Жұма, 27 Желтоқсан 2024
5455 14 пікір 11 Ақпан, 2020 сағат 17:56

Қырғызға кеткендердің нақты саны 4 мың ба, 24 мың ба?

Қордайдағы қазақ-дүнген қақтығысы кезінде шекара асып, қырғыз паналаған жұрттың қарасы көбейгенін ақпарат құралдары айтты, жазды.

Бүгін Үкімет отырысында Жамбыл облысының су жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі жағдайдың жай-жапсарын баяндап, ақпар айтыпты.

"Соңғы үш күнде көптеген азаматымыз Қырғызстанға қашты. Соңғы екі күнде 8 мың азамат оралды. Кешеден бері барлық мектептер мен балабақшалар штат режимінде жұмыс істеп жатыр. Сауда орталықтары жұмыс істеп жатыр", - дейді Сапарбаев үкімет отырысында.

Бір қызығы осыған дейін шекара асып, Қырғызстанға барғандар саны 4 мың адам деген ақпар тараған. Қырғызстанның 24.kg сайты жазды.


09.02.2020 жыл. 24.kg сайты:

Кеше қазақ-қырғыз шекарасының "Кең-Бұлын автожолдары" өткізу пунктінен 4 мыңға жуық адам өткен. Мұндай ақпарат БАҚ-та жарияланды. Ал Қырғызстанның Шекара қызметі нақты ақпарат берген жоқ.

Токмок қалалық Кеңесінің депутаты Юусуп Ванштың айтуынша, 7 ақпанда қақтығыс болған Қазақстанның ауылдарынан жұрт Қырғызстандағы туыстарына келіп жатыр. Олар Қырғызстандағы дүнген диаспораларына уақытша келуде. Себебі, олардың үйлері өртенген және тұратын жерлері жоқ.

Қырғызстанның Мемлекеттік Шекара қызметі осыған дейін Қазақстаннан қашып келіп жатқандардың арасында короновирус белгілері бар-жоғын арнайы құрылғылармен (тепловизор) тексеріп жатқанын, келушілердің дені әйелдер, қарт кісілер мен балалар екенін айтқан.

Ал Масаншыдағы қақтығыстан кейін Токмок қалалық ауруханасына 18 адам келіп, дәрігерлік көмекке жүгінген. Олардың 1-еуі Қырғызстан, ал 17-і Қазақстан азаматтары.


Бұл қырғыз ақпараты. Айтпақшы, осыған дейін Бердібек Сапарбаев Сортөбе ауылында брифинг өткізіп, сол жиында Алатау асып, қырғыз қашқандардың саны 24 мың адам болғанын айтқан.

"Бүгін таңертең Аухатты, Қарасу өткізу бекеттерінде болдық. Өткізу бойынша ешқандай шектеулер жоқ. Қазіргі уақытта ол жаққа (Қырғызстанға) 24 мың адам көшкен. Кешегі күннен бастап ақсақалдар, әйелдер, жастар қайтып келе бастады", - деген еді Сапарбаев.

Тақырыпқа тұздық ретінде айтайық. Қазақ-дүнген арасындағы шетін оқиға орын алған бірнеше ауылдың аты аталады. Солардың ең бастысы - Масанчи ауылы (Масаншы). Біз интернеттегі ашық дереккөздерден аталған ауылдардағы жан санын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Масанчи ауылы.

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы ауыл. 2009 жылғы халық санағы бойынша 13 609 адам. Қазіргі уақта халық саны 20 мыңға жуықтаған.

Құрамы: 90 пайызы дүнгендер. 5 пайызы қазақтар және 5 пайызы орыстар.

Шетін оқиға болған ауыл да осы - Масанчи. Ал ақпараттарда жаппай төбелес кезінде бірнеше ауыл зардап шекті деп айтылады. Олар: Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер және Бұлар батыр ауылдары.

Сортөбе ауылы.

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы ауыл. 2009 жылғы халық санағы бойынша 14 646 адам.

Қаракемер ауылы. 

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы ауыл. 2009 жылғы халық санағы бойынша 2982 адам.

Бұлар батыр ауылы.

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы ауыл. Сортөбе ауылдық округінің құрамына кіреді. 2009 жылғы халық санағы бойынша 2537 адам.

Ауқатты ауылы.

Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы ауыл. 2009 жылғы халық санағы бойынша 5880 адам.

Әрине, аталған ауылдарда жан саны бұл көрсеткіштерден едәуір өскен де болуы керек. Туу бар. өлім-жітім бар т.б. Бейресми статистиканың әртүрлі болуына байланысты ресми ақпараттағы сандарға жүгіндік.

Аталған бес ауылдың халқын қоса есептегенде 46 мыңнан асатын адам екен. Ресми ақпарат бойынша 24 адам көшіп кеткені рас болса, бес ауылдың жалпы халқының тең жарымысы шекара асып кеткені ме?

Қырғыз ақпараты қазақтан қашып, бас сауғалап келгендердің саны 24 мың дегенді айта қойған жоқ. Ал қазақстандық ақпараттар 4 мың мен 4,5 мың деген сандарды жазған.

Бір қызығы 24 мың адам Қазақстаннан қашып, Қырғызстанға өтіп кетті дегенде орыс ақпараты, орыстілді ақпарат алақайлап таратыпты.

Ал әлеуметтік желіде жұрт 4 мың адамның шекарадан шығып кеткенін , оралғанда 8 мың болғанын айтып жатыр.

Мерей Қарт:

Сәуле Әбілдаханқызы:

Оңғар Қабден:

Қуандық Шамахайұлы:

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053