Зікірия Жандарбек. Соңғы бастионға шабуыл
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының басынан қанша зұлмат өтсе де ата- бабасының жолынан адастырмай, айнытпай келе жатқан басты қасиеті - дәстүрі мен мәдениеті болатын. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік-атеистік жүйенің өзінде қазақтың қазақ екенін, діні ислам екенін ұмыттырмаған да да осы дәстүрі еді. Осы дәстүрдің арқасында халық дінінің ислам, Пайғамбарының Мұхаммед, жүрер жолы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол екенін, киелі мекенінің әуелгісі Мекке, екіншісі қазақтың бар жақсысы мәңгілік сапарға аттанған басын қосқан Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі екендігін қазақ ешқашан есінен шығарған емес. Бұл киелі мекенді жыршы-жыраулары жырына арқау етті. Сонау Маңғыстаудағы Сәттіғұл жырау өз шығармасында былай дейді: Әнбиалардың ақыры,
Хақ Расулы Мұхаммед,
Абзалы асыл нұр өткен.
Артынан келіп көп имам,
Шариғат жолын күзеткен.
Пірадар пірдің басшысы
Қожа Ахмет Йасауи,
Түркістанда бұ да өткен.
Туына жұртты түнеткен,
Кереметін асырып,
Жеті өлікті тірілтіп,
Мұсылманға қайыр дұға еткен.
Оның жерлесі Сүгір Бегендік ұлы болса,
Айырлып ата қоныс Маңғыстаудан,
Қан саулап қабырғамнан қақырадым.
Орнаған Түркістанда Әзірет Сұлтан,
Тарықсам атыңды айтып, аһыладым, - дейді.
Мың өліп, мың тірілген қазақ халқының басынан қанша зұлмат өтсе де ата- бабасының жолынан адастырмай, айнытпай келе жатқан басты қасиеті - дәстүрі мен мәдениеті болатын. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік-атеистік жүйенің өзінде қазақтың қазақ екенін, діні ислам екенін ұмыттырмаған да да осы дәстүрі еді. Осы дәстүрдің арқасында халық дінінің ислам, Пайғамбарының Мұхаммед, жүрер жолы Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Йасауи негізін салған сопылық жол екенін, киелі мекенінің әуелгісі Мекке, екіншісі қазақтың бар жақсысы мәңгілік сапарға аттанған басын қосқан Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесі екендігін қазақ ешқашан есінен шығарған емес. Бұл киелі мекенді жыршы-жыраулары жырына арқау етті. Сонау Маңғыстаудағы Сәттіғұл жырау өз шығармасында былай дейді: Әнбиалардың ақыры,
Хақ Расулы Мұхаммед,
Абзалы асыл нұр өткен.
Артынан келіп көп имам,
Шариғат жолын күзеткен.
Пірадар пірдің басшысы
Қожа Ахмет Йасауи,
Түркістанда бұ да өткен.
Туына жұртты түнеткен,
Кереметін асырып,
Жеті өлікті тірілтіп,
Мұсылманға қайыр дұға еткен.
Оның жерлесі Сүгір Бегендік ұлы болса,
Айырлып ата қоныс Маңғыстаудан,
Қан саулап қабырғамнан қақырадым.
Орнаған Түркістанда Әзірет Сұлтан,
Тарықсам атыңды айтып, аһыладым, - дейді.
Арқаның қазағы Балмағамбет Балқыбайұлы былай дейді:
Қожа Ахмет Йасауи
Силсаласы силслам,
Атын білген бар ғалам.
Хилафалық қылып ол затқа,
Сөз айтпайды бір калам.
Ал, Дулат Бабатайұлы болса,
Қасиетті Қаратау,
Аса алмаған сенен жау, - деп, Түркістанды арқа тұтады. Қазақ қиналса да, қайғырса да, қуанса да есінен әулиесі Қожа Ахмет Йасауи мен ол жатқан киелі мекен Түркістанды ешқашан есінен шығарған емес. Коммунистік партияның айтқаны болып, айдауына халықты жүргізіп тұрған кездің өзінде сол партияның қатарында Республиканың бірінші басшысы болып жүріп-ақ Дінмұхаммед Қонаевтың өзі Отырарға барғанда, Арыстан баб қабірін «Неткен ұзын, өлшеп көрейінші», - деп құлашын жазып, құшақтап, Түркістанға келгенде Әзірет Сұлтан кесенесі ішіндегі құдыққа «Тереңдігі қанша екенін байқайын», - деп тиын тастап, өзінше құрмет көрсеткен екен. Ал, Өзбекәлі Жәнібеков болса, бұл киелі жерлер үшін құрбан болуға бар еді. Бұл тұлғалар қазақтың киелі жерлерін көркейту жолында қолдарынан келгеннің бәрін жасады. Әсіресе, Түркістанды, Әзірет Сұлтанды ретін тауып көркейтуге, жалпы халық келетін орынға айналдыруға барын салды. Өйткені, олар бұл киелі мекен қазақ халқының рухани, мәдени болмысының өзегі екендігін сезіне білді. Ұшса құс қанаты талатын, батысы мен шығысы мыңдаған шақырымға созылған сайын даланы мекендеген қазақ халқының тілі мен ділінің, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, өлең-жырының бір болуы - иман-сенімінің бір болуымен тікелей байланысты еді. Қазақ даласын алып жатқан сансыз әулиелер де Түркістанмен, Әзірет Сұлтанмен байланысты, Йасауи жолын таратушылар еді. Жалпы қазақ халқының, қазақ мәдениетінің таралу аймағын айқындаған да Йасауи жолы, Йасауи мәдениеті болатын. Йасауи жолы қай жерге дейін жетсе, сол жерде қазақ мәдениеті болды, ол қай жерден шегінсе, қазақ мәдениеті де сол жерден шегінді. Бұл қазақты қазақ етіп ұйыстырушы рухани күш - Йасауи жолын екенін көрсетеді. Сол үшін қазақ халқы Қожа Ахмет Йасауиді, ол жатқан киелі мекен Түркістанды қадірлеп, қастерлеп келді. Бұл жер қазақ халқының рухани тұтастығының мызғымастығының кепілі еді. Өкінішке орай, соңғы жылдары уаххабилік ағым ықпалының артуымен Йасауи іліміне, Түркістанға қарсы шабуыл күн санап өршіп келеді. «Аллаға серік қосу» деген жалған ұранды ту еткен уаххабилер әулиелі жерлерге, алдымен Түркістанға, Әзірет Сұлтанға зиарат жасауға қарсы шығуда. «Сопылық исламға жатпайды, сопылық көп құдайшылдықтың бір түрі» деп, халықты, әсіресе жастарды қазақтың дәстүрлі діни танымынан айыруға күш салуда. Бұл үдерістің басында М. Бұлытай сияқты «әсіре мұсылмандар» тұрса, ҚМДБ басшылары да солардың сойылын соғып, олардан кем қалып жатқан жоқ. Муфтиіміз Ә. Дербісалиев, «Түркістанға зиарат жасау Әмір Темірден бері бар. Оның астарында саясат жатыр. Әйтпесе, Әзірет Сұлтан да, Түркістан да киелі жерге жатпайды. Бұл исламға жат!» - деп сайраса, Діни басқарманың үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А. Дәуренбековтың ZONA kz. сайтында жарияланған сұхбатында бұл ойды одан ары дамыта түседі. «Түркістан екінші Мекке деген түсінік бар. Оған зиарат жасауға болады ма?» - деген тілші сұрағына А. Дәуренбеков мырза былай деп жауап береді.
- Согласно основным канонам ислама святыми для мусульман местами являются Мекка и Мадина. Что касается поломничества в Туркестан, то Духовное управление против этого, поскольку это противоречить исламу. Хадж совершается только в Мекку. Поклонения могилам и святым местам считаются проявлением язычества, но поити против сложившихся народных традиции муфтият не вправе, так как Казахстан считается светским государством, а не мусульманской страной». Бұл сөзімен А. Дәуренбеков мырза ғасырлар бойы осы дәстүрді сақтап келген қазақ халқы мен өзге түркі халықтары мұсылман емес деген пәтуа беріп отыр. Бұл пікірді айтып, халықтың санасына құйып жүрген тек ҚМДБ басшылары емес. Олардың қарамағындағы мешіттерде осы бағыттағы уағыздар жүргізілетініне күмән жоқ. Басқа жер емес, Түркістанның өзінде осы бағыттағы уағызды діни білімі жоғары саналып жүрген бір имам «Әзірет Сұлтанға зиарат жасауға болады ма?»- деген сауалға «Болмайды» -деп жауап беріп, Түркістанға, Әзірет Сұлтанға зиарат жасауды үлкен күнә қатарына жатқызыпты және оны Құрандағы «Піл» сүресінде баяндалатын оқиғамен байланыстырыпты. Басқаша айтқанда, Әзірет Сұлтанға зиарат жасау Алланың бұйрығына қарсы шығу екенін дәлелдепті. Мұндай уағызды тыңдаған кез-келген адам өз мәдениеті мен дәстүрін сақтаған қазақты мұсылман қатарына жатқызады ма? Жоқ! Олай болса шынымен қазақ мұсылман емес пе, сонда біздің ата-бабаларымыз кім? - деген заңды сұрақ туары хақ. Өкінішке орай, ислам дінінің қайнарларынан, тарихынан хабарсыз, шала сауатты, шариғат пен тариқаттың аражігін, бірлігі мен ерекшеліктерін ажырата білмейтін пақырлар ислам дініне үкімін жүргізіп тұрған кезде бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Әйтпесе, муфти де, Діни басқарманың бөлім меңгерушісі де, Түркістандағы имам да мұндай әңгімені айтпас еді. Егер олар білімді болса, Құрандағы дәлелдерге құлақ асар еді. Мысалы, Құранда «дәнекерлер», «әулиелер» туралы аяттар мағынасын тереңірек ұғынған кісі, Пайғамбар хадистерінен үстірт хабары бар адам да біздің діндарлар айтқан ұшқары пікірді айтпасы анық. Қазақтың дәстүрлі діни танымы негізінде Құран аяттары мен Пайғамбар хадистері жатқанын, қазақтың әрбір әдет-ғұрып, салт-дәстүрі сол діни таныммен тығыз байланысты екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Қазақтың дәстүрлі діни танымы ұзақ ғасырлар бойына қаншама сындардан өтіп, сараланған жол. Құран аяттарының өзі қазақ ұғымына сай ұғынықты тілмен «мақал» деген ат алып, халық санасына сіңіп кеткен. Өкінішке орай, біздің діндарлар бұлардан хабарсыз. Есесіне бұларда уаххабилік-салафилік көзқарас, таным басым. Өздерін «Ахл ал-сунна уа л жама'а» өкіліміз, ханафи мазхабынанбыз деп сайрағанымен, іші бөлек екендігі сұхбатынан-ақ көрініп тұр. Анық ханафи мазхабының өкілі болса, шариғат пен тариқат арасындағы ерекшелікті білуі тиіс еді. Әулиелерге зиарат ету, олардан жәрдем сұрау Аллаға серік қосу еместігін түсінер еді. Әулие түгіл, Мұхаммед Пайғамбар атын атасаң Аллаға серік қосу болып табылады, - деп хабар ұйымдастырып жүрген «Асыл арна» атты телеарна ҚМДБ атынан шығып жүрген жоқ па? Бүгінгі күні «Асыл арнаға» «Хабар» телеарнасы қосылды. Құрбан айттың бірінші күні уаххбизмнің еліміздегі белді өкілі Дарын Мубаров, шетелге кеткен жерінен қайта келіп тағы да уағызын бастады. Айтатыны сол Аллаға серік қосу. Бұл ҚМДБ-ның бет-пердесі ханафи болғанымен, оның ар жағындағы ішкі болмысы уаххабилік-салафилік екендігін көрсетеді. Олай болмаса, Пайғамбарға тіл тигізген арна ҚМДБ атынан шықпас еді. Ал Пайғамбар қазақтың дәстүрлі діни танымында рухани тұлға. Мұхаммед Пайғамбардың нұры он сегіз ғаламнан бұрын жаратылған. Қалған әлем сол нұрдың құрметіне жаратылған. Бұл түсінік Шәді төренің «Назым сийар Шәріп» атты дастанында былай жырланады:
Ғаламнан өз сегіз мың әууел бұрын,
Жаратты пайғамбардың Алла нұрын.
Әуелі жаппар Алла нұрым деген
Хақында дәлел болды хадис мұның.
Аспан, жер, ғаршы, күрсі, күллі ғалам,
Сыйдырған жәннәт, тозақ бәрін тамам,
Ол нұрдың фазылымен пайда болды.
Жаралған он сегіз мың күллі ғалам.
Шәді ақынның бұл айтқаны ойдан шығарылған емес. Құран аяттарында негізі бар сөз. Құран Кәрімнің «Анбия» сүресінің 107 аятында былай делінеді: «Ей, Мұхаммед! Расында, Біз Сізді барлық әлемдерге тек қана рахмет етіп жібердік». Пайғамбардың «Сені жаратпасам, қалған дүниені жаратпас едім» деген хадисі бар. Бұл қазақы діни таным негізінде шындық жатқанын көрсетеді. Ал қазақы діни таным негізін салған тұлға Қожа Ахмет Йасауи екендігін біз жоғарыда айтып өттік. Қожа Ахмет Йасауи өзінің рухани силсиласын Мұхаммед Пайғамбармен байланыстырады. Ал қазақтың кез-келген шежіресі әрбір адамды ру, тайпа басындағы аталар (әулиелер) арқылы Қожа Ахмет Йасауимен, Йасауи арқылы Пайғамбар рухымен байланыстырады. Пайғамбар арқылы Алламен байланысады. Рухани сабақтастық, рухани тұтастық демектің мәні осында. Осы танымға байланысты қазақ әулиелерді «Алламен байланыстырушы-дәнекер» - деп біледі. Сол себепті, қазақ үшін Пайғамбар да, әулие де мәңгілік тұлға! Ал бұған Құран Кәрімде дәлел бар ма? Бар! Ұлы Жаратушы «Маида» сүресінің отыз бесінші аятында «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және оған жақын болатын жолды іздеңдер және оның жолында күресіңдер, сонда, әрине құтыласыңдар», - дейді. Демек, әрбір мұсылман баласын Аллаға жақындататын әулиелер жолы емеспе? Бар өмірін Алла жолына арнаған, әулиелер салған жолдан өзге Аллаға жеткізер жол бар ма? Әзірет Сұлтан кесенесі қақпасында «Бабу-с-Садаати мағдану-с-са'адати, Хуббу-с-саадати мифтаху-с-са'адати» деген жазу бар. Қазақшаға аударатын болсақ «Әулиенің есігі бақыттың кені. Әулиенің маххабаты бақыттың кілті» деген мағына береді. Әрбір адам баласы өз Жаратушысын әулиелер таныған дәрежеде таныса, бақытқа жететіні анық емес пе? Әулиелер туралы Құран Кәрімнің «Юунус» сүресінің 62 аятында «Алланың достарына еш қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды», -деп жазылған. Бұл айтылғанды толықтыра түсетін және бір аят бар. Онда, «Сендер Алла жолында жан берген шахидтерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі. Олар Алланың рахметін өз иелерінен алғанына қуанышты. Олар әлі де өз қатарларына қосылатындарды күтуде. Оларда ешқандай қорқыныш жоқ және олар ешқашан қайғырмайды» (3/169-170). Бұл айтылғандар қазақтың дәстүрлі діни танымы ислам дінінің негіздеріне қайшылығы жоқ екенін, керісінше уаххабилер мен ҚМДБ өкілдерінің ислам діні негіздеріне қайшы әрекетке барып отырғанын дәлелдейді.
Келесі мәселе - шариғат пен тариқаттың арақатынасы. Әрбір мұсылманның орындауы тиіс заңдар жинағын шариғат дейді. Әбу Ханифа шариғатқа мынадай анықтама береді: «Бұл әрбір адамның құқығы мен міндеттерін білуі». Одан кейінгі ғұламалар «шариғат - фиқх ғылымы адамның сыртқы, күнделікті өмірдегі қызметін зерттейтін ғылым. Ал адамның ішкі рухани болмысы сопылық ілім шеңберінде» деген анықтама берген. Бірақ шариғат пен тариқат бірі-бірінсіз өмір сүре алмайды. Шайх Ахмад Заррух деген ғұлама былай дейді: «Фиқх ілімінсіз ислам болмайды. Өйткені, Алланың бар заңы фиқх ілімінен шығады. Сопылық ілімісіз фиқх ілімі жоқ. Өйткені, шын ниетіңмен әрекетіңді құдай жолына жасамасаң, онда ол әрекетің қабыл болмайды. Тән мен жан бірі бірінсіз өмір сүре алмайды.» Демек, сопылық ілім ислам дінінің мәні. Қазақ халқының дәстүрлі діни танымы Қожа Ахмет Йасауи негізін салған Йасауи жолы негізінде қалыптасты. Олай болса, біз неліктен бұл жолдан бас тартуға тиіспіз. Оның үстіне мың жыл бойы исламда дұрыс деп қабылданған «Ахл ал сунна уа-л жама'ның» құрамындағы ханафи мазхабының құрамдас бөлігі болып табылады. Әрине, Йасауи жолының өзіндік ерекшелігі бар. Алайда, бұл ерекшеліктер исламға қайшы келмейді. Сопылық тариқаттар - Аллаға баратын жолдар деген мағынаны білдіреді. Әркім ол жолдар ішінен өзінің мүмкіндігі мен уақытына қарай таңдайды. Йасауи жолы - түркінің рухани, мәдени ерекшеліктерін ескере отырып жасалған, оның рухани қажеттіліктерін толық қамтитын Аллаға ұластыратын жол. Қазірге дейінгі қазақ халқының дәстүрлі діни танымы осы Йасауи жолы негізінде қалыптасып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінің, жалпы мәдениетінің өзіндік қайталанбас ерекшеліктерін қалыптастыруға негіз болды. Басқаша айтқанда, Йасауи жолы ислам дінінің түркілер арасындағы өмір сүру формасы еді. Түркі баласы үшін Йасауи жолынан тыс Исламда жол қалмады. Бұл жолдың шеңберінен шығу түркі мәдениетінен қол үзу дегенді білдіретін. Йасауи жолында түркілердің тек рухани, мәдени болмысы емес, мемлекеттік жүйесі де осы жолмен бірлікте қалыптасты. Мысалы, некелік қатынастағы жеті атаға дейін қыз алыспау мәселесі біріншіден, қан тазалығын сақтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, түркілік мемлекеттік жүйенің негізін құрайтын рулық, тайпалық жүйенің сақталуының кепілі еді. Некелік қатынасқа мұндай қатаң талап Йасауи жолынан өзге бірде-бір тариқатта жоқ. Өйткені, рулық, тайпалық жүйе мемлекеттіктің тірегі ретінде тек түркі мемлекеттігінде ғана бар. Ол жүйені сақтау - түркі мемлекеттігінің негізін сақтау. Бұл түркі халықтарының тек рухани, мәдени болмысы емес, мемлекеттік жүйесі де Йасауи жолы негізінде қалыптасқандығын білдіреді. Ортағасырларда Йасауи жолынан шегіну Алтын Орда, Өзбек ұлысы сияқты мемлекеттердің ыдырауына әкелсе, Қазақ хандығының күйреуі де Йасауи жолынан шегінуге байланысты болды. Бүгінгі күні қазақ халқының дәстүрлі діни танымының негізін құрайтын Йасауи жолына жасалып жатқан шабуыл ертеңгі күні қазақ халқының толығымен тарих сахнасынан кетіруге ықпал етері хақ.
Бүгінгі күні «әсіре исламшылдар» Йасауиге, Йасауи жолына, осы жолдың өзіндік діни жол-жоралғыларына: атап айтқанда, әулиелерге зиарат ету, әруақтарға арнап ас бару, зікір ғибадаты сияқтыларға шабуылдаумен шектеліп отырған жоқ. Йасауи жолы негізінде қалыптасқан бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрге қарсы шабуылды бастады. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері халықтың діни танымының материалданған көрінісі, символдары. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін өзгерту діни таным негіздерін, киелі саналған бүкіл символдарын жояды. Бұл халықты діни танымымен қоса, рухани, мәдени болмысынан толық ажыратуға әкеледі. Басқаша айтқанда, қазақ халқын тамырымен қопарып, тарих сахнасынан кетіреді. Қазіргі күні осыдан бары-жоғы 20-30 жыл бұрынғы әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің көпшілігінің халық санасынан өшкенінің куәсі болып отырмыз. Олардың ешбірі шариғат талаптарына қайшы келмейтін және қазақ халқының табиғи-географиялық ерекшеліктеріне негізделген болатын. Енді сол ерекшеліктердің біріне тоқталып өтелік. Солардың бірі - қазақта кісі қайтыс болса, қазан көтеріліп, тамақ пісіріледі. Өйткені, қазақ әлі күнге өз ағайын-туысынан ажырамаған, қоғамдасып өмір сүріп келе жатқан халық. Кісі қайтқан үй бар ауыртпалықты жеке көтермейді. Ағайын, туыс, жекжат болып, бірлесіп көтереді. Адам баласы үшін өлімнен ауыр салмақ жоқ. Ағайын, туыстың, жекжаттың кісісі қайтыс болған үйде болуы - сол үйге өлім әкелген ауырпалықты бірлесіп көтеруге, кісінен айрылған отбасының көңілін аулап, тағдырға мойынұсыну қажеттігін сезіндіреді. Ал ол үйдегі қонақтың ішіп-жемі алғашында сол үйден болуы мүмкін. Алайда, ертеңгі күні ағайын, туысы бұл шығынның орнын толтырады. Жоқ-жітік болса, ондай кісіні жөнелтуді ағайын, туыстары мен ауыл-аймағы бірлесіп көтереді. Бұл халықтың ұзақ ғасырлар бойына жалғасып келе жатқан салт-дәстүрі.
Өкінішке орай, соңғы жылдары іргелес көрші отырған өзбек халқындағы кісі қайтыс болғанда үш күнге дейін қазан асылмайтын, тамақ берілмейтін салтты қазақ арасына күштеп ендіру қолға алынды. Түркістан қаласы мен аудан көлемінде бұл үрдіс толық жеңіске жетті десек артық айтқандық емес. Діни танымы, тұрмыс-салты, мәдениеті бөлек халықтың салт-дәстүрі неліктен күштеп ендірілуі тиіс. Өзбек халқы ағайын-туыспен емес, өз бетінше күн көріп, өзіне ғана сеніп үйренген халық. Анадан бір туғанымен, өскен соң қыз алып, қыз беріп, бір-біріне құда болатын халықта ағайын, туыс болмайды. Үйінде еркегі болмаса, не інінің, не ағаның үйіне кіру мүмкін емес. Мұндай салт-дәстүр қалыптасқан халықта кісісі қайтыс болған үйде қазан көтерілмеуі заңды. Себебі, ол аза тұтып отырған үйдің өзінен басқа сенетін ешкімі жоқ. Сондықтан мұндай салт өзбек халқы үшін өмірлік қажеттілік. Тек , қазақ үшін емес. Бұл ағайын, туыс арасын алшақтататын, бір-біріне жатбауыр ететін салт.
Бұдан басқа да қазаққа ғана тән қаншама салт-дәстүрлер халық санасынан өшірілуде. Бұл салт-дәстүрлерден ажыраған күні қазақ халқы халық ретінде ұлттық ерекшелігінен айрылған соң жер бетінде қалады ма? Жоқ. Бізде қазір «Тіл бар жерде ұлт бар» деген алдамшы түсінік бар. Тіл әр халықтың мәдениетімен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен, осылардың қалыптасуына негіз болған діни таныммен тікелей байланысты екендігін ескере бермейміз. Мысалы, түркі халықтарының этникалық жіктелуі діни танымның өзгеруімен тікелей байланысты болды. Түркі халықтарының діни танымымен қоса тілдері де өзгерді. Мысалы, Түркістан, Шымкент, Тараздағы өзбек халқының пайда болуы сол жердегі халықтардың Йасауи жолынан бас тартып, нақшбандийа тариқатын қабылдауымен байланысты екендігін біздің тарапымыздан 2000-2003 жылдарда жүргізілген зерттеулерімізде толық дәлелденді. Қазір ол халықтың тілі қазақ тілінен бөлек екендігі баршаға аян.
Құрметті оқырман! Бұл мәселелердің барлығын тәптіштеп жазып отырғандағы мақсат өзімнің көп білетіндігімді көрсету емес. Қазіргі елімізде қалыптасқан рухани ахуал мені осындай қадамға баруға итермелеп отыр. Ислам діні атын жамылған «әсіре мұсылмандар» бүгінгі күні дүниенің жартысын қанға бөктіргенімен шектелмей, біздің қасиетті Отанымызға ауыз салды. Әулиелер жатқан Қасиетті мекендерімізді, әруақтарымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді аяққа таптап, халықты, әсіресе, жастарды мүлде бөлек танымға тартуда. Олар өз уағыздарын «исламда ұлт жоқ» деген жалған ұранмен жүргізуде. Демек, олар үшін қазақ халқы қажет емес. Бұл қазақ халқын жер бетінен кетірудің басы екендігін әрбір саналы азамат түсінуі тиіс. Өкінішке орай, бұған Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мұрындық болып отырғандығын жоғарыда айтып өттім. Мұндай жағдайда әрекет етпей қарап отыру, білгеніңді айтпай жасырып қалу, Отанды сатқанмен бірдей.
Жақында Қазан қаласында өткен Ислам конференциясына барып келдім. Конференция жұмысына ТМД елдері мен мұсылман елдерінің біразынан ғалымдар қатысты. Сол жерде Солтүстік Кавказдан келген ғалымдар тарапынан маған мынадай сұрақ қойылды: - Зікірия мырза, айтыңызшы, Қазақстандағы діни ахуал қалай деп бағалайсыз? Ислам еліңізде қай бағытта дамуда? Мен ол сұраққа: - Қазақ халқы ханафи мазхабында. Бірақ қазір басқа ағымдар да бар,- деп жауап бердім. Сонда ол: - Мен өз басым, зерттеуші ретінде, Қазақстанда ханафи мазхабы дегенге күдігім бар. Өйткені, қазір біздегі уаххабилерге Қазақстан мен Қырғызстан тарапынан өте күшті қолдау көрсетілуде. Тек материалдық көмек емес, моралдық және адам күшімен де жәрдем беріліп жатыр. Біз оларды әзір есепке алумен шектеліп отырмыз. Бұл үрдіс ары қарай жалғасар болса, Қазақстан біздегіден де зор бәлеге ұшырайды. Мұны неге сезінбейсіздер, неге айтпайсыздар? - деп жауап қатты. Мен сөзден тосылдым. Олай емес деуге аузым бармады. Жаңаөзеннен кеткен бес жігіттің сол жаққа барып өлегенін, Ақтау түрмесінен қашқан 21 жігіттің уаххабилер екенінен хабарым бар болатын. Оның еліміздегі діни ахуалды менен тереңірек білетініне күмәнім қалмады. Еліміздегі діни ахуалдың күрделенуі бізді ғана емес, көршілерімізді де алаңдата бастағанына куә болдым. Өкінішке орай, мұны осы діни ахуалға тікелей жауап беретін құзырлы мекемелер көрсе де, көрмегенсиді. Керісінше, уаххабилердің «Асыл арна» сияқты телеарнасына халық санасын уаххабилік уағызбен улауға мүмкіндік беріп отыр. Уаххабилер қолындағы бар мүмкіндікті пайдалана отырып, қазақ халқының дәстүрлі дініне, сол діни таным негізінде қалыптасқан рухани, мәдени болмысына, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне шабуыл жасауда. Бұл қазақтың соңғы қамалы. Ол кетсе, қазақ тарих сахнасынан жойылады.Өкінішке орай, оны түсініп жатқан қазақ жоқ.
«Абай-ақпарат»