Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Саңлақ 1998 1 пікір 4 Маусым, 2024 сағат 13:35

VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Париждегі тарихи жеңіс

Франциядағы құрлық додасының өте жоғары деңгейде өткенін осының алдында әңгімелегенбіз. 1988 жылғы Еуропа чемпионаты ұйымдастырылуы мен ойындарының тартыстылығы жағынан алдыңғысынан асып түспесе, кем болған жоқ. Стадионға жиналған көрермендер жөнінен Батыс Германиядағы доп додасы тіпті рекорд жасады – мұнда әр ойынды орта есеппен 62 мыңнан астам адам тамашалады! Бұл жолы да чемпионатқа қатысушылардың саны 33 болды. Олар іріктеу сатысында, әдеттегідей, 7 топқа бөлініп сынға түсті. Топ жеңімпаздары Қарт құрлықтың футбол тойын тұңғыш ұйымдастырып отырған Германия Федеративтік Республикасы (ГФР) құрамасымен бірге ақтық сында күш сынасар үздік сегіздік түзді.

Іріктеу кезеңінің басты сенсациясы – сол кездегі Еуропа чемпионы Франция құрамасының финалдық турнирге шыға алмай қалуы болды. Мұның екі себебі бар еді: біріншісі – «үшжолақтылар» сапында буын алмасу процесі жүріп жатты. Француздардың осыған дейінгі ірі табыстарын (1984 жылғы алтын кубок пен одан екі жыл кейін өткен әлем чемпионатының қола жүлдесін) қамтамасыз етіп келген аңыз-ұжым біртіндеп ыдырай бастады. Мексикадағы дүниежүзілік додадан соң команданың үш бірдей үздік ойыншысы – Максим Босси, Ален Жиресс және Доминик Рошто ұлттық құрамамен қош айтысты. Мишель Платини мен Жан Тигана да екі-үш іріктеу ойынынан соң сондай шешімге келіп, бутсысын шегеге ілді. Екінші себеп – 1986 жылы Кубок иелерінің кубогын жеңіп алған киевтік динамошылардан жасақталған КСРО құрамасының таңдай қақтырар тамаша ойыны еді. Валерий Лобановскийдің шәкірттері бірде-бір ойында ұтылмай, 3-топта бірінші орынды айқын басымдықпен жеңіп алды. Әсіресе олардың Париждің төрінде француздарды 2:0 есебімен (голдарды Игорь Беланов пен Василий Рац соқты) тізе бүктіруі жұрты елең еткізген оқиға болды. Бұл жерде мәселе есепте емес, кеңес футболшылары көрсеткен келісті ойында еді. Ертеңіне жергілікті «Экип» газетінің «қонақтардың парадта жүргендей емін-еркін қимылы және «па, шіркін!» дегізерлік сәнді өнер көрсеткені сондай, чемпиондықты бізден осылар тартып алатындай әсер қалдырды» деп жазуы тегін болмаса керек.

Жанкүйерлер қақпашының басын жарды

Басқа топтардың бәрінде бірінші орын үшін талас соңғы турға дейін жүріп жатты. 1-топта Венадағы шешуші матчта австриялықтарды ұта алмаған (0:0) румындар сол күні Албанияны 5:0 есебімен жеңген Испанияға жол берді. Осының алдындағы құрлық додасында масқараға ұшыраған италиялықтар сыннан қорытынды шығарып, бұл жолы бұрынғы бапкер Энцо Беарзоттың көп жыл бойы көмекшісі болған маман Адзельо Вичинидің жетекшілігімен 2-топтың лайықты жеңімпазы атанды. Бұл топтағы өте күшті Португалия құрамасын... өз футбол федерациясы әлсіретіп тастады: Мануэл Бенту, Фернанду Гомиш, Карлуш Мануэл сынды тәжірибелі һәм танымал ойыншыларды Мексикадағы доп додасында «ұлт футболының абыройын түсірді» деп айыптап, құрамадан мәңгі-бақи (!) аластады. Алдыңғы құрлықтық додаға бара алмаған Англия да бұл жолы 4-топта қарсыластарының бірін оңға, бірін солға лақтырып, финалдық турнирге тамаша көрсеткішпен (5 жеңіс, 1 тең ойын, доп айырмасы 19:1!) шықты.

5-топта тап осындай ғаламат нәтиже көрсеткен Голландияның негізгі қарсыласы... өз жанкүйерлері болды. 1974 жылы «қызғалдақтар елі» құрамасын әлем чемпионатының финалына алып шыққан әйгілі бапкер Ринус Михелс бұл жолы да өте мықты команда жасақтаған еді. Роттердамда Кипрді қабылдар сәтте олар бұл ойынның ең шешуші кездесу боларын білген жоқ. Бірақ сәл болмағанда жанкүйерлер өз командасын жерге қарата жаздады. Ойынның 4-минутында олардың бірі қонақтардың қақпашысы Харитуға шиша лақтырып, басын жарды. Байғұсты стадионнан бірден ауруханаға алып кетті. Михелс шәкірттері қауқарсыз қарсыласын 5:0 есебімен ұтып жатқанда, жанкүйерлердің бірі қонақтардың қақпасы маңына жарылғыш зат лақтырып, стадионды көк түтінге көмді. Кейін анықталғанындай, бомба таяу жерде жарылғандықтан, кипрлік қосалқы қақпашы ауыр жарақат алыпты. Зәресі ұшқан қонақтар матчты әрі қарай жалғастыруға әрең көнді. Қорытынды есеп – 8:0.

Алайда кипрліктер қатты ашуланса керек, ойыннан соң УЕФА-ға шағым түсіріпті. Еуропа футболы марқасқаларының ертесіне шығарған шешімі голландықтарды есінен тандыра жаздады – оларға 0:3 есебімен техникалық жеңіліс жарияланыпты! Мұны естіген гректердің жүрегі қуаныштан жарылуға шақ қалды: демек, соңғы турдағы Грекия – Голландия матчында олар кез келген есеппен жеңсе болғаны, ГФР-ге барар билет алақанға өзі келіп түспек! Дегенмен Голландия футбол федерациясы қайта-қайта арызданып жүріп, шешімді сәл жұмсартты – енді Михелстің жігіттері Кипрмен қайта ойнайтын болды және матч қаңыраған бос стадионда өткізілді (4:0 есебімен голландықтар жеңді).

Мұндай «трагикомедияның» жанында қалған екі топтағы оқиғалар барысы баланың ойыны іспетті еді. Әйтсе де, 6-топтан озып шыққан дат командасының алты ойында бар-жоғы 4-ақ (!) доп соққанын, ал 7-топта соңғы турдағы Болгария – Шотландия матчының 88-минутына дейін ақтық сынға берілер жалғыз жолдама алаң иелерінің қолында тұрғанын, тек ойын бітуге екі минут қалғанда қонақтардың жартылай қорғаушысы Гари Макаллистер есеп ашып, әлгі билетті... ирландықтарға ұстата салғанын айта кетуге тиіспіз.

«Ғасыр голы»

ГФР-де өткен финалдық турнирдің ойындары өте мазмұнды болды. «А» тобында мамандарды Италия құрамасының аяқ алысы сүйсінтті. Доданың беташар матчында олар алаң иелерінен анағұрлым басым ойнады. Есепті шабуылшы Роберто Манчини ашты. Батысгермандықтар тек өздеріне тән ерекше ерік-жігердің және... ағылшын төрешісі Кейт Хаккеттің шектен тыс принципшілдігінің арқасында ғана таразы басын теңестіре алды. Ол «скуадра адзурраның» қақпашысы Вальтер Дзенганы сол кездегі «допты ұстаған соң төрт қадамнан артық қимыл жасауға болмайды» деген ережені бұзды деп шешіп, айып алаңының ішінен еркін айып соққысын белгіледі. Мұндай мүмкіндікті Андреас Бреме мүлт жіберген жоқ. Сөйтіп, өзара итжығыс түскен мықтылар топтағы басқа қарсыластарын кезек-кезек жеңіп шығып, жартылай финалға жолдама алды. Турнирді Испания да жаман бастамап еді, алайда олар алғашқы кездесуде Данияны жеңгенімен, топ көшбасшыларына шамасы келмеді.

«В» тобында алтын жүлдеден басты үміткерлердің бірі саналған Англия құрамасы үш ойында бірде-бір ұпай ала алған жоқ! Соған қарамастан ағылшындардың ойыны нашар болды деп тағы айта алмайсыз. Бас бапкер Бобби Робсонның «Жігіттеріме өкпелейтін жөнім жоқ, олар барын салды» деуі тегін емес. Олар барлық матчта да ойын тізгінін өз қолдарында ұстады, гол соғуға талай мүмкіндік алды, бірақ әйтеуір сәті түспеді. Голланд шабуылшысы Марко ван Бастен тұманды Альбионнан келген «жолы болғыш жігіттерді» үш рет ренжітті (бұл – ағылшын құрамасының қақпасына енген тарихтағы екінші хет-трик еді, алғашқысын 1953 жылы венгр ойыншысы Нандор Хидегкути соққан екен). КСРО футболшыларымен ойында «ұшқыр голландық» қосалқы құрамда отырған болатын, содан ба, әлде Михелс кеңес командасын онша менсінбей ойнады ма, әйтеуір сақ та сауатты қорғана білген Лобановскийдің шәкірттері азулы қарсыласын 1:0 есебімен ұтып кетті. Соңғы турда ағылшындарды 3:1 есебімен тізе бүктірген КСРО құрамасы әлгі жеңістің кездейсоқ еместігін дәлелдеді.

Жартылай финалда ГФР мен Голландия, КСРО мен Италия кездесті. Әуелгі матч аталмыш командалардың мәңгі ұмытылмас белдесуінің – 1974 жылғы әлем чемпионаты финалының керісінше көшірмесіндей болды. Бұрын голландықтар пенальтиден есеп ашса (Йохан Неескенс), бұл жолы алғашқы голды 11 метрліктен немістер соқты (Лотар Маттеус). Ол кезде таразы басын немістер пенальти арқылы теңестірсе (Пауль Брайтнер), бұл жолы голландықтар да сөйтті (Рональд Куман). Тағы бір ұқсастық: шешуші голды тағы да жеңімпаздың сапындағы бас мерген (ол кезде Герд Мюллер, қазір Марко ван Бастен) қақпаға енгізді. Есеп 89-минутқа дейін 1:1 боп тұрды да, жұрт «қосымша уақыт белгіленетін болды-ау» дегенше болған жоқ, ван Бастен сол қапталдан тасталған допты құлап бара жатып қақпаға бағыттап үлгерді!

Екінші кездесуде Лобановский техникалық шеберлігі мен командалық ойыны көз сүйсіндіретін италиялықтарға өзінің басты қаруы – прессинг пен құйындай жүйткіген жылдамдықты қарсы қойды. Әйтпесе мамандар бірауыздан «осы чемпионаттағы кемшілік атаулыдан ада, ең керемет команда» деп бағалаған «скуадра адзуррамен» ашық футбол көрсетіп тайталасуға КСРО құрамасының шамасы келмеуі де мүмкін еді. Әрине, қарсылас та жасыл алаңның әр метрі үшін текетіресте бірден кейін шегіне қойған жоқ, дегенмен бірте-бірте олардың шаршау білмейтін кеңес футболшыларының тегеурініне шыдамайтыны байқала бастады. 61-минутта Алексей Михайличенкодан пас ала сала Италияның айып алаңына ұмтылған оңқай ойыншы Геннадий Литовченко доптың «тебуге қолайсыз» сол аяғына келіп қалғанына қарамастан, тездетіп қақпаға бағыттап еді, қарсы шыққан қақпашы Дзенга оны кері қайтарып, киевтік динамошының дәл оң аяғына ыңғайлап берді: құшырлана тебілген доп көзді ашып-жұмғанша торда тулап жатты. Екі минуттан соң сол қанатпен құстай ұшқан Александр Заваров ортадан оза шапқан Олег Протасовқа тамаша пас тастады: шабуылшы допты бұған қарсы жүгіре шыққан қақпашыдан асыра теуіп, матчтың тағдырын шешті. Бір өкініштісі, осы ойында екінші ескертуін алғандықтан орталық қорғаушы Олег Кузнецов финалға қатыспайтын болды (ол кезде іріктеу матчтарындағы сары қағаздар финалдық турнир алдында жойылмайтын).

Турнирдің бастапқы ойынындағы сәтсіздіктен сәл секем алып қалса керек, финалда голландықтар өте сақ ойнады. Тіпті алғашқы жарты сағатта алаңда бір-ақ команда – КСРО құрамасы ғана ойнап жатқандай әсер қалдырды. Өкінішке қарай, олар сол басымдығын нақты нәтижеге айналдыра алмады. Ал 35-минутта Кузнецовсыз қалған қорғаныс сыр берді: Олегтің орнын басқан Сергей Алейников Рууд Гуллитке «ие» бола алмай қалды да, Голландия құрамасының капитаны жақын жерден баспен ұрып, есеп ашты. Екінші таймда ван Бастен өзінің әйгілі «ғасыр голын» (Франц Беккенбауэрдің сипаттамасы) соқты: Ари Мюреннің әуелетіп берген пасын оң қапталда, қақпаға тым қиғаш тұрып қабылдаған ол допты жерге түсірместен ғаламат соққымен Ринат Дасаев қорғаған қақпаның торын бүлк еткізді! Бірақ Лобановскийдің жігіттері еңсе түсірген жоқ, тынбай шабуылдаумен болды. Бір Белановтың өзінің үш гол соғуға мүмкіндігі болды: алғашында голландықтарды Ханс ван Брекелен құтқарды, екіншісінде бес метрден тебілген доп бағанаға тиіп, кері серпілді, үшіншісінде қақпашы пенальтиді ұстады...

Ойыннан соң ГФР-дің «Киккер» журналы «КСРО құрамасы ХХІ ғасырдың футболын көрсетті» деп ағынан жарылды. Тұңғыш рет Еуропа чемпионы атанған Голландия командасы да мамандардан аз мақтау естіген жоқ. Қақпашы Ханс ван Брекелен, қорғаушылар Франк Райкаард, Рональд Куман, Адри ван Тиггелен, Барри ван Аэрле, жартылай қорғаушылар Ари Мюрен, Ян Воутерс, Рууд Гуллит, Эрвин Куман, шабуылшылар Марко ван Бастен, Геральд Ваненбург және басқалар голланд футболына алғашқы (және әзірге соңғы) «Күміс құмыраны» алып берді.

VІІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(1988 жыл, ГФР)

Финалдық турнирде 15 матч өткізіліп, 34 доп соғылды (бір ойынға орта есеппен – 2,27). Мерген футболшы: ван Бастен (Голландия) 5 доп.

«А» тобы

ГФР – Италия – 1:1, Дания – Испания – 2:3, ГФР – Дания – 2:0, Италия – Испания – 1:0, ГФР – Испания – 2:0, Италия – Дания – 2:0

  1. ГФР 3 5:1    5
  2. Италия 3 4:1    5
  3. Испания 3 3:5    2
  4. Дания 3 2:7    0 

«В» тобы

Англия – Ирландия – 0:1, Голландия – КСРО – 0:1, Англия – Голландия – 1:3, Ирландия – КСРО – 1:1, Англия – КСРО – 1:3, Ирландия – Голландия – 0:1

  1. КСРО 3 5:2    5
  2. Голландия 3 4:2    4
  3. Ирландия 3 2:2    3
  4. Англия 3 2:7    0

Жартылай финал

ГФР – Голландия – 1:2, КСРО – Италия – 2:0

ФИНАЛ

ГОЛЛАНДИЯ КСРО 2:0

25 маусым. Мюнхен. «Олимпиаштадион». 62 770 көрермен. Төреші Вотро (Франция).

Голландия: ван Брекелен, ван Аэрле, Р.Куман, Райкаард, ван Тиггелен, Э.Куман, Воутерс, Гуллит, Мюрен, Ваненбург, ван Бастен.

КСРО: Дасаев, Демьяненко, Хидиятуллин, Алейников, Рац, Литовченко, Михайличенко, Гоцманов (Балтача, 68), Заваров, Протасов (Пасулько, 71), Беланов.

Голдар: Гуллит, 35 (1:0), ван Бастен, 53 (2:0).

62-минутта Беланов пенальти соға алмады.

Ескерту алғандар: Демьяненко, Литовченко, Хидиятуллин, Воутерс, ван Аэрле.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1248
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2958
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3377