырмауығы - алтын,
Сабы - жез, -
дейді XV ғасырда өмір сүрген Доспанбет жырау [«Алдаспан», 1971]. Байырғы ақынның осы өлеңінен қамшының өрім, сап, шырмауық (бүркеншік), бүлдірге (бүлдіргі) тәрізді бөліктерден тұратынын байқаймыз. Қамшы ұстап көргендер бүлдіргенің «қайысбау» екенін жақсы біледі. Бұл жерде бүлдірге сөзінің де түп-төркініне назар аудара кетуге болады. Әуелде бұл сөз білек+ілдіргі түрінде айтылса керек. Дыбыстық жақтан ықшамдалып өзгерген сөздер тілімізде аз кездеспейді. Мысалы, кейбір пікірлерге қарағанда, екі сөзден құралған білек+жүзік тіркесінің ықшамдалуы нәтижесінде білезік атауы пайда болған.
Қамшының бұдан басқа да кекілдік (шашақ), бауырдақ тәрізді бөліктері бар:
Жылқының сұлу болар сүртектісі,
Сұлудың қасқаяды күрек тісі.
Қамшыны бауырдақты екі бүктеп,
Жігіттің үйге кірер жүректісі [«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», 1976.].
Қамшы туралы біршама жинақталған ақпараттарды «Қазақ совет энциклопедиясынан» (ҚСЭ) кездестіре аламыз. Жұмсалу орнына қарай ол ат қамшы, арба қамшы, түйе қамшы, соқа қамшы деп аталса, өріміне қарай төрт таспа қамшы, бестас­па қамшы, сегіз өрім, қырық өрім қамшы, он екі таспа қамшы деп аталады [Қазақ Совет энциклопедиясы, 1975.].
Қамшының кішкене шағындау түрін аймақтық тілде тай қамшы деп атайды: «Төбесінде тұлымшағы бар дөңгелек тақиясы, қолына ұстаған тай қамшының сабынан сәл ұзын жіңішке қара таяғы өзіне ғана жарасқан» (Есенжол Домбай. «Жаман Жәутік», 1980, 205-6.).

Құрылтайшы академик І.Ке­ңес­баев­тың «Қазақ тілі­­нің фра­зеологиялық сөздігін­де» [1977] қамшымен байланысты тұ­рақ­ты сөз орамдары, сондай-ақ акад. Ш.Ш.Сарыбаев, профессор О.На­қысбеков, Ғ.Қалиев сынды диалектолог ғалымдардың жинап, жа­риялаған еңбектерінде қамшы және оның түрлеріне қатысты сөздер, мысалы, еспе, сапалық тәрізділер, сондай-ақ қам­шының атжүргіш, салт қамшы, атсоғар, шыбыртқы секілді түрлерін білдіретін жергілікті атаулар молынан кездеседі. Сондай-ақ проф. Ш.Ш. Сарыбаевтың ғылыми басқаруымен баспаға дайын­далған «Қазақ тілінің аймақтық сөз­дігі» [2005] деген көлемді ұжымдық ең­бекте қамшымен байланысты едәуір этномәдени деректер кездесетінін атап айтуға болады. Біз бұл жерде жергілікті атауларға тоқталып жатпаймыз.
Қамшы сабының тобылғы, ырғай, еліктің сирағы тәрізді т.б. заттардан жасалатыны белгілі. Әсіресе, тобылғы сапты қамшы жиі кездеседі, оның себебі тобылғының ерекше мықтылығына, оны этномәдени ұжымның санасында ерекше қадір тұтатын зат екеніне байланысты болуы мүмкін. Қанша жүйрік болса да, қа­занатқа бап керек, қасиетті қамшыға то­былғыдан сап керек дейтін сөз орамы осыны аңғартады (бұл мақалды белгілі пе­дагог-ғалым Рысбай Сәтімбековтен естідік).
Кейбір өрімшілер ат қамшының сабын қайыстың өзінен тығыз етіп өреді. Оны өрме сапты қамшы дейді. Қамшыны, негізінде, мықты қайыстан өреді. Түйелі елде шідер, шылбыр, қамшы, т.б. түйенің құйыршығынан істеледі. Ал құйыршық дегеніміз - «түйенің ұзын құйрық терісінің ортасынан тілгендегісіндей етіп бөлек алған тері» [Себепов Ғұламқайыр. Түйе және оның әбзелі туралы қысқаша атаулар // Известия Каз. ФАН СССР. Сер. языка и литературы. 1944, № 1]. Қамшы өрудің шеберлерін қазақтар өрімші деп арнайы атаған. Кейбір өрімшілер әдетте өрімнің ұзындығын қамшы иесінің тұтамына лайық өруге тырысқан. Өрім­шілікте айтылатын мына сөз осы бір ерекшелікке байланысты болуы керек:
- Ассалаумағалейкүм (1-тұтам)
- Әлікассалам! (2-тұтам)
- Жол болсын! (3-тұтам)
- Әлей болсын! (4-тұтам)
- Қайда барасың? (5-тұтам)
- Тобылғы сайға барамын. (6-тұтам)
- Оған неге барасың! (7-тұтам)
- Қамшы сапқа барамын. (8-тұтам).
Бұдан байқайтынымыз, «Сегіз ауыз сөз» - «сегіз тұтам» - өрімшілердің ортақ өлшемі. Өрімшілік - ерекше өнер.
Қамшының қырғыз өрім, қырық сегіз таспа дейтін түрлері бар. Бес тас­па қамшыны кей жерлерде бесқасқа деп атайды. Қамшының таспадан өзек салынған түрлері: дойыр қамшы, бұзаутіс сары ала қамшы, дырау қамшы. Соңғы тіркестегі дыр сөзін дырдай жігіт деген тұрақты теңеу құрамындағы дыр сыңарымен төркіндес деуге болады.
Дыр қамшы, дырау қамшы деген тұрақты тіркестің мағынасы «үлкен», «мықты» қамшы дегенді білдіретіні белгілі. Бірақ дыр, дырау сөздерінің жеке алғандағы мағынасы түсініксіз. Біздің байқауымызша, бұл сөздердің түп-төр­кіні (этимологиясы) дүре соғу, дүре салу дегендегі дүре сөзімен байланысты. Мұндағы дүре - парсының дүррэ «қамшы» деген сөзі. Тіл-тілде сөздің мағына­лық реңкін күшейту үшін мағыналары мәндес сөздерді қабаттастыра жұмсау тәсілі (плеоназм) кездесіп отырады: самал жел, ыстық аптап, ақ қар, көк мұз, ақ шаңқан (шаңқан - «ақ» деген сөз), т.б. Әуелде осылар тәрізді дүре қамшы түрінде айтылып, келе-келе дыбыстық өзгерістерге ұшыраған. Сөздің дүре деген жіңішке түрі жуан дыбысталатын қамшы сөзімен дыбыстық бір ырғақта айтылу барысында дырау, дыр болып жуандаған. Көркем әдебиетте, сөйлеу тілінде дырау қамшы да, дыр қамшы да жиі қолданылады:
Мынау, мынау, мынауым,
Сексеуілден бұрауым.
Алысқанда шақ келмес
Алыбың мен дырауың (I. Жансүгіров).
Дырау қамшы мен дыр қамшының мағынасы бірдей, тек біріншісі - жал­пы­халықтык сипаттағы, екіншісі - ай­мақтық қолданыстағы атаулар: «Қадиша дыр қамшыны білемдеп алды да, май құй­рықтың тұсын шамалап: «Кет!» - деп тартып кеп жіберді (Асқар Тоқ­ма­ғам­бетов). Мысал «Қазақ тілінің тү­сіндірме сөздігінен» [5-том, 1980] алынды.
Соғыс-ұрыс қаруы ретінде қол­да­нылатын қамшының дырау, біртар­тар, бесқасқа тәрізді, сондай-ақ қазұялы қам­шы деген түрлері бар. Қазұялы қамшы «Қисса Нәрікбай Шора» жырында көк қару (ұрыс-соғыс қаруы) ретінде айтылады:
Қазұялы қамшымен
Келтіріп басқа салады.
Бастан аққан қара қан
Омырауын жабады [Бабалар сөзі. А., 2002].
Қамшы қылыш, алдаспан тәрізді т.б. ұрыс қаруы санатына жататындықтан, Хан ордасына қамшымен кіргізбейтін болған.
Әлихан Бөкейханның туған інісі Сымахан Бөкейхан төре шежіресінде Төлебайдың қамшысы деген атақты қамшы болғандығын айтады. Заманында Төлебай батыр, ержүрек болған. Шежіредегі деректе Төлебайдың әкесі - Жанғозы, оның әкесі - Мейрам; Мейрамның әкесі - Қарақожа. Қарақожа алты Алашқа мәлім арғын Дайырқожа бидің баласы делінеді.
«Төлебайдың қамшысы 7 қадақ, түйе терісінен жасалған, бір шегесі жоқ. Осы күні Ташкент музейінде» көрінеді [«Жұлдыз», 2003, № 3]. 7 қадақ, қазіргіше айтсақ - 4,5-5 келі. Осы шежіреде айтылған әуезеге қарағанда, Төлебай төре әйгілі қамшыгер болған. Қамшы сайысына мықты адамды қамшыгер деп атайды. Қарсылас адам қамшыгердің оң жағына шықпауға тырысады.
Бұл айтылғандар - қамшыны ұрыс құралы ретінде көрсететін әуезе мәтін. Әуезедегі Төлебайдың қамшысы деген тұрақты құрылым - қамшы иесінің әлеуметтік мәртебесінің ерекше екенін көрсететін мәдени мәнділік.
Қамшыны аңшылықта да қолдана­ды. «Қасқырға қырық сегіз таспа қам­шыдан артық қарудың керегі жоқ» (Ғ.Мүсірепов). Таспаларын төрт қырлап тіліп, арасына таспадан өзек салып өрген қамшы аңшының құралы ретінде қолданылады.
Аңшылық кезінде, ұрыс-соғыстарда қамшы салып, олжа түсірген қамшыгерге қамшы сыбағасы берілетін болған. Мұндай құқықтық салт - қазақтардың дәстүрлі мәдениетіндегі көмескі ком­поненттердің бірі. Жоғарыда ай­тыл­ғандарға сүйене отырып, қамшыгер лексемасының мазмұнында «қамшы сайысына мықты адам» деген ұғымға қоса қамшы иесінің ерекше әлеуметтік мәртебесін байқататын этномәдени ақ­параттың бар екенін аңғаруға болады.
Қамшымен байланысты лин­гво­семантикалық таңбаның маз­мұнында құқықтық қа­тынастарды реттеуге байланысты ақ­параттар да бар. Солардың бірі қамшы қазылық деп аталады [Қайдар А. Т. Тысяча метких и образных выражений. Алма­ты, 2003]. Байырғы ақиқат өмірде биге жүгінуге келгендер бидің алдына қамшы тастайтын болған. Аталмыш үйреншікті, дағдылы жағдаят (стереотип-ситуация) құрылым түрінде ұжымдық санада орын тепкен. Санадағы осы танымдық құрылым қамшы қазылық деген тілдік таңба арқылы объективтенген. Бұл сөздің мәні (семантикасы) дау-дамайды «ұрыс-соғыссыз», биге жүгіну арқылы шешуге болады дегенді аңғартады. Халықтық юриспруденцияда айтылатын тұрақты тіркестің бірі - көз құны. Көз құны қамшы сілтеп ойнағанда, я болмаса төбелескенде көзге қамшы­ның ұшы тиіп, қарсыласының көзін ағызса, қамшы сілтеген адам көз құнын төлейтін болған. Құқықтық саладағы дау-дамайдың бұл түрі көз құнын төлеу арқылы реттеліп отырады. Сондықтан көз құны мәдени семантикалық жүйедегі бірліктің таңбасы деп танылады.
Жылқышылар шаруашылық ұйым­дастыруда қамшыны асау үйретудің құралы ретінде қолданған. Асау аттың үстіңгі ерніне қамшының бүлдіргесін кигізіп, сабымен бұрау салады. Мұны шұра салу дейді. Шұраны әдетте шу асауға салады. Ұлы суреткер М.Әуезовтің «Абай жолында» Оспанның асау тайды үйрететін тұсында шұрайлап деген сөз бар. Шұра салуды жазушы шұрайлау деген нұсқада қолданған: «Бірақ өзге асаудан көрмеген ызаны көріп, екі жығылып алған Масақбай ақ тайға қатты ызаланып алған. Құлақтан басып, бұғалықпен буындырып, екі езуін шұрайлап, тайды өлердей жазалаған» (М.Әуезов. Шығармалар жинағы, 3-т. 205-б.) Бұл жерде белгілі жазушы Нұрқасым Қазыбектің «Шұра» (Алматы: Жалын, 1980 ж.) деп аталатын повесінің бар екенін оқырмандар есіне сала кеткеніміз жөн.
Қамшының егінді ауылда қол­данылатын бір түрі балақпан деп аталады. Жергілікті тіл ерекшеліктерін зерт­теушілердің көрсетуінше, балақпан «ұрғанда тарсылдайтын ұзын қол бишік» [Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі, 1969.] ~ Балақпанмен тары піскен кезде егінге түскен құсты үркітеді. Қамшы түрінің балақпан аталу себебі: кайыстың ұшына аттың бірер қылын жіңішке етіп өріп, байлап қояды. Осы байланған ба­лақ жіп қамшыны оса тартқанда тарс еткен ащы дыбыс шығарып, тары атаулы­ның қас жауы шымшық, торғайларды үркітеді. Шымшық момақансып жүріп, бір мойын жерді жеп қойыпты деген тұрақты сөз осы орайда айтылса керек. Мұндағы бір мойын жер - тары егістігінің өлшемі. Бір мойын жер - бір үйлі жанның ішіп-жемінен артылатындай тары алынатын егістік жер деген эталондық өлшем. Бұл жайт «қамшы» ұғымының тек малмен ғана емес, танымдық санада бейнеленген ақиқат дүниенің өзге де үзіктерімен сыбайлас байланысын көрсетеді.
Байырғы кездегі тілдік-мәдени қоғамдастықта қамшы таңбасының семантикасында этикеттік әртүрлі ақпараттардың бар екені байқалады. Мысалы, ертеректе «үйге қамшыны бүктеп алып кіру» әдептілікті байқатады деп есептеген [Будагов Л. Сравнительный словарь турецких наречий. Т. 2. СПб., 1871]. Қамшыны салақтатып немесе шошайтып кіруді әдептілікке баламаған, ондай адамның өзінен бұрын қамшысы үйге кіргендей жағымсыз әсер қалдырады. Бұл айтылғандар қамшы­мен байланысты әдептілік нормасын байқататын тілдік емес, этикеттік таңба болып саналады.
Үй иесі жолаушылап кеткен үйге келген бөгде ер адам әдетте қонуға басқа үйге барады, бірақ «қайта соғатынын» білдіріп, қамшысын тастап кетеді. Үй иесі келген соң, әлгі адамның қамшысына қарап кім екенін жорамалдайды, арнайы шақырып, кел­ген шаруасын, бұйымтайын сұрайды. Ел арасындағы әдепке байланысты бұл салтты қамшытастар деп атайды.
Қамшының сабы сынды, қамшы таянды дегендер - «уайым», «қайғы» ұғымын объективтендіріп тұрған таңбалар. Сон­дықтан жасы үлкен адамдар: қамшы таянбас болар деп балаларға ескертіп отырады. Бұл этикеттік таңбаның ты­йыммен байланысты ақпараттық мәні бар екені аңғарылады.
Қамшымен байланысты әуезе мә­тіннің ескіден келе жатқан бір түрі - бақсылық ойынмен байланысты. Ш.Уәлиханов жазып алған дерекке қарағанда, «Бағаналы Қойлыбай қара суды теріс ағызатын, қобызын атбәйгеге қосатын» [Валиханов Ч.Собрание сочинений в пяти томах. 1984] атақты дәупірім бақсы болған. Жер-жерден, ел-елден шақыру келгенде, өзі бара алмаған жерге қам­шысын беріп жібереді екен. Олай болатыны, қамшымен бірге бақсының жамандықты қуатын жындары қоса барады. Мифологиялық санамен байланысты осы айтылған әуезе мәтіндегі - Қойлыбайдың қамшысы деген тұрақты таңбаның мәдени семантикасы қамшы иесінің әлеуметтік мәртебесінің ерекше екенін көрсетеді. Байырғы кезде бақсылар сары ат мініп, сары түсті киім киініп, қолына сарала қамшы ұстайтын болған. Ал сарала қамшы аттың тері сіңгендіктен жын-шайтанды жолатпайды, аттың терінде ерекше қасиет бар деген түсінікті аңғартады.
Қамшымен байланысты айтылатын тұрақты сөз орамдарының бірсыпырасы мифологиялық санамен байланысты. Солардың бірі - өрімшілердің «бәйге алатын жүйріктің сауырына ти, ұл табатын әйелдің жауырынына ти» [«Жас Алаш», 1996, 16 қараша] дейтін сөзі. Бұдан, мифо­логиялық сана бойынша, қамшының сертке өрілетінін байқаймыз.
Халық данагөйі Мәшһүр Жүсіп бабамыздың жиған-терген мол мұра­сының ішінде «Адам Ата мен Шайтан» туралы аңыз-өлең бар [Мәшһүр Жүсіп. Шығармалары. 4-том, 2004].
Өлең-аңыздың қысқаша маз­мұны мынадай: Шай­танның Ханнас деген баласы болады. Адам Атамыз бір жаққа кеткенде Хауа анамызды азғыру үшін Малғұн шайтан оның қасына баласы Ханнасты қалдырып кетеді. Адам Ата келе қалса, әлгі Ханнас Хауа анамызды төңіректеп, хайуан кейпінде жүр екен. Адам Ата дереу қылышымен пәршектеп турап тастайды. Адам Ата тағы да бір жаққа кеткенде Шайтан баласын тірілтіп алып, тағы да Хауа ананың жанына тастап кетеді. Мұны көрген Адам Ата қатты ашуланып, қолына қамшы алады:
Жетіп кеп Адам Ата қатуланды,
Хауаға қаһарланып қамшы салды.
Білсеңіз, ашуланып қатын ұрмақ,
Мирас боп кейінгіге содан қалды, -
дейді Мәшһүр Жүсіп аңыз-өлеңінде.
Сонымен Адам Ата Шайтанның баласы Ханнасты қылышымен турап, қайнап тұрған қазандағы суға салып ас қылады, Хауа екеуі етін жеп тынады. Адам Ата жоқ кезде баласын іздеп келген Малғұн шайтан: «Балам, қайдасың?» деп шақырады. «Мен іштемін» дейді Ханнас дауыстап. Сонда Шайтан баласына: «Сен дұрыс жайғасқан екенсің, балам, мен адамдарды сырттан азғырсам, сен іштен азғыратын бол», - дейді. Сонымен Адам Ата мен Хауа ананы Алла Тағала жұмақтан Жерге жіберген кезден бері қамшы ең бірінші Хауа ананың жауы­рынына тиген екен.
Халқымыздың байырғы тұрмыс салтында қамшымен, өзге де ат әбзелдерімен байланысты әртүрлі ырымдар болғанын байқаймыз. Шаруа адамы жүген, өмілдірік, құйысқан тәрізді ер әбзелдерін күтімелдеп, ара-тұра майлап ұстаған. Алайда жүген майласа - ырыс, қамшы майласа - ұрыс деп, қамшы майлағанды жақсы ырымға баламаған. Бұдан мифологиялық ұғыммен байла­нысты мәдени семантикалық ақпаратты байқаймыз.
Сондай-ақ ежелгі қазақ салтында жас бала түнде оянып, мазасы кетіп жылай берсе, алыс сапарда жүрген әкесінің (әжесі, атасы, ағасының) «қамшысы тиді, жақын арада келіп қалар» деп жориды.
Жаңа түскен келіннің бетін үкілі, қоңыраулы қамшымен ашады. Қам­шымен бетін ашқан келін ағайын-жұрт­қа әділ, ал одан туған ұл ел билейді, әділетті билік иесі, ел-жұртқа беделді болады деп ырымдайды. Бұл жерде қамшыны биліктің символы деп түсінуге болады. Үкілі қамшы мифологиялық сана бойынша әуелде көзге көрінбейтін зиянды күштерден сақтайды. Қамшыға тағылатын үкі, қоңырау [Шоқпарұлы Д. Қоңырау // «Білім және еңбек», 1986, №7] бір жағынан, көркемдік эстетикалық қызмет атқарса, екінші жағынан, ке­ліннің әлеуметтік мәртебесінің жоғары болуын, түзу билік айтатын бедел иесі болуы керек дегенге мегзейді. Сөйтіп, беташар кезінде қолданылатын үкілі қамшының таңбалық семантикасы көп­мәнді болып келеді.
Қамшы - өте көне заманнан бері қолданылып келе жатқан құрал. Сон­дықтан қамшы төңірегінде айтылатын әртүрлі әдет-ғұрып, салттық ерек­ше­ліктер жиі кездесіп отырған.
Біз мақаламызда «қамшымен» байланысты тілдік, тілдік емес білімдер жүйесін саралай отырып, дәстүрлі мә­дениеттегі бірте-бірте көмескіленіп бара жатқан тілдік және этномәдени ақ­­параттарды жүйелеуді көздедік. Бұл ретте қамшы сөзін белгілі бір ұғымның атауы ретінде ала отырып, сол сөздің тілдегі мағынасына, ақиқат дүниенің «үзігі» (фрагменті) ретінде санадағы бей­несіне (образына) және ол жөнінде санада жинақталған ақпараттардың қайта «өңделіп», қайыра атауға ие бо­луына талдау жасап, аталмыш ұғым­ның мазмұн құрылымындағы тілдік және этномәдени мәнділіктерді айқын­дадық.

Түйінсөз

Дәстүрлі қазақ қоғамында қамшы: 1) тіл; 2) заттық мәдениет; 3) эти­калық, эстетикалық мәнділік; 4) әлеуметтік мәртебе; 5) мифологиялық наным-сенімнің таңбалары ретінде жұмсалған.
- Қамшы атауы тірек сөз ретінде алынып, осы атаумен байланыс­ты лексика-фразеологиялық, паремиологиялық, прецедентті бірліктер жинақталып, тілдік кеңістіктегі семантикасы ашылып көрсетілді;
- қамшы ұғымы тірек ұғым ретінде алынып, оған қатысты шашыраңқы этномәдени ақпараттар «бір нүктеге» шоғырландырылды. Сөйтіп, «күш», «билік», «этикалық ұстаным», мифтік, діни наным-сенімдермен байланысты мәнділіктердің этномәдени кеңістіктегі семантикасы айқындалды;
- осындай екі кеңістіктегі - тілдік және этномәдени кеңістіктегі - жарыспалы семантикалық жүйедегі бірліктер жарыстырыла талданып, қамшы атауымен және ұғымымен байланысты шашыраңқы ақпараттар «бір нүктеге» шоғырландырылды. Осылайша зерттеу объектісі болып отырған қамшының ұғымнан да кең әрі күрделі танымдық құбылыс, яғни концепт екені анықталды.
Сонымен қамшы - атау ретінде тілдің, ұғым ретінде ойдың (ойлаудың формасы), ал концепт ретінде сананың бірлігі (единицасы) деп танылды.
Әдетте, күн сәулесін бір нүктеге жинақтап сындыру арқылы энер­гия көзіне айналдыруға болатыны тәрізді белгілі бір мәдени-тілдік ақпараттарды бір нүктеге шоғыр­ландыру арқылы этностанудың көзіне айналдыруға болатыны байқалды.

Нұргелді Уәлиұлы,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы

«Ана тілі» газеті

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5345