Сенбі, 23 Қараша 2024
Абай мұрасы 4587 0 пікір 28 Шілде, 2020 сағат 11:33

 Хакiм деген кім?

«Толық адам» сатысындағы «кәміл мұсылманнан» жоғары келесі деңгейдегілерді Абай «хакім» деп атайды. Хакімдер адамзат ұстаздарының бірі. Абай отыз сегiзiншi қара сөзiнде бұл топтағы адамдар жайлы былай дейдi: «Олай болғанда хикмет Құдаға пенде өз ақылы жетерлiк қадарiн ғана бiлсем деген әрбiр iстiң себебiн iздеушiлерге хакiм ат қойды». Құдай хикметтерiн бiлу дегенiмiз – Оның жарату сырлары мен жаратқандарын, яғни қоршаған табиғатты және оның заңдылықтарын танып бiлу. Бұл заңдылықтарды хакімдер рухани білім аясында өздерінің ой жүйесімен пікірлеу арқылы біледі. Пікір әркiмнің ақылының шамасына байланысты терең, не таяз болуы мүмкін. Хакiмдер рухани білімді пайдаланып Құдайдың құдiреттiлiгiн түсінуге, әрбір істің Онымен байланысын көруге ұмтылады. Осылай олар өздерiнiң Құдай тағалаға деген сенiмiн арттырып, Жоғары Жаратушыны тану үшiн Оның қасиеттерiн, жарату сырларын сезiнiп-бiлуге тырысады. Сондықтан олар – бiлiм адамдары. Ой-өрісі сана-сезімнің білім деңгейіне көтерілгендер. Кәмiл мұсылмандар білімге ұмтылып, білімін толықтырса, ал хакiмдер – білімді толық меңгерумен қатар, оны іске асыруға ұмтылады. Сол себептен олар қоғам өміріне тығыз араласып, ел басыларына уәзір, кеңесші тәрізді көмекші рөлін атқарады. Бірақ олар табиғат ықпалынан әлі шыққан жоқ, сондықтан өмірді жақсы мен жаманға айырып зерттейді. 

«Бұлар... адам баласының пайдасы үшiн, ойын-күлкi түгiл, дүниедегi бүкiл ләззат бұларға екiншi мәртебелi қалып, бiр ғана Хақты таппақ, әрбiр нәрсенiң себебiн таппақпенен ләззаттанады» – деп олардың іс-әрекеттері Хақпен байланысқан, яғни таза рухани жолда екенін білдіреді. Хакімдердің мақсаты  – дүние көріністерін пайдаланып Хақты тану. 

Хакiмдер табиғатты Алла тағаланың хикметтерiнен бөлмей зерттегендiктен, олардың бiлiмi толық бiлiм. Сондықтан Абай «әрбiр хакiм – ғалым» дейдi. Айналамыздағы таңғажайып кереметтердi Құдай тағаланың өзiмен, Оның бұйрығымен байланыстырып зерттегендiктен хакiмдер өз iстерiнде зор жетiстiктерге жете алады. Сол үшiн хакiмдер Алла тағала хикметтерiнiң себебiн iздеп, олардың сырын ашумен шұғылданады. Бұл әрекеттерді Құдайға құлшылық ретінде жасағандықтан, олар өздеріне үлкен рухани ләззат алады. Кәмiл мұсылмандарға қарағанда хакiмдер рухани бiлiмдi игерiп қана қоймай, оны бойына сiңiре бiлгендер. Соның нәтижесiнде олардың нәзiк болмысы да өзгерiп, ерекше қасиеттерге ие болады. Мәселен, әлемдегi күрделi байланыстарды ашып, бұларды дұрыс бағытта өзгерте алады. Көру, болжау қабiлеттерi өте зор. Тылсым әлемдерге кіріп, олармен байланысу арқылы көптеген тылсымдық қасиеттерге ие болады. Ерекше қасиеттерi бар хакiмдер өткен замандарда хан уәзiрi, көмекшiсi, ақылшысы болған. Нәзiк әлемдерге ену қабiлетi арқылы түрлі қасиеттерге ие болған осындай адамдарға сүйенген мемлекет басшылары, хандар өз iстерiн дұрыс жүргізуге мүмкіндік алған. 

Адамдарға магнетизм, спиритизм, телепатия, қазақша айтқанда, көрiпкелдiк, диуаналық, бақсылық делiнетiн мистикалық қасиеттер екi жолмен берiледi: бiрi – материалдық, ал екiншiсi – рухани жол. 

Материалдық жолмен адам нәзiк денелерiн түрлi жаттығулар арқылы өзгерте отырып ерекше нәзік қасиеттерге ие бола алады. Ол қасиеттер кейде адамға туғаннан да, немесе ата-тегiн қуалап та берiледi. Қазiргi заманда оларды «экстрасенс» деп атап жүрмiз. 

Хакiмдердiң ерекшелiгi – олар рухани жолда болғандықтан, Құдай тағала шапағатына бөлене бастайды. Осылайша олар Құдайға сүйiспеншiлiгiн өсiредi. «Құдай тағала ешбiр нәрсенi себепсiз жаратпаған, Құдайдың осы шеберлiгiн танып, құмар болып, ғибрат алушыларға тию жоқ, бәлки шеберлiктiң себебiн бiлмекке құмарлықтан Жаратушының өзiне ғашықтық шығады» – дейдi данышпан. Бұл арада хакiмдiк iзденiстiң «үш сүюге», яғни Құдайға ғашықтыққа әкелетiнi айтылып отыр. 

Бiрақ жетiлудiң белгiлi бiр дәрежесiне жетпей ғашықтықты ойлауға болмайды. Бұл жалған құлшылыққа әкеледi. Осындайларды көрiп кейде ел арасында сопыларға деген терiс пiкiр қалыптасады. Мұндай қылықтан сақтану үшін Абай былай дейдi: «Құдай тағаланың затына пендесiнiң ақылы жетпесе, дәл сондай ғашықпын демек те орынсыз». Бұл сөзiнде Құдай тағаланың затын түсiнуге адамның ынта-жiгерi, ақыл-есi жетпесе жұртты алдауға болмайды деген мағына бар. Өзіңді де, жұртты да бос қиялмен алдауға болмайды. Құдайға сүйiспеншiлiктiң анықтамасын ол былай деп береді.

Алла тағаланың пендесiн махаббат уа мархабатпенен жаратқандығын бiлiп, махаббатына махаббатпенен ғана елжiремектi Құдайға ғашық болды деймiз. 

Осындай деңгейге жеткенде ғана «Құдайға ғашық болды деймiз». Алла тағаланың бiздi махаббатпен жаратқанын бiлгенде кiмде болса да соған сәйкес сезiм қалыптасуға тиiстi. Абайдың бұл тұжырымына хакiмдер Алла тағаланың хикметiн зерттеу арқылы жетедi. Олар өздерi ғана түсiнумен шектелмей, басқа адамдарға түсiндiруге ұмтылады. Сондықтан хакiмдер де рухани ұстаздар қатарына жатады. 

«Адаспай тура iздеген хакимдер болмаса, дүние ойран болар едi. Адам iс-әрекетiнiң қазығы осы жақсы хакимдер, әр нәрсе дүниеде солардың iс-ойларымен шешiмiн табады. Бұлардың iсiнiң көбi – дүние iсi, бiрақ осы хакимдердiң жасаған, таратқан iстерi ахиретке де егiндiк болатын дүние», – дейдi Абай әрi қарай отыз сегiзiншi қара сөзiнде. Бұдан хакiмдердiң қоғамдағы үлкен рөлi, сондай-ақ қоғам заңдылықтарын, табиғат сырларын ашу мен түсiндiрудегi орны да айқын көрiнедi. Абайдың «Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі» деген сөз хакімдер фәнилік істермен шұғылданады дегенді білдірмейді. Бұл сөздің мағынасы – хакімдер дүние ісін Құдайға құлшылық жолында қолданады деген сөз. Әйтпесе «хакимдер жасаған, таратқан істері ахиретке де егіндік болатын дүние» бола алмас еді. 

Ендi Абай айтқан «дүние мен адам өмірiнiң сырына жетсе де, дiннiң Хақ танымына хакiмдер жете алмайды» дегеннің мәніне тоқталайық. Басты себеп – хакiмдер таза құлшылық жолында емес. Абайдың өзi айтқандай: «Бұлардың iсiнiң көбi – дүние iсi». Олар ниетi таза болса да, өзiмшiлдiк нәзiк сезiмдер ықпалынан толық шыға алмай, атақ-даңқ, сый-құрмет, тағы басқа жалған эго тудыратын нәзiк қасиеттер шырмауынан арыла алмағандар. Сондықтан олар патшалардың уәзірі болуға қарсы емес. Ал әулиелер ешуақытта уәзір болмайды. Оларды фәни әлем қызықтымайды, олар тіршілік ықпалынан толық шыққандар. 

Кәмiл мұсылмандар фәни өмірден бақи өмірге өтіп, рухани әлемге жаңа ғана келіп, әлі санасы жетілмеген жас нәресте тәрізді болса, ал хакiмдер бұл жолда көп жетiстiктерге жетiп, көп нәрсені біліп, белгiлi бiр дәрежеге көтерiлгендер. Ал, әулиелерді алатын болсақ, олар – Хақ танымына жетіп, Құдай санасына ие болғандар, сондықтан, олар бұл өмірдің екіұдайылығынан толық шығып, бүкіл болмысты біртұтас қабылдайды. Олар жақсы-жаман деп бөлмей, өмір көріністеріне бірдей қарайды. 

Әулиелер бүкіл болмыс көрінісінен Хақиқатты көреді. Бір Хақтан басқа ештеңе жоқ болғандықтан, әлемнің екіұдайылығы да жоқ. Ендеше, олар үшін бүкіл болмыс кемшіліксіз, бір Алла тағаланың жасаған үйлесімділігімен тіршілік құрып жатқандықтан, бұл өмірге араласып қажеті жоқ. Олардың ісі – Алла ісі. 

Хакимдер олай емес. Олар Хақиқатқа әлі жете қойған жоқ. Сондықтан, әлемнің үйлесімділігін, кемсіздігін толық қабылдай алмайды. Олардың махаббаты Алла тағаланың Өзімен әлі бірікпеген, тек қана Оның жаратқандарына, қуаттарына бағытталады. 

Олар халықты, адамзатты сүйіп, соның қамы үшін өмірдің екіұдайылық қасиеттерінің ықпалымен жамандықпен күресіп жанталасады. Хакімдердің ісі Хақиқат деңгейінде емес, Оның жаратқандарының, яғни дүниенің деңгейінде болғандықтан, гуманизм жолымен, халыққа қызмет етуге ұмтылады. Сондықтан, олардың ісі, Абай айтқандай, дүние ісі. Бірақ, тағы да ескертетін нәрсе, олар барлық іс-әрекетті Алла тағала разылығы үшін жасайды.

Хакімдер әуелі өздерiнiң бойындағы кемшiлiктерiн көреді. Өмірдегі және адам бойындағы жақсы мен жаманды айыра бiлiп, өз бойындағы кеселдерді көре біліп, олардан құтылуға ұмтылады. 

Абай хакім болған дейміз. Бұған үлкен дәлелдің бірі – оның өз  кемшіліктерін көре білуінде. Ол «Ойға түстім, толғандым» өлеңінде өзінің кемшіліктерін былай деп мойындайды:

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес.

Қарапайым адамға өзінің кемшілігін көру қиын. Оған өзінің түйедей үлкен кемшілігін көруден басқаның түймедей кішкене кемшілігін көру оңайырақ. Сондықтан оны Абай тәрізді данышпанда осынша кемшіліктің болуы таң қалдыруы мүмкін. Бірақ Абай сыны – рухани деңгейдегі сын. Мұндай сын материалдық деңгейден мүлде басқаша. Абай өзін ғана емес, қоршаған ортаны, өз халқын да осындай көзқараспен сынайтыны бар емес пе!?. Себебі ол қарапайым адамға қарағанда кемшілікті анық көріп отыр. Сондықтан кейде көпшілік қауымға мұндай сын түсініксіз, өте қатты айтылған болып көрінуі де мүмкін.  Бұған дәлелдің бірі – жуырдағы Абайды сынап, елді шулатқан Зәуре Батаева деген қарындасымыздың мақаласы. Ол Абайды хакім ғана емес, қарапайым адам ретінде де түсіне алмаған. 

Абай өзінің кемшіліктерін көріп қана қоймай, олардың себептерін де біледі. Оларды былай деп көрсетеді: «Осынша ақымақ болғаным көрiнгенге қызықтым. Ғадiлеттi жүректiң әдiлетiн бұзыппын. Ақыл менен бiлiмнен әбден үмiт үзiппiн; ...Мақтанбасқа мақтанып, деп жүрiппiн «пысықпын». Бұлар бүкіл адамзатқа ортақ кемшіліктер. Осылай өзін, не болмаса өзінің жақындарының, халқының кемшіліктерін анық басып көрсету рухани жетiлген, адам мінездерін тек қана жоғарғы деңгейде бағалайтын хакiмдерге тән қасиет. Осындай өткір сөздер хакімдерге басқаларға ықпалын күшейтіп, оларды дұрыс жолға түсіруге мүмкіндік береді. Олар өздерiнiң және басқалардың фәнилiк кемшiлiктерiмен күресу жолына түседi. Хакімдер егер өз кемшіліктерін жеңе алса әулиелiк деңгейге көтерiледi. Ал жеңе алмаса ол сол деңгейде қалады, не болмаса кейде төмен құлдырайды. 

Хакімдер өздерінің ішкі дүниесін тазарту жолында үнемі күресте. Мұндай күресті исламда «үлкен жиһад» деп атайтыны белгілі. 

Хакiмдер туралы Абай әрi қарай былай деп жалғастырады: «Егер бұлар дiн ұстазымыз емес болса да, дiнде басшымыз Құдайдың елшiсi пайғамбарымыздың хадис шарифi «адамның жақсысы адамға пайда келтiрген адам» деген». Абай осылай хакiмдер тіпті әулиелер тәрізді дiни ұстазымыз емес дегеннің өзінде (хакімдер, әрине, діни ұстаз болып табылады), сонда да олар халыққа қызмет жасаушы, сондықтан жақсылық әкелушi рухани ғалымдар дейдi. Осы ой-пiкiрiн жеткiзу үшiн ол хакiмдердiң адамзатқа пайдалы iстерiн тәптештей атап, бұл iстердiң «баршасы пайда берушi болған соң, бiздiң оларға мiндеткерлiгiмiзге дауа жоқ» – деп қорытындылайды. Сондықтан хакім Абайдың өзін тек қана осы қасиеті үшін де құрмет тұтуымыз керек. Абайды сынаудан бұрын Зәуре Батаеваға әуелі осы ақиқатты түсініп алу керек еді.  

Абай хакiмдер мен ғалымдардың айырмашылығын да ашып бередi. Қоршаған ортаны Құдай тағаладан бөліп, тек қана материалдық әлем заңдылықтары аясында қарастыратын ғалымдар туралы Абай былай дейдi: 

Хаким, ғалым асылында бiр сөз, бiрақ танымында басқалар дүр. Дүниеде ғылым заhири (сыртқы) бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйрiктер ғалым атанады. 

Хакiм мен ғалым түп төркiнiнде бiр сөз, екеуiнiң де мақсаты – өмір заңдылықтарын, ақиқаттарды ашып, тану. Алайда тану жолдары бөлек. Хакiмдер өмірдi рухани ғылым-бiлiм арқылы таныса, ғалымдар материалдық тұрғыда, яғни өздерiнiң сезiм мүшелерi арқылы таниды. Олар болмыстың тереңіне үңіле алмайды. Сондықтан олар туралы Абай «Әрбiр ғалым –- хаким емес» дейді.

Ғалымдар көбiнесе тұрпайы материалдық әлемнiң заңдылықтарын ашады, алайда ол заңдылықтарды Құдай тағаланың жасағанына мән бермейдi. Сондықтан, олардың тұжырымдары Түпкi Себеппен байланыспағандықтан, табиғат заңдылықтарын толық түсiнуге мүмкiндiк бермейдi. Материалдық әлем бiртұтас зерттелмей, бөліп зерттеледі. Табиғаттың әрбiр бөлшегi жеке зерттелуiне байланысты ғылымның түрлi салаларындағы жетiстiктер көбiнесе бірікпей, өзара келiсiмiн таба алмайды. Осының салдарынан кейде олардың нәтижесi қоршаған ортаға, табиғатқа зиян келтiрiп те жатады. 

Материалдық әлемдi зерттеудің пайдасы да бар. Бұл жолда кейбiр ғалымдар бiр Жаратушының барына көздерi жетiп, имандылық жолына түскен. Мысалы, Нильс Бор, М.Планк, Е.Вигнер, А.Эйнштейн тәрiздi әйгiлi ғалымдар сондай болған. 

Табиғаттың түпкi сырын танып-бiлуде ғалымдардың iзденiс бағыты төменнен жоғары қарай немесе қарапайымнан күрделiге қарай, индуктивтiк әдiс деуге болады. Бiрақ бұл жолмен бүкiл болмысты танып білу мүмкiн емес екенiн Абай былай деп бiлдiредi: «Заты түгiл, хикметiне ешбiр хаким ақыл ерiштiре алмайды. Алла тағала – өлшеусiз, бiздiң ақылымыз – өлшеулi». 

Хакiмдер Абсолюттiк Ақиқатты ғалымдар тәрiздi төменнен жоғары қарай емес, керiсiнше жоғарыдан төмен қарай бағытта, яғни, дедуктивтiк әдiспен таниды. Бұл өте тиiмдi әдiс болғандықтан, олардың бiлiмi толық. Олар туралы Абай былай дейдi: «әрбiр хаким – ғалым». 

«Ғалымдардың нақлиясымен мұсылман ерiп иман қылады. Хакимдердiң ғақлиятымен жетсе шын иман болады» – деген Абай сөзiне үңiлейiк. Ерiп иман қылу – ұстаз соңынан шәкiрт болып еру. Бұл арада айналамыздағы Құдай тағала хикметтерiн ғалымдар ашқан заңдылықтар арқылы тану, бiлу деген мағынада айтылып отыр. Ғалымдар зерттеулерi бойынша табиғаттың керемет үйлесiмдi заңдылықтары ашылған соң, адамдар бұл заңдылықтардың түпкi себебiн ойлайды. Осылай олар бір Жаратушы барын түсініп, иманға келеді. 

Қырық бесінші қара сөзінде Абай «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз» дейді. Қай ғалым болса да жаңадан ештеңе жасай алмайды, тек қана бар нәрсені тағы да ашып, көрсетеді. Сөйтiп бүкiл рухани және материалдық болмыстың заңдылықтарын тануға, барлық болмыстың Жаратушысын танып, мұсылман еріп иман қылады. 

Шын иман дегеніміз еріп иман қылудан бөлек. Шын иман дегеніміз – Алла тағаланы жүрек арқылы қабылдау. Бұл хакімдердің ісі. Себебі хакімдер ғана Алла тағаланың хикметтерін рухани деңгейде түсіндіріп, адамның жүрегіне жеткізе алады. Яғни, еріп иман қылу – заттық әлемді түсіну арқылы болса, ал шын иман – Алла тағаланың өзін тану арқылы болады. Бұл – өмірдi имандылық жолмен, рухани бiлiм арқылы тану деген сөз. 

Сонымен хакiмдер – бүкiл адамзатқа рухани ұстаз, ал хакiмдiк iлiм – Құдайға құлшылық жолы, баршаға ортақ рухани қазына болып табылады. 

Абайдың «толық адам» ілімін жуырда жарық көрген «Абай мұрасын қолдану жолдары» атты кітабымызда толығырақ бергенбіз.  

Досым Омаров,

абайтанушы, теолог.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364