Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2617 0 пікір 7 Ақпан, 2011 сағат 08:22

Валерий Ерофеев: «Қазақ үкіметі Бөкейхановты ұмытқан сияқты»

Валерий Ерофеев - Ресейдің Самара қаласында тұратын өлкетанушы. Самара тарихына қатысты бірнеше кітаптың авторы. Ә.Бөкейхановтың Самарадағы саяси қызметі  туралы хабардар зерттеуші. Жақында В.Ерофеевтен  сұхбат алудың сәті түскен еді.

- 5 наурызда Әлихан Бөкейхановтың  туған күні. Сол күн қарсаңында, егер Сіз қарсы болмасаңыз, бізге шағын сұхбат берсеңіз.

- Сонда Бөкейхановтың туғанына қанша жыл болады?

- 145 жыл.

- Яғни, 1866 жылдың 5 наурызында  туған ғой?

- Иә.

- Оның нақты датасын қай деректерден білдіңіздер?

- 1937 жылы Мәскеуде тұтқындалғанда  толтырған анкетасында Ә.Бөкейхан  туған күнін 5 наурыз, 1866 жыл деп көрсеткен.

- Ә.Бөкейханов жөнінде менен не сұрамақсыз?

- Ә.Бөкейханов жер аударылып, 1908-1917 жылдар аралығында үй-ішімен Самарада тұрған. Әлиханның сол Самарадағы саяси қызметі жөнінде қазақ алаштануының ғылыми айналымына түспеген қандай құнды деректеріңіз бар?

Валерий Ерофеев - Ресейдің Самара қаласында тұратын өлкетанушы. Самара тарихына қатысты бірнеше кітаптың авторы. Ә.Бөкейхановтың Самарадағы саяси қызметі  туралы хабардар зерттеуші. Жақында В.Ерофеевтен  сұхбат алудың сәті түскен еді.

- 5 наурызда Әлихан Бөкейхановтың  туған күні. Сол күн қарсаңында, егер Сіз қарсы болмасаңыз, бізге шағын сұхбат берсеңіз.

- Сонда Бөкейхановтың туғанына қанша жыл болады?

- 145 жыл.

- Яғни, 1866 жылдың 5 наурызында  туған ғой?

- Иә.

- Оның нақты датасын қай деректерден білдіңіздер?

- 1937 жылы Мәскеуде тұтқындалғанда  толтырған анкетасында Ә.Бөкейхан  туған күнін 5 наурыз, 1866 жыл деп көрсеткен.

- Ә.Бөкейханов жөнінде менен не сұрамақсыз?

- Ә.Бөкейханов жер аударылып, 1908-1917 жылдар аралығында үй-ішімен Самарада тұрған. Әлиханның сол Самарадағы саяси қызметі жөнінде қазақ алаштануының ғылыми айналымына түспеген қандай құнды деректеріңіз бар?

- Самара облыстық мұрағатындағы Самара губерниясы жандарм басқармасының қорынан мен Ә.Бөкейхановқа қатысты 30 бетке жуық құжат таптым. Бұл құжаттардың түгелге дерлігі 1915-16 жылдары Әлиханды аңдыған жандарм  тыңшыларының баяндамалары. Оны арнайы сұратқан соң, фотоға түсіріп, фото көшірмелерін әлихантанушы С.Аққұлыұлына жолдадым. Сол құжаттардың арасында Әлиханның бұрын сіздерге беймәлім болып келген бір фотосуреті де бар.

Анықтама. Ә.Бөкейхан 1906 жылы Ресейдің І Думасына депутат болып сайланады. Патша Думаны шұғыл таратқан соң, оның депутаттары Финляндияның Выборг қаласына жиналып, халыққа үндеу жариялаған. Сол үндеуді жариялағандардың бірі ретінде Ә.Бөкейхановты Патша өкіметі әуелі қамап, сосын Омбы қаласынан Самараға жер аударған. Ә.Бөкейхан Самарада 1917 жылға дейін тұрды. Сол жылдары Кадет партиясы Орталық комиетінің, партияның Самара губерниясы комитетінің мүшесі болған.

В.Ерофеев ұсынған суреттен алынған Әлихан фотопортреті (1-сурет) С.Аққұлыұлының құрастыруымен шығып жатқан Ә.Бөкейхан көптомдығының бесінші томының титулдық бетіне салынған.

- Ол фотоны Сіз қайдан таптыңыз?

- Бұл фото (2-сурет) Самара облыстық өлкетану мұражайында сақтаулы. Ол Бүкілресейлік Қалалар одағының Самара облыстық комитеті мүшелерінің фотосы.

- Яғни, Ә.Бөкейханов Самараның саяси элитасымен тығыз араласқан ғой? Сіз былтырғы бір әңгімеңізде Ә.Бөкейханов пен А.Керенскийдің де осы Самарада құпия кездескенін, Самарадағы масондық ұйым туралы айтқан едіңіз. Тіпті,  Ә.Бөкейхановты масондыққа Керенский әкелген деген жорамал жасағансыз...

- Ә.Бөкейханов Самараның бүкіл саяси тұлғаларымен араласқан. Алайда, Сіздердің оқырмандарыңыз ол фамилиялардың ешқайсысын естімеген.

- Неге? Есесіне ол есімдерді қазақ тарихшылары біледі. Тарихшы емеспіз, дегенмен, Бөкейханов туралы құнды естелік қалдырған Г.Елшинді жақсы білеміз.

- Керенский жөніне келсек, Самарада Бөкейханов екеуі кездесті деп нақты айта алмаймыз. Бірақ, кездесу ықтималдығы өте жоғары. Ал, Елшинмен Бөкейхановтың кездескені анық. Міне, Кадет партиясының мүшесі, Самараның революцияға дейінгі саяси қайраткері А.Г.Елшин былай деп жазады: «Маусым айының басында (1914 жыл - В.Е.) Самараға А.Ф.Керенский мен Н.В.Некрасов келді. Олар Саратов пен Пан (қазір Фрунзе және Ленинград - В.Е.) көшелері қиылысындағы «Националъ» қонақүйіне түсті, мен олардың номерлерінде болдым. Онда мен шақыртумен бардым және есімде: олар алыстан орағытып, Ресейдің бүкіл прогрессивті партияларын қамтып отырған әлдебір саяси ұйым туралы әңгіме бастады. Мен олардың өзімді сол ұйымға тартқысы келетінін бірден түсіндім. Сосын, олар маған ертең таңертең келетін болып келістік.

Келесі күні олар маған келіп, әңгіме одан әрі тереңдей түсіп, бүкіл сөз масондық жөнінде екені анық болды. Мен сұмдық таң қалдым, өйткені бұл ұйым өзінің бүкіл әдет-ғұрпымен баяғыдан бері келмеске кеткен деп есептеуші едім. Біздің әңгімеміз менің масондыққа кіруге уәде етуіммен аяқталды. Қабылдау рәсімі князь Кугушев пәтерінде - Қазан көшесі (қазіргі А.Толстой көшесі - В.Е.), №30, Субботиндер үйінде өтеді деп белгіленді.

Мен үшін Әлихан Бөкейхановтың да осы бауырластықта екені күмәнсіз еді. Өйткені, ол әу басында  менімен Керенский және Некрасов арасында дәнекер ролін атқарды...

Анықтама. А.Керенский - 1912 жылдан Ресейдің ІV Думасы депутаты.  1917 жылғы Уақытша үкіметтің алдымен Әділет министрі, кейіннен төрағасы болған. 1912 жылдан «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» масон ұйымының мүшесі.

Н.В.Некрасов - Ресей Мемлекеттік ІІІ және ІV Думасының депутаты. Кадет партиясы Орталық комитетінің мүшесі. «Ресей халықтарының Ұлы Шығысы» масон ұйымының мүшесі. Уақытша үкіметтің Жол қатынастары министрі.

... Келесі күні таңертең мен Кугушевтердікіне келдім. Әлихан мені балконы аулаға қарап тұратын түпкі бөлмеге ертіп әкелді де, «жарғы ережесі бойынша» менің әзірге жиналған бауырлардың ешқайсысын көре алмайтындығымды айтты. Содан соң ол маған - өзіме, отбасыма, қоғамға, мемлекет пен адамзатқа көзқарасымды анықтауға арналған сауал парағын әкелді де, жазба түрде жауап беруімді сұрады. Өзі шығып кетті.

Біраз уақыттан соң Бөкейханов келіп, мен оған өзім толтырған парақты бердім. Ол менің жауаптарымды бауырлар қарап, көзқарастарыма қарай қабылдау-қабылдамау мәселесін шешетінін айтты. Сағаттың төрттен біріндей мезгіл өткенде, ол қайта келіп, қабылдау тәртібі ары қарай жалғасады деді.   Ол менің көзімді байлап, осылай аз уақыт күте тұруымды, көзімдегіні шешпеуді өтінді. Біраз уақыттан соң бөлмеге кіргендердің тықыры білінді де, содан соң Керенский менің масон бауырластығы Жоғарғы Кеңесінің делегациясы алдында тұрғанымды мәлімдеді. Бірнеше сұрақ қойылды, сосын мен түрегеп тұрған бойы Керенский айтқан антты қайталадым.

Одан соң менің көзімдегі байлауды шешті. Мені үшеуі де құттықтады (Кугушевтің өзі сол сәтте Самарада болмағаны есімде) және бәріміз бауырларша құшақтастық. Айтпақшы, сол жерден бірден «Кавказ және Меркурий» қоғамының пароходына бардық, онымен Керенский мен Некрасов Саратовқа кетті. Бұл 1914 жылдың 12 маусымы болатын».

Елшиннің бұл жазбасы Самара облыстық Мемлекеттік Мұрағатында сақтаулы. Мұнда бірақ, Керенский мен Бөкейханов анық кездесті деген сөз жоқ. Кездескенін мәтіннің астарынан аңдауға болады. Ал, Бөкейхановты масондық ұйымға кім әкелгенін толық зерттеу керек.

- Осындай «отқа да күйген, суға да түскен» тұлғаға 145 жыл. Бірақ, Үкімет пен ресми мекемелер үнсіз.

- Түсінбедім. Кімнің үкіметі үнсіз?

- Біздің. Бізде Үкімет қаулысымен мұндай тұлғалардың тек 100, 125, 150 жылдығы ғана тойланады. Ал 140 жылдығы кезінде біз сөз етіп отырған Ә.Бөкейхановты қайсыбір ағайындар «террорист» атандырып жіберген. Бөкейханов қазақтың қалыптасқан алғашқы демократы емес пе?

- Менің ойымша, қазақстандық үкімет өзінің тарихына, атап айтқанда, Бөкейханов сияқты қайталанбас ғажап тұлғаға өте аз көңіл бөледі.

- Оның себебі неде деп ойлайсыз?

- Себебі тарихты, оның ішінде тарихтағы ғажайып тұлғаларды жете бағаламауда. Меніңше, «Кім өзінің өткенін білгісі келмесе, соның болашағы жоқ» деп бекер айтылмаған.

- Әңгімеңізге рахмет.

- Оқасы жоқ. Айтпақшы, егер Сіздерге қажет болса, менде Байқоңыр туралы де өте мықты жазбалар бар.

Сұхбат орыс тілінен аударылып берілді. Сұхбаттасқан - Болат Мүрсәлім

«Абай-ақпарат»

1-сурет. Әлихан Бөкейхан. 6 наурыз, 1916 жыл.

2-сурет. Бүкілресейлік Қалалар одағының Самара облыстық комитеті. Фото 1916 жылы 6 наурызда Самара қалалық басқармасының ғимаратында түсірілген. Солдан оңға қарай. Отырғандар: П.П.Подбельский, сенім берілген алқагер; К.Г.Глядков, сенім берілген алқагер; А.Г.Елшин, сенім берілген алқагер; В.В.Тейс, қалалық Дума ағзасы; П.Л.Кузьмин, қалалық Дума ағзасы, С.Е.Пермяков, Самараның қала басы, комитет төрағасы; В.П.Ушаков, қала басқармасы мүшесі; В.А.Тыртов, отставкадағы генерал-лейтенат; С.А.Елачич, «В день» газетінің шығарушысы; Тұрғандар: Ә.Н.Бөкейханов, Бірінші Мемлекеттік Дума депутаты; А.В.Тейтель, губерндік земство басқармасының агрономы; И.С. Анисимов, сенім берілген алқагер; М.Н.Лапушкин, қалалық басқарманың технигі; Н.М.Скуляра, қалалық комитеттің Армияны жарақтандыру және жабдықтау жөніндегі бас инженері; А.В.Матульский, сол комитеттің бас дәрігері; Н.Ф.Николаевский, қалалық басқарма хатшысы; В.А.Кугушев, князь, қалалық Дума ағзасы; М.П.Сидоров, сенім берілген алқагер; Л.С.Кравуов, сенім берілген алқагер; Жердегілер: Стояновский, облыстық комитет технигі; М.С.Рябикин, сенім берілген алқагердің көмекшісі; В.А.Кузьмин, облыстық комитет хатшысы; Н.И.Боголюбов, сенім берілген алқагердің көмекшісі. Фото Самара облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынды.

3-сурет. Валерий Ерофеев, самаралық өлкетанушы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5437