АЛМАТЫНЫҢ ҚОЖАЙЫНДАРЫ КІМДЕР?
«Алматының қожайындары кімдер?» дегенде еске әрідегі Нұрқаділов те, берідегі Тасмағамбетов те емес, дәл Храпуновтың түсетіні несі екен? Тіпті бүгінгі күні де Алматыны сол Храпуновтың елесі кезіп жүргендей көрінетіні қалай? Бір Алматыны басқарғанда, бір мемлекетті басқарғандай болыпты. Басқасы басқа, осы аэропортымызды Храпуновқа салғызбай-ақ қойсақ та болғандай екен.
2000 жылы 21 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газеті «Алматының қожайындары кімдер?» деген мақала басты. Қазақтілді газет тап сондай мақала басады деп ойламаған Храпунов қатты шошып кетті. Мақаланы аудартып оқып, талқыға салып: «Мынау маған сабақ болды», - деп мәймөңкелеп шыға келді. Шетін мәселенің тігісін жатқыза жазылған жауап та келіп қалды. Бірақ басталып кеткен пікірталасқа тоқтау болған жоқ. Қарап отырсақ, сол мақалалар бүгін де қызықты оқылады екен.
Бәлкім, онда айтылған кейбір проблемалар қазір ішінара шешімін де тапқан болар. Тіпті кейбір бұрыс делінген мәселе дұрыс болып та шыққан шығар. Алайда Храпуновтан қандай қолтаңба қалғанын бәріміздің де ішіміз сезіп отыр. «Іс бітті, қу кеттінің» керін келтірген мырзаның орнын сипадық та қалдық. Газеттер бүгінде ол туралы күнде жазып жатыр, бірақ көзі бар кездегі «Қазақ әдебиетінің» жазғанындай елең еткізбейді. «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап», - дейді мұндайда қазақ.
«Алматының қожайындары кімдер?» дегенде еске әрідегі Нұрқаділов те, берідегі Тасмағамбетов те емес, дәл Храпуновтың түсетіні несі екен? Тіпті бүгінгі күні де Алматыны сол Храпуновтың елесі кезіп жүргендей көрінетіні қалай? Бір Алматыны басқарғанда, бір мемлекетті басқарғандай болыпты. Басқасы басқа, осы аэропортымызды Храпуновқа салғызбай-ақ қойсақ та болғандай екен.
2000 жылы 21 шілдеде «Қазақ әдебиеті» газеті «Алматының қожайындары кімдер?» деген мақала басты. Қазақтілді газет тап сондай мақала басады деп ойламаған Храпунов қатты шошып кетті. Мақаланы аудартып оқып, талқыға салып: «Мынау маған сабақ болды», - деп мәймөңкелеп шыға келді. Шетін мәселенің тігісін жатқыза жазылған жауап та келіп қалды. Бірақ басталып кеткен пікірталасқа тоқтау болған жоқ. Қарап отырсақ, сол мақалалар бүгін де қызықты оқылады екен.
Бәлкім, онда айтылған кейбір проблемалар қазір ішінара шешімін де тапқан болар. Тіпті кейбір бұрыс делінген мәселе дұрыс болып та шыққан шығар. Алайда Храпуновтан қандай қолтаңба қалғанын бәріміздің де ішіміз сезіп отыр. «Іс бітті, қу кеттінің» керін келтірген мырзаның орнын сипадық та қалдық. Газеттер бүгінде ол туралы күнде жазып жатыр, бірақ көзі бар кездегі «Қазақ әдебиетінің» жазғанындай елең еткізбейді. «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап», - дейді мұндайда қазақ.
Осыдан он жыл бұрынғы Алматы мен қазіргі Алматыны төмендегі мақалалар топтамасын оқи отырып салыстыруға әбден болады екен. Газетті сол тұста шығарып тұрған азаматтардың келісімімен «Халық сөзінің» оқырмандарына қайыра ұсынылып отырған бұл пікірталастың мәнін жоймаған жақтары да аз емес, қарап шықсаңыз. Оны былай қойғанда, екінші онжылдықта тәуелсіздік көшінің қалай түзеліп қалғанын да байқайсыз. Храпунов кеткенмен, қала орнында қалды, ендеше содан бері не шешіліп, не шешілмегенін ой елегінен тағы бір өткізіп қойғанның артығы жоқ деп білдік.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақ жастарының негізгі ұраны ұлттық теңсіздікті жою, қазақ тілінде басымдық беру мәселесі болғаны белгілі. Алматыда алаңға шыққан жастарды қаладағы қазақ тұрғындарының басым көпшілігінің үйсіз-күйсіз ұзақ жыл сарсылып жүретіні, олардың тіпті төлқұжатын тіркеудің өзі зор бейнет екені, тіркеуде болмаған соң жұмысқа орналаса алмайтыны, жұмысқа орналасқан күнде пәтерге қолы жетпей, жатақханаларда ондаған жыл өмір кешетіні ашындырған еді. Сондай-ақ, барлық ықпалды, басшы орындарда, зауыт-фабрикалар мен мекемелерде қазақтардың некен-саяқ ұшырасатыны, мұндағылардың бәрі дерлік қазақ тілін білмейтіні наразылықты өршітіп, ашу-ызаға бөктіргенді. Осы көтерілістің туындау себептері іздестірілгенде, мұндай талап-тілектердің орынды екені кеңінен дәлелденіп, басшылардан қазақ тілін білу талап етіліп, қазақ жұмысшыларына тұрғын үй беру, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібіне қойылған болатын. Соның барысында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, Алматыдағы қазақ тұрғындарға үй немесе үй салу үшін жер бөлініп, кәсіпорындар есігі айқара ашыла бастаған-ды. Кейіннен еліміз тәуелсіздігін алған кезде бөркін аспанға атып қуанбаған қазақ жоқ десе де болады. Бұрын Мәскеудің қысымы арқылы қазақ ұлты теңсіздікке ұшыраса, қазақ тілі шетқақпай болып келсе, енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп, қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ болды дегендей сенімге әркім-ақ иек артқаны күмәнсіз. Сөйтіп Алматыдағы кәсіпорындардың, мекемелердің мамандары, жұмысшылары қазақ жастарымен толығуына кеңінен жол ашылатыны күмәнсіз еді. Өйткені, Алматыдағы өзге ұлт өкілдерінің атамекеніне қайту ағыны күрт күшейіп, еңбекке қабілетті жастар негізінен қазақ болып қалыптасатынына, сол кезеңде, енді оншақты жылдан кейін еліміздің байырғы астанасы Алматыдағы еңбек орындары ауылдар мен шет жұрттардан ағылып келіп жатқан қазақтарға есігін айқара ашатынына ешкім шүбә келтірмеген-ді. Өйткені, сол кезеңнің өзінде-ақ, Алматы қаласында қазақтан өзге ұлт өкілдерінің жастары күрт сирей түскені оңай аңғарылатын.
Тәуелсіздік алғалы он жылдай уақыт болды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққан жастардың талап-тілегі мен арманы дәл осы Алматыда қалай жүзеге асты? Қаладағы ұлт мәселесі қалай шешімін тауып келеді? Осындай сауалдарға жауап іздестіріп, Алматы қаласының қазіргі өміріне көз жіберейікші.
Рас, бұрын қалалықтардың басым көпшілігі қазақтар емес еді. Ал қазір көшелер мен базарлардағы халықтың 80-90 пайызы қазақтар екенін аңғару оңай. Сондай-ақ, қала ішіндегі автобустар мен трамвайлардың жүргізушілерінен бастап, сауда орындарының көбінде дерлік қазақтардың істеп жүргені бірден байқалады. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейінгі ұлт мәселесі жөніндегі айтыс-тартыстарды қазақтар саудаға бейім емес, сондықтан да, сауда саласында олар некен-саяқ, қазақтар кәсіпорындарда техниканы игеруге құлықсыз, олар негізінен, мал бағуға ғана бейімделген дегендей уәж айтылса, қазір мұндай сылтаулардың мүлде қисынсыз, жала екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сырттай қарасаңыз, Алматыдағы тірліктің барлық саласында қазақтардың, әсіресе қазақ жастарының басым екендігін аңғару қиын емес.
Ал қала әкімшілігінің айтқандарына зер салсақ, Алматыда жұмыспен қамту, адамдардың табыс табуына қамқорлық жасау жылдан-жылға жақсарып келеді екен. Биылғы бірінші тоқсанда қала өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі республикадағы орташа деңгейден асып, 20 пайызға жетіп, ірі және орта кәсіпорындар жұмысында оңды өзгерістер байқала бастаған. Бұл саладағы өндіріс көлемі 27 пайызға көтеріліпті. Яғни, қаладағы әрбір екінші кәсіпорын өндіріс көлемін арттыруда. Биыл жыл басынан бері 25 өнеркәсіптік кәсіпорын ашылып, 520 адам жұмыспен қамтылды. Алты кәсіпорын өндірісін қайта жандандырып, бұларда 627 жұмыс орны қалпына келтірілген. Жалпы қалада кәсіпкерлікпен 164 мыңнан аса адам айналысады екен. Әр тоқсан сайын олардың саны 12 мыңға өсіп келеді. Сөйтіп, биылғы алғашқы тоқсанда-ақ 2000-ға жуық адам еңбекпен қамтылып, 9 мың адамды жұмыспен қамту мемлекеттік тапсырыс бойынша тендер өткізілетін болып отыр. Міне, мұндай сандарға көз жүгіртсеңіз, Алматы өмірінде жақсы серпін қалыптасқанын ұғынасыз. Алайда бұл ілгерілеудің қазақтарға қатысы шамалы екендігіне дәлелдер аз емес. Ал осынау асқақ сандардың астарына ұлт мәселесіне қырынан үңілсеңіз, көптеген күдікті жайттарды ұғынбау мүмкін емес. Қала көшелеріндегі қаптаған қазақтарға қарап, олардың жағдайы өзге ұлт өкілдерімен бірдей дегенге сену қиын. Неге? Себебі, жұмыс іздеушілер мен жұмыссыз қалғандардың басым бөлігі қазақтар болып келеді де, жұмыс берушілердің басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері.
Рас, әу баста жабайы базар кеңінен қанат жайып, Алматы тұрғындары жаппай ұсақ-түйекті саудалауға көшсе, олардың бұл іске бейімділері біраз уақыттан кейін дүңгіршектер орнатып, тұрмысын, табысын едәуір жақсартуға қол жеткізсе, олардың дені қазақ отбасылары еді. Қала әкімінің шешімі бойынша Алматы көшелерінен дүңгіршектер түгелдей дерлік алынып тасталуына орай, мыңдаған қазақ отбасылары жұмыссыздар қатарын толықтырды. Ал қала басшыларының сөзіне қарағанда, мұндай дүңгіршектер қала сәнін бұзатын көрінеді, сондықтан да бұндай сауда орындары негізінен көп қабатты үйлердің астыңғы қабатындағы пәтерлерге ойыстырылғаны жөн. Демек, шағын бизнеске қамқорлық жасау, негізінен үйлердің астыңғы қабатынан сауда орнын ұйымдастыруға бағытталуы тиіс. Міне, ұлттық теңсіздік осындай елеусіз мәселеден де қылаң бере бастады. Неге? Себебі, Алматы қаласында 1990 жылдарға дейін қазақтардың үлес саны студенттерді қосып есептегенде 20 пайыздай ғана болған-ды. Демек, қаладағы тұрғын үйлердің 90 пайызында қазақтар тұрмаған. Кейін тұрғын үйді жекешелендіру барысында осынау 90 пайыз түгелдей өзге ұлт өкілдерінің меншігіне өтті. Ал қалаға ағылған қазақтардың біраз тиын-тебені барлары, өзге ұлт өкілдерінің басы артық үйлерін қып-қызыл ақшаға сатып алуға мәжбүр болып келеді. Қаладағы тұрғын үйдің негізі өзге ұлт тұрғындарынікі болғандықтан да, көшедегі дүңгіршектерді сыпырып тастау барысында негізінен қазақтар табыстан қағылып, өзге ұлт өкілдері тұрғын үйлерінде сауда орнын ашуға мүмкіндік алды.
Қаптаған қала базарларындағы сауда жасаушылардың басым бөлігі қазақтар болса, базардағы сауда орны үшін төлем ай сайын қымбаттай түсуде. Мұндай төлемге шамасы жетпегендер (мұндайлардың бәрі дерлік қазақтар) базар сыртында сауда жасауға мәжбүр болса, оларды полиция арқылы қуалау мен жазалау шаралары қолданылғаны, соның барысында биылдың өзінде бірнеше мәрте қақтығыстар болғаны мәлім. Жалпы, қаланың базарлары мен сауда орындарына зер салсаңыз, өзге ұлт өкілдерінің саудалайтыны ірі, қымбат дүниеліктер, қазақтардікі ұсақ-түйек заттар екенін де аңғару қиын емес. Осындай жәйтке қарап-ақ, қазақтар мен өзге ұлт өкілдерінің тұрмысын салыстыруға болады.
Ал жұмыспен қамтуға келсек, қалада бұрыннан отбасының әр мүшесінің тұрғын үйі болған өзге ұлт өкілдері бір үйін жалға беріп, екінші үйіне бизнес орнын жасап, енді бір үйін сатып, қаржыланып жатқанын байқайсыз. Ал қазақтардың басым көпшілігінде мұндай үй қоры болмағандықтан бизнес үшін қаржы көзі табылмай, ұсақ-түйек саудалаудан аса алмай келеді. Бұған қарап та ұлттық теңсіздікті ажыратуға болмай ма? Базбіреулер мұндай жәйттің астарын түсінбегендіктен де қазақтар бизнеске бейім емес, олар жалқау, берекесіз, құлықсыз дегендей жазғыруларды үсті-үстіне төпелейтінін қайтерсіз.
Жә, қазақтар бизнеске бейім емес-ақ болсын. Ал өзгелер бизнеске бейім бе еді? Жалпы, Кеңес заманында бәріміздің де сауда-саттыққа деген көзқарасымыз бен бейімділігіміз бірдей қалыптасқан жоқ па еді. Бұл арада бір халықты жалқау, екіншісін іскер деуге ешқандай негіз жоқ екенін дәлелдеу қиын болмаса керек. Қазір қала көшелерінде қаптаған дүкендер мен мейрамханалардың, дәріхана мен асханалардың маңдайшаларына қазақша атаулар жапсырылып, бұлардағы қызмет етушілер қазақ қыз-жігіттері екенін жиі байқасаңыз, қазақтардың тұрмысы оңала бастаған-ау деп ойлауыңыз да мүмкін. Ал мұндай жәйтке зерделей үңілсеңіз, осындай сауда орындарының қожалары өзге ұлт өкілдері де, қазақтар тек жалданушылар ғана екенін білер едіңіз. Мұндай жәйттен де теңсіздікті аңғаруға болады.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде тіл мәселесі өте қатты көтерілген еді. Ал осы тіл мәселесіндегі теңсіздік, кемсітушілік жойылды ма? Қаланың қатардағы фирмаларынан бастап, кәсіпорындар мен басқару мекемелерін, заң орындарын араласаңыз, қазақ тіліне басымдық беру тек сөз жүзінде ғана айтылып, ал іс жүзінде, тіпті, 1986 жылғыдан да кері кеткенін аңғарасыз. 1986 жылдары мекемелер мен кәсіпорындар басшылары мен қызметкерлері арасында қазақтар ұшырасса, олардың бәрі дерлік қазақ тілінде сөйлейтін еді. Ал қазір, рас, заң орындарында, оқу, мәдениет секілді бірқатар салаларда қазақтардың саны басым бола бастаған. Алайда, көптеген мекемелер мен кәсіпорындардағы басшы орындар мен жауапты қызметтегілер ұлты қазақ болса да, қазақша білмейтінін жиі ұшыратасыз. 1986 жылы Алматыда қазақтардың үлес саны 20 пайыз болса, қазір төлқұжат орындарына тіркелгені, тіркелмегені бар, жалпы қалада тұратын халықтың 60-70 пайыздайы қазақ екенін көшелер мен базарларға көз жүгіртіп-ақ аңғаруға болады. Солай болса да, қаланың әкімшіліктері мен мекемелерінде, кәсіпорындарында қазақ тілін білетіндер мүлде аз екенін таңданарлық-ақ жайт. Тіпті, басшылар кабинетінің алдында отыратын хатшы қыздардың өзін қазақ тілін білмейтіндерден іріктеп алғандай көрінеді. Неге бұлай? Бұған ондай басшылардың өздері де жауап бере қоймайды. «Істің бәрі орыс тілінде жүреді ғой, онда тұрған не бар», - деп қолын сілтейді. Шынында да, басқару мекемелерінің басшылары ғана емес, бүкіл қызметкерлер құрамында қазақ тілін білетіндердің өзі саусақпен санарлықтай ғана болып қалыптасыпты. Алматы қаласының әкімі В.В.Храпуновтың өзі қазақша білмеген соң, өзге басшылар да соған мықтап еліктейтін болса керек. Сөйтіп, қалада қазметке негізінен қазақ тілін білмейтіндерді таңдап алу - Алматыда «модаға» айналғанға ұқсайды.
Жуықта қаланың Бостандық ауданындағы қазақ тілі қоғамының ұйымдастыруымен болған «Дөңгелек үстелге» қатысқанымда, қаланың басшы орындарында қазақ тілін білмейтіндер қаптап кеткен, тіпті, 1986 жылғыдай қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларына қамқорлық кемшін болып келе жатқаны, көптеген қазақтардың балаларын қазақ мектебінен алып, жаппай орыс мектебіне бере бастағаны, қазақ мектебінде оқитындардың болашағы бұлыңғыр дегендей пікір, әсіресе, басшы орындарда мықтап қалыптасқаны кеңінен сөз болды. Алайда «Дөңгелек үстелге» қатысушылар мұндай келеңсіздікті жою жолдарын таба алмады. Өйткені, қаланың әкімі В.В.Храпуновтан бастап, Алматының 6 ауданының басшыларының көбі қазақша білмегендіктен, тіл мәселесі тек сөз жүзінде ғана айтыла салатын әдетке айналғаны әркімге-ақ түсінікті болса керек. Мәселен, Медеу ауданының әкімі В.Васильев, Әуезов ауданының әкімі В.Устюгов, Түрксіб ауданының әкімі В.Малиновский қалада көп жыл басшы қызметте жүрсе де қазақ тілін меңгермеген. Тіл саясаты батыл жүргізілсе, мұндай басшылар ендігі не қазақша сайрап кететіні, не мансабымен біржолата қоштасатына түсінікті.
Соңғы жылдары Алматыдағы Өзбекстаннан, Қытайдан, Түркиядан, Моңғолстаннан және Қазақстанның шалғай аудандарынан сан мыңдаған қазақтар көшіп келгені, әлі де көшіп келіп жатқаны, ал олардың басым көпшілігі орысша білмейтіні белгілі. Ал В.Васильев, В.Устюгов секілді әкімдер қарапайым азаматтармен тілмаш арқылы болса да сөйлесуге ниет білдіріп қабылдамайтыны, олардың талап-тілегін өз құлағымен естігісі де келмейтіні жөнінде реніштер аз естілмейді. Тіпті, қаланың көші-қон департаментінің бастығы Светлана Идирисованың да, орынбасарының да қазақша мүлде білмейтіндіктен орысшаға шорқақ оралмандармен ауылдан көшіп келген қазақ тұрғындарының тілдесе алмай, сергелдеңге түсіп жүргенін айтсақ, бұған екінің бірі сене қоймауы да мүмкін. Бірақ бұл да ащы шындық. Сонда Васильев, Устюгов, Идирисова, Малиновский секілділердің қандайлық қадыр-қасиеті ерекше әспеттеліп, әкім, департамент басшысы болып тағайындалып отыр? Қазақ тілін білмегендері үшін бе? Қаланың басқару орындарын араласаңыз осы секілді қазақша білмейтін басшылар мен қызметкерлерден аяқ алып жүре алмайсыз. Олардың арасында қазақшаға шорқақ қазақ жігіттері мен қыздары да аз ұшыраспайды. Ал қазақшаға да, орысшаға да жетік небір білікті мамандар, тіпті, ғылым кандидаттарына дейін базарларда немесе жұмыссыз жүргені рас.
Міне, осындай кереғар құбылыс белең алғандықтан да байырғы астанада қазақ тілі ғана емес, қазақтың ұлттық кадрлары да шетқақпай болуы барған сайын көрінуде. Қаладағы негізгі жұмыс беретін кәсіпорындар мен табысты салалардың бәрі дерлік өзге ұлт өкілдерінің иелігіне көшкені тәуелсіздігімізге он жыл толған кезеңде таңданарлық жайт емес пе? Мәселен, Алматы ауыр машина жасау зауытында бұрын сан мыңдаған жұмысшы еңбек етсе, қазір олардың саны екі-үш есе қысқарып, бұл кәсіпорын акционерлік қоғам болып құрылған. Оның президенті В.Сульменовтен бастап басқару аппараты мен табысты орындар өзге ұлт өкілдерінен таңдалған кадрлармен жасақталған.
Әрине, қысқару барысында ең бірінші қазақ жұмысшылары мен қазақ мамандары ығыстырылған. Кәсіпорынның әкімшілігі орналасқан төрт қабатты еңселі ғимараттағы қаптаған кабинеттерден қазақша білетіндерді былай қойып, иісі қазақты ұшырата алмайсыз. Әрине, еңбек орнын кім басқарса, ол өзінің айналасына туыстары мен жекжаттарын, дос-жарандарын топтастыратыны қазір бұлжымас заңдылыққа айналып бара жатқанын дәлелдеу қиын болмаса керек. Еңбек орны мен мекеменің бірінші басшысы еврей болса, бұл ұжым негізінен еврейлерден, орыс болса орыстардан, ұйғыр болса ұйғырлардан, түрік болса түріктерден қалыптасатыны белгілі жайт. Бір кезде аты әйгілі болған Алматы мақта-мата комбинатын кеңес заманында Александра Зайцева басқарса, қазір оның негізінде құрылған акционерлік қоғамның басшысы да осы кісі. Демек, оған бұл күндері қазақ жұмысшылары мен мамандарын іріктеп ал дегендей талап қою ешқандай қисынға келмейді. Сондай-ақ «Электромаш» зауыты акционерлік қоғамының басшысы Виктор Иконовқа, «Ремдортехника», «Машина жасау» зауыттары секілді ірі кәсіпорындар басшылары В.Ширявқа, Гельман Юсуповке қазаққа қамқорлық жаса деп қалай айтуға болады? Сол секілді «Эталон», «Қызыл ту» секілді кәсіпорындардың бірінші басшылары О.Васильев, А.Милютин, қаланың санитарлық эпидемиологиялық станциясының бастығы В.Меркер, әрине, ең бірінші өзінің ағайындарына қамқор болуға тырысатыны заңдылық. Мұндай кәсіпорындардан қысқаруға бірінші кезекте қазақ кадрлары мен жұмысшылары іліккені айтпасақ та түсінікті. Жалпы, кәсіпорындарды оның басшылары акционерлік қоғамға, серіктестікке айналдыру немесе банкротқа түсіру арқылы өздерінің басыбайлы меншігі етіп иеленуге ұмтылатынын болжау қиын емес.
Бұл күндері бизнесте де, сауда әлемінде де, өндірісте де ең тиімді сала азық-түлік екені әркімге белгілі. Ал Алматыдағы ашытқы зауытының басшысы Юрий Ягуткин, маргарин зауыты акционерлік қоғамының президенті Евгений Бибиков, шай зауыты серіктестігінің басшысы Ю.Джей, әйгілі арақ-шарап өндіретін «Бахус» кәсіпорнының басшысы Корепетян болса, олар бірінші кезекте жұмысқа өз қандастарын тартатынын айтпай-ақ ұғынуға болмай ма? Демек, мұндай кәсіпорындарда бұл күндері қазақ жұмысшыларын еңбекке тарту жөнінде талап қоюдың жолдары сарқылғанын ұғыну да қиын емес. Сондай-ақ жаңадан ашылып жатқан колбаса, майонез, түрлі сусындар дайындайтын ірі фирмалардың қожаларының да барлығы дерлік қазақ емес. Тіпті, Алматыдағы уақытша автотұрақ акционерлік қоғамының басшысы Игорь Грачевтен бастап, тұрғын үй-коммуналды шаруашылығының басшысы Елена Симоноваға дейін су жүйесі құрылымының басшысы Василий Зуевтан бастап мемлекеттік энергия бақылау құрылымының басшысы Анатолий Баженевке дейін еңбек орнына қазақтарды тартуға құлықсыз екенін айып етіп таға алмайсыз. Өйткені, бұл салалардағы жұмыс орындары басшылардың өз қандастарынан артылса ғана қазақтарға бұйырмақ. Және мұндай кәсіпорындарда табысы аз, ауыр еңбекті қажет ететін салаларда ғана қазақтар жұмысқа тартылуда. Жалпы, Алматыдағы кез келген кәсіпорында қазақтардың үлес саны 20-30 пайыздан артпаса, мұның өзі кәсіпорындағы ең ауыр, табыссыз жұмыс орнын көрсетеді. Ал табысты салада басшылардың қандастарының кемпір-шалдарына дейін еңбек етіп жүруінің, Алматыға, тіпті, алыс-жақын шетжұрттардан сан мыңдаған ұлт өкілдерінің ағылып келіп жақсы табысқа кенелуінің құпиясы осындай үрдісте жатса керек.
Оның үстіне, қазір біраз мекемелер мен өндіріс салаларының басшылары қазақ болса, енді оларды ығыстыру үрдіс бола бастағанын да аңғаруға болады. Қазақ тілі қоғамы қызметкерлері арасында «тіл саясатын кім белсенді жүргізсе, сол қызметімен, мансабымен қоштасады» деген мәтел бекер айтылып жүрген жоқ. Мәселен, Түркісіб ауданының байырғы әкімі Сағаділда Хасенов қазақ тіліне баса мән бергендігі үшін де орнынан қуылғанға ұқсайды. Хасеновтің соңынан қазақтілді қызметкерлер де аласталғаны түсінікті. Бір сөзбен айтқанда, қаладағы «жіліктің майлы басы» табысты салалар басшылығынан қазақ кадрлары түгелдей дерлік шеттетіле бастаған.
Рас, қала әкімі В.Храпуновтың қаланың тазалығы мен сән-салтанатын сақтау жолында айтарлықтай шаралар ұйымдастырып жатқандығы қазір баса айтылуда. Ал қала көшелерін асфальттап, бетондап ретке келтіріп жүрген жұмысшыларға зер салыңызшы. Олардың арасынан қазақтарды өте сирек ұшыратасыз. Неге? Себебі түсінікті. Қаланың көгалдандыру жүйесін Анатолий Карпов басқарып отыр. Осы секілді телефон қызметі жылу-коммуналдық жүйесі, бизнес секілді салалардың басынан да қазақтарды көре алмайсыз.
Ал қазақ басшылардың шеттетілуі дегеніңіз, қазақ қызметкерлер мен жұмысшылардың жұмыссыз қалуы екенін де айтпай-ақ ұғынуға болады. Осындай жәйттерге көз жүгіртсеңіз, Алматы қаласының негізгі қожайындары қазақтар емес екенін, сондықтан да қазақтар жұмыссыздардың 99 пайызын құрап отырғанын да ұғыну қиын болмас.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде Алматыдағы қалыптасқан нақ осындай жағдайларға ашынған жастарды алаңға шығарған патриоттық сезімді ой елегінен өткізгенде, сол боздақтардың арман-тілегі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі он жыл уақыт өтсе де орындалмай келе жатқандай көрінеді. Тіпті, бүкіл әлемге әйгілі болған, ұлы империяны сілкініске бастаған Алматының бас алаңында қазақ жастары ұлттық теңсіздікті жоюды әлі күнге дейін айтып жүргендей сезіледі. Осы алаңға орнатылған асқақ биік Тәуелсіздік монументінің қарсы бетіндегі айбарлы ғимараттағы қалалық әкімшіліктің қаптаған кабинеттерінде қазақша білетіндер некен-саяқ ұшырасатыны бүгінгі жастарды да қынжылдырмайды деуге бола ма?
Ал мұны реттеудің қандай амал-айласы бар, оны Үкімет пен басқару орындары ойластыра қояр ма екен? Алматы қаласындағы қазақ жұртшылығының пікіріне сүйенсек, Үкіметтің өзі ұлт мәселесін мүлде естен шығарып алғандықтан, мұндай жәйтке мән беруі де неғайбыл. Өйткені, Үкімет мүшелері мен ондағы аппараттың мамандары мен қызметкерлерінің басым көпшілігі қазақ тілін білмейтін шенеуніктер дегендей ренішті де жиі еститін болдық. Қалай дегенмен де, мұндай бұра тартушылықтың алдын алу, ұлт мәселесіне ден қою заман талабына айналатыны да күмәнсіз. Тек, 1986 жылғы желтоқсандағыдай дүрбелең күшімен емес, заңдылық, түсіністік негізінде бұл мәселені байыпты түрде шешу ғанибет болар еді.
Иә, Алматы қожайындары кімдер? Әрине, бас әкім В.Храпунов пен қала аудандарының әкімдері, түрлі салалар мен кәсіпорындардың, фирмалардың басшылары, бір сөзбен айтқанда, бастықтар мен қалталы байлар емес пе? Ал бас әкім Храпунов қандай басшы? Мұндай сауалға мәдениетті, инабатты, биязы мінезді, қала шаруашылығын дөңгелетіп жүргізіп отырған іскерлігі басым басшы дегендей жауаптар да аз естілмейді. Бұл арада тырнақ астынан кір іздеп, оның қызметінен ілік табуды ниет етіп отырған жоқпын. Алматының қожалары кімдер екенін айқындап, олардың қала тұрғындарымен ара-қатынасын бүкпесіз ашып айта білсек, ұлт, тіл мәселесінде қордаланып келе жатқан біраз жәйттер бар екенін ұғынуға болады-ау деген ойдамын.
Жалпы сөз бостандығы, баспасөз бостандығы тұрғысынан да, еліміздің негізгі Заңы тұрғысынан да бұл пікірдің жариялануы демократиялық үрдіске саяды. Демек, менің бұл зерделеулерім бүтіндей бір газеттің ұстанған көзқарасы дегендей біржақты пікір тумаса керек. Солай болса да, Алматы тұрғындарының пікірлерімен орайласқан бұл мақала басқару орындарының назарына алынса, оңтайлы бағыт-бағдар іздестірілуі де әбден мүмкін.
Қуанбек БОҚАЕВ
21.07.2000 ж.
«Халық сөзі» газеті