Қазақтың көбейгені кімді мазалайды?
Қазақстан ақпараттық кеңістігінің осалдығын осындайда сезесің: Ресей мен отандық өзге тілді бірқатар сайттарда Қазақстанның соңғы халық санағына шүбә келтірерлік мақалалар көбейген. Тіпті, бірқатар сайттар қазақты 67 пайыз етіп көрсеткен санақта «потемкиндік іздің» барын айтып, бұдан саяси астар іздейтін сыңайлы. Әрине, орыс тіліндегі сайттардың таралу аймағы ауқымды. Яки, бұл мақалаларды оқыған ТМД, Орталық Азия елдерінің азаматтары шынымен-ақ өткен санақты қолдан жасалды деп ойлауы мүмкін бе?
Қалай десек те, қазіргі күні ғаламтор желісін мынадай мақалалар шарлап жүр: «Статистика как пропаганда. Или почему у казахстанской переписи «потемкинские» результаты», «Родимые пятна казахстанской статистики: 5 процентов «туда», 5 процентов «сюда», «Не важно, как считают, важно – Кто считает!», тағысын тағылары... Бұл мақалалардың басын қосатын бір ғана мәселе бар: қалайша бұрынғы санақта 54 пайызды құраған өзге ұлт өкілдерін қазақтар небары 10 жыл ішінде басып озып, 67 пайызға қол жеткізген? Шыны керек, осыдан 4-5 жыл бұрын мұндай мақалалар жарияланғанда, қазақ баспасөзі мен зиялы қауым өкілдері бірден көтеріліп, елді дүрліктірген «ақпараттық майданға» бірлесе білек сыбана араласып кететін. Қазір жағдай басқа. Қазақ өзінің аға ұлт ретіндегі рөлін сезініп, мұндай майда-шүйде дүниелерге назар да аудармайтын болған. Бірақ елді алаңдататыны – ресми ақпараттың бұрмалануы, мұның салдарынан көршілес елдерге санақ жайлы бұрыс ақпараттың таралуы, ақпарат айдынында әлі де ұпайымыздың бүтін болмауы...
Бұл орайда біз отандық саясаткер-сарапшыларға екі сауалды төтесінен қойған едік.
1. Қазақстанның жалпыұлттық халық санағынан кейін бірқатар ресейлік және отандық сайттарда 67 пайыздық межеге күмән келтіретін мақалалардың көбеюіне не себеп?
2. Қазаққа 67 пайыздық көрсеткіш не береді? Ұлттық саясатта не өзгереді?
Берік ӘБДІҒАЛИ, «Мемлекеттік тілді қолдау» қорының төрағасы:
1. Мұнда Ресей тарапынан үлкен саясат бар деп ойламаймын. Бұл өзіміздегі кейбір ағайындардың санаққа күмән туғызу үшін көтеріп жатқан мәселесі шығар. Бұл мәселе тек сараптамалық деңгейде шектелуі керек. Ертең бұған отандық Статистика агенттігі дұрыс, сенім туғызатындай жауабын жеткізіп, ғылыми тұрғыдан өз бағасын береді. Шыны керек, Статистика агенттігі мұндай саясаттан мүлдем алыс. Яки, оларда «қазақтың санын көтереміз» деген ой да жоқ болуы керек. Олар санды қалай бар, солай көрсетіп отыр. Орыс ағайындарымыз саны азайған сайын, психологиялық тұрғыдан «қорғаныш реакциясына» бой алдырып, эмоциялық деңгейде ғана санаққа сенімсіздік танытып отыр. Сондықтан оларға мән-жағдайды ақырындап түсіндіру керекпіз. Яғни, бұл арада олармен айтысудың да қажеті жоқ. Түптің түбінде, олар бәрін де біртіндеп мойындап жатыр.
Құдайға шүкір, қазақ 67 пайыз. Санымыз өсті, бірақ енді ұлттық сапа арта түсуі керек. Күні ертең біз 100 пайыз болсақ та, тіл мәселесі шешілмесе, қазақ ұлты бірігіп, ұйымаса, онда бар мәселе – статистикада боп тұрған жоқ қой! Бар мәселе – ұлттық сана-сезіміміз бен сапамызда. Былай қарасақ, қазір түркі тілдес халықтармен басымызды біріктіріп санасақ, қазақтың жалпы саны 80 пайыздан асады, бірақ бұл тұста мемлекеттік тілді дамыта алмай отырғанымыз өзімізге сын. Шәкәрім «Қазақтың аты бар да, заты жоқ боп кетпесін» дегендей, санымыз көбейсе де, сапа жағы шешілмей жатыр. Әйтпесе бұрындары санымыз көбейсе, ұлттық мәселе шешіледі деген сенім болушы еді. Сондықтан бізге ұлттық сапаны арттыру үшін ұлттық қасиеттерді дамыта түсу қажет. Тіліміз, тарихымызға байланысты айтсақ та, қазақ өз қазақылығын санымен ғана емес, сапасымен де көрсетуі тиіс.
2. Біз өзіміз ұлттық мәселені алға қойып, шешпегенше ештеңе де өзгермейді. Ертең жүз пайыз болсақ та, орысша сөйлеп жүре беретін сияқтымыз. Ең бастысы, бізге ұлттық рух, сана-сезімді көтеру керек. Мәселен, Өзбекстанда неліктен тіл мәселесі атымен жоқ. Өйткені олардың көпшілігі – өзбек. Шындығына келсек, елдегі халықтың көп болса 80 пайызы өзбек шығар, қалғаны – қазақ, тәжік, т.б. ұлт өкілдері. Соның өзінде мәселе санда емес. Өзбектердің ұлттық сапасы жақсы боп тұр. Олар тіпті, қазақ пен тәжіктің өзін өзбекілендіріп жібереді. Бұл тұста өзбектің ұлттық, этникалық доминанттылығы зор. Бізге де сан мен сапаны бірдей арттыру қажет.
Айдос САРЫМ, саясаттанушы:
1. Айтарым бір: сіз айтып отырған сайттардағы материалдарды, уәждерді объективті, шыншыл деп айтуға болмайды. Өткен ұлттық санақ қандай дерек пен дәйекті көрсетсе де, олар оны жоққа шығаруға дайын болатын. Себебі ол басылымдардың артында негізінен ресейшіл, импершіл, бұрынғы Кеңес Одағының қайта түлеуін не болмаса Қазақстанның бұрынғы отар күйіне түсуін қалайтын күштер тұрған сыңайлы. Бұл айдан анық нәрсе. Егер дәл сол сайттарға кірсеңіздер, осыдан он жыл бұрын өткен санақ деректерін әлі күнге дейін жоққа шығарып отыр. Олардың шымбайына батып отырғаны екі нәрсе: қазақтың санының тұрақты артуы һәм славян халықтарының азаюы. Бұл екі үрдіс те объективті, табиғи құбылыс. Славян халықтарының кемуіне қазақ та, қазақ үкіметі де кінәлі емес. Сол сайттардың иелері біздің қоғамға, билікке саяси ықпалын асырғысы келеді. Ал саны азайып жатса, олармен кім санасады? Егер өздері айтып отырған «славяндардың саны екі есе артық» дегендері рас болса, біз оларды көшеде, дүкенде, мектепте, ауруханада, стадионда, моншада қалай байқамай жүрміз?
Жалпы алғанда, осындай мақалалар тек қана Қазақстанда өткен ұлттық санаққа қатысты емес, барлық посткеңестік мемлекеттерде өткен санақтарға байланысты жарияланып келеді. Бір қызығы, орыстың мықты демографтары, мамандары біз айтып отырған деректерді толық мойындап, Ресейдің алдында тұрған басты мәселе – қайтсе де орыстың барлығын жинап, Ресейге қайта қоныстандыру дегенді жиі айтады. Ресей Федерациясындағы соңғы кездегі халық санының өсуі оның XXІ ғасырдағы дамуын қамтамасыз ете алмайды. БҰҰ деректеріне сүйенсек, ондағы халық саны алдағы 40 жылда 30 миллионға дейін кемуі ықтимал. Осыны ойлаудың орнына, Ресейдің импершіл саясаткерлері мен топтары, «қайтсе де бұрынғы КСРО елдерін өз уысымыздан шығармай ұстап, олардағы «отандастарымызды» қолдап отыруымыз керек» деп, сол елдердегі ұйымдарға қаржылық, ақпараттық, саяси көмектерін аяп отырған жоқ.
Жабық деректерге сүйенсек, соңғы он жылда Қазақстандағы «орыс отандастар ұйымдарына» төгіліп жатқан қаражат көлемі кем дегенде бес есе өскен! Ондай орасан қаражатты алып отырған ұйымдар қарап қала ма? Өздерінің «қажеттілігін», «мықтылығын» үнемі дәлелдеп отыруы тиіс, сол туралы ақпарларын, есептерін «қаржы көздеріне» жіберуі керек. Бұл да бір бизнеске айналып кеткен. Алайда, бірден айтайын, олардың бұл саясаты бос әуре, бос тіршілік. Империяның заманы өтті, Қазақстан ешқашан Ресейдің отарына айналмайды!
2. Біріншіден, бұл көрсеткіш – үлкен тарихи меже. Жиырмасыншы ғасырдың сұрапыл сынағынан, тоталитарлық империяның езгісінен сүрінбей өткеніміздің, оған шыдай алмай, жойылып кетпегендігіміздің белгісі. Шынын айтсақ, қазақ ұлты XX ғасырда жойылып кетудің алдында тұрды. Екі аштық, екі соғыс, екпінді отарлау саясаты қазақ деген ұлттың тарихта қалу-қалмауы туралы кешенді сұрақ қойды. Бұл санақ сол сұраққа жауап! Енді ғана 1926 жылғы межеге жетіп отырмыз! Біз жеңілу, жылау, жоғалту кезеңін басымыздан өткіздік, енді ұлтты қастерлеу, сақтау, жинау, жинақтау, біріктіру, жасампаздыққа шақыру кезеңіне жеттік. Бұл өте қиын міндет. Бәлкім, аман қалудан да қиын мәселе болар.
Екіншіден, бұл көрсеткіш – маңызды саяси меже. Өкінішке қарай, біздің билік пен зиялы қауым бұны толық түсініп біткен жоқ. Әлі де болса кеңес заманында қалыптасқан ұлттық азшылыққа тән ұрандар мен түсініктер басым. Осыған сай тіршілік пен саясат артық. Шын мәнінде біз, қазақ ұлты өз жеріндегі көпшілікке айналып біттік. Бұл елдегі жақсы да, жаман да үрдістерге, істерге, құбылыстарға ең алдымен біз жауап береміз. Біз өзіміздің тарих алдындағы жауапкершілігімізді түсініп, түйсінуіміз керек. Бос айқай мен аттаннан гөрі нақты іске, батыл қимылға көшуіміз тиіс. Бұны тек қана басқа ұлттар мен ұлыстарға ғана емес, өзіміздің туған билігімізге де дәлелдеп, осы тарихи фактімен, саяси үрдіспен санасуға міндеттеуіміз қажет.
Кәмшат ТАСБОЛАТ («Айқын» газеті, 15.05.2009)