Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7997 21 пікір 13 Қараша, 2019 сағат 12:25

Қаламгерлер аттап баспайтын тақырып (соңы)

Қазақ тарихына қатысты «Көркемдік және ғылыми таным» аясында Abai.kz қашанда ел санасы мен ұлттық жадыға қатысты соны концепциялар мен авторлық көзқарастарды басқа БАҚ қарағанда зерделі оқырман назарына ұсынуды басты орынға қояды. Осы жолы Қазақтың қатпарлы да, бар сыры бүгулі тарихының ішіндегі әлі күнге дейін жабулы қазан қалпында қалып келе жатқан дүние – XVII-XIX ғасырлардағы қазақ-қырғыз қатынасына арналған Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-дилогиясына қатысты танымдық мақаланы жұртқа жария етіп отыр. Өткен жолы осы цикл аясында танымдық мақаланың бірінші және екінші бөлігімен таныс болған едіңіздер. Енді осы мақаланың соңғы бөлігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Міне, бұраттар жиендердің шарапатын көрген жұрт. Қазақ сияқты олар «жиен – ел болмас» деген сөзді айтпайды. Сондықтан ба, жиендері нағашылары үшін халқын да сатып жіберетін.

Орманбет тағына отырған қырғыз хандығын бұраттардың бірқатар рулары тән алмады. Бір жағынан, ол қоқандықтардың ашса – алақанында, жұмса – жұдырығындағы ойыншық хандық болды. Сөйте тұра Шералы да, Құдияр да қырғыз ханын ауыстырмады. Бірақ, «хан» дегенді қимай «паруанашы» деген ат берді. Алайда, шашбауын көтерген жандайшаптар Орманбетті «Орман хан» деп атап, дәсердей етті. Ақ патшаның адамдары да оның құлағына жағатын «Орман хан» деген лауазымымен қосып атауды жөн санады. Ал, Орта Азиядағы көршілес елдерге хан ретінде танылған Кенесарыны әдейі кемсіту үшін «сұлтан» деп атап, «сұлтан» деп жазды.»

Мына диалог та орынды қалпы оқиғаның тініне еніп, шығарма шырайын ашып отыр:

«Сол кезде Кенехан оның Жантай екенін білді.

– Төрлет, хан, отыр! – жанындағы бөстекті нұсқады. Хан әлгінің сөзін естімегендей тұра берді. Сол кезде ғана оның себебін аңдап, «қолын шешіңдер» деді. Қолы босаған Кене білегін сипады да бөстекке келіп жайғасты. Күтуші қымыз құйып ұсынды.

– Шаруаңыздан айта отырыңыз.

Кене қымыздан бір ұрттады.

– Бітім неге бұзылды? Саурықтың жылқысын неге алдыңдар?

– Барымташыларды біз басқармаймыз...

– Арнайы жіберген елшілерің Қалығұлмен мәміле тапқаннан кейін кек қумау керек еді. Соғыста өлген Жаманқара бәрібір тіріліп келмейді.

– Ұры-қараның ісін манап пен бидің мойнына жүктеген жөн емес. Әр елде де ұры-қара бар, солардың тірлігіне бола қарашы халықты қансырату – ақылға қонбайды.

– Мен шапсам, сөздерінде бәтуә жоқ манаптарды шаптым.

– Әттең, манаптың өзі қолыңа түспеді, ә-ә... – Ырқылдай күлді.

– Соңғы өткен мәміледе «қазақ-қырғыз бір хандық болады, оған Абылай жұрағатының тұқымы иелік етеді, әрі барлық маңызды істер бойынша хандықпен келісіледі» деген уәделерің қайда?

Манап сыздана күлді.

– Жоқ хандықпен қалай ақылдаспақпыз?

– Мені жоққа санап отырсыңдар ма? – Кененің үні ызбарлана шығып, қыран қабағы түйілді. Мұздай суық кеспірдің қаһарынан жасырынғысы келгендей Жантай зерлі кесені басына көтерді.

– Жә-ә, жауласуды қояйық. Биліктің пұшпағын ұстаған шораның аузынан ақиқатты естігім келген. – Жантайға қадалған назарын тайдырмады. Ол қулана жымиды. – Ортақ жау – қоқан бектеріне қарсы күресейік. Қазақ пен қырғыздың күшін біріктірсек, бізден сарт-сауандар тұрмақ, ақ патша да айбынар еді.

– Жоқ, босқын ханнан не қайыр? Қырғызға, керісінше ақ патшаның қамқоры мен ықпалы қажет. Басы құралмайтын, қырық құбылған әңгімесі бар маңқа қазақты қайтеміз».

Жолбарыс ханымыз да, Абылай да, Кене ханымыз да тікелей және жанама себеппен біреулері у беріліп, біреуінің басы кесіліп, қырғыз қолынан қаза тапты. Үш бірдей қағанымызды қанға бөктірген ұлтты бауырылас дейсің бе, әлде бауыздас дейсің бе? Осы сауал романды оқу барысында әр қазақты әрқилы толғандырады, әрқилы ойға қалдырады... Қалам ұстаған қауым бұл тақырыпқа аттап баспайтын еді. Ал, Әділбек сол қадамға барып отыр. Автор қаламы шындықтан еш алшақтамайды. Барды – бар, жоқты – жоқ деп жазады.

Абылайдың бітімінен кейін де қазақтың жекелеген батырлары әртүрлі жағдайда қырғыздардың қолынан қаза тауып, ата жауға айналған айыр қалпақтылар Қапланбекті 1782 жылы, Ақпанды 1822 жылы, Тайлақ пен Назарды 1831 жылы, Пошан датқаны 1842 жылы, Саурықты 1854 жылы айыр қалпақты ағайындар өлтіргені тереңнен қозғала сөз етіледі. Қазақ-қырғыз шапқыншылығы уағындағы батырлар жекпе-жегі де көркем кестелене суреттеледі.

Осы аралықта қырғыздарды алға салып әрекет еткен қоқандықтар Түркістанды орталық етіп, Сыр бойы, Қаратаудың теріскейі, Созақ, Шу бойындағы, Алатаудың етегіндегі қазақтарды емін-еркін билей бастағаны сөз етіледі.

«Қазақ батырларының бас сүйегінен Сәдірбала кәлләмұнара тұрғызғаннан кейін арада сексен жылдан астам уақыт өткенде зұлматты іс қайта бір қайталанды. Абылай ханның қос немересі Кенесары мен Наурызбайдың қаны да қиянаттықпен дәл сол жерде төгілді. Ол жолы да қисапсыз қазақ сарбаздары қырылды.

Бәлкім бұл, Абылай ханның рахымымен Жайыл манаптың тірі қалған сегізінші ұлының әке аманатынан туған тірлігі ме екен?..» деген сауалға автормен бірлесе жауап іздейміз.

Алаш баласының қырғызға кеткен кегіне қатысты қаламгерлік ой-толғамға толы үкім, прологта авторлық монолог түрінде ұсынылады:

«Бүгінде, өмірден озғанына екі ғасырға таяу уақыт өткенде Кенесары хан мен оның жақын үзеңгілестеріне кесілген өлім жазасын екшеу әрі қиын, әрі оңай. Қиын болатыны – екі жақтың бірін ақтап, бірін қаралауға ұрынатынымыз.

Бірақ, бұл уақиғаға қатысты үнсіз қалудың, шымбайға батар ақиқаттан ат-тонды алып қашудың ақыры – асқынған обырға айналуы ықтимал. Ақиқатын білмегендіктен араға жік түсіп, алауыздық жағдайларға апарып жатса, онда бүгінгі ұрпақтың да шындықтан сырт айналғаны.

Әркезде пасық өтіріктен ащы шындық қымбат екені әркімге аян болса керек...» деп, мұңға бөлене аяқталады.

Бұдан кейін қалың ойға батпай көріңіз. Романдағы қос ханның өліміне қатысты авторлық ой-толғам мен кесектелген өмірілік фактілерді көзіңе жас алмай оқи алмайсың.

«Тұтқиылдан қалмақтар басып кіріп, бейбіт ел босқынға айналып үдере көшкенде бос қалған кейбір өңірлерге қоңсылас қырғыздардың көңілі кетті. Ойраттардың оң жағына шыға тонның ішкі бауындай араласып, етене сіңіскен айырқалпақтылар Жетісудың шығысын сол заматында-ақ еншіге алып, ен жайлай бастаған. Мейманасы тасыған сал бөксе, шарық бет қырғыз манаптары бір бағыты Шелек, Шонжы, Құлжаға дейінгі, бір пұшпағы Нарынқол, Кеген, Асы таулары аралығын армансыз жырғаған. Ал Алатаудың күнгейі мен солтүстік батысындағы қырғыздар ниеттерін соңғы кезде ғана ашық танытқанымен көкейіндегі күлдібадам ойлары ежелден бұғып жатқан-тын. Жетісу мен Таластағы, Ташкенттегі қалмақпен ауыз жаласып, ырақайласа күн кешкен соң, халқының жағдайы қазақтікіндей сіңірі шықпаған, рухы жанышталмаған.

Әбілетпен шайнасып қалжыраған жұрт одан сайын бас көтере алмайтын халге жетсін деп, жемтігін әлеуеттінің араласуымен жейтін тазқарадай қырғыздар малағамның аңысын аңдып отырды. Көптен күткен мезет те туды әрі қан-жыны әбден араласқан қалмаққа тұяқ серпер тұсында өтеу-қайырын көрсетуі де керек болатын. Бір есептен, қазақтың бой алмай тұрғанында, әл бермей кететін шамасына іліктірмей қылтанынан қиып, қиралаңдатып қоймақ ниетте.

Қырғыздардың өлара уақта жанұшыра қимылдаған себебі – ол кезде оңтүстік аймақ, солтүстік аймақ деп екі тарапқа бөлінген айыр қалпақтының барлығы тау арасын жайлайтын. Уақыт өте олар мал жайылымы мен егіс егуге, жалпы, аяқты алшаңдай тастап, ауқатты өмір сүруге байтақ алапты, кең жазиралы далада қоныстану керектігін ұғынды. Өздерінде ондай жер жоқ. Сосын, қалмақ басқыншыларынан біртін-біртін азат етілген, әрі қазіргі мезетте ен-тегін бос жатқан қазақ даласының бірқатар өңірлерін иемденіп қалуға ұмтылды. Қара ниет жамылған жұрт бағзы заманнан қазаққа тиесі алапқа ашқарақтана ауыз салды.

Сөйтіп, қазақ-қырғыз арасындағы алғашқы үлкен шайқас 1748 жылы күзде Шыршықтың жоғарғы тұсында Шымған тауының етегінде орын алды. Екі мыңға жуық қазақ қолын бастаған Бердіқожа батыр қырғыздың топ-топ аламандарының басын құраған барғының Шонығымен дәл осы жерде бетпе-бет келді.

Ергене (Ферғана) жазығының солтүстік-шығысы мен Шатқал тауларының шығыс бетінде тұратын адығын, тағай, мұңқыш рулары Ташкент пен Шымкенттің шығыс, оңтүстік аймақтары мен Түлкібас, Қаратау етегіндегі жазық беткейлерді басып алды.

Ыстықкөл жақтағы сары, құсшы сияқты ірі рулар шапырашты жайлайтын Қарғалы өзенінің арнасын, Іленің Балқашқа құяр сағасының сол жағын, Алатау бетке қарайтын өңірлерге ие болып қалуға ұмтылды. Бай-бағландары бастаған қырғыздар көпе көрінеу «бұл аймақтар бұрынғы біздің жеріміз» деп бұра сөйлеп, етекке ұбақ-шұбақ құлдады.

Сөйтіп, Ыстықкөл жағасындағы ағайындарымен сөз байласып, әңгіменің иінін қандырып алған сарыбағыш, солты, саяқ, бұғы сияқты рулар Жетісу мен Таластың тағдырын шешіп қойды. Алатаудың қазаққа қараған қапталын, Шудың орта тұсын, Әулиеата, Алмалық, Үшарал жерін, Іленің сол жағалауындағы Сарытауқұм жайлауына баса көктеп еніп, орныға бастады. Қырғыздың Арон батыры Шудың төменгі арнасына, Қошойұлы Жамансарт Шудың жоғарғы тұсына кереге керді. Сусамыр мен Талас бойындағы Үлкен Қақпа өлкесін саяқ руының серкелері Сәдір мен Нәдір қоныстанды. Бұғы Тынай би, Садық би, саяқ Қашыке, Әтеке, Бердіке батырлар Торайғыр асуы етегіне боз үйлерін тігіп, жырғады.

Ойраттар қырғызды ғана жарылқап қойған жоқ, Қашқардағы ұйғырларды Шонжының маңынан Іленің бойына тоғытып, егіншілікке шекті. Олар да басы бүтін жер иеленіп қалды. Бұл – Жетісудың шығысындағы жағдай-тын.

Қазақ жұрты қайта бас көтеріп, жоңғарларды Ташкенттен тарта елден ығыстырып шығарғанда, иесіз жатқан байтақ далаға тағы да ең бірінші боп қырғыздардың құлқы кетті. Талас, Шу өзендері мен Алатаудың етегіне лап қойды.

Сөйтіп, алғашқы кикілжің Көкімнің кегінен басталып, әрі қарай Алтышәрідегі базарларды қоруға ұласты, соңы – жерге таласуға жалғасты. Қызылға құныққан құлқын – қызғанышқа, қызғаныштың арты – қанды қолға, қанды қол – обырлыққа әкеп тіреді. Обырлық көзге қан болып тұнып, ақыл-сананы тұмшалады. Бұраттың бойында қазаққа қарсы тек өшпенділік өршіп, сәл реті келсе тарпа бас салып, ту талақай етуді көздеді. Сан мәрте киіз туырлықты, ағаш уықты ағайындас елдің таңын айырды».

Осылайша алауыздықты өршіткен қырғыз ұлты емес, оның байлық пен барлықтан басы айналған аз ғана шоғыр билеуші тобы. Осыны автор оқырманының есіне үнемі салып отырады.

Иә, Әділбек бұған дейін ежелгі қазақ хандығы – «Ақ Орданың» Орда Ежен қағанның ықпалымен қалыптасуынан 15-ғасырдағы Керей-Жәнібек шаңырағын қайта көтерген қазақ хандығының құрылуына дейінгі аралықты қамтыған, «Абыз дала аңызы» атты хикаятпен тарихи тақырыпқа қалам тартқанын білеміз. Ол – ұлттық емес, әлемдік деңгейде жазатын Асқар Алтай, Тұрысбек Сәукетаев т.б. секілді милети прозагерлер шоғырынан. Және де автордың идиостилі ерек. Біріншісі – тіл шұрайы, екіншісі – жазғандарының киноға сұранып тұруы, үшіншісі – үзіктілік, төртіншісі – сюжеттік өрілім мен персонажды орынды кіріктіруі. Ең бастысы романдарының қай бөлігін алып тастасаң да оған селкеулік келмеуі. Автор тарапынан шығарма тініне эпизодтардың орынды енгізілімі, ұлттық шеңбердегі прозагерлеріміздің бірді бастап, екіншіні тастап, үшіншіні киліктіретін стильдік одағайлығынан ада.

Хан Кененің өлер алдындағы әні де туындыға ерек өң бергенін ашып айтуға тиіспіз. Үнемі авторлық сауал қойып, оған авторлық жауапты өзі бермей оқырманына қалдырып отыруы да, сөз киесін ұғына білуінен дер едік.

Осы авторлық сауал сонау атам заман ақ иректе Ібір-Сібірден аш, жалаңаш шұбатылып көшіп келіп, сары үйсіннің қолының кеңдігінен Алатаудың күнгейін еншісіне алғандарын әлдеқашан ұмытқан қырғыздардың этностық тұтастықтағы қазаққа қастығы алғаш рет кеңінен сөз етіледі. Автор ешкімнен жасқанбай бұрын бүгжектейтін тарихи шындықты, көркемдік танымға айналдырған.

Ұлы Жүздің Жолбарыс ханы да қырғыздардың жымысқы әрекетімен өлім құшты. Осыдан кейін де бірін улап, енді бірін азаптау арқылы Абылай мен Кенесары сынды екі бірдей ханымыздың басын жалмаған қырғыз ұлты үшін емес, оның көрсоқыр манаптары үшін ызаға булығасың?!.

Қазақ тарихи романдары ғылыми-танымдық жаңа концепияларды өмірге әкелуімен құнды бола түсуде. Қазақ және өзбек әдебиетінде әм ғылымында біздің және бізге өзгелердің тарапынан зорлықпен жасалған этногенез жөнінде ешкім де ауызға алмайды. Дегенмен тап осы жайт қазақ және өзбек этносын құраған түркі тайпалары таңғұт-манжұрлармен шайқасқан шақта біздің сайын далада орын алды. Бір таңқаларлығы: ғалымдар сол кезде қанша өзбек-қазақ, қанша таңғұт-манжұр болғандығы төңірегінде әлеуметтанушылық есептеулер жасап шықан жоқ.

Болары болып, бояуы сіңген кездегі қырғыздардың өз қанына тартып қазаққа күн көрсетпеуі, романда кеңінен тарқатыла сөз етіледі.

Еуразия кеңістігінде біршама ірі тайпалар Үйсіндер, Қаңлылар, Наймандар, Арғындар, Қыпшақтар, Керейлер т.б. хандық құруға талпыныс жасады деп ұғындыруға әбден болады. Бұл тарихи қанды қырғын еді, осыны таңғұт-манжұрлар мен енесайлық қырғыздар сәтімен пайдалана білді. Сол сәтімен пайдаланған халық – Үйсіндерден жер алған қырғыздар.

Қырғыз тарихында мансұқтанатын Абылай мен Кенесары сынды хандарымыздың мәртебесін асыруда қаламгерлеріміз түрлі жосықтағы концепциялар ұсына бастады.

Егер марксизм классиктерінің «Мемлекеттің нышаны – территориялық біртұтастық» деген қисынына сенер болсақ, онда тарихаттан бізге «Моғолстан» атауымен мәлім Ұлыстан енші алған бірінші ханымыз – Керей мен Жәнібек емес, «Алтын Орданы» 1269 жылы Талас бойындағы құрылтайда бауырына басқан Жошы біздің тұңғыш ханымыз деген концепцияны «Жошы – шақырылмаған қонақ» («Нежданный гость – Джучи») атты орыс тіліндегі тарихи романның авторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, кинодраматург Нұрлан Санжар ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік: биыл Алтын Ордаға немесе Жошы Ұлысына 750 жыл толып отыр. 1269 жылы Талас бойындағы құрылтайда бірнеше Шыңғыс ұрпағы өздерінің билік жүргізу кеңістігін бөліске салған болатын, сол кезде Жошы Ұлысы дербес мемлекет мәртебесін иеленді. Ол ұлысты Жошы тұқымы билеп, қырғыздар оның дәрегейіне қарағаны да тарихи факті.

Осы романды оқу барысында «автордың жанрды қадірлеуі» ерекшелігіне жолықтық. Тарихи роман болған соң, әдеби тектік әм жанрлық ерекшелігіне орай тек негізгі кейіпкерлер мен тарихи оқиғалар әсемдене көркем тілмен суреттелуі керек делінетін. Және де ойдан шығарылған кейіпкерлер тарихи романның бас кейіпкерінің образын ашуға септесуі тиіс дейтін әдебиеттанушылық талап бар. Өйткені, М. Әуезовтің «Хан Кене»,       І. Есенберлиннің «Қаһары» әм Д. Рамазанның «Кенесары-Күнімжаны» әдеби шарттылықты сақтап жазылған дүниелер.

Әділбек осы өзіне дейінгі Кенесары жөнінде жазғандардан оқшау, уақыт кеңістігі мен тарихи оқиғалар тәуелсіздік ой-мұраты тұрғысынан сипатталады, тақырыпты өзіндік қаламгерлік стратегиясымен игерген. Автордың жаңашылдығы да осында. Ол жаңашылдық – автор образының қаққа жарылуы. Тарихи романда бізге тек автор образы ғана көлбеңдейтін. Қаламгер бұған тарихшы ғалым бейнесін қосанжарластыра білген. Қазақ әдебиетінде бірінші рет синтетикалық тарихи роман дүниеге келіп отыр.

Жалпы роман жанрында авторлық үкім деген бар. Романда сол үкім былайша шығарылады: «Кенені өлтіріп тастаңдар» деген Орманбеттің пәрменімен ханның басын шабамын деп ең алғаш қол көтерген қырғыз, сол сәтінде алдаспанды сермеген қалпы сіресіп қалды. Оның бұл қасарысқан халін «сескеніп, тайынғанға» жорыған жанында тұрған бір арсалаң:

– Әкеші бері, қылышты! –деп, алдаспанды жалма-жан қолынан жұлып алып, Кене ханның қылша мойнына салып жіберді. Кене ханның басы да шоршып жерге түсті, шапқан батырдың өзі де сылқ етіп құлай берді.

Мына көз алдындағы жайтқа түсіне алмаған манаптар әлгіге қолдарын соза ұмтылды. Сөйтсе, табанда жаны шығып кетіпті. Кенеттен, жай түскендей тіл тартпай үзілген батырларын үйіне көтеріп алып барған екен, табалдырықтан аттағаны сол үй ішіндегі оның қатын-баласы жалп-жалп етіп, мұрттай ұшты. Мұны көрген қырғыздың шоңы мен шоралары Кенесары ханды өлтіргендеріне пұшайман хал кешті. Бәрінің жанарын үрейдің шырмауы торлап, өңдері қашты. Әп-сәтте жеңістің лебі кернеген кеуделерін дүдәмәл сезім буды.

Әлгі жаналғыш батырдың тұқым-тұқияны бес жылға жетпей быт-шыт болып тозып, артында бірде-бір ұрпақ қалмады. Наурызбайды өлтірген найсап та қара басы сопайып, тұяқсыз өтті. Олардың бүгінде бірі де жоқ.

Кенесары-Наурызбайдың қаскөйлікпен өмірден озғанына қаншама жылдар алмасып, қаншама заман ауысты... Бірақ сонда да ханның өлген жері мен оның жанын алған сәттегі жағдайға қатысты ұшы қиырсыз сауалдар сапырылысып, толастаған емес. Кешегі күнге дейін көкейде «ханның басы алынды, ал оның сүйегі сол жан тапсырған жеріне жерленген» деген байлам бекем еді. Қалың ел де оны соңғы шайқас өткен аумаққа жерлеген деген қисынға тоқтаған. Алайда, ұлттық жады оянғанда хан Кененің сүйегін іздеушілер ұштығына жетпеді. Тек, майдан даласынан бір қабірге жерленген он тоғыз сұлтанның сүйегі табылды, әттеңі сол – олардың бәрі бассыз...

Майтөбеден өткен-кеткеннің зәре-құтын ұшырып, ара-тұра бассыз салт аттының елесі көрінеді екен. Бәлкім ол хан Кененің – көкжалдың киесі болар. Тірісінде жауға шапқанда атының басы ғана көзге шалынып, өзі көрінбейтін деген аңыз әңгіме төбе құйқаны шымырлатады...

Жаугершілікте шейітке айналған қабірдегілердің бассыз болғаны түсінікті, пәнидегілердің бассыз болғаны – үрейлі. Бассыз қоғам жылжыған жылдардың ауанымен ілгерлеп барады. Ал, басты табу ең күрделі шаруа...»

Осылайша, соңғы ханымыздың өліміне қатысты жаңа версиялармен рухани танысып, көзге жас тола ауыр ойға қаласың??!!

Романда төл тарихымыздың желісінен үзіліп түсіп қалған дәлел мен деректер қатары жетерлік. Соның бірі – Тәнеке батырдың Ақсу-Қопалыдан аттанып, Кене-ханның кегін қайтаруы. Сөйтіп, бұрын қазақ әдебиетінде бірде-бір жазушының қаламына ілікпеген тарихи оқиғаға кез боламыз.

Қаптағайдан шыққан қазақтың соңғы батыры Тәнеке: «Қайрай-қайрай қайрақты таты шықты, Он бесінде Тәнеке аты шықты» деп халық айтқанындай, ерлік істерімен ерте көзге түскен саңлақ. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының өлімі – оны еріксіз атқа қондырады. Айналасынан тайынып, ел тізгінін ұстағандардың бірде-бірі бас көтермегенде – қазақтың мемлекетшіл әрі дербес ойдағы ұлт болып қалыптасқанын танытқан тұлға. Ол – Кенесарыны ең алғаш болып қолға түсірген Төрегелді манапты байлап-матап әкеп, түрмеге салды. Ұлысын шұбыртып, Қопалға айдап әкелді. Ақырында сол қырғыздар қаптағайға қыдыралы-қырғыз болып сіңіп кетті. Бұл да бұған дейін ешбір көркем әдебиетте көрініс таппаған тарихи оқиға еді.

Сөйтіп, ол қазақта Кене кегін қырғыздан алушы екендігі бірінші болып сөз етіледі.

Романда қазақ-қырғыз арасындағы жаугершілікке қатысты көптеген жаңа деректер әрі ғылыми, әрі көркемдік таным аясында барынша кеңінен ашылған. Бір ұлтты зор, бір ұлтты кем санаушылық жоқ.

Тарихи роман жазудың бақыты бұйырған жазушы әлемге тікілей танылады. Өйткені, тарихи роман санаулы интеллектуалды ортаға емес, бүкіл әлем оқырманына белгілі бір ұлттың маңдай алды милеттік мақтанышын паш етеді.

Әділбек романының қазақты ғана емес, әлем оқырманын да өз сиқырымен арбайтынына сеніміміз мол!

(Соңы)

Әбіл-Серік Әліәкбар,

салыстырмалы әдебиеттанушы.

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467