Жұма, 22 Қараша 2024
Талқы 1432 0 пікір 18 Маусым, 2024 сағат 10:00

Жер-су атын өзгерту – жерден жұрдай болғанмен тең!

Сурет: qazaqtimes.com

Құрметті оқырман! Шығыстағы көршіміз ҚХР Шынжаң ұйғұр автономиялы районының өлшеу-сызу мекемесі құрастырған, Шынжаң ғылым-техника баспасы аударып, Шынжаң тіл-жазу комитеті тексеріп, бекіткен «Атласын» Шынжаң ғылым-техника баспасы 2006 жылы мамыр айында жариялаған екен. Айтуларға қарағанда, қазақша «Атлас» қытайша нұсқадан қазақшаластырған. Өкініштісі, осы жолғы басылымға түскен атласта болмауға тиісті кейбір ағаттықтар, тіпті қателіктер кеткен. Осы барыста аудармашы қазақша жер-су аттарына қанық болмағандықтан қытайша атаудың ырқынан шыға алмай, қазақша жер-су аттарын қате аударған. Сондай-ақ басы ашық жер-су аттарын жеңіл-желпі ғана басқа ұлттарға еншілете салған.

Қытайдаға белгілі тарихшы Жақып Жүнісұлы аталмыш «Атласқа» енген жер-су аттарының бәріне емес, тек Іле өңірінен енген ішінара жер-су аттарынан көрінген кейбір ағаттыққа аялдап, өзі дұрыс деп санаған түзету пікірін ортаға салған екен.

Бұл мақаланы сіздерге ұсынып отырған себебіміз, «жер-судың аты – тарихтың хаты; елдің аты – жердің аты. Ел мен жер етене. Жер – елдің анасы. Ел – жермен көгеріп көктейді; жер – елмен өзгеріп жаңаланады. Жер-су атын өзгерту – жерден жұрдай болғанмен тең. Бұл тарихтан жалғасқан сабақ, ендігі жерде абай болайық» деп тарихшы Ж.Жүнісұлы ағамыз айтқандай, біздің елдің де жер-су мен елдімекен аттары кезінде өзгеріске түскенін ескерсек, бұл мақала біздің елдің де жер-су мамандарына азда болса ой салар деген мақсаттан туындаған болатын.

Атластағы ағаттыққа аялдағанда

Шынжаң ғылым-техника баспасы 2006 жылы мамыр айында Шынжаң ұйғұр автономиялы районның Шынжаң ұйғұр автономялы райондық өлшеу-сызу мекемесі құрастырып, Шынжаң ғылым-техника баспасы аударып, Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық тіл-жазу комитеті тексеріп бекіткен «Атласын» басып таратты. ‹‹Атлас» дегеніміз – «географиялық карталардың (жағырапиялық карталардың) жинағы»: ал карта (қарита) дегеніміз – жер бетінің кішірейтіліп қағазға түсірілген бедері, сызығы.

Автономиялы районымыздың бұл «Атласы» – «Беташар карта» және «Өңірлік карта» сынды екі бөлімнен құралған.

Беташар бөлімінде: Қытайдың әкімшілік райондары, Шынжаңның әкімшілік райондары, Қытай Шынжаң және оның төңірегіндегі мемлекеттер, Шынжаңның жасанды серіктен алынған кескіні, жер түзілісі, климаты, жер жүйесі, жамылғы өсімдіктері, жерден пайдалануы, кен өнімдері, қатынас, саяхаты, Шындаң өндіріс-құрылыс биыңтуанының (дивизиясы) картасы қатарлы мазмұндар қамтылған. Өңірлік картада: ірі қалалардың, автономиялы обылыстардың және аймақтардың, оған қарасты аудандардың әкімшілік райондары, жер түзілісі сияқты мазмұндар қамтылған.

Карта – тарихтан бергі құлақ естіп, көз көрмеген тау-тастарды, орман-тоғайларды, сай- салаларды, өзен-суларды, шексіз дала, кең жайлауларды, қала-қалашықтарды, елді мекендерді, жол тораптарын, т. б. ларды қағаз бетінен көрсететін игілікті қару.

«Атластың» жариялануы, төтенше зор маңызға ие, ол ұзақ уақыттан бері осы салада сақталып келген ақ таңдақты толтырып, қазақ халқының саяси, шаруашылық, оқу-ағарту, мәдениет, т. б. жақтардан тез қарқынмен дамуына қолайлылық жаратып берді.

Өкініштісі, осы жолғы басылымға түскен атласта өтілмеуге тиісті кейбір ағаттықтар, тіпті қателіктер де өткен. Қисынынан қарағанда, қазақша «Атлас» ханзуша нұсқадан қазақшаластырған. Осы барыста аудармашы қазақша жер-су аттарына қанық болмағандықтан ханзуша атаудың ырқынан шыға алмай, қазақша жер-су аттарын қате аударған. Сондай-ақ басы ашық жер-су аттарын жеңіл-желпі қана басқа ұлттарға еншілете салған.

Енді төменде бәр-бәрі емес, тек «Атласқа» Іле өңірінен енген ішінара жер-су аттарынан өтілген кейбір ағаттыққа аялдап, өзіміз дұрыс деп қараған түзету пікірімізді ортаға қойамыз.

1. «Наз-чолұт шымды жер түрдегі жайылым табиғи қорығы» («Атлас», 17- бет). Біздің қарауымызша мұндағы ағаттық екеу: бірі, жер аты қате яғни жер аты «наз» емес «назы», «чолұт» емес, «шолуты»: енді бірі, ол жердегі жайылым – «шымды жер түрдегі жайылым» емес, қайта «құйқалы», «қыртысты» жайылым, сонымен бұл атау осы «Атластың» 248 - бетінде: «Назы-шолуты құйқалы жайылым жаратылыстық қорығы» деген дұрыс аударылымын тапқан.

Бұл қорық Күнес ауданының шығыс оңтүстігінен Тоғызтарау ауданының шығыс оңтүстігіне дейін созылып, Нарат тауының ішкі қойнауындағы теңіз деңгейінен 1600-4100 метр биіктікке орналасқан. Аумағы шамамен 16 мың 400 гектар.

2. «Төрт бақайлы құрлық тасбақасы табиғи қорығы»(«Атлас». 17- бет). Мұндағы ағаттық «төрт бақайлы» деген сөзде тұр. Бұл атаудың ханзушасы 四爪 мұндағы 爪 бақай (脚趾) емес, 爪子тырнақ.

Сонда бақай дегеніміз аяқтың саусақтары. Ал тырнақ дегеніміз аяқ-қолдың ұшындағы өсіп-жетіліп тұратын қатты зат, тұяқ.

Сондықтан 四爪 дегенді «төрт тырнақты» деп аударғанымыз жөн, өйткені ханзуша сөздікте «龟的趾 有爪» тасбақа бақайының (бақайшығының) ұшында (басында) тырнағы болады деп анық түсініктеме берілген. Сонымен бұл атаудың толық аудармасы: «Төрт тырнақты құрлық тасбақасы жаратылыстық қорығы» деп аударылса дұрыс боларма екен. Мұндай тасбақа еліміз бойынша тек Шынжаң ұйғұр автономиялы районы Іле қазақ автономялы обылысы Қорғас ауданының теңіз деңгейінен 700 де 1000 метрдей биіктіктегі шамамен 150 шаршы километрдей құмдауыт далаларында, сары топырақты адырларында, жусанды өңірлерінде жасайды. Үлкенінің ұзындығы 26 сантиметр, ені 15 сантиметр; еркегінің дене салмағы 400 грам, ұрғашысының дене салмағы 1000 грамнан асады. Қыстық, жаздық ұйқыда болады. мемлекеттік1-дәрежелі қорғалатын хайуан. Қорғас аудандық төрт тырнақты құрлық тасбақасы жаратылыстық қорығы 1983 жылы құрылған.

3. Чорма» («Атлас», 22-, 24- беттері). бұл атау қазақша, (Шуырма) деген жер атының ханзуша 乔尔马 деп дыбыстық аударылуынан қазақшаға қайтадан аударылғанда «Чорма» болып түрленуі деп айтуға болады. Шуырма деген жер аты қия беттердегі, қатерлі асулардағы жалғыз аяқ жолмен бірінің артынан бірі шуырып жүру деген қазақша сөзден жасалған. Оның мағынасы ханзуша 羊场小道 дегенге тура келеді. Атластағы «Шуырма» дегеніміз Майтаудан Ілеге асатын Қасылген асуынан, яғни қазіргі Қасылген тескен тауынан Қас өзенінің жағасындағы нөл километрге дейінгі ирек тасжол.

4. Таңбұла»(«Атлас»,26-бет). Таңбұла қазақша «Таңбалы» деген жер атының ханзушаға 唐布拉 деп қате аударылуынан туындаған атау. Бұл жер аты «Шынжаң ұйғұр автономиялы районы Нылқы ауданының жер аттарының қариталы шежіресінің» (1985 жылы ішкі жақта жарияланған) ханзуша басылымының 158-бетінде «汤巴勒» (tangbale) деп дұрыс таңбаланған. Жазба деректерге негізделгенімізде, Қас өзені алабында 113 бұлақ, 113 көркем көрініс бар екен. Чиң патшалығы Іле генарал мекемесі Ілеге билік жүргізіп тұрған кезде (1762 - 1911 ж.), Қас өзені алабы Іле генаралдарының әскер жаттықтыратын, аң аулайтын, сайран құратын жанға жайлы тұрағы (алаңы) болған екен. Жазба деректерде осындай тұрақтардан оншақтысы болыпты. Осындай маңыздылғына қарай бұл өңірлер жай бұқаралар кіруге болмайтын шектелген район саналып, ол жөніндегі белгілемелер дәу қарағай, теректер мен тастардың бетіне ханзуша әріптермен жазылыпты. Ханзуша әріптерді танымайтын қазақтар оны «таңба» деп ұққандықтан, бұл өңір «Таңбалы» аталыпты. Таңбалы өңірі қазір Іле алабындағы бес аңғарлы жайлаудың бірі әрі көркем көріністі серуен-саяхат орны есептеледі.

5. Көлденең қарлы шың самырсын қорғау алаңы («Атлас», 26- бет).

Бұл тармақтарда мынадай ағаттықтар бар:

(1) Көлденең, бұл әрине, емлелік ағаттық. Әсілі Көлденең, жер аты қазіргі Тоғызтарау ауданындағы аңғарлы жайлау, көрінісі көркем, әйгілі серуен-саяхат орны.

(2) Қорғау районы деген атау тым шұбалаңқы, оны қарлы шың самырсын Қорығы деп алғанымыз жөн сияқты. Өйткені, қорық атауы мазмұн жағынан қорғауды да, районды да қамтиды.

6. Долат өткелі» («Атлас» 23-, 25-, 233- беттері), «Доланты өткелі » («Атлас», 27- бет). Екеуі де жер аты, бірақ аталуы дұрыс емес, әсілгі аталуы Дулат. Ол «дулат» деген жеке адамның және оның ұрпақтарынан қалыптасқан «дулат» тайпасының атымен аталған жер аты. Ханзушада 都拉塔, 都拉图 деп таңбалануы да дұрыс емес. Ел атымен, жүйеден адам атымен аталған деректі жер атын өзгертуі де дұрыс болмайды, олай істеу тарихқа жасалған құрыметсіздік болады, қала берсе бір жердің атын бір басылымда құбылтып әр түрлі атау орны толмас зиянға кіріптар етеді. Сондықтан оны «Дулат кедені» немесе «Дулат өткелі» деп тұрақтандырған жөн.

7. «Гідің тауы құлыптасы» («Атлас», 27 - бет), «Жоңғарларды тыныштандыру кеден ескерткіші» («Атлас» 253 - бет). Бұл атауды дұрыс баяндау үшін алдымен мынадай тарихи деректерді еске алмай болмайды. 1745 жылы қарашада жұңғар ханы Халден Серен өліп, Дауаш хандық таққа отырды. Оның бақталасы Хойт тайпасының тәжісі Амурсана деген 1754 жылы наурыз айында, 6 мың қосынмен Іледегі Дауашқа соғыс жариялап хан тағын тартып алмақшы болып жеңіліске ұшырайды. Мақсатына жету үшін ол Чиң патшалығы үкіметінен әскери көмек сұрайды. Чиң үкіметі оның талабын мақұл көріп, 1755 жылы ақпанда, әр бағыты 25 мың әскерден құралған екі бағыт әскер шығарады. Олар мамыр айында қазіргі Іле аңғарын басып алып, Дауашқа хауып төндіреді. Әскері азайып, қуаты әлсіреген Дауаш қолда бар әскерін бастап қазіргі Мұңғұлкүре тауына барып жан сауғалайды. Маусым айында қуғыншы әскердің Аюши бастаған 24 батыры түн жамылып барып, Дауаштың қолбасшылық орталығын ойрандайды. Дауаш жиырма неше адаммен қашып, оңтүстік Шынжаңға өтіп кетеді де қуғыншы қосын зор жеңіске қол жеткізеді. Кеден тауындағы осы шайқастың жеңісін құттықтап мәңгі есте Сақтау үшін Чиң патшалығы үкіметі Кеден тауына «平定准喝尔勒铭格登山之碑» деген жазуы бар ескерткіш орнатады. Ескерткіштің текістін Чиянлұң патша өзі жазады. Осы ескерткіштің тақырыбы «Атластың» 27 - бетінде: «Гідің тауы құлыптасы», 25 - бетінде: «Жоңғарды тыныштандыру Кеден ескерткіші» деп, ал «Шынжаңның жергілікті тарихында» (Шынжаң университеті баспасы, 1992 жылы, 338 - бет): «Гіден тауында жоңғарларды тынштандыру ескерткіші» деп аударылған.

Жоғартындағы аудармаларда мынадай кінараттар бар деп қараймын:

(1) ‹‹Гідің құлыптасы» деген аудармада, біріншіден, Кеден тауы Гідің тауы деп қате аударылған. Екіншіден, құлыптас, яғни ескерткіш тек тауға ғана меншіктелген, олай емес деген күннің өзінде де ескерткіштің басы ашық емес.

(2) ‹‹Жұңғарды тыныштандыру Кеден ескерткіші» деген аудармада біз елеп- ескеруге тиісті мынадай мәселелер бар:

Біріншіден, «Жұңғарды тыныштандыру» дегендегі «жұңғар» дегеніміз жеке тұлғаның (кісінің), жер аты немесе жұңғар, хошұт, дүрбіт, торғауыт сияқты төрт тайпадан қалыптасқан ел аты, болмаса жұңғарлар десек онда Чиң патшалығы үкіметі «оны» немесе «оларды» – бүкіл елді неменеге бола немесе не себепті тынштандырады?

Екіншіден, басы ашық болмаған осы аударманың саяси жақтан түсірер көлеңкесі не болмақ? Немесе нендей саяси зардап тудыруы мұмкын?

Жоғардағы тарихи деректі негізге алып халықтардың ынтымағын, еліміздің тұтастығы мен амандығын көзде ұстай отырып бұл ескерткіштің тақырыбын баспа-бас емес, жандырақ яғни «Жұңғар бүлікшілерін тынштандыру жеңісіне арналған Кеден тау ескерткіші» деп аударсақ дұрыс болатындай.

8. «Шата көне жолы» («Атлас», 27- бет). Бұл жөнінде алдымен айтарымыз жер аты қате жазылған. Одан соң осы жер аты туралы мынадай деректерді ортаға қоямыз:

(1) 2003 жылы Ши-ань қарита баспасы басып таратқан «Шынжаң ұйғұр автономиялы районы атласының» ханзуша басылымының 123 - бетінде «夏特» («Шаты») деп жазылған.

(2) Тәйіпжан Оқапұлы мен Сімәділ Шүкенұлы бірлесіп құрастырып, 2006  жылы Шынжаң халық баспасы жағынан басып таратылған «Шынжаңның жер-су аттары» деген кітаптың 521- бетінде ханзуша «夏特», қазақша «Шаты» деп жазылған.

(3) 1999 жылы Шынжаң халық баспасы жағынан жарық көрген «Мұңғұлкүре ауданы» атты ханзуша кітаптың 56 - бетінде: «Шәті-түрікше және қазақша саты «萨特» деген сөз.

Ол ұйғырша: Шота «雪塔», моңғолша: Шату немесе сату (沙图), ханзуша: 梯道 (сатылы немесе баспалдақты жол) деген мағынаны білдіреді деп жазылған.

(4) Осы жер аты бір дұрыс жазылса, жолаушылар тасмал орталығында арнаға түсіріліп дұрыс жазылған шығар деп 2007 жылы 17-желтоқсанда, Іле қазақ автономиялы обылыстық жолаушылар тасымал орталығының белет сату залына барып автобуз қатынайтын жер аттарының тізімдігіне қарасам онда ханзуша 夏塔乡 (Шата ауылы), ұйғұрша «Шата» деп жазылыпты.

Жоғардағы деректерді салыстырып, зерделеп көріп 3-айтылымдағы түрікше, қазақша «Саты» деген айтылым дұрыс деген байламға келдім. Өйткені, бұл байырғы жол Іледен оңтүстік Шынжаңға Мұзарт асуы арқылы баратын көне Жібек жолы, мұндағы мұз – көне түрікше мұз; арт – көне түрікше асу деген сөз. Асудың қауіпті жерлеріндегі қалың мұздар қашалып сатылы, яғни баспалдақты жол болғандықтан ол жердің ежелгі тұрғындары – түркі тілдес халықтар оны өз тілімен осылай атаған, атау төркіні «Саты» болғанымен, ұзақ тарихи даму барысында ол жер аты ауыз екі тілде өзгеріске ұшырап «Шатыға» өзгерген. Ал ұйғұр, моңғол қатарлы туысқан ұлттар оның мағанасын өз тілдеріне жанастыра «Шата», «Шота», «Сату» деп атап жүре берген, бірақ бұлайша еркіне кете берудің немесе еркіне қойа берудің жер-су аттарын арнаға түсіру белгілеме-ережелеріне қайшы екендігін ескергеніміз жөн. Сайып келгенде, бұл жердің атын «Байырғы сатылы жол» деп атасақ дұрыс болар.

9. «Шилік мәлі» (« Атлас» 238-239-беттері). Дұрысы – Чилаң мәһәллә (ұйғырша), Шелек мәлі ( қазақша). Орны: Құлжа қаласында, ұйғырлар бұл мәліні тағы «Чиләк хаңза» деп те атайды. Егерде бұл мәлі атын атластағы аталуы бойынша алсақ, онда қазақша Шилы мәлі болып аталады да, ұйғұрша аталуынан басқаша ұғым беріп, мәлі атында шатасулар туылуы даусыз.

10. «Тұпанжұзы» («Атлас» , 238-239- беттері). Дұрысы – Тұрпанжұзы, мұндағы жоғары Тұпанжұзы деген жер аты да дұрыс емес, дұрысы жоғарғы Тұрпанжұзы.

Іле генарал мекемесі Ілеге билік жүргізіп тұрған кезде бос жер ашу үшін оңтүстік Шынжаңдағы Тұрпан, Ақсу, т.б. жерлерден ілгерінді-кейінді болып сегіз мыңдай отбасын Іле алабына көшіріп әкеліп, жүз отбасын бір қыстақ етіп ұйымдастырып егіншілікпен шұғылдандырған. Бұл қыстақтар содан бастап адам атымен де (мысалы, Құдияр жұзы, яғни жоғары Құдияр жұзы, төменгі Құдияр жұзы), жер атымен де ( мысалы, Тұрпажұзы, яғни жоғары Тұрпанжұзы, төменгі Тұрпанжұзы) аталып қазірге дейін жалғасып келеді.

11. «Шайлаңзы сайы» («Атлас» 242-243-беттері). Бұл жер атының дұрыс аталуы ханзуша – Жиелияңзы 界梁子 қазақша – шегера бел. Ауыз екі айтылуында Шайлаңзы деп аталғанымен дәл мағанасында әсілгі айтылуы бойынша Жиелияңзы немесе Шегара бел Шегара бел сайы деп атаған жөн.

12. «Көгіршін тауы» («Атлас», 242-243-беттері). Ауыз екі аталуы – Көгіршін тауы, көне түрікше – Көгаршын тауы. Қазір қазақтар бұл тауды Көкқамыр тауы деп атап жүр. Бізше, таудың ежелгі атына құрмет етіп, Көгаршын тауы деп атаған жөн.

13. «Жаматы» («Атлас» 242-243-беттері). Дұрыс аталуы – Жаманты. Бұл жер атының этимологиясы жөнінде қазірше бірлікке келген пікір жоқ. Сондықтан, қашан анықталғанға дейін оған ойжота анықтама бермей Шынжаң жер-су аттары сөздігіндегі қазақша – Жаманты, ханзуша – 加曼特 183 - бет таңбалануын қолданып тұрсақ болғаны.

14. «Шап өзені, Шапқы, Шақман » («Атлас» 248-249- беттері). Іле өңірінде мұндай аттармен аталатын өзен мүлде жоқ. Ежелгі бір жер атының бір басылымында ешбір негізсіз үш түрлі аталуы, тым өрескел жайт. Бұл жердің байырғы тұрғындары бұл өзенді Шақпы өзені деп атайды.

Халқымыздың Іленің қасиетті топырағында, Шақпы өзенінің ағысына тарта туған аса дарынды ақыны Таңжарық жолды ұлының:

«Іленің басы Күнес жылжып аққан,
Сарқырап құйған бұлақ әр тараптан.
Қасында Шақпы деген бір өзен бар,
Ағыны артығырақ шапқан аттан», – деп жырлағандағы Шақпы өзені дәл осы өзен, ендігі жерде біз Ши-ань қарита баспасы жағынан 2003 жылы жарық көрген ‹‹Шынжаң ұйғұр автономиялы районының атласындағы›› қазақша – Шақпы, ханзуша – 恰合普 деп таңбаланған атын қолдансақ болғаны.

15. «Қыз жыңғыл» («Атлас», 248-бет). Іле өңірінде «Қыз жыңғыл» деген жер жоқ. Бәлкім, бұл атау «Қызыл жыңғыл» деген жер атының қате аударылуы немесе аударушының жер атына қанық болмағандығынан ойжота осылай аударылғаны болуы мүмкін. Қызыл жыңғыл – Күнес ауданы Талды қалашығына қарасты бұрынғы Сорбұлақ егіншілік алаңының Күнес өзенінің шығыс оңтүстік жағындағы мал шарушылығы түйіні.

16. «Қаргұл» («Атлас», 248-бет). Күнес ауданында «Қаргұл» деген жер жоқ. Дұрысы – Қарғалы көл, ол Күнес ауданы Талды қалашығына қарасты Шегірбұлақ қыстағының Күнес өзенінің шығыс оңтүстік жағалауындағы мал шарушылығы түйінді орналасқан жер.

17. Күнес тұқымдық қой фермасы («Атлас», 251-бет). Бұл тақырыптағы кінараттар мыналар: Күнесте «Күнес тұқымдық қой фермасы» деген қой фермасы жоқ. Объектив болмысты субъективтік қиялмен жасап алуға болмайды. Ал Күнестегі қой фермасының төл аты: «Күнес асыл тұқымды қой фермасы» (巩乃斯种羊场 ). Оның төркіні 1935 жылы Үрімжі қаласының оңтүстігіндегі Наншан таулы өңірінде құрылған «Наншан асыл тұқымды қой фермасы». Оның басты міндеті асыл тұқымды мал жетістіру болған. Кейбір себептерге байланысты 1939 жылы қазіргі орынға көшіп келген. Сол кездегі өлкелік үкімет ферманың атын «Күнес асыл тұқымды қой фермасы» деп атап, ферманы басқару құқығын Іле әкімшілік мекемесіне өткізіп берген. Респубыликамыз құрылғаннан кейін, Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық мал шаруашылығы меңгермесі өткізіп алып, ферманың бұрынғы атын сақтап, Шынжаң биязы жүнді қойын жетілдіруді, зерттеуді, дамытуды негізгі міндеті еткен.

18. «Тұқымдық жылқы фермасы», («Атлас», 152 - бет). Бұл атаудың аталуы мен аудармасы да әсілгі мағанасынан алшақ. Ол «Іле аймақтық асыл тұқымды жылқы фермасы» (伊犁地区种马场 ), Іле аймағы қысқартылған жағдайда «Асыл тұқымды жылқы фермасы» деген төл атауын сақтап, орны Мұңғұлкүре ауданы ауданында деп ұқсақ болғаны.

19. «Хонжалық» («Атлас», 250-бет). Бұл жер аты тек «Атласта» ғана осылай аталып, осылай жазылып қалмастан «Шынжаң жер-су аттары сөздігінде» қазақшасы «Хонжалық» деп аталып жазылса, ханзушасы – 浑加勒格 деп жазылған, жер аты қазақша, ханзушада қалай айтылып, қалай жазылсын мейлі бәрібір дұрысталып, дұрыс жазылмаған. Әсілгі жер аты жердің түзілісіне қарай қазақша «Қомжал» деп аталған. Бұл атау екі сөзден құралған, мұндағы «қом» дегеніміз біріншіден, түйенің арқасындағы жота майы, екіншіден, түйеге жүк арту үшін оның өркешіне, жотасына орай салынатын қабат-қабат киіз, т. б заттар деген сөз. Бұлар түйенің қомы деп аталады. Ал жал дегеніміз жота, қыр, бел, дөң, қырқа деген сөз. Сонымен бұл жердің формасы түйенің майлы арқасы, аттың созылған жалы сияқты жота болғандықтан «Қомжал» деп аталған, жераты ұзақ уақыттар бойында ауызекі айналымға түсіп «Хонжан» болып өзгерген. Қомжал жотасы қазіргі Нарат қалашығының шығыс оңтүстігіндегі ұзындығы 30 километр, кеңдігі 8 километр, көптеген сай-саладан құралған шағын тау сілемі, оның биік жері теңіз деңгейінен 2833.5 метр биік.

Жиып айтқанда, мейлі ауыз екі тілде немесе қарита, атластарда болмасын бәрінде де халықтың тілдік қасиетіне құрмет етіп, әсілгі «Қомжал» деген жер атын қалпына келтіргеніміз жөн.

20. «Тоғай» («Атлас», 251- бет). Дұрысы – Тоқай, асылы адам аты. Найман ұлысына жататын қызай елінің тағанын қалаған Тоқтар баба мен қызай ананың үшінші ұлы Бегімбеттің алты ұлының бірі. Күнес ауданы Бестөбе ауылының бір қыстағы 1978 жылы осы Тоқайдан тарап бір рулы ел болып қалыптасқан. Қауымның атымен Тоқай (托海) қыстағы болып құрылған.

21. «Аңдас» («Атлас», 248-б, 251- беттері). Дұрысы – Андас, әсілі адам аты. Ол Найман ұлысына жататын Қызай елінің тағанын қалаған Тоқтар ата мен Қызай ананың үшінші ұлы Бегімбеттің алты ұлының бірі Таңаттың үлкен ұлы. Қазіргі Күнес ауданы Бестөбе ауылының бір қыстағы 1992 жылдан бастап сол Андастан өрбіген Андас руы болып қалыптасқан қауымның атымен «Андас қыстағы» (昂达斯村) деп аталып қазіргедейін жалғасып келеді. Автор сол Андас бабаның сегізінші ұрпағы.

22. «Қорыған» » («Атлас»,248-, 251- беттері). Дұрысы – Қорған, жер аты, орны – қазіргі Күнес ауданынан батыс оңтүстікке жеті километр қашықтықта. Бұл қорғанның қайсы замандағы кімдердің жасаған қорғаны екендігі әлі анықталған жоқ. қазіргі төрт бұрышты қиранды орнының көлемі 178 метр, биіктігі 10 метр. Кезінде осы қорғанның маңында бір әйел тас мүсінінің болуына байланысты жергілікті қазақ халқы «Қатын қорған» деп атаған. Ел ішіндегі айтуларға қарағанда, 1938 жылы шамасында Жан сия (қазақтардың айтуы бойынша) деген ханзу қорғанының ортасынан кесіп түсіп тоған қазып су ағызып алтын шайқаған екен. Нәтижеде, ол бұл қорғанның қирандысынан тұрмысқа қажетті қыруар ежіре ыдыс, қол тиірмен, алтын – күміс бұйымдар, күміс- жармақтар тауып алған. Осыған байлансты бұл қорған «Алтын қорған» (金城) деп те аталған екен.

23. «Үш молғай дауаны» «атлас»,, 135- бет). Дауан – асу атының аталуы дұрс емес. Жергілікті тұрғындар бұрыннан тартып бұл асуды Шет Меркі, Кіші Меркі, Үлкен Меркі атты үш өзеншенің қайнар көзінде түйіліскен жерінен Күнес ауданынан Нылқы ауданына асатын кезеңді «Үш меркі асуы» деп, ал Күнестен Қызылаша сайының тұйықталған басынан Нылқыға асатын асу болғандықтан «Қызылаша асуы» деп те атаған. «Үш меркі асуы» деген асу Нылқы аудандық халық үкіметінің мемлекет істері кеңесінің, Қытай жер-су аттары комитетінің, Шынжаң ұйғұр автономиялы райондық жер-су аттары комитетінің жер-су аттарын жалпы беттік тексеру жөніндегі нұсқауына сай 1983 жылдан бастап жер-су аттарын анықтап, арнаға түсіріп, 1985 жылы қазан айында ішкі жақта таратқан «Нылқы ауданының жер-су аттары қариталы шежіресінің» 107-бетінде қазақша – «Үш меркі дауан» (әсілі үш меркі асуы деп жазылуға тиіс), ханзуша – 玉什灭尔克大板 деп анық жазылған. Жер-су аттарын әркімнің өз білгенінше жаңғырта беруінің арты жақсы болмайды. Сондықтан бұл асудың әсілгі атын қалпына келтірген ең абзал.

24. «Терек ауызы» («Атлас», 251- бет). ‹‹Терек ауызы» деген сөз белгілі бір жағырапиялық объектіні бейнелеп бере алмайды, оның үстіне мына атау толық емес. Бұл жердің әсілгі аталуы – «Теректі сай ауызы». Орыны Күнес ауданының Түрген ауылына қарасты жерде. Мұндағы ағаттық алдымен жер-су атын сұрап-ұғысушы кәсіптік қызметкерлерден кетті. Олар бұл жердің атын жай бір адамнан сұрағанда, ол бұл жерді «Терек ауызы» деп атаймыз дегені бойынша ол естелікке 铁热克阿吾孜 (терек ауыз) деп таңбалаған. Ал аудармашы оны баспа-бас «Терек ауызы» деп аударған да, теректе ауыз болмайтындығын ойлап та қоймаған. Ағаттықтан арылу үшін жағарапиялық объектінің әсілгі атын қалпына келтірген жөн.

25. «Қашылыққын тунелі» («Атлас», 26 – бет). Аталмыш тунелдің аты осы атластың 250-, 256 - беттерінде «Қашылығын дауаны» деп алынған. Мейлі қайссы болсада, екеуінің де жер аты дұрыс аталмаған. Әсілі ол қазақша «Қас ілген» деген асудың аты. Айтуларға қарағанда, тарихи дәуірлерде қазақ батырлары осы асудан өткенде біреуінің аты құлап, ері шағылған екен. Ендігәрі ерттеуге келмеген ердің қасын көрнектілеу жерге іліп кеткен екен. Содан бастап ел бұл асуды «Қас ілген асу» деп атап қазірге дейін жалғастырыпты. Қазір Майтаудан Ілеге, оңтүстік Шынжаңға қатынайтын барлық маторлы көліктер осы асудағы тунелден өтеді. Асудың түп аты ханзуша – 哈希勒根 деп баспа-бас алынған да, аяғына «隧道 » (тунел , яғни тескен тау) атауы қосылған.

26. «Моңкет» («Атлас», 256 - бет) , «Моңліті» («Атлас», 234 - бет) екі атаудың екеуі де қате. Дұрысы – Мөңкіті .

27. Исыниұғы бұға өзені («Атлас», 256 – бет). Дұрысы – Иысынбұғы. Бұл жердегі «бұға» орынсыз қосылған.

28. «Халықтауы» («Атлас», 255- бет). Тау аты, дұрыс аталуы – Қарғытау, ханзуша 哈尔克他乌山 деп жазылады.

Ақырында айтарымыз мынау: жоғарыда қадап-қадап көрсетілген ағаттықтар жөнінен кешірімшілдік позиция ұстануға әсте болмайды. Үйткені, жер-судың аты – тарихтың хаты; елдің аты – жердің аты. Ел мен жер етене. Жер – елдің анасы. Ел – жермен көгеріп көктейді; жер – елмен өзгеріп жаңаланады. Жер-су атын өзгерту – жерден жұрдай болғанмен тең.

Бұл тарихтан жалғасқан сабақ, ендігі жерде абай болайық.

Жақып Жүнісұлы, тарих ғылымының аға зерттеушісі.

Қытай қазақтарының «Sarbaz» (02.06.2024 ж.) әлеуметтік текшесінен аударып дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5297