ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі
Басы: Кешігіп туған керемет
Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi
Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы
Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»
Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда
Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир
Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны
Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі
Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол
1992 жылғы Еуропа чемпионаты бұрын-соңды футбол тарихында болмаған сенсациямен аяқталды
Француздар қайта бас көтерді
Бұл чемпионат басталмай жатып-ақ рекорд жасап үлгерді: іріктеу турнирінің жеребесі тартылар күні, яғни 1990 жылдың 2 ақпанында УЕФА басшылығының алдында кезекті құрлық додасына қатысу туралы 35 елдің өтініші жатты. Мұның бір себебі, содан бір жарым жыл бұрын Еуропа футбол қауымдастықтары одағы өз сапына жаңа екі мүше (Фарер аралдары мен Сан-Марино) қабылдаған болатын. Алайда жарыс жалауы көтерілмей жатып, қатысушылардың қатары бір командаға азайып қалды: екі Германия бірікті де, бұрын «Герман Демократиялық Республикасы» аталып келген мемлекет тарих сахнасынан біржола жоғалды. Бір қызығы, ГДР құрамасы жеребе нәтижесінде тура ГФР бастаған топқа түскен болатын. Сондықтан іріктеу ойындарының кестесіне көп өзгеріс енгізудің қажеті болған жоқ, тек 5-топтағы командалар саны біреуге кеміді.
Жалпы бастапқы кезеңде қатысушылар әдеттегідей 7 топқа бөлініп сынға түсті. Топ жеңімпаздары құрлықтық доп додасын тұңғыш өткізіп отырған Швеция корольдігі құрамасымен бірге ақтық сында күш сынасар үздік сегіздікті түзді.
Іріктеу турнирі 1990 жылдың 30 мамырында Исландия – Албания (2:0) матчымен басталды. Алайда 1-топтың басты қаһарманы – олар емес, француздар болды. Құрама тізгінін 1988 жылдың қарашасында ұстаған Мишель Платини Италиядағы әлем чемпионатына берілер қос жолдама жолындағы тартыста югославтар мен шотландықтардың тегеурініне төтеп бере алмағанымен, Еуро додасының іріктеу ойындарына әбден шыңдалған шымыр ұжым әзірлеп үлгеріпті. Оның шәкірттері топтағы 8 ойынның бәрінде де жеңіске жетіп (жалпы есеппен 20:6), құрлықтық рекорд жасады!
Өкінішке қарай, 90-жылдардың басында Шығыс Еуропаның біраз жерін шарпыған саяси жанжалдар өрті бұл топты да айналып өткен жоқ: «албан жағы біздің қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете алмайды» деген уәжді ұстанған Испания футбол федерациясы өз құрамасын Тиранаға жіберуден бас тартып, турнирлік тұрғыдан ештеңе шешпейтін осы ойынды өткізбей-ақ қою жөнінде УЕФА-ға өтініш түсірді. Өтініш қанағаттандырылып, құрлық додасы тарихында тұңғыш рет іріктеу жарысының бағдарламасы толығымен аяқталмады: бұл кезде Балқан түбегі ұлтаралық соғыс жалынында шыжғырылып жатқан еді.
2-топқа күш-қуаты жағынан деңгейлес командалар топтасқандықтан (әрине, Сан-Мариноны қоспағанда), жалғыз жолдама үшін күрес соңғы турға дейін созылды. Жарысты ертерек аяқтаған шотландықтар 1991 жылдың қара күзінде Софияда тоқайласқан Болгария – Румыния матчын айрықша ынтамен тамашалады. Өйткені олардың тағдыры жолдамадан әлдеқашан үміті үзілген болгарлардың қолында тұрған-ды. Алаң иелері қонақтардан кемінде бір ұпай жырып ала алса, онда британдықтарды бірінші орыннан ешкім жылжыта алмас еді. Ал румындарға, керісінше, тек қана жеңіс қажет-тін. Нәтижеде кескілескен ойын сол күйі 0:0 боп аяқталды, болгар қақпашысы Борислав Михайлов Георге Хаджи соққан пенальтиді ұстап... Шотландияның қаһарманына айналды!
3-топта өз елінде өткен әлемдік доп додасында алтын кубокты жеңіп алуға мүмкіндігі болған, бірақ ақырында қола жүлдені қанағат тұтқан Италия құрамасы іріктеу сатысындағы алғашқы ойындарын сүреңсіздеу өткізді. Мұны тиімді пайдаланған КСРО командасы салған жерден көш бастады да, жарыс соңына дейін сол тұғырдан түспеді. Бір жағынан, «Скуадра адзурраны» бұрын онша көзге түсе бермейтін норвегтер сан соқтырды: олар Адзельо Вичинидің жігіттерінен үш ұпай жырып алды (2:1, 1:1).
4-топтың беташар ойынының нәтижесі көпті көрген кәнігі мамандардың өзін таң қалдырды: УЕФА аясындағы алғашқы матчын шведтің Ландскруна қаласында өткізген Фарер аралдарының құрамасы (олардың өз елінде лайықты стадион табылмапты) салған жерден сенсация жасап, құрлықтың кәрі көкжалдарының бірі – Австрияны 1:0 есебімен ұтып кетті! Араға сегіз ай салып, айдаладағы аралдың «аборигендері» сырт алаңда Солтүстік Ирландиямен тең ойнап, әлгі жеңістің кездейсоқ еместігін меңзегендей болды. Әйтсе де, бұл топтағы бірінші орын үшін талас Югославия мен Дания арасында өтті. Өзара деңгейлес қарсыластар тартысының тағдырын бір-ақ ұпай шешіп, Швецияға жолдаманы югославтар жеңіп алды.
5 және 7-топтарда Германия және Англия құрамаларына лайықты қарсылас табылмады. 6-топта да солай айдарынан жел ескен голландықтардың үздік шабуылшысы Марко ван Бастен Мальта – Голландия (0:8) матчында 5 доп соқты! Бұл – Еуропа чемпионаттары тарихындағы сырт алаңда ойнаған команда өкілінің ең үздік көрсеткіші еді.
Саясаттың салқыны
1992 жылдың 17 қаңтарында финалдық турнирдің жеребесі тартылатын болды. Бұл кезде Шығыс Еуропадағы саяси оқиғалар шиеленісі УЕФА басшылығының басын қатырып жатқан-ды. Ұлтаралық жанжалға байланысты Югославияның соңғы іріктеу ойындарына хорват футболшылары қатысқан жоқ. Бұрын біртұтас болған ел енді бірнеше бөлікке бөліне бастады. Тап осындай процесс Кеңес Одағында да жүріп жатты. 1991 жылғы (соңғы) КСРО біріншілігі Одақтан әлдеқашан шығып кеткен грузин («Динамо» Тбилиси) және литван («Жальгирис») клубтарынсыз өткізілді. Ал ол аяқталған замат белорустар мен украиндар да кеңестік футбол федерациясынан шығатынын мәлімдеді. Яғни ІХ Еуропа чемпионаты финалдық турнирінің жеребесі тартылмай жатып, Югославия және КСРО мемлекеттері ыдырай бастады. УЕФА басшылығы «аталған елдердің құрамаларының орнына іріктеу сынында олардан кейінгі екінші орынға табан тіреген Дания және Италия командаларын қосу» туралы өтініштерден аяқ алып жүре алмай қалды.
Жеребе тартылардан бірнеше күн бұрын «ТМД (Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы) футбол федерацияларының қауымдастығы» болып қайта құрылған КСРО футбол федерациясының басқосуы өтті. Оның құрамына Балтық республикалары, Грузия және Украина кірген жоқ. Дегенмен өзара келіссөз нәтижесінде алдағы құрлық чемпионатына бірігіп қатысу туралы украин федерациясымен шарт жасалды. Сөйтіп, ТМД құрамасы (Одақ мүлдем ыдыраған соң, команданы осылай атау ұйғарылды) Euro-92-ге қатысатын болды. Шведтің Гетеборг қаласында тасталған жеребеге сәйкес «А» тобына Швеция, Франция, Югославия, Англия командалары енсе, «В» тобына Голландия, Шотландия, ТМД және Германия командалары топтасты.
Дегенмен саясаттың футболға араласуы мұнымен біткен жоқ. 1992 жылдың 30 мамырында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Югославияға қарсы санкция жариялады. Мұны әлемдегі кез келген ұйым қолдауға тиісті болғандықтан, 31 мамыр күні УЕФА Ньюпортта (Уэльс) өткен өзінің кезектен тыс басқосуында Югославия құрамасын Еуропа чемпионатының финалдық турнирінен алып тастау және оны 4-іріктеу тобында екінші орын алған Дания командасымен алмастыру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, өз тарихында тұңғыш рет УЕФА саяси ұйымдардың талабын орындауға мәжбүр болды. Құрамында Деян Савичевич, Роберт Просинечки, Звонимир Бобан, Дарко Панчев сынды тамаша футболшылар бар күшті ұжым саясаттың құрбанына айналды.
Бұл – дат футболшылары үшін де күтпеген оқиға еді. «Тез жиналыңдар, югославтардың орнына құрлық чемпионатына қатысасыңдар!» деген хабар келген кезде, Дания құрамасының бас бапкері Рихард Меллер-Нильсен... үйінің есік-терезесін бояп жатқан екен» деген секілді әзіл-шыны аралас қауесет те қарша борады. «Бұл елдің ойыншылары алдағы турнирге қатысатыны туралы теңіз жағалауында күнге қыздырынып, демалып жатқанда естіпті» деген де әңгімелер айтылды. Алайда шын мәнінде Дания құрамасының басшылары да, футболшылар да швед жасыл алаңдарында Югославияның орнын басуы әбден ықтимал екенінен хабардар болатын. Қанша дегенмен, күн сайын құбылып жатқан жаңалықтардан олар саяси ахуалдың өрбуі соған бет алғанын аңғармай қалмаған-ды.
3 маусымға ТМД командасымен жолдастық кездесу алдын ала белгіленіп қойған еді. Дат жаттықтырушысы осы ойынға бар мықтысын жинауға тырысты. Дегенмен ол мақсаты толығымен орындалған жоқ: ел футболының жарық жұлдызы Микаэль Лаудруп чемпионатқа қатысудан бас тартты.
Жанкүйер біткен Данияға ғашық болды
1992 жылғы чемпионаттың финалдық турнирі, жанкүйерлік көзқараспен алғанда, алдыңғы жарыстарға қарағанда сәл тартымсыздау өтті. Дегенмен «В» тобындағы Голландия құрамасының басымдығы айқын сезілді. Олар Шотландияны да, Германияны да ұтып, тек ТМД командасымен ғана тең түсті (төреші ван Бастеннің таза голын есептемей қойды). Ешқандай әнұрансыз, тусыз, сол себепті көп сәттерде жігерсіз де ойнаған Анатолий Бышовецтің шәкірттері соған қарамастан үшінші турда бәрінен үміті үзілген шотландықтарды кез келген есеппен ұтса болды, жартылай финалға шыға алар еді. Бірақ шешуші сәтте олар табандылық таныта алмады (0:3). Кейін осы масқара жеңіліс туралы орыс баспасөзінде әртүрлі әңгімелер айтылды. Солардың бірі – «ойынға британдықтар шала мас күйінде шығыпты» деген қауесет. «Спорт-экспресс» газетіне берген сұхбатында аталған ойынның екінші таймында Сергей Алейниковты алмастырған жартылай қорғаушы Дмитрий Кузнецов «шотландықтардың аузынан арақ иісі мүңкіп тұрды» деп, әлгі әңгімені одан сайын әсірелеп жіберіпті. Алайда осы матчқа бастан-аяқ қатысқан команда капитаны Алексей Михайличенко бұл қауесетті: «90 минут бойы мен байқамаған ішімдік иісін бір тайм ғана ойнаған Дмитрий қалай сезген? Жалпы «кілең мастардан құралған командадан масқара боп жеңілдік» дегенде, оның не айтқысы келеді? Арада талай жыл өткенде, өйтіп жоқ жерден «жаңалық» ашудың не керегі бар?» – деп, мүлде теріске шығарды.
Жалпы алғанда, қызықсыздау өтіп жатқан чемпионаттың біркелкі сарынын бұзып, тосын леп әкелген Дания футболшылары болды. 80-жылдардың ортасында «Дат динамиті» атанып, әлем жанкүйерлерінің жүрегін жауласа да, ірі жеңіске қол жеткізе алмаған команда осы жолы сол олқылықтың орнын толтырды. «А» тобындағы алғашқы екі ойында турнирге аса дайындықсыз келгендей көрінген олар, әрине, ештеңе тындыра алмады. Ағылшындармен әупірімдеп тең түсті (0:0), шведтерден ұтылды (0:1).
Бір жақсысы, соңғы тур алдында топтағы төрт команда да келесі кезеңге шығудан күдерін үзген жоқ-ты. Дат футболшылары шешуші ойында іріктеу сынын жүз пайыздық көрсеткішпен аяқтаған Франция құрамасымен кездесті. Жан-Пьер Папен мен Эрик Кантона бастаған «үшжолақтылар» үшін тең ойын да жеткілікті еді. Меллер-Нильсеннің шәкірттеріне «міндетті түрде жартылай финалға шық» деген ешкім болған жоқ, сонда да олар тырысып бақты. Есеп 1:1 боп тұрған сәтте, күтпеген жерден француз қорғаушысы қателесті де, жартылай қорғаушы Ларс Эльструп оң қапталдан тасталған допты қақпаға жәй домалата салды. Сөйтіп, Дания жартылай финалға шықты!
Жеңіс добын соққан Эльструп негізінде қосалқы құрамда отырған ойыншы еді. Негізгі құрамда Ким Вильфорт ойнап жүрген. Өкінішке қарай, оның қан рагына шалдыққан кішкентай қызы тіптен әлсіреп бара жатқан соң, үшінші тур алдында футболшы Копенгагенге ұшып кеткен болатын. Оның орнында ойнаған Хенрик Ларсен француздармен кездесуде есеп ашты, ал осыған дейін тек алаң жиегін күзетіп отырған Эльструп матч тағдырын шешті. Қызы аса тәуір бола қоймаса да, көп ұзамай Вильфорт Швецияға қайтып келді, сөйтіп, жартылай финалда ол да, Ларсен де 90 минут ойнады (кейінгісі голландықтардың қақпасына екі гол соқты). 2:2 есебімен тең аяқталған ойыннан соңғы пенальти сериясында ван Бастен қателесті де, ойламаған жерден Дания финалға жолдама алды.
Бұған дейін дат командасын онша менсінбей келген жұртшылық шешуші кездесуде солардың тілеуін тіледі. Осыдан екі жыл бұрын әлем чемпионы атанған немістердің тағы да жеңгенін ешкім қалаған жоқ. «Темірді қызған кезінде соқ» деген мәтел дат тілінде де бар болса керек, Меллер-Нильсеннің жігіттері финалда өте тамаша ойнады. Олардың мүмкіндігіне сәл күмәнмен қараған соңғы жанкүйердің өзі Йен Йенсеннің ғаламат голынан соң, біржола Дания жағына шықты десек, артық болмас. Германия құрамасы қанша шабуылдаса да, жігерлене қимылдаған қарсыласының қорғанысын бұза алмады. 78-минутта немістердің соңғы үміті үзілді: Вильфорт айып алаңының сыртында тұрып, сол аяқпен солқ еткізді – доп бағананы «дір-р» еткізіп, қақпа сызығын бойлай домалап барды да, торға күмп берді (бұл – Еуро финалдық сындарындағы 200-гол еді).
Дания Еуропа чемпионы атанды!
...Әкесі чемпионаттың соңғы голын соққан күннен тура бір ай өткенде, Вильфорттың қызы қайтыс болды.
ІХ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ
(1992 жыл, Швеция)
Финалдық турнирде 15 матч өткізіліп, 32 доп соғылды (бір ойында орта есеппен – 2,13). Мерген футболшылар: Бролин (Швеция), Бергкамп (Голландия), Ридле (Германия), Ларсен (Дания) – 3 доптан.
«А» тобы
Швеция – Франция – 1:1, Дания – Англия – 0:0, Франция – Англия – 0:0, Швеция – Дания – 1:0, Швеция – Англия – 2:1, Франция – Дания – 1:2.
- Швеция 3 4:2 5
- Дания 3 2:2 3
- Франция 3 2:3 2
- Англия 3 1:2 2
«В» тобы
Голландия – Шотландия – 1:0, ТМД – Германия – 1:1, Шотландия – Германия – 0:2, Голландия – ТМД – 0:0, Голландия – Германия – 3:1, Шотландия – ТМД – 3:0.
- Голландия 3 4:1 5
- Германия 3 4:4 3
- Шотландия 3 3:3 2
- ТМД 3 1:4 2
Жартылай финал
Швеция – Германия – 2:3, Голландия – Дания – 2:2 (пенальтиден 4:5)
ФИНАЛ
ДАНИЯ – ГЕРМАНИЯ – 2:0
26 маусым. Гетеборг. «Уллеви» стадионы. 37 800. Төреші Галлер (Швейцария).
Дания: Шмейхель, Сивебак (Кристиансен, 66), Л.Ольсен, К.Нильсен, Кристофте, Пехник, Йенсен, Ларсен, Вильфорт, Б.Лаудруп, Поульсен.
Германия: Иллгнер, Ройтер, Колер, Хелмер, Бухвальд, Бреме, Эффенберг (Том, 80), Заммер (Долль, 46), Хесслер, Клинсманн, Ридле.
Голдар: Йенсен, 18 (1:0), Вильфорт, 78 (2:0).
Ескерту алғандар: Ройтер, Хесслер, Эффенберг, Клинсманн, Долль, Пехник.
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz