Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 10211 0 пікір 23 Қаңтар, 2015 сағат 10:04

Тұрсын ЖҰРТБАЙ. КӨП ТУ МЕН КӨК ТУ

Тұрсын Жұртбайдың «Америка күнделіктері» атты жолжазба кітабының соңғы тарауларын жариялап отырмыз. Кітаптың алғы бөлімдерін мына сілтемелер арқылы таба аласыз: 

http://abai.kz/post/view?id=2690

http://abai.kz/post/view?id=2661

http://abai.kz/post/view?id=2606

http://abai.kz/post/view?id=2587

http://abai.kz/post/view?id=2564

http://abai.kz/post/view?id=2551

http://abai.kz/post/view?id=2533 

http://abai.kz/post/view?id=2505 

http://abai.kz/post/view?id=2489

http://abai.kz/post/view?id=2464     

http://abai.kz/post/view?id=2450

http://abai.kz/post/view?id=2410 

http://abai.kz/post/view?id=2392

http://abai.kz/post/view?id=2365

http://abai.kz/post/view?id=2341

http://abai.kz/post/view?id=2328

http://abai.kz/post/view?id=2298 

http://abai.kz/post/view?id=2264

http://abai.kz/post/view?id=2251

http://abai.kz/post/view?id=2238 

 

 23.01.2014. Нью-Йорк.

Кеше пәтер ауыстырғамыз. Назым Нью-Джерси қаласындағы ғылыми жетекшісі Р.Абазовтың үйіне қоныс аударған. Қалған бір айда сол үйде тұрмақ. Профессордың балалары (бір ұл, бір қыз) Австралияда оқиды, өзі Алматыда Қазақ ұлттық университетінде дәріс береді. Жылына екі рет көріседі екен. Түнгі ұшақпен жан-жаққа тараспақ. Сұрап білгенімде, таңға жуық аттанады екен. Әзер көріскен балаларымен еркін сөйлессін деп ол үйге бармай, Гүлзаданың үйіне түнеп шықтық. Тағы да еркін әңгіме. Бұл жолы қазақстанның жайын мен әңгімеледім. Гүлзадаға Балқаш аға күрескен, аңсаған тәуелсіздіктің тұсындағы хал-ахуалымызды айттым. Ол да өз пікірін білдірді. Өзекті жарған ащы ойлар да айтылды. Америкалықтардың Қазақстан және Президент туралы ойлары екіұшты екенін де жасырмады. Жалпы, ашық әңгіме, керек әңгіме қозғалды деп есептеймін. 

Таңертең Гүлзада ерте қызметіне кетті. Алма екеуміз асықпай шәйға қанып алып, қалаға шықтық. Ең ескі ғимараттың бірі Орталық вокзал. Ол 1871 жылы ашылған. Онда 44 платформа, 67 теміржолы бар. Сондай салмақты, биік, кең ғимарат. Төрт құбыласы түгел есік. Бүкіл Американың тамырына қан жүгірткен ұлы нүкте, жүрек нүктесі осы. Адам да, аң да, ағаш та, темір де, атом бомбасы да, космос ракетасының бөлшектері де осы вокзал арқылы әуелі Америкаға, содан кейін әлемнің шартарабына жол тартқан. Қазір темір жолдың күні  өтіп бара жатқандықтан да, орынын метроға беріпті. Бүтін Нью-Йорктің метросы осы вокзалдың төрт бұрышына тоғысып, сегіз тарапқа жол тартады. Ішінде әлдебір Морганның атындағы әлдебір қақпақыл доптың чемпионаты өтіп жатыр. Оған назар аударып жатқан жүргіншілер де байқалмайды. Тәуір-ақ араладым.

Содан кейін Нью-Йорктің орталық кітапханасына беттедік. Бұл Америкадағы үшінші кітапхана. Бұл да өсиетке қалдырған капиталистің қаржысына ақ граниттен салынған. Өсиет қаржыны адвокаты кітапхана ісіне жұмсапты. Мәңгілік ғимараттардың бірі. Мұны көріп: біз де кітапханада істейміз – деуге жүрегің дауаламайды. Оқу залдары кең әрі биік. Көне мәнердегі суреттер, құрал-жабдықтар. Барлығы компьютерге түсірілген. Ішінде арлы-берлі жүрген адамдардың қарасы да, дыбысы да білінбейді.

О, шарасыздық! Саған не қылайын? Әрине, сүйіне отырып күйінем! Кімге? Неге? Мұндай сезімді жоюдың амалы  – алға ұмтылу ғана болса керек? «Отырарға» осындай ғимарат бұйырмай-ақ кеткені ме?

Менің жолсерігім – қызым Алма. Алға, Алма! Алға! Мен күнделігімді толтырып бітірдім, Алма кітапхананың ішін аралап жүр. Қанша айтқанмен, мұрағатта, мәдениет министрлігінде 4-5 жыл істегендегі ықылас-мүддесі бар емес пе. Ол да жақсы қасиет. Соңынан іздеп бардым. Балаларға арналған оқу залындағы мұражайды аралап жүр екен. Балалар әдебиеті, ертегілер елін аралап кеткендей боласың. Татар қаламгерлері Ғ.Ибрагимов пен Қ.Мансұровтың 1928 жылғы араб карпіндегі  әліппесі тұр. Лениннің жас шағы, Санкт-Петербургқа қайтып келуі туралы беті ашылған. Әрине, біздің балалар әліппесін іздеудің өзі – күпірлік! Солай.

Енді бізге Гүлзада БҰҰ-ның ғимаратын аралатпақ. Соған беттедік. Ұлттар ұйымының кіреберісі мен мәжіліс залын және осы ұйымға берген сыйлықтарды көру үшін билетті тек интернет арқылы алу керек екен. Ол да жөн. Ұялы телефон мен компьютер арқылы қайдансың, қайдасың, кімсің, соның бәрі хатталып, сақтық қорына кіреді. Гүлзада осы БҰҰ-ның халықаралық әйелдер мәселесі жөніндегі комитетінің жоба жетекшісі – координаторы қызметін арқау етіп кіргізбек болды. Бірақ, мен оны артық мазалағым келмеді. Американдықтар, жалпы халықаралық ұйымдар ондай қазақбайлықты жақтыра бермейді.  Шетелдіктер берген сыйлықтың ішінде біздің алтын адамның макеті бар екенін білемін. Әрине, мүмкін болып тұрғанда бас сұққан дұрыс еді. Бірақ, «барғызбасың барғызса – барасың» деген бар ғой!

Менің, есі-дертім, Гүлзаданың таңертең жұмысқа кетерде киіп кеткен алтайы қызыл түлкіден тігілген, өзіне жарасып тұрған қазақы тымағымен мынау аспан тіреген ғимараттардың ортасында суретке түсіріп алу еді. Оның реті енді келмейтін болды. Оның есесіне екі қытай кемпірі жабыса кетті. Бұрын бұлар: Монғол, жапон – деп жармаса кетуші еді, мына екеуі «кореян» –  деп жеңімнен  ұстай алды. «Қазақстан» – дегенге түсінбеген соң, «Хасахыстан» – дегенімде дуылдаса қалды. Бір-екі жаттанды қытайшамды айтып ем, әйтеуір, бұл «екі қызды» мәз қылуға жарады.

Бас ғимаратты тамашалап тұрғанымызда абыр-дабыр болды да кетті. Лек-легімен келген қытай саяхатшылары екен. Бәрі де жүзтаныс бейтаныстар. Жандарында, соңдарында көргізбе ұстаған, лаба арқылы қатты-қатты сөйлеген екі келіншек еріп жүр. Ұрылып-соғылған, қарыны оталанып тігілген адамдардың, жеке адамдарың түрмедегі суреттері. Сөйтсем, бұлар қытай диссиденттері екен. Қадағалап көріп ем, қытайшалап шүлдірледі. Қазақстаннан екенімізді түсіндірген соң кілт бұрылып, әлгі топтың соңынан ілесе жөнелді.

Біз ол арада Гүлзаданы шақырамыз ба, жоқ па? – деп Алма екеуіміз кеңес ашып тұрған 15 минуттың ішінде екіден-үштен, жалғыздан жүрген жүңголықтар арылмады. Осы арада: Ұлттар ұйымына ең аз жарна, 3 мың доллар төлейтін ел – Қазақстан дегенді естігенде, сенбедім. Қырғызстаннан көрі сүбеміз бір елі қалың болса керек еді.

Жалпы, біздің баспасөздегі ақпараттарға қарағанда, орынымыз – төрде, туымыз – жасасындатып тұрса керек еді. Мен Джон Кеннедидің орталығындағы көп тудың қолтығында оратылып тұрған (кекесін емес, шын мәнінде солай. Өзге тулар көлемді, ені мен ұзындығы біздікінен екі есе үлкен болғандықтан, солардың шылауында қалып қояды екен) ту мен Гарлемнің шеткі метро бекетіндегі киіз үйдің суретінен басқа (Күн батареясын насихаттап: «Біздің бармайтын жеріміз жоқ» – деген жарнама. Күн батареясы шаңырақтың күлдіреушісінен сыртқа шығып тұр), айтпақшы, соған қоса Гүлзаданың қырмызы түлкі тымағынан өзге Қазақстанды еске түсіретіндей ештеңе байқалмады. Дюпонның бақшасынан жалбызды, қаланың шеткі көшесінен қараторғайды көзім шалды. Ал Қырғызстанның, Өзбекстанның, Түрікменстанның, Тәжікстанның нысандарын әр қалада, әр тұста көріп қалдым. Сондайда еріксіз еліңнің белгісін іздейсің.

Әсіресе, мұражайдан бір белгі табылмағаны қинап жіберді. Мұның екі жағы бар. Жағымдысы – ешқандай нақты заттай мұраның мұнда ұрланып, сатып әкелінбегендігі. Өкініштісі, онсыз да қыр-жоталардың бәрін қырып әкеткен еуропалықтардың ұрлап, тонап әкеткен көне мұразаттарының мұнда, «байқаусыз» келіп қалмағаны...

Осындай ойда тұрғанда, БҰҰ-ның ғимаратының қасындағы ең биік үйдің бірінде – американың БҰҰ-дағы өкімдігінің ғимаратындағы тумен иықтаса желбіреп тұрған Түркияның қырмызы туын көріп, басылыңқырап тұрған көңілім дүр сілкініп, «құйқылжи шарықтай жөнелді» (Абай). Бұл – ұлтшылдық емес. Нәумез көңілдің түлеуі мен жұбанышы! Сол жұбанышпен 15 күнге созылған Америка сапары да аяғына жетті. Біз Нью-Джерсидегі бір түндік түнемелімізге қайттық.

Нью-Джерсидің жеке штат деген аты болмаса Гудзон дариясының арғы бетіндегі Нью-Йорктің бір бүйірін жылытып тұрған көкбауыры сияқты. Америкада штаттардың әуелгі белгіленген шекарасы ешқашан өзгермейді. Әйтпесе, Ертістің екі жағында орналасқан Семей мен Алаш қаласы сияқты. Дариядан жер асты метро арқылы өтіп, одан Нью-Джерсидің  метросына ауыстық. Бұлардың штаттарының дербестігі біздің Ресеймен арамыздағы «тәуелсіздіктен» көрі тәуелсіз. Заң да, кеден де, жанарнмай мен жарық қуатының, көлік ақысы мен азық-түліктің бағасы да дербес. Штаттың шекарасынан өткенде төлқұжат көрсетпегеніңізбен, көлігіңіз тіркеліп өтеді. Біз екі-үш қабатты үйлерді қыдыртыңқырап барып профессор Абазовтың пәтерін таптық. Екіқабатты, жайлы үй екен. Есіктің алдындағы қарды Әмина күреп тастапты, мен аула мен баспалдақтың қарын күредім. Аңғарғаным – қар сондай жеңіл, үлпілдеп, күрек пен сыпыртқының лебінен аспанға өзі ұшып кететіндей. Өз үйімізде отырғандай жайланып шәй іштік. Алма екеуміз ертең елге қайтамыз. Ал Әминә мен Назым, Тоқбала үшеуі енді бір жарым ай осы үйде тұрмақ. Пысықсынып есік алды мен ауланың қарын тазалап тастағаным да сол ғой. Әйтпесе кәдімгідей көлемді айып салады екен. Мұнда тағы бір қырғыз жігіті тұрады екен. Кіргені де, шыққаны да білінбейді. Адаммен араласпайды да, сөйлеспейді де екен. Бір тәуліктің ішінде менің де көзіме түспеді. Профессордың кітап сөресін шолып шықтым. Бір-екі тиянақты мұқаба көзіме шалынды. Ал өзінің Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан туралы қалың-қалың жинақтары шығыпты. Әрине, Қазақстан туралы кітап жазбаған. Бұған да таңдана бас шайқадым. Шынымен, соншама қадіріміздің кеткені ме, әлде, профессор да бізде ұлттық ерекшелік жоқ деп есептей ме? Қайдам. Жоғалтқан «ұлттық ерекшелікті» қайдан табамыз,  ол енді мүмкін бе? Е, бұл күнге де осылай жеттік-ау!

Бұл кеш елге қайтудың қарбаласымен, қол жүктерін жинастырумен өтті. Себезгіленіп алып, көз шырымын алуға кірістім.

(Жалғасы бар...)

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364