Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5395 9 пікір 16 Маусым, 2021 сағат 12:53

«Әруақжарыс» жасамау үшін министр ханымға кеңес...

«Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы арқылы шыққан кітаптарды бірнеше күн зерттедім. Сынайтын дүние шаш-етектен.

Біріншіден, біреулер қатарынан бірнеше жыл кітап өткізіп (жылына бір кітап жазатын не деген классиктер деймін де), мемлекет қаржысын майшелпекке айналдырып үлгеріпті.

(Жарық көрген кітаптардың біразына көз жүгіртіп те көрдім! Не министрлік құрған комиссия сөз танымайды, не менің «талғамым өсіп кеткен»...).

Айту, талдау қажет болса, тартынбақ емеспін! Оның да кезі келер!

Екіншіден, осы бағдарламамен Кемел Тоқаевтан бастап, Мұқағали көкеме дейінгі әруақтардың да кітабы оқырманға жол тартыпты.

(Тірі кезінде қаламақы бұйырмай, о дүниелік болған соң жарылқаудың бұл үлгісін түсіне алмай-ақ, қойдым! Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын жазылған, жалпы қазаққа мәлім туындыларға қайта кітап шығарып (шығара берсін-ау), миллиондаған қаламақы төлеу (егер төлесе) министрлікке не үшін қажет?).

Үшіншіден...

Қош! Мұнымен шаба берсем, біреулердің қалтасындағы ақшасын санап кеттің дер! Болары болып, бояуы сіңген дүниені ысыра тұрып, министр Райымқұлова ханым, мен комитет төрағасы Қуат Бораш мырзаларға сәл-пәл, кішкене ғана кеңес айтқым келді.

Меніңше, біз сөз етіп отырған бағдарлама мемлекеттің жазушыларға жасап отырған ерекше қамқорлығы ретінде жалпы халықтың қолдауына ие болуы тиіс-ті. Осы жоба аясында соңғы жылдары екі жүзден аса шығарманы мемлекет сатып алып, жазушылардың әлеуметтік жағдайының түзелуіне, олардың еңбегінің үкімет тарапынан еленуіне жағдай туғызып бергені мемлекеттің әдебиетті қолдау мақсатындағы саясатының дұрыстығын әйгілеуі керек еді.

Бірақ, жазушылар тарапынан түрлі наразылықтардың болуы, комиссияның жабық жағдайда шешім шығаруы, бірер қаламгердің жылда қаламақылы болып, қалғандары аузын қу шөппен сүртіп отыруы бұл жобаның кем-кетігін түзеп, барлық қаламгерге бірдей мүмкіндік туғызу жайын қарастыру қажеттігін айқын аңғартса керек.

«Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында жылына алпысқа жуық кітапты мемлекет қомақты қаржы төлеп, сатып алып отыр.

Мен өз тарапымнан бұл алпысқа жуық кітапты қаламгерлердің жазған шығармасының көркемдігіне, маңыздылығына және жас ерекшеліктеріне қарап таңдауды ұсынамын.

Біріншіден, мемлекет тарапы жылына жас ерекшеліктеріне қарап:

20-30 жас аралығындағы – 10 қаламгер

30-40 жас аралығындағы – 10 қаламгер

40-50 жас аралығындағы – 10 қаламгер

50-60 жас аралығындағы – 10 қаламгер

60-70 жас аралығындағы - 10 қаламгер

70-80 жас аралығындағы - 10 қаламгердің, жалпы саны 60 ақын-жазушының кітабын жарыққа шығаруды жүйелеп, кезекпен һәм туындының көркемдігіне қарап жүзеге асыру керек.

Көркемдігі сын көтермейтін немесе жас бойынша 10 адамға толмаған квоталарды 90-нан жасы асқан немесе о дүниелік болғанына бес жыл болмаған 10 қаламгердің туындыларын шығартуға ұсынуға болады.

Ал, қайтыс болғанына 5 жылдан асқан, тағы басқа санаттағы жазушылардың еңбектерін «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жарыққа шығара беруіне кедергі жасалмайды (сонда оларға дауыс жинатып, қайыршыдай қол жайғызып, «әруақжарыс» жасаудың түкке қажеті болмайды)

Екіншіден, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында кітабы шыққан қаламгер 3 немесе 5 жыл аясында қайтадан осы бағдарламаға аясында кітап ұсыну мүмкіндігі шектелуі керек. Себебі, мемлекет бір жазушының кітабын 3 жыл қатарынан сатып алса (комиссияның шешімімен), қалған қаламгерлер тарапынан қарсылық, наразылық, түсініспеушілік ұлғая береді.

Мұны болдырмаудың жалғыз жолы министрлік қаламгерлердің кітабын маңыздылығы мен мәніне қарай отырып, кітаптардың кезекпен жарық көруіне жағдай туғызып бергені жөн. Бұл жағдай қазақ әдебиетінің болашақ классиктерінің мемлекет тарапынан теңдей қамқорлықта болуына жол ашады. Қаламақы төлеу мәселесінде таныс-тамырлық, комиссия тарапынан бөле жару фактілерінің болмауына да септігі тиеді.

Сонымен қатар, биыл кітабы жарыққа шыққан қаламгер алдағы үш немесе бес жылда қазақ ұлты үшін шедевр туындылар туғызуға талпындырады. Бұл жайт түрлі жолдармен қаламақы үшін көлем қуалап жазылған шығармалардың жолын кеседі.

Үшіншіден, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы аясында жарық көретін кітаптарды толықтай «Кітап палатасы» арқылы насихаттау, кітап жарық көрмей тұрып, шығарманың жарнамасын жасау, мемлекеттің қаржыландырумен шыққан кітаптарды тек кітапханаларға тегін таратумен шектелмей, ол кітаптарды кітап дүкендері арқылы нарыққа ұсыну мәселелерін жолға қою қажет.

Баспаларға мемлекеттің қаржыландыруымен шыққан кітапты кітап дүкендері арқылы сатуына, одан қоғам сұранысына қарай пайда табуына жол ашсақ, «қаламгерлерді тек мемлекет қаржыландыруы керек» деген кеңестік психологиядан арылуына, жазушылар еңбегінің әлем елдеріндегідей нарықтық қатынастарда бәсекеге түсуіне жол ашар едік.

Төртіншіден, мемлекет тарапы миллиондаған қаржы салған кітаптардың сапалы болуына, мәнді-маңызды шығуына, бұл мәселеге қатысты түрлі түсінбеушіліктердің болмауына жауап беретін, жоғарыда айтылған жұмыстарды жүйелі үйлестіретін мекеме болуы керек.

Ол мекеме, «Кітап палатасы» яки, «Қазақстан Жазушылар одағы» бола ма, оны министрлік шеше жатар.

Қорыта айтқанда, кез-келген талас-тартыс, яки түсінбеушілікті болдырмау үшін мемлекет тарапынан әдебиетке жасалып жатқан қамқорлық ашық насихатталуы қажет. Оны жабық комияссиямен шешіп, бірнеше жыл бір қаламгердің кітабын шығарып, қалғандарын мемлекет қамқорлығынан ысырып тастау әділдік емес деп ойлаймын!

(Жалғасы бар)

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485