Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2503 0 пікір 17 Наурыз, 2011 сағат 04:33

Мұрат Алмасбекұлы. Қызықсыз мерекені құрғақ сөз құртады

Наурыздың теңдесі жоқ нағыз табиғаттың мерекесі екені анық. Оның тарихи тамыры мен философиялық мәні, жаратылыс дүниесіне қатысты қыр-сыры бірнеше кітапқа жүк болары да даусыз. Біз наурыздың кереметтігін айтып, айызымыз қанып болды. Әлі де айтудан шаршамаймыз, әрине. Бірақ, сөз жүзінде осы мерекені қанша көкке көтеріп, құмалағын төрттен қойғанымызбен, төрден орын тимей келеді. Халық наурыздан гөрі жаңа жыл десе жаны кіріп, жанталасып жатады. Қысқасы, дәл қазір наурыз жаңа жылмен салыстырғанда екінші деңгейдегі мереке қатарында. Бұл заңды да. Себебі, жаңа жыл әбден санаға сіңіп, тұрмыс-салтқа орнығып алған мереке. Оның үстіне бұл халықаралық жыл санау, жыл ауысу жүйесі. Оған аталған мерекенің билік тарапынан керемет қолдау тауып отырғанын қосыңыз. Бұл, тіпті, мерекенің сүйкімділігі мен беделін арттыратын бірден-бір ықалды күш. Иә, наурызға мемлекет тарапынан 3 күн демалыс берілді. Ұлыс күнінің орны жоғары тұр. Өкінішке орай, ол жалпы халықтың жаппай тойлайтын сүйікті мерекесіне айналып үлгерген жоқ. Білетіндердің айтуынша, 80-жылдардың соңындағы алғаш тойланған кезінен де төмен деңгейде. Бұның себебі - наурызды мерекелеудің бүгінгі заманға сай  ұтымды тәсілінің жоқтығында жатқаны көпке аян.

Наурыздың теңдесі жоқ нағыз табиғаттың мерекесі екені анық. Оның тарихи тамыры мен философиялық мәні, жаратылыс дүниесіне қатысты қыр-сыры бірнеше кітапқа жүк болары да даусыз. Біз наурыздың кереметтігін айтып, айызымыз қанып болды. Әлі де айтудан шаршамаймыз, әрине. Бірақ, сөз жүзінде осы мерекені қанша көкке көтеріп, құмалағын төрттен қойғанымызбен, төрден орын тимей келеді. Халық наурыздан гөрі жаңа жыл десе жаны кіріп, жанталасып жатады. Қысқасы, дәл қазір наурыз жаңа жылмен салыстырғанда екінші деңгейдегі мереке қатарында. Бұл заңды да. Себебі, жаңа жыл әбден санаға сіңіп, тұрмыс-салтқа орнығып алған мереке. Оның үстіне бұл халықаралық жыл санау, жыл ауысу жүйесі. Оған аталған мерекенің билік тарапынан керемет қолдау тауып отырғанын қосыңыз. Бұл, тіпті, мерекенің сүйкімділігі мен беделін арттыратын бірден-бір ықалды күш. Иә, наурызға мемлекет тарапынан 3 күн демалыс берілді. Ұлыс күнінің орны жоғары тұр. Өкінішке орай, ол жалпы халықтың жаппай тойлайтын сүйікті мерекесіне айналып үлгерген жоқ. Білетіндердің айтуынша, 80-жылдардың соңындағы алғаш тойланған кезінен де төмен деңгейде. Бұның себебі - наурызды мерекелеудің бүгінгі заманға сай  ұтымды тәсілінің жоқтығында жатқаны көпке аян.

Сол баяғы киіз үйлер, салт-дәстүрді көрсету, театрландырылған көрініс. Мәдениеттанушы Серік Ерғалиша айтқанда, халық мерекенің қатысушысы емес, көрермені болып қана қайтып жүр. Осыдан шығар, тіпті, «наурыз көжеден жұрт шаршады» деген сыпсың да естіліп қалады. Шындығында, мереке күндері қыдырған халықтың орталық алаңдардан басқа барар жері жоқ. Ондағы дағдылы көріністер жыл сайын қайталанатындықтан жалықтыруы да мүмкін. Әсіресе, киіз үйді комиссия үшін тігіп, бастықтарын ғана қонақ қылатын мекемелер, қазақ үйді қаңқу сөзге ұрындыруға себепші болуда. Бұл өз алдына әңгіме... Киіз үй мен салт-дәстүрлеріміз ұлтымыздың мерекелік қана емес, мәңгілік құндылықтары. Сондықтан ол лайықты түрде нәсихатталу арқылы, наурыздың төрінен бір күн де түспеуі керек. Наурызды тойлаудың бүгінгі әкімшілік тәсілдері киіз үй мен салт- дәстүрден жұртты жалықтырғысы келсе де, олар бәрібір де әбден мойындалған, және мойындала беретін ұлттық құндылықтар болып қала береді. Ал, наурыз көже - наурыз мерекесінің брэнді. Былайша айтсақ, тамақ адамның табиғи және өмірлік қажеттілігі болғандықтан, жұрт астан бас тартады деу артық әңгіме. Оның үстіне, қазір көбіне алаңдарда наурыз көже мен бауырсақ тегін беріле бастағандықтан, наурыз көжеміздің тартымдылығы тіпті де арта түсті.

Соңғы кезде «наурызды мерекелеу этнографиялық көріністермен ғана шектелуде» деген уәждер жиі бас көтеруде. Осыған орай Серік Ерғали, Дихан Қамзабекұлы т.б. азаматтар наурызды тойлаудың тың бағдарламаларын дайындап, ұтымды ұсыныс-пікірлерін де ортаға салып жүргені белгілі. Олардың қаншалықты қисынды екенін халық өзі таразылай жатар. Бір ескерерлігі, наурыздың тарихын қопарып, жаңа санаға тосын сезілер тың ұғымдарды көбейте берудің қажеті шамалы. Наурызды бүгінгі ұрпақтың тілімен, қазіргі өмір-салттың ішіне кіргізе отырып жалпыластырған дұрыс. Сосын, наурыз шырша, жолтерек секілді жаңа жылдық шыршаға балама табуға тырысу да ұтымды бола қоймас. Наурыз тағылымы ағаш кесуді емес, керісінше оны көбейтуді дәріптейді...

Сонымен, наурыздың негізгі қасиеттерін (атрибут) сақтай отырып, оны тойлаудың жаңаша формасы қалай болмақ? Қосымша тағы қандай заманға сай атрибуттарын ойлап тапқан дұрыс? Бұл әрине, бірден жауап бере салатын сұрақ емес. Ол кешенді түрде көп болып, мәдениет саласының білікті мамандары, әлеуметтанушылар, тіпті, психологтармен бірлесе отырып талқыланатын мәселе. Арнайы заң қабылдау керек пе? Әйткенмен, бәрі де халықтың, әсіресе, жас ұрпақтың ниетіне байланысты болса керек. Заңды да, жаңа бағдарламаны да дайындап алдық дейік. Бірақ, жұртта соны пайдаланатын ниет жоқ болса, еңбек еш болмай ма? Әрине, ниетті түзеу үшін, адамда титтей де болса мерекеге деген оң көзқарас, кішкене де болса қызығушылық болғаны жөн. Олай болса осы қызығушылықты оятудың қарапайым жолдарын ұсынып көрелік. Бұл жолдарды жаңағы кемел бағдарламалар мен заңдарды толық орындатуға алып келер алғы шарттар есебінде қарауға болады. Біз бұның ішінде жаңа жыл мерекесінде пайдаланылып жүрген кейбір тәсілдерді пайдалануымызға тура келеді. Кейбір наурыздың болмысына тән тарихи атрибуттарын да. Бірақ оларды жаңа жыл мерекесі кезіндегіден барынша артық етіп қолдануға тиіспіз. Бұл ойлар әрине, ең алдымен президент әкімшілігі, үкімет, түрлі деңгейдегі әкімдіктер секілді билік орындарына арналмақ. Себебі, оны орындау үшін қажет капитал солардың қолында. Қалай айтсаңыз да қазір бәрі ақшаға келіп тіреледі. Ақша, ақша. Қазіргі ең мықты идеология - ақша. Ал, халықтың ақшасы билікте. Әйтсе де «көп түкірсе көл деген». Билікті де билетіп жіберетін біз - халықпыз. Көптің ойы бір жерден шықса, оны құзырлы орынға орындату ұзаққа созыла қоймас. Өйткені ондағылар да «арнайы 3 күн демалыс беріліп, мәртебесі биіктеген мерекені қалай тойласақ жөн болады» деп жұрттың ыңғылын бағып отырған шығар?!

Сонымен, үлкенді де, кішіні де наурызға бірден қатысу емес, ең алдымен оған дайындап алудың қарапайым жолдарына тоқталайық. «Адамдар туған әкесінен гөрі, қоршаған ортасы мен айналасындағыларға көбірек ұқсайды» деген Әзіреті Әлінің сөзі бар екен. Ең алдымен, қаңтардың қаһары қайтып, ақпанға аяқ арта салысымен көшелерде наурызбен құттықтаған жазулар іліне бастаса. Бұл наурыз айы туа салысымен тіпті қарқын алып, қуыстардағы шағын дүңгіршекке дейін мерекені әспеттеген құттықтауларға оранып тұрса. Көктемнің күлімдеген күнімен бірге, түрлі-сүске боянып, қаланы гүлдей жайнатқан көрнекі құралдар кім-кімнің де көңіліне жылылық ұялатпай қоймасы анық. Ал, мекемесін мәнеріне келтіре безендіргендерге әкімшілік тарапынан материалдық түрде қомақты сыйлық берілсе, ешкімнің шекесіне тар келмес еді.

Ал, 21-наурыздан бір күн бұрын бүкіл республикада сенбілік емес, «Наурыз-тазалық» атты іс-шарасы өтіп, оған барлық адам қатыстырылса. Көшелерде көлденең шөп қалмайтындай науқан тек наурыз үшін өтсе, мерекенің тектілігін түсінуге себі тимек. Керек болса, көлік жуатын орындар мен моншалар, шаштараздар әкімшілік арқылы келісілу арқылы, тазалық акциясына үн қосып, жеңілдіктер жасаса. «Бұның бәрі тек наурыз үшін» деген бір ауыз сөз қоса жүрсе. Бұлардың тікелей сол ортадағы халыққа белгілі дәрежеде әсері боларына күмән жоқ.

Жаңа жылды жапырыла тойлаған жұрттың екі жарым ай өтпей жатып келетін наурызды да сондай қарқынмен атап өтеді деу қиын. 3 айдың ішінде деңгейі жоғары екі бірдей мейрамды мерекелеу үшін халықты біраз жыл әбден дайындау керек. Ол үшін жаңа жылдың ықпалын сетінетіп, адамдарды наурызға дәндетіп, қызығымен шырғаға тарту қажет. Біз бұл жерде аяз атаның образын жаңа жылдан тартып алуымыз керек. Өйткені ол жаңа жылдың басты геройы. Наурызда аяз атаның орны Қыдыр атаға берілгені жөн. Онсыз да Қыдыр наурыз тарихымен бірге келе жатқан образ. Бір айтарлығы, оны бірде Қызыр, бірде Қадыр демей тұрақты түрде Қыдыр деген тура. Әйтпесе, елді шатастырамыз. Күміс күймеге ақ арғымақ пен қара арғымақты (күн мен түннің теңелу белгісі) қосарлап жеккен Қыдыр ата, аяз ата секілді кәмпит-сәмпит қана арқаламайды. Құр аяққа бата жүрмейді демекші, жай бата ғана да бермейді. Ең бастысы, тәтті-дәмді, жеміс-жидекпен қатар, әр баланың арманына сай сыйлық таратады. Ол мүмкін, аяқ киім, әдемі сөмке, ұлттық үлгідегі түрлі ойыншық, телефон, шағын компютер, коньки т.б. бағалы сыйлықтар болатын шығар. Олардың бәрі наурыздың белгісі саналатын гүл, жас төлдердің суреті және наурызбен құттықтау тілектерімен әрленген әдемі қорапшалар мен қағаздарға оралады. Әрине, соңында ақ батасы да бар. Қысқасы, Қыдар ата әр баланың өз атасындай жақын, жомарт та қамқор. Бұл әсіресе, балалар үйіндегі тәрбиеленушілер үшін ауадай қажет. Сондай бағалы сыйлық пен мейірімнен кейін олар наурызды және наурызда келетін Қыдыр атаны тағатсыздана күтері анық. Бұндай сыйлықты балаларға әрбір мекеме де беруі қажет.

Сондай-ақ, Қыдыр атаның қайда тұратыны, наурызда балалардың арманын орындап қандай сыйлықтар мен жақсылықтар жасағаны туралы тартымды мултфильмдер көптеп түсірілсе тіпті жақсы. Жай айтқаннан гөрі наурызды балалар мен жастардың жүрегіне жақын өнер тілімен нәсихаттап, махаббатын оятқан дұрыс болмақ.

«Хан шатыр», «Мега», «Керуен», «Азия парк», «Сарыарқа» тақылеттес түрлі қалалардағы ойын-сауық орталықтарында наурыз мерекесі күндері жеңілдік шарасы ұйымдастырылса. Жастар мен балалардың, тіпті, үлкендердің емін-еркін көңіл көтеруі үшін әр орталықта танымал әртістер өнер көрсетіп, ойын комплекстері әдеттегіден арзан бағамен қызмет көрсетсе. Бұл бастама мейрамханалар мен түнгі клубтарда, дәмханаларда жалғасын тапса. Онда түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, арасына наурызға қатысты деталдар басым түрде қосылып отырса. Әлбетте, аталғандардың барлығы бизнес өкілдерімен үкімет тарапының келісімі арқылы жүзеге асатыны даусыз. Сондай-ақ, бұл келісім «Қазақтелеком» және өзге де ұялы байланыс операторлары басшылырымен жасалып, жеңілдетілген тарифпен мерекелік сөйлесу, хат жазысу уақыттары іске қосылса. «Қазпошта» арқылы үй-үйге әсем наурыз құттықтау парақшалары жіберілсе. Әр мекеме ұжымдары өздерінің шағын бағдарламаларымен наурыз көже кештерін тойласа да артық емес. Ондағы ас мәзірінің ең негізгісі - дәмді піскен наурыз көже болуы қажет. Бұдан өзге де мерекеде қоғамдық көліткерде тегін жүру, таңнан кешке дейінгі «наурыз-думан» сериясымен жасалған түрлі арналардағы түрлі бағдарлама, концерттеді тамашалау сынды толып жатқан қызықты да қажетті істер қағыс қалмауы ләзім.

Ал, түрлі мемлекеттік дәрежедегі марапаттаулар, баспана беру, қызмет дәрежесін өсіру жиындары да тура наурыздың қарсаңында өткені абзал. Бұл да наурызды баршаға жағымды етудің жақсы жолы.

Және де наурызда туған сәбилерге, әсіресе, күн мен түннің теңелетін кезіне тұспа-тұс өмірге келген нәрестелерге несібесін сыйлық ретінде молынан беруіміз қажет. Жоғарыда айтылған, ел назарын наурызға аударудың жолдары ұлтына, нәсіліне қарамай барлық ел азаматтарының ұлыстың ұлы күнінне деген үзілмес ықыласының оянуына себепші болады.  Айта берсек, құлақ ассақ, халық арасынан ұтымды ой-пікірдің көп шығары белгілі. Сонымен бірге, президенттен тарып, барлық деңгейдегі лауазым иелері алаңда халықпен бірге ортақ қазаннан наурыз көже ішуді дәстүрге айналдыруы керек. Себебі, наурыз береке-бірліктің, тепе-теңдіктің мерекесі. Ол ханға да, қараға да ортақ. Ертеде Сақтар мереке күні от басына әкеліп өгіз сойып, жебелерінің ұшындағы мыстан құйылған тайқазаннан көсемдерімен бірге наурыз көже ішу арқылы, береке-ынтымағын бекемдеп отырған...

Ойымызды осылай аяқтай келе, мынадай бір өзгешелеу ұсыныстың да ұшығын шығарсақ. Жаңа жылда халық, түнгі он екіде үстелде жиылады. Сосын әркім өз бетінше қыдырып, дені жүз грамның құдіретімен мерекелік көңіл-күй жасауға құмартады. Аяғы, асқазан мен бас аурудың әлегіне соғады...

Наурызда олай емес. Наурызды қарсы алу, күн мен түннің теңеліп, жаңа күннің шығуын қарсы алу сәтіне тұспа-тұс келсе. Әрине, таң атқанша далада кім жүреді дерсіз. Олай болса, ауарайы жылы аймақтарда даладағы орталық алаңдарда, салқын аймақтарда ойын-сауық орталықтары секілді жабық орындарда жанып жатқан от пішіндес наурыз шамдар орнатылса. Олардың саны бірнешеу болуы мүмкін. От наурыздың болмысына, жалпы адамға жат нәрсе емес. Ертеде ғұндар наурыз кезінде түні бойы алау жағып тастап, айнала ойын-сауық құрып, таң мезгілінде жаңа күнді маңдайларын өбтіре қарсы алады екен.  Бізде де айналасын күндізгідей жарқыратқан наурыз шамдардың айналасында наурыз түнін өткізсек. Ол жерде әрине, халықы нағыз мерекелік көңіл-күйге бөлейтін шаралар ғана болғаны дұрыс. Айталық ән-күй кеші. Керек болса, жақын шетелдерден түркі тұқымдас өнер иелерін шақырайық. Түрлі спорт ойыны, жауынгерлік ойын, аспан астындағы театр, наурыз лотерея, ұлттық ойын түрелері, заманауи ойын, түнгі базар, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, арулар байқауы, жігіт сыны, бәрі ұйымдастырылып, халықты қызыққа батырады. Осы кездерде жаңа таңды шықырып, салют шоқтары да аспан түнегін айқара шашу шашады. Ал, тәңертең наурыздың ырысты таңында, алтын күнді қарсы алған халық сәл тынығып алып, жалпы халықтық карнавалға қатысады.

Бір қарасаңыз айтылғандардың бәрі арман секілді. Бірақ, ұлтымның құндылығын сақтап, елімнің ерекшелігін әспеттеймін, жұртымның жанына қуаныш сыйлаймын деген билік пен оған қозғау салуға тиіс халық үшін бұның бәрі іске асатын шаралар. Әрине, наурыздың, ұлыстың ұлы күнінің мәртебесі, ел мен жердің мүддесі үшін.

Негізі, наурызды халық бүтіндей қажет етпей отыр деп айтуға болмайды. Қалада алаңға ағылған халық, ауылда аста-төк қазан қайнатқан жұрт жоқ емес. Кіндігін алтын бесіктен үзбеген жастар да мерекені жанымен сезінеді. Бірақ, ең бастысы, рухани әлсіздікке тез ұрынатын қалалардың, ондағы болашағымыз балалардың жайы басты назарда болу керек. Елдің дамуы қалаға, ондағы халыққа қарап бой түзейтіні анық. Бүгінде қазақ ұлтының қалалық ұлтқа айналу қарқыны жаман емес. Ендеше, бала бар ынтасымен наурызға қызығып, мерекені қуана да сағына күтетін күнге жетсе бәрі оңалады. Өйткені, баласының ыңғайына сай іс қылып, соның қуанышына қарай құлай жығылатын ата-ана да наурыздың шынайы жанашыры болып шыға келеді. Ал жанашыр адам наурыздың мәніне терең бойлап, оны бала санасына да сіңіруге ұмтылары анық.

Шындығында, наурызды шынайы мойындайтындар үшін мерекенің әр күні қызық. Ал, жат санамен суарылған ұрпақ үшін ең бастысы - мерекені олардың қалауына сай қызықты етіп көрсете білу керек. Әрине, мәнін бұзбай отырып. Ал, наурызды қатып қалған догмамен тек аз ғана адамдарың түсінігіне лайықтап өткізем деу, оны мұражайдағы экспонатқа айналдырады. Сондай-ақ, наурыз бұндай, наурыз сондай деп құр сөзбен қуырдақ қуыра бергенше, мерекенің шынайы қызық та таңғажайып қасиетін заманауи тәсілдермен жүректерге жеткізе білген ләзім.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5531