Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 2331 30 пікір 29 Сәуір, 2024 сағат 14:32

Оксфордқа қазақ тілі «десанттары» аттанатын болды

Коллаж суреттері: sputnik.kz сайтынан алынды

24‑сәуір күні Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кемерон Астанаға ресми сапармен келді. «Жақсыны –көрмекке» дегендей, оның келуімен елімізде қазақ тілі үшін өте жағымды жаңалықтар орын алды.

Ол жаңалықтың мәні туралы Тіл білімі институтының сыртқы байланыстар жөніндегі менеджері Мадияр Қазыбек былай түсіндірді: «Оксфорд университеті Азия және Таяу Шығыс зерт­теу факультеті Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандарын шақырып отыр. Аталған оқу орнына 2024 жылдың қаңтар айында баруды жоспарымызға енгізіп қойдық. Мақсатымыз – қазақ тілін үйренгісі келетіндерге курс ашу.​ Әзірге әлемнің белді оқу орнымен байланысты күшейтіп жатырмыз».

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кемерон бастаған топтың Қазақстанға келуі тек қана экономикалық не өзге бір саяси мақсат емес екен. Олар өздерімен бірге көптеген ғылыми‑мәдени жобаларды да ала келіпті. Соның бірі болашақта Астанада Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды көздейтін мемерандумдарды жасау көзделіпті. Біздің ойымызша, жоғарыда айтылған «Оксфордтта қазақ тілін оқыту» мен «Астанада британдық оқу орындарының филиалдарын ашу» атты мәселелерде тығыз байланыс бар сияқты...

Себебі, Қазақстанда ашылатын қандай да бір ағылшын оқу орнының филиалдарында сабақтар екі тілде: қазақ және ағылшын тілдерінде өткізілетіні бәсенеден белгілі. Олай болса, демократиялық құндылықтары толық қалыптасқан Ұлыбритания мамандары болашақта  филиалдардағы қазақстандық студенттердің  «қай тілде оқуына таңдау болуын» алдын ала ойластырған ба деуге болады. Мәселен, қазақ студенттері  Англиядан келген профессордан  білім алуды өз тілінде оны ала алмаса ‑ оларға бұл қиындық тудырады. Ал, егер, ағылшын профессор қазақша білсе – мәселе түйіні шешіледі. Міне, осыларды ескере келе, Ұлыбритания оқу орындары Қазақстанда жұмыс істегісі келетін мамандар мен ғалымдарды Оксфорд университеті қабырғасында қазақ тіліне оқытуды мақсат еткен сыңайлы. Несі бар, бұл  прагматикалық әрі стратегиялық тұрғыда Ұлыбританияға да, Қазақстанға да өте тиімді. Бұл екі арада келісілген мәселелерді шешудің ең тиімді жолы ‑  жоба соған сай жасалуда!

Мұның Қазақстан ғалымына да тигізер пайдасы зор.

Біріншіден, тіл ғалымдары Англияға аттанар алдында ағылшын тілін базалық деңгейде меңгереді. Ол тіл ғалымдары үшін зор жетістік.  Өйткені, олар өзге тілдерді үйрену методикасын енді «қазақ тілін үйрету» сабақтарында да қолдануға қол жеткізеді. Яғни, бұл еліміздегі қазақ тілін оқыту методикасына елеулі өзгерістер мен жаңалықтар алып келеді. Қазақ тіліне үйрету қазірге қарағанда әлдеқайда нәтижелі болады.

Екіншіден, қазақ тілі осы тәжірибенің арқасында бұған дейінгі «қатып қалған» орыстілдік методикалық базасынан шыға алады.

Үшіншіден, бұл ‑ даму үстіндегі қазақ тілінің терминологиялық базасын кеңейтеді, тіл дамуын әлемдік үрдістермен жалғастырады.

Байқап отырсақ, міне, осы шаралардың өзі‑ақ біз үшін аса маңызды екен... Өткен жылы, «Ұлттық аударма бюро» корпоративтік қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы  жетекшілігімен елімізде «Oxford Qazaq Dictionary: қазақша ағылшынша және ағылшынша қазақша сөздік» кітабы жарыққа шыққан еді. Ол кітап А.Байтұрсұнұлы атындағы Тіл білімі институтында талқылаудан өткен. Оның сөздік қоры 60 000 ға жуық сөздерді құраған. Ендеше, біз бұдан «елімізде «қазақ тілін әлемдік тілдік ортаға бұру» қадамдары осыған дейін де жасалып жатқан еді» деп қорытынды жасай аламыз – яғни, «қазіргі жаңалық тіптен де жаңалық емес»  деуге  болады. Әрине, бұл шараның Дэвид Кемерон мырзаның Қазақстанға келуімен орайластырғаны – саяси технологиялық қадам болуы әбден мүмкін.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері, Англиямен арақатынасын дамытып келеді. Мұнда мәселе төркіні тек «әлемдік ағылышын тілінде» ғана емес деп ойлаймыз. Ұлыбритания әлемдегі ең экономикалық қуатты мемлекеттердің бірі. Біздің жастардың ол елден үйренер ғылым‑білімі көп. Қазіргі кезде Қазақстан осыған баса  назар аударуы тиіс. Сондықтан, қазақ жағы болып Оксфорд университетін «аспандағы айға» теңеуді доғарып, онымен қоян‑қолтық жұмыс жасауды, Оксфордтың ғылыми және басқа әлеуетін Қазақстанға да пайдалы жағынан қолдану жағын ерекше қарқынмен қолға алуымыз керек. Ал, ол жұмыс, ең  алдымен, тілден басталады... Мәселе осында!

Әбдірашит Бәкірұлы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1966