Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Қоғам 185 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 12:59

«ӘДІЛЕТҚИССА»: Қазақ неге бейшара?

Сурет: qunduz.kz сайтынан алынды.

Бірінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Жасарал Қуанышәлі, Хасен Қожахмет

Екінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Айсұлу Қадырбаева, Дос Көшім

Үшінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Ермұрат Бапи, Әміржан Қосан

Төртінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Асылбек, Бақтылы, Ғани

Бесінші бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Сергей Дуванов, Жұмабай Доспанов

Алтыншы бөлім: «ӘДІЛЕТҚИССА»: Болат Атабаев, Батырхан Дәрімбет

Белгілі қоғам қайраткері, «Азат» қозғалысының белді басшыларының бірі, саясатшы Сағат Жүсіптің 2010 жылы жарық көрген «Әділетқисса» кітабынан үзінділер жарияламақпыз...

Сағат Жүсіп:

Қазақтың танымал саяси тұлғалары жөнінде қысқаша, үстірт көзбен жазылған осы пайымдауларымды тек қана жақсы ниетпен, ықыласты сезіммен жазғанымды айтқым келеді.


ҚАЗАҚ НЕГЕ БЕЙШАРА?

Қазақтан дос іздегім жоқ

Қазақтан дос іздегім жоқ. Қазақтан дос табамын дегенім бекер екен. Досым деген түптің түбінде дос болмай шығады. Қызғаныш иті жоқ досы кездестіре алмадым. Досым шыққан биікке шығып, иығымды теңеп едім, досымның көңілі пәс болып қалды. Досымның баласының жолы болмай, менің баламның жолы болып кетіп еді, досымның ұнжырғасы түсіп кетті.

Қазақстан дос табу қиын екен. Әсіресе, қызғанышы жоқ досты. Қазақ достықты («менің пәленше деген атақты досым бар») деп мақтану үшін қажет етеді. Мықтылармен дос болу, ол үшін айтуға, мақтануға қажет. «Мықты» досы күйінен тайса, достығы да тыйылады.

Мен сонда қазақтан дос табудан қашып жүрмін бе? Жоқ! Қазақтан қашар мен емес. Мен туралы жақсы пікір де, жаман пікір де айтатын сол қазақ. Менің өмірде бар, жоқ болғанымды айтатын, мүлде сызып тастайтын да сол қазақ.

Осыдан бір-екі ғасыр бұрын Абай, Шәкәрім қазаққа («білімге, ғылымға ұмтыл, жарыққа шық, құр атаққа құмарланба») деп еді. Бүгін қазақтың білім, ғылымға қолы жетті.  Жарыққа ұмтылысы күшті, талабы таудай. Бірақ көкейіндегі ойы «басқа қазақтан жоғары тұрсам, бір елі болса да артық болсам» деген қызғанғыш мақсаты бұрынғыша басым. Атаққа құмартуы күннен-күнге үдеп барады. Бүгінгі қазаққа білім мен ғылымның жетістігіне жету, өмірге пайдалы жаңалығын ашу басты міндет, азаматтық парызы емес. Оның атағы мен жоғары лауазымы, билік сатысы жеке басы үшін, мәртебе ретінде керек. Оларды сатып алу жолында тоқтамасы анық...

Қаншама білімді болғанымен, қазақтың ел болатын уақыты алыста тұр. Қаншама міні айтсаң да, өз мінін өзі біліп тұрсада, қазақтың бірін-бірі сүйетін түрі жоқ, қазақтың бір-біріне жаулығы, бірін-бірі талауға әуестігі тоқтар емес.

«Қазақтың не көңілі, не көзі алаңдап тұрады» деп, Абай қалай дөп айтқан. Көзі алақ-жұлақ басшысы бар қазақтың көңілі қалай алаң болмасын?!

«Мәмбеттің далбаса тілі» туралы

Казахский язык – это язык застолья, песен и айтысов.
Он был у нас на кухне, там и останется. Так зачем надевать
на высохшее дерево праздничные букеты.
Там должен висеть венок.

Владимир Нусипханов («Известия Казахстана», 15.Х.2002 г.)

«Көпке тіл тигізбе», «көпке топырақ шашпа» деген аталы сөзді айтқан қазақтың осы сөзімен келісе отырып, кейде сол сөзді айтқан қазақтың өзіне қарсы болғың келеді. Қарыны ашқандықтан, әрине. Өзін-өзі өзекке тебетінін, намысы жоқтығын, жалтақтығын, қорқақтығын, ездік мінезден құтыла алмағандығын көргенде. «Қарсы болғым келеді» дегеннім үшін, әрине, кейін кешірім сұраймын, амалсыздықтан, шарасыздықтан осылай деуге тура келеді...

Айтыңызшы, Үкімет құрамының сексен пайызы мемлекет тілін білмейтін, білгісі келмейтін ұлт шенеуніктері бар басқа елді көрдіңіздер ме?
«Егер қазақ тілі үстемдік құратын болса, мұндай елде тұрмаймын» деп ашық айтатын ұл-қыздары бар елді көрдіңіздер ме? Осындай жастарды «Жас Отан» мен «Болашаққа» жинап, мәртебесін көтеріп, бүкіл жастарға үлгі етіп отырған үкіметі бар елді көрдіңіздер ме?

Өз мемлекеттің тілін «далбаса тіл», «өлген тіл» деп дәлелдеп кітап жазып, диссертация қорғап жатқан ғалымдары бар елді көрдіңіздер ме?

«Бұл тілдің жаназасын шығарып жерлеген дұрыс» деп ұлтты қорлайтын газеттерді («Известия-Казахстан») қазынадан қаражат беріп қолдап отырған мемлекетті көрдіңіздер ме? Ондай елдің аты – Қазақстан. Президенті – Н. Ә. Назарбаев.

Айтыңызшы, қазақ шенеунігінің алдына орысша сөйлеп барсаң, байғұс неге абдырап, жаман орысшасын былдырықтатып, жүні жығылып қалады? Керісінше, орысша сөйлейтін қазақ шенеунігінің алдына қазақшамен бара қалсаң, неге өзіңді бейшара сезінесің, неге жиіркенішті көзқарасқа тап боласыз?

Айтшы, қазақша білмейтіндер қазақ тілін қадірлейтіндерден неге өзін жоғары қояды? Олардың «мәмбет», «ауылбай» деп кемсітуі неден? Керісінше, қарапайым қазақ ана тілін білмейтін қазақтармен салыстырғанда неге өзін төменшіктетеді?

Тұрғындары тоқсан алты пайыз қазақы облыстың қазақтары жарнамаларын тек орысша беретінін қалай түсіндірер едіңіз? Дүкендеріне, жеке дүңгіршектеріне «Арлекин», «Сапфир», «Аристократ», «Империя» деген жерге ат қойдым деп, онысын данышпандыққа балайтын қандай ұлтты көрдіңіз? Көшесінін атын «Ауэзова», «Муканова» деп бірыңғай әйел атымен жазатын, арызы мен түсініктемесін, хаты мен жеделхатын әр сөзінде қос қате жіберіп орысша толтырып, осы «сауаттылығымен» мақтанатын ұлтты қайдан көрдіңіз? Ондай ұлттың аты – қазақ.

96 пайызы қазақ тұратын облыстағы бір ғана орысша газеттің көлемі мен таралымының облыстағы барлық қазақ газеттерімен тең түсу кереметі қазақтан басқа ұлтта, мемлекетте болуы мүмкін бе?

Ресейге жалға берілген Байқоңырдағы орыс азаматтығын алған қазақтардың басқа байқоңырлықтарды екінші сорт санайтын сорқылығын басқа ұлттан табар ма едіңіз? Жоқ! Басқа ұлтта болуы мүмкін емес! Осы «керемет» қасиетті қазаққа біреу жасап берді ме? Зорлап, мойынына қиды ма? Жоқ! Бұл қазақтың өз таңдауы, өз қалауы. Оған басқа біреуді, басқа ұлтты кінәлаудың еш қажеті жоқ. Осындай сиқымызға «үш ғасырлық отаршылдық кінәлі» деген сөзден әбден жауыр болдық. «Дәрменсіз» деп ақпарат министрлігін, облыс, қала әкімін кінәлаудың қажеті жоқ. Кінәлі құлдық мінезден арылмаған, ездікті өркениеттілік, мәдениеттілік деп танитын, ұлттық намыстан жұрдай болған қазақтың өзі.

Өз тілін мемлекет деңгейіне көтере алмаған – кәдімгі қазақ, өзге жұртқа мазақ қазақ. Бірін-бірі «мәмбет», «ауылбай» деп мазақтаса, мәз болып айтадарынан жел есетін қазақ.

Қарғайсың ба, датғайсың ба, бәрі бекер деп сарнайсың ба, айтарым осы, саған қазақ!

Соңы.

Abai.kz

0 пікір