Радикалдар Ауғанстанмен тоқтай ма?
Біздің қоғамдық санада әлемдік саясаттағы оқиғалар Қазақстанға айтарлықтай әсер етпейді, әлдекімдер өзара жаға жыртысып жатса, одан Қазаққа келіп жатқан зиян жоқ сынды түсінік кең тараған. Кейде осы сыртқы саясатты қойшы, іштегі шаруаны айтпайсың ба деп өзіме дүрсе қоятындар табылады. Бұл қате ұстаным. Шындығында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс болсын, Сириядағы соғыс әрекеттері болсын, басқа шиеленісті жағдайлардың біздің елге теріс ықпалы қазір де жетіп артылады. Осындай қауіптердің арасында Ауғаныстанның жөні бөлек. Бүгінде аталған елде экстремисттер билік үшін жаппай шабуылға көшуде. Басты мәселелердің бірі – бұндағы Талибан, Әль-Қаида, басқа да дінді тұрпайы ұғынған радикалдар Ауғаныстанды бағындырумен шектеле ме? Әлгіндей болмаса бірінші кезекте олар нысанаға оңтүстіктегі өздеріне одақтас Пәкістанды, иә батыстағы азулы да діни ұстанымы бөлек шииттік Иранды не шығыстағы алпауыт Қытайды емес, Орталық Азияны нысанаға алуы мүмкін. Бұған Сирия мен Ирақтағы соғыста әбден машықтанған мыңдаған тегі өзбек, тәжік, шешен, қырғыз, қазақ содырлардың басым бөлігі олардың қарамағына келіп құйылғанын қосыңыз. Мәселенің екінші ұшы – дағдарыстан көз ашпай, өзара кикілжіңдерге бой алдырған Орталық Азия республикалары төнген қауіп-қатерге төтеп беруге қауқарлы ма? Оның үстіне Ауғаныстандағы дүлей күшті соңғы 20 жыл бойында тұсауда ұстап келген НАТО кетуге шақ тұрса. Тіпті одақтастар санатындағы Ресей мен Қытай араша түскен күнде ондай қолғабыстың құны қандай болмақ? Әсіресе онысы үлкен саясатта әдетте Тәуелсіздіктің шектелуімен өлшенетінін ескерсе. Ал енді өздікінше Халифат құрмақ болған сол радикалдар кезінде жер-жердегі сақалды жақтастарына сүйеніп Сирия, Либия, Ирақ, Ауғаныстанды не істеді? Тас-талқан етіп қанға батырды. Ендеше осындай қатерлі шабуылдарға тек сыртта ғана емес, іште де тойтарыс беруге дайын болған жөн.
Расул Жұмалы
Abai.kz