Үштөбелік ұлан абыройымызды асырды
Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан Азия чемпионатының бейсенбідегі бәсекелері біздің ел құрамасы үшін берекелі болды. Осының алдында жазғанымызда, сол күні Қазақстан құрамасының қоржынына бір қола мен екі алтын түсіп, жерлестеріміздің жүлделерінің саны төртке жеткенін айтқан болатынбыз. Бейсенбі күні кешкісін сағат 19-да «Өркен» спорт кешенінің жарыс залындағы тайталас алаңына шыққан 94 келі салмақ дәрежесіндегілер арасында топ жарған үштөбелік ұлан Владимир Седов алтындар санын үшке, жүлделер санын беске жеткізді. Енді біздер үшін жүлде жауған күн болып табылған бейсенбідегі бәсекенің жай-жапсарына егжей-тегжейлі тоқталып көрелік.
Ауыр атлетикадан Талдықорғанда өтіп жатқан Азия чемпионатының бейсенбідегі бәсекелері біздің ел құрамасы үшін берекелі болды. Осының алдында жазғанымызда, сол күні Қазақстан құрамасының қоржынына бір қола мен екі алтын түсіп, жерлестеріміздің жүлделерінің саны төртке жеткенін айтқан болатынбыз. Бейсенбі күні кешкісін сағат 19-да «Өркен» спорт кешенінің жарыс залындағы тайталас алаңына шыққан 94 келі салмақ дәрежесіндегілер арасында топ жарған үштөбелік ұлан Владимир Седов алтындар санын үшке, жүлделер санын беске жеткізді. Енді біздер үшін жүлде жауған күн болып табылған бейсенбідегі бәсекенің жай-жапсарына егжей-тегжейлі тоқталып көрелік.
Түске дейін 85 келі ерлер арасында тым тартысты бәсеке өріс алды. Мұндағы басты тайталастан бұған дейін бой бермей келе жатқан қытайлықтар мен кореялықтар тысқары қалды деуге болады. Жұлқа көтеруде 160 келіні игеріп, осы салмақты көтерген төрттіктің қатарынан табылғанымен, алдына үш бірдей мықтыны жіберіп қойған Алмас Өтешовке артылған сенім селдірей бастағанымен, серпе көтеруде сүрінбес деп үміттендік. Ал жұлқа көтерудегі алдыңғы үштікке келер болсақ, олар мыналар: ирандық Шохрат Моради 168 келіні көтерсе, өзбекстандық Мансурбек Шашемов 164 келіні, қытайлық Ди Ли 162 келіні бағындырды. 105 келі салмақ дәрежеде Сергей Истомин 187+210=397 келіні бағындырып, алтын алды. Серпе көтерудегі тартыс осы төрттік арасында өрбіді. Мұнда да Моради ешкімге дес бермеді. Ол үш мүмкіндігін де пайдаланып, 193, 197 және 199 келілерді бағындырды. Мансурбек те одан қалысқан жоқ. Бір келіге ғана есе жіберіп, екінші орынға тұрақтады. Біздің Алмас болса, алғашқы екі мүмкіндігінде 190 және 197 келіні қиналмай бағындырғаннан кейін, тәуекелге бел буып, 203 келіге тапсырыс берген еді. Егер осы салмақты көтергенде ол қоссайыс қорытындысында күміс алқа алуы мүмкін болатын. Өкінішке қарай, қазақстандыққа бұл салмақ бағынбады. Ал қытайлық спортшы бірінші мүмкіндігіндегі 192 келіден аса алмады. Осылайша 85 келі салмақ дәрежесіндегі саңлақтар арасындағы Азия чемпионы атағы қоссайыс барысында 367 келіні игерген Иран спортшысына бұйырса, өзбекстандық Шашемов (164+198=362 келі) өз елі құрамасының есебіне күміс алқаны жазды. Біздің жігіт 160+197 =357 келімен Қазақстан қоржынына жарыс басталғаннан бергі екінші қола жүлдені салды.
Былтырғы жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы сапында барып, соңғы сәтте ресейлік спорт функционерлерінің кесірінен жарыстан шет қалған, бүгінде Алматы облысының атынан сынға түсіп жүрген Светлана Подобедова өзінің басты қарсыласы, қытайлық Као Лейді бұл жолы мүлде маңайлатпады десек те болады. Жұлқа көтеруде біздің қыз үш мүмкіндігін де тамаша пайдаланып, 120, 125 және 130 келіні (Азия рекорды) бағындырса, Као Лей 115-ті әрең игерді. Бұл жаттығудағы үшінші орын кореялық Лим Жи-хуеге бұйырды. Светлана табысты тайталасын одан ары сәтімен жалғастырып, серпе көтеруде 150 келіні еркін еңсерді. Қытайлық бұл жолы да 10 келіге қалып қойды. Мұндағы кіші қола медаль 128 келіні көтерген тайландтық Ваечараваде Раға бұйырды. Осылайша Светлана Подобедова қоссайыс қорытындысында қарсыластарын, атап айтқанда, күміс алқаны алған қытайлық спортшыны 22 келіге, тайландтық штангашыны 55 келіге артқа тастап, өзіне үміт артқан қазақстандықтардың сенімін артығымен ақтады.
Біраз жыл үлкен спортпен қоштасып, балалы-шағалы болғаннан кейін жарыс алаңына қайта оралған Татьяна Хромова өзінің жеңіске деген жігерімен талайды көргендердің өзін таңғалдырды. Әйелдер арасындағы ең ауыр салмақта сынға түскен ол да қарсыластарынан анағұрлым жақсы өнер көрсетті. Хромова жұлқа көтеруде басты қарсыласы, қытайлық Ву Жианнан ек келі артық салмақты игеріп, 115 келіні бағындырды. Мұндағы үшінші нәтиже тағы бір тайландтық спортшы Аннипа Моонтардың еншісіне жазылды. Бірінші жаттығуда алдан көрінген Татьяна осы артықшылығын серпе көтеруде де сақтап қалды. Бұл жолы 143 келіні көтерді. Қытайлық қыз тағы да екі келіні кем бағындырды. Осылайша қоссайыс қорытындысында 258 келі салмақты еңсерген шымкенттік Хромова Азияның чемпионы атанды. Оған төрт келі ұтылған қытайлық штангашы күміс алқа алса, тайландтық қайсар қыз 247 келімен қоланы иеленді.
Бейсенбі күні кешке дейін қазақстандықтар үш медаль алды. Бірақ спорт кешеніндегі жанкүйерлердің мұрты да бұзылған жоқ. Өйткені олар Алматы облысындағы Үштөбе қаласының тумасы, өздерінің сенім артқан жерлестері, жастығына қарамастан, қарсыластарын мойындатып үлгерген Владимир Седовтың сол күні алтын алқа алатынына үлкен сенім артып, үміттенген еді. Спорт кешенінің ауласында жолығып қалған Алматы облысы спорт саласының жетекшісі Тұратбек Шарапиев те толқынысы мен қуанышын жасыра алмай: «Талдықорғанда өтіп жатқан Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін бүгін тым сәтті болып тұр. Сонымен бірге біздер Алматы облысы жұртшылығы үшін тіптен мерейді тасытты десем, артық айтқандық бола қоймас. Сейсенбі күні Майя Манеза 63 келіде жүлдегер атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы қоланы салып еді, бүгін, міне, Светлана Подобедова алтын алқалы болып, абыройымызды асырды. Кешкісін Седов шығады сайысқа. Бейжіңдегі олимпиадалық додада тәжірибесіздігі салдарынан қолда тұрған жүлдеден айырылып қалған жерлесіміздің Азияның алтынын алатынына сенемін» деген еді. Білікті басшы қателеспепті...
94 келі салмақта бірден суырылып алға шыққандар арасында Қытай мен Қазақстаннан қос-қос спортшыдан болды. Сондай-ақ Қырғызстан мен Иран, қытайлық Тайпей мен Тайланд штангашылары да өздерінің жүлдеден үмітті екенін байқатты. Жұлқа көтерудегі алғашқы бестіктің құрамы төмендегідей болды. Үш мүмкіндігін де құр жібермей, 175, 180 және 183 келі салмақтарды еш қиналмастан бағындырған Владимир Седов кіші алтынды иеленсе, үш мүмкіндік барысында 175 келіні игерген қытайлық Хуанг Жонг екінші орыннан көрінді. Үшінші және төртінші орындарға тағы бір қытайлық Вуан Аижун мен қазақстандық екінші спортшы Игорь Вощанов (170 келі) орналасты. 169 келімен тоқтаған ирандық Насир Желал Навад бесінші нәтиже көрсетті. Міне, осы бестік серпе көтеруде де барларын салып, жүлделі орындарды бөліске салды. Қытай спортшысы Хуанг Жонг тапсырысты 205 келіден бастады және осы салмақты игергеннен соң, қалған мүмкіндіктерінде 210 және 215 келіні көтере алмады. Біздің Седов та бірден 205 келіге тапсырыс беріп, оны еш қиналмастан бағындыры. Содан кейін кезек-кезегімен 210 және 215 келі салмақтарды басынан асырды. Қытайлық екінші спортшы Вуан Аижун 200 келіден соңғы тапсырыстарын орындай алмады. Біздің екінші мықтымыз Вощанов үш мүмкіндігін де орындап, 195, 200 және 201 келі салмақтарды игерді. Жұлқа көтеруде осы екі ауыр атлеттен қалып қойған ирандық спортшы серпе көтерудегі үшінші мүмкіндігінде 207 келіні бірақ көтеріп, соның арқасында қоссайыс қорытындысында Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Ал Владимр Седов 183+215=398 келімен құрлық чемпионы атанды. Мұндағы күміс алқаны алған Қытай ауыр атлеті Хуанг Жонг одан он сегіз келіге қалып қойды. Осылайша бейсенбі күні қазақстандық ауыр атлеттер айды аспанға бірақ шығарып, бір күнде үш алтын және бір қола медальды қоржынымызға салды.
БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:
Жұма күні кешкісін Талдықорғандағы Азия чемпионаты аяқталды. Құрлықтық доданың соңғы күні ерлер арасындағы 105 және +105 келі салмақ дәрежесіндегі алыптар күш сынасты. 105 келі салмақта сынға түскен Сергей Истомин барлық қарсыластарын қапы қалдырып, алтыннан алқа тақса, +105 келіде тағы бір жерлесіміз Яков Берх ел құрамасының қоржынына кезекті қоланы салды. Осылайша Қазақстан ауыр атлетика құрамасы өз тарихында тұңғыш рет толайым табысқа қол жеткізді. Қазақстан құрамасының жалпы есебінде төрт алтын және үш қола жүлде бар. Әзірге белгілі болғандай, қыздарымыз командалық есепте бірінші орынды иеленіпті. ҚР ауыр атлетика федерациясының президенті Қайрат Тұрлыхановтың әкесі «Болат Тұрлыханов атындағы» қайырымдылық қорының өкілдері жетісулық Азия чемпиондары Светлана Подобедова мен Владимир Седовты Болат Тұрлыханов атындағы арнайы жүлделермен марапаттады.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы
«Айқын» газеті 18.05.2009 жыл