Араб алса жеріңді, қытай қазар көріңді
Ауылдағы елдің жерін енді арабтар алатын болды.
Ауылдағы елдің жерін енді арабтар алатын болды.
Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысумен өткен Астанадағы Қазақстан мен саудтық араб кәсіпкерлернің арасындағы форумда осы бір жайттың беті ашылды. ҚазТАГ таратқан ақпаратқа сүйенсек, Қазақстан шетелдік инвесторларға, оның ішінде саудтық инвесторларға 3,5 млн гектар көлемінде ауылшаруашылық жерлерін беруге дайын көрінеді. Аталған ақпарат көзі бұл деректі ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің вице-министрі Арман Евниевтің сөзіне сілтеме жасай отырып жариялады.
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің шаруашылық жерлерге жасаған сараптауларының нәтижесінде әр түрлі себептерге байланысты бүгінгі күнге дейін айналысқа енбеген 3,5 млн гектар жердің бар екендігі анықталды. Бірақ бұл жерлер ауылшаруашылығында айналыста болған жерлер және ол жерлерде негізінен ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге және мал азығын өсіруге болады, - дейді Арман Евниев. Байқап отырған шығарсыз, біздің шенеуніктің сөзі кәдімгі жаңылтпаш сияқты. «Әртүрлі себептерге байланысты бүгінгі күнге дейін айналысқа енбеген 3,5 миллион гектар жер бар» деген ол ізінше әлгі жерлердің ауылшаруашылығының игілігінде екенін айтып және ақталады. Сонда Арман мырза кімді алдап, кімді ақымақ санап отыр? Қазақ жерін иітіп, табыс табуға мүдделі саударабтық инвесторды ма, әлде, өз жеріне өзі ие болу құқығынан айрылған қазақты ма? Шамасы Арекең бәрімізді ақмақ санап, бәрімізді бірдей алдағысы келетін сияқты. Қисын мынада: қазаққа жердің бос жатқанын және ол жерді игерудің қиындығын айту керекте, арабқа қазақ жерінің түгін тартсаң май таматын мырзалығын жарнамалап жалға өткізіп жіберу керек. Ал, арбатар болса жерді жалға емес, жекеменшікке алуды жөн санайды. ҚазТАГ-тың хабарлауынша, форум барысында саудтық бизнес өкілдері Қазақстан үкіметіне саудтық инвесторлар үшін экономиканың бірқатар секторларында жеке меншіктік құқық пен салықтық жеңілдік сұрап өтініш жасаған. Саудаға шебер саудтықтардың Мәсімов үкіметіне мұндай өтініш жасауында бір жіңішке себеп бар. Себебі, Арман Евниевтің сөзімен айтсақ, шетелдік инвестор Қазақстан территориясында заңды тұлғаны тіркеуден өткізсе, жерлерді жеке меншігіне ала алады. Демек, көп күтудің қажеті жоқ, таяу уақытта селеулі қазақ даласын сәлделі араб басатын болады. Айтпақшы, 3,5 млн га жер тек арабтарға ғана емес, өзге де шетелдік инвесторларғы жалға немесе жекеменшікке берілуі әбден мүмкін. Мәсімов қатысқан форумда жария болған жайттың негізгісі – осы. Ендеше, құмырсқаның илеуіндей қайнаған қытай арабтармен араласып, өзбек дихандары үнділермен үндесіп Алатау мен арқаның арасында өріп жүрсе, оған қазірден таңқалмаудың қамын күйттеген абзал. Олармен бірге баябан байтақ өлкеге келіп сіңетін дәстүр мен жоралғыларға да, қайшыласқан проблемаларға да, дүниетаным мен көзқарастардың керағарлығына да, жерге таласып билікке ықпал жасайтын сыртқы күштердің саясатына да, құдай бетін ары қылысын, бірақ түбінде жер үшін бұрқ ете қалуы ықтимал қақтығыстарға да осы бастан қапсыз дайын болуға тиіспіз. Өйткені, бізде әлгіндей мәселелердің шет жағасы көрініс тауып та үлгерді ғой. Екі үш жылдың шегінде ел ішін қатты ашындырған Шелек, Маловодное, Шаңырақ, Бақай, Маятас оқиғаларын еске түсіріңіз. Соның бәрі биліктің қазақ мүддесін ескермегендігінің, ескеру былай тұрсын, менсінбегендігінің салдарынан туған аянышты ахуал еді. Міне, билік тағы да сондай қадамға аяқ басты. Бұл жолғысы тым ірі, тым аршынды қадам. Билікті осындай аршынды қадам жасауға жер алпауыттары – латифундистердің итермелеуі мүмкінбе. Әбден мүмкін. Жерге жекеменшік формасын енгізіп, өкіметке заң шығартып, миллиондаған гектар аймақты бауырына бүктеп басқан Терещенко, Кулагин, Мадинов бастаған шонжарлар енді жерді жалға берудің нәтижесінде байлыққа кенеле түспек. Әрине, шетелдік инвесторлармен бірге ауылшаруашылығына жаңа технология енер. Жұмыс көздері ашылып, жер еміп пайда табудың жолдары көбейер. Алайда, соның бірі қазаққа жұға қояр ма екен? Неге десеңіз, қазақта жер жоқ. Жерді жалға алып отырғанының өзі некен-саяқ. Жердің шұрайлысы Терещенко мен Мадиновте. Демек, инвесторлардың қызығын да алдымен солар көреді. Қысқасы, ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығын тойлауға кірісіп қызылтанау болып жүрген қасқа қазақ жер астының байлығы мен бетіндегі бедесінен айрылып сымпиып қалды. Бұндайда ойыңа бір кездегі түйе мінген жалаңаш араб баласының бүгінгі хал-қадыры оралады екен. Саудтық арабтармен атасы бір әмірілік арабтары 1970 жылдары тәуелсізідігін жария еткеннен кейін қып-қызыл құмнан құнарлы топырақ жасап сағым аунаған сахараны мәңгі жасыл пальмалардың салатанатына айналдырды. Мұнай мен газдан өзге байлығы кем әмірілік арабтары қазір теңіздердің бетіне жасанды арал «жапсырып» ғажайып қалашықтар салуда. Ал біз жиырма жылдың ширегінде мұның біріне жете алмадық. Жердің астын қазып бұрғылап тастадық, стратегиялық нысандарды, сынақ алаңдарын жалға өткізіп, сатып жібердік. Бізге сонда да шыр бітпеді. Енді қайтер екенбіз?..
Дәурен ҚУАТ