Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 7561 5 пікір 2 Қыркүйек, 2021 сағат 11:50

Алтын орда: КСРО тарағаннан кейін жазылған еңбектер

5 бөлік

А. Бушков өз кезегінде Ұлы Дала жайында Алтын Орда кезіндегі тарихты бұрмалаудың қалай орын алғанын сөз етсе, украиналық тарихшы-жорналшы Анатолий Железный Алтын Ордаға дейінгі тарихты жаңаша тәпсірлейді.

АНАТОЛИЙ ЖЕЛЕЗНЫЙ ОРЫС РУХЫНЫҢ ІРГЕСІН ШАЙҚАЛТҚАН ЗЕРТТЕУШІ

Олжас Сүлейменовтің КСРО-ның әсіре орысшылдарын дүр сілкіндірген «Аз и Я-сынан» кейін тағы бір орыстың ежелгі мәдени жәдігері саналатын «Игорь жасағы туралы жырға» киевтік жорналшы Анатолий Железный жаңаша, дәстүрлі емес көзқарасын алға тартып, тек әдебиеттанушылар, тілшілер, тарихшыларды ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылықты ойға батырып, соны негізде ойлауға түрткі болатын «Игорь жасағы туралы жаңаша сөз, дәстүрлі емес көзқарас//Новое слова о полку Игореве нетрадиционный взгляд » атты туындысын өмірге әкелді.

Автор орыс тілінің қалыптасуына түркі тілінің ықпал еткенін, оның іздерінің заманалық орыс тілінде жуса кетпестей сақталуын, және славян сөздерінің иран-үнділік негізін жоққа шығара отырып, бұрын сөз етілмеген арабизмдерді, украинизмдерді алғашқылардың бірі болып сөз етеді. Өзін Олжас Сүлейменовтің шәкірті санайтындығын жасырмайды. Біз осы 300 беттік зерттеудің кіріспесіндегі: «Мәселенің қысқаша тарихы», «Авторға Сөзді жазуға не түрткі болды» және «Орыс тілінің шығу тарихы» атты бірінші бөлімінде «Орыс тіліндегі түркизмдер», «Орыс грамматикасындағы түркі атавизмі», «Орыс лексиконындағы түркілік ілкі негіз» және «Славян тілінің Руське енгізілуі» тараушалар бар, кітап соңында «Олжас Сүлейменовтің хаты» т.б. тараушалар мен бөліктерден тұрады.

Халықаралық байланыстар (мәдени-көркем, әсіресе, әдеби), көріп отырғанымыздай, аймақтық және ұлттық әдебиеттің ең маңызды факторы (типологиялық ұқсастықпен қатар) симфониялық бірлігінің қалыптасуы мен бекемделуін құрайды. Бірақ осындай бар нәрсені жоқ етем деу орыс ғалымдары үшін түкке тұрмайды. Еуропалық әсер ауызға алынып, тарих қойнауында бұғып жатқан түркілік ықпал, рухани бастау көз мүлдем еленбейді. А.Железный орыс зерттеушілері ішінде бірінші болып, еуропа тілдеріндегі түркілік негізді ауызға алады. Енді тәржімаға кезек берейік. Сонымен....

Мәселенің қысқаша тарихы

Отандық мәдениетке жоғалып табылған ежелгі орыс туындысы «Игорь жасағы туралы жырдың» қайтып оралғанына міне 200 жылдай уақыт болды. Аталған екі жүз жылдықтың аралығында біздің тарихшылар, әдебиеттанушылар, филологтар, лингвистер, және этимологтар осы ерек туындының  әр фактісін, әр фразасын, әр сөзін түпкілікті зерттеп, өздерінше түсіндірді.

Әлбетте, орсан зор кітаптар жазылып, сансыз диссертациялар қорғалып, көптеген ғылыми атақтар берілді. Осындай тегеуірінді ұзаққа созылған өрелілік шабылуынан кейін поэмада бірде-бір түсініксіз, ұғынылмайтын жер қалуы мүмкін емес сияқты, бәрі талданып, бәрі айқындалып қойғандай.

Оның үстіне, мен өз мойныма жауапкершілікті ала отырып, орыс поэмасы турасындағы айтылуға тиісті ең бастысын осы күнге дейін ешкім айтқан жоқ деп мәлім етемін.

Тамырын тереңге жайған славяндық басымдықтың идеясымен тәлім-тәрбие алған біздің ғалымдар ежелгі орыс халқының қалыптасуының барша тарихи және мәдени үдерістерінде Ежелгі Русьтің пайда болып, кеңге қанат жаюы «Повести временных лет»-тің қай кезде жапсырмаланғаны белгісіз бөлігінде төгілте жазылған: «Древляндар мал сияқты тіршілік кешіп, бірін-бірі өлтіре салатын, адал-арам демей тамақтан өткеннің бәрін ит былапыс жей беретін, некеге тұрмай төмен етек еңкейсе болды, айғырдай шабатын. Радимичтер мен вятичи және севоролардың салт дәстүрлеір бір еді. Орманда жабайы аңдай өріп жүретін, қолына түскендерін қылғып салып талғажау ететін және ата-аналары мен жеңгелерінің көзінше ауыздарына не келсе соны айтатын...»  бос жатқан жерлерден емес, жартылай жабайы тайпалардан еместігін  еш пайымдай алмады.

Жоқ, Русь әлдебір сәттерде шекарасы Еділден Дунайға дейін созылған осы жерде сән-салтанат құрған түркі өркениеті – Ұлы Бұлғарияның, одан кейін Аскольдтің Орыс қағанатының әлеуетті тағантасынан қалыптасты. Осы түркі өркениеті Орта Днепр бойына енгенде шоқындырылу және славяндандыруға ұшырап, бүгіндері біз ежелгі орыс деп атауымыз қалыптасқан әбден өзгеріске ұшыраған жаңа түркі-славян қауымдастығын өмірге әкелді.

Біздің көне тарихымыздағы түркі аспектісін қарастыратын ауқымы зор әдебиет бар. Осы әдебиеттердің тізімінің ішінде Орта Днепр аймағының түркілік өткенін дәлелдейтін, әрі көптеген фактілерді дәйектеп келтіретін  менің «Очерки предыстории Киевской Руси» атты кітабымда бар.

Тарих доңғалығының осылайша айналуы өз бойына әрі түркілік, әрі славяндық лексиканы сіңірген әлдебір түркі-славян суржигін (дүбәрасын) жасап шықты. Тек осыны ескерген шақта ғана «Игорь жасағы туралы жырдың» тілі мен мәтінін дұрыс ұғына аламыз.

«Сөздің» (мен поэманы ұзын сүре жосылтпай қысқаша атауды осылайша ұйғарып отырмын) ұзақ ғасырлық ұмытылудан жалғыз аман қалған бумасы өзінің оралуы мен шығыраудың түбіне кетіп ажал құшқаны үшін толық және басы бүтін орыс ескілігін жинаушы граф Алексей Иванович Мусин-Пушкинге міндетті. Қасиетті Синодтың обер-прокуроры, көркем Академияның президенті  орынтағын иеленіп, Екінші Екатерина патшайымның жоғарғы қолдауына ие болып, монастыр мұрағаттары мен кітпаханаларынан ежелгі орыс тарихы мен сөз өнерінің жазба жәдігерлерін өзіне алу құқығын иеленді.

Осындай құдіретті құзырлықтың арқасында ол аз уақыттың ішінде өте көп орыс ескілігінің жеке коллекциясының бірден-бір иесіне айналды.

Осындай жолмен өз қолына жалпымемлекеттік маңызы бар ерек тарихи материалдарды шоғырландырып, оларды кәдеге жаратуда қара ниеттілік танытты. Мәскеуге Наполеон әскері тақап қалған шақта граф баға жетпес қолжазбалар мен экспонаттарды тағдырдың тәлкегіне тастап безе қашты.

Қатігез тағдыр 1812 жылғы Мәскеудегі алапат өртте оның жиағандарының бәрін жалмады. Тек орыс-француз соғысы басталардың алдына граф баспадан шығарып үлгергендері ғана сақталды. Осы отқа оранғандардың ішінде «Сөздің» ең жалғыз бумасы да бар еді.

Міне, көне орыс жәдігерінің табылуының қысақаша тарихы төмендегідей. Бірде, XVIII ғ. 90-шы жылдары А.И.Мусин-Пушкин Спасс-Ярослов монастырының архимандриті Иоильдан ежелгі орыстық ақсүйектік туындыларын қолына түсіреді.

Ондағы тігінде: «Хронограф»; «Временник, еже нарицается летописание русских князей и земли Русскыя»; «Сказание об Индийском царстве»; «Повесть об Акире Премудром»; «Девгиево деяние» және солтүстік новгородтың кінәзі Игорь Святославичтің қыпшақтарға жасаған сәтсіз жорығы туралы атаусыз әлдебір әңгіме болды.

Жоғарғы білімді граф өзінің поэтикалық тілімен осыған дейін белгілі болып келген ежелгі орыс сөз өнері үлгілерінен айырықша ерекшеленіп тұрған туындының ғаламат тарихи және көркемдік құндылығын бірден түсінді. Тап осы кезде Ресейде көркем әдебиет қарқынды дами бастаған болатын, сондықтан, осы жағдайға оры жаңадан табылған шығарма орыс әдебиетінің ежелден тамыр тартқандығының дәлелі ретінде құлшыныспен қабыл алынды.  Осыған байланысты Виссарион Белинский:

«Біздің әдебиетішілеріміз бен қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған дәуірдің пииттеріміз... Бояннан менестрель, трувер, трубаду, бардтың атаулы есімін жасап, осыған қуана отыра, бай орыс әдебиетінің ХІІ ғасырға дейінгі гүлденуін дәріптеп кетті»,-деп жазды (Белинский В.Г. «Русская народная поэзия»).

А. БУШКОВ ЖӘНЕ ҰЛЫ ДАЛА

Өзім осы уақытқа дейін «XVII ғасырдың бір тарихшысы» деп атап келген дерек көзінің құпиясын жайып салатын кезім жеткен секілді.

Сөз «Скифия тарихы» еңбегінің авторы әділетсіздікпен естен шығарылған орыс тарихшысы Андрей Иванович Лызлов турасында болмақ [Лызлов А. Скифская история. М.: Наука, 1990.]. 1655 жылы сарайман отбасында туған ол... түркі және қырымдықтармен болған соғыстарға қатысып, Пенза өлкесінің воеводасының орынбасары болды. 1692 ж. өз ғұмырындағы басты еңбегі «Скифия тарихын» бітірді. 1697 ж. наурызынан бастап, оның есімі құжаттарда аталмайды, оның себебі ол осы жылы өмірден оза керек.

«Скифия тарихы» бар-жоғы үш рет жарық көрді – 1776 ж. Санкт-Петербургте бірінші басылымы, ал, 1787 ж. Мәскеуде – екіншісі. Ең соңғы үшіншісі тек 1990 ж. бар-жоғы бес мың таралыммен басылып шықты. Замана тарихшыларына оның бұл еңбегі еш мәлім емес, ол туралы менің көзімді жеткізген жағдай кезікті.

Қандай өкінішті. Лызловтың еңбегі бізге жетпеген орыс жылнамалары (ара-кідік еске алынатын «Жылнамашы Затоп Засекин»), сондай-ақ,  XVI–XVII ғасырдағы орыс, польяк пен итальян (иезуиттерінің): Стрыйковский, Бельский, Гваньини, Барония, әрі бүгінгі күні басым көпшілігі із-түзсіз жоғалған орыс, польяк, литва мұрағаттарының материалдары негізінде жазылған. Белгілісі, Лызлов мінәжатханалар кітапханасын, мәскеу Патриаршасының ризницасының кітап қоймасын,  әрі Қазан және Астрахан мұрағаттары құжатарында пайдаланғанын жоққа шығаруға болмайды, бұның барлығы Татищевке жүз жылдан кейін «ресми» тарихты тәрк ететін «ерсі» түйіндеулер жасауға соқтырғанын біз әрине жақсы білеміз.

Оның үстіне, Лызловтың жазып отырғаны тұтастай және түгелдей  біз бұрыннан бірден бір сенімді деп бой үйретіп алған дүниелерге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ерсі де, түбегейлі өзгеше тарихты баян етеді…

Лызловтың еңбегіндегі барлық үзіктерді мен қазіргі әдеби тілдің ыңғайына келтіріп аударып шықтым. Қызығушылық танытушылар болса, көрсетілген библиографиялық басылымның түпнұсқасымен таныса алады.

Осылайша, тақымдарыңды қысып, делбелеріңді бекемдеп ұстап сенсациямен жүздесуге дайындала беріңіздер…

Лызловтағы татарлар... славяндарға (фин-угор және бірден-бір түркілік генофондыны сақтап қалған ноғайлар (қазан татарлары) туыстығы қазірде сөз етіледі де, олардың ариан дінін ұстанғанын «ресми» тарих бүгінге дейін жасырып қалады – Abai.kz) туыс, оның үстіне – еуропалық халық екенінен бастайық!

«Скифия екі бөліктен тұрады: оның бірі біз, яғни, Мәскеу: ресейлік, литва, волох және еуропа татарлары тұратын еуропалық бөлік».

Бұған түсініктеме берудің де қажеті жоқ шығар?

«Екіншісі – азиаттық, онда солтүстіктен батысқа дейін созылған барша скиф халықтары тұрады. Осы азиат скифтерінің қарасы өте көп, әрі түрлінше атаулармен аталады».

Мен осы бір атауларды жіпке тізіп жатпаймын. Дәл қазіргі сәтте мені бір ғана атау таурос ғана қызықтырады. Осы – тауростарға біз айналып соғып отыратын боламыз.

«Бес жүз жыл бұрын, бәлкім оданда бұрынырақ болар, әлдебір скиф халқы өз тілдеріндегі атауы Монгаль (сондықтан оның тұрғындарының атауы монгаилы немесе монгаили деп аталып жүрді) деген елден шығып, біз төменде сөз ететін кейбір елдерді жаулап алған соң, өз аттарын тартармен (татар емес) алмастырды… өздерін өзгелердің осылай атағандарын жандары қалайды».

Міне, енді моңғолдың ізі табылды! Бірақ та «классикалық» версияның жақтаушыларныың қуануына еш негіз жоқ, өйткені, Лызлов сипаттаған «Монгаили» немесе «монгаилы»-лердің бүгінгі (орыс пен түркі халықтары «монгол//маңғұл» деп атайтын – Abai.kz) халхаларға еш қатысы. Одан ары былайша сөз етіледі: «Осы татар – монгаилдардан бізге, савроматтарға, келген татарлар, атап айтсақ: қырымдық, монкондық, перекоптық, белгородтық, очаковтық және  Палюсмеотис көлі маңындағы, яғни Азулы теңізі маңын мекендейтін барша халықтар шықты».

Басқа сөзбен айтсақ – түркілер. Қырымдық және перекоптық татарлар – нағыз түркілер оны жоққа шығаруға ешкім де, ешқашанда тырысқан емес. Оның үстіне, бізге белгілі болғаны «белгородтық  татарлардың» да бар екені (бірақ Белгород бәріміз білетін бағзы славян шаһары деп есептеледі ғой?!). Сонымен бірге Лызлов славян тайпалары: москва, россиян, литвы… қатарына қосатын «еуропалық татарлардың» да бар екендігін естен шығармаңыз. Не айтары бар, бұның бәрін мен ойлап тапқан жоқпын, тек жоғарыда сөз еткен еуропалық тарихшылардың ізімен жүріп өттім, олар неге екені белгісіз «татар» және «қыпшақ» тілдері... славян тілімен туыс деп есептейді (орыс тілі деген тіл жоқ, ол түркі тілінің славяндық диалектісі деген концепцияны сібірлік ғылыми орталықтардың көпшілігі ұстанады. Осыны білетін Бушков ұлы орыстыққа басып отыр – Abai.kz)! Стрыйковский былай деп жазады: «Печенег те, қыпшақ та, ятвяги де литвалықтар, олардың тілдерінде поляк пен россиян секілді кейбір өзіндік ерекшелік бар».

Лызловтың кітабы 1692 ж. жазылды. Қарапайым  арифметикалық есептеу мынаны көрсетеді: 1692–500 = 1192! Тап осы жылы «азиаттық Скифия» пайда болды, яғни, орыс шекарасы маңында татарлар төбе көрсетті! Бәлкім, бұданда бұрын шығар – Лызлов өзі оны былай деп жазады: «Бес жүз жыл бұрын, бәлкім оданда бұрынырақ». Сонымен, 1223 ж. Азияның түпкірінен аяқ астынан соққан құйындай пайда бола кеткен ешқандай «ешкім көрмеген халық» болған жоқ, ондай халық өмірде болған емес!

Лызлов, сонымен бірге, Шыңғысханды баян етуінде, алдымызға Шыңғысхан мемлекетінің пайда болуының екі нұсқасын алға тартады. Біріншісі бойынша 1162 ж. «Ұлығ Хингис» өз жасағымен әлдебір Ункам (Керейдің Ванханы болуы да мүмкін) патшалығынан ірге ажыратып, өзінің мемлекетін құрады. Екіншісі бойынша, «Цынгис» ата қонысын «мал-бастың» өсуіне орай емес, некесіз туғандығы үшін әлдекім өлтіретін болған соң тастап шығып, Еділдің арғы бетіндегі ордасының негізін қалайды.

Бұл үш жүз жыл бұрын Шыңғыс хан тұлғасы туралы дәлді мәлімет болған жоқтығын, оның есесіне бірін-бірі жоққа шығаратын аңыздардың жетіп артылатындығын көрсетіп береді. Маған керегі – өз версиямды құлағынан сүйреп жарыққа шығару.

Бірақ та, «татарларға» оралайық. Шындығында, Еділдің арғы бетіндегі «Чингиз» құрған делінетін орданың мысалынан көрінетіні, біздің кәсіби тарихшылар еш қымсынбай даңғойлықпен алыс өткендегі  әріптестерін «түзейді».

Біз осыған дейін есімін ауызға алған тарих ғылымдарының кандидаты Ю. Мыцык Лызловтың кітабына мынадай терең ойлы ескертпені жапсырмалайды: «Еділдің арғы бетіндегі ордаға Сырдария өзені маңындағы жерлер мен Арал теңізінен шығыста жатқан далалар мен қалалар енді».

Бұндай астамшыл кеңкелес «түзетуді» тиісті бағалау үшін Лызловтың өзінен дәйек сөз келтіргеніміз орынды: «Өздерін Еділдің арғы бетіндегі орда деп атайтын татарлар, бұлғарлардың шекарасынан сәл төмендеу Еділ өзенінен Атырау теңізіне дейінгі аралықта тіршілік кешеді» (қазақтан, Адайлардың өзін жоғары қоюының бір себебі (милетіміздің империялық (алты алаштық) санасында бұғып жататын идея) осында ма дейсің – бұндайда). Және де ары қарай, басқа бір жерде: «Еділдің арғы бетіндегі татар Ордасының атауы татарлар қоныс еткен Еділден шыққан; ал, бұл орда шығысында Хвалын теңізімен тұйықталады».

Хвалын теңізі дегеніміз – Атырау (Каспий). Көріп отырғанымыздай, Лызлов екі рет Еділдің арғы бетіндегі орданың нақты шекарасын тілге тамызық етеді. Бірақта замана «түсінік берушілері» белгісіз себеппен Еділдің арғы бетіндегі орданы жүз шақырым шығысқа апарып «қоныстандырады». Неліктен? Иә, көзге ұрып тұратыны, Лызловтың айқын көрсетуі жұрт құдайдай табынған  классикалық версияға қарсы келгендіктен осындай екі ұштылыққа жол беріліп отыр.

Егер де екі ұшты түсінік беруге еш көнбейтін тасқа басылған мәтінге замана түсінік берушісі осыны жасса, қолжазба құжаттар өзіне ойына келгенді істеудің небір атасына жолықпасына не жорық …

Тап осы Азиаттық Скифияны Лызлов ары қарай Ұлы Татария деп баян етеді. Бір жағынан – Азулы теңізі, екінші жақтан – Атырау, ал, оңтүстіктен – «латынша  Монс Таурус – Арарат тауы» (классик ақын Қадыр Мырза Әлі Алтын Орда келмеске кетсе де, Батыс қазақтарының арасында Кавказдық түркілермен байланысын үзбеген шұбартөс тұымдардың болғандығын, өзінің әулетіне қатысты сөз еткенін де білеміз – Abai.kz).

Сөздің ойнатыла құбылуына назар аударыңыздар: Таурус – Таврия – Тартария – Татария. Бұдан шығатыны «татар» дегеніміз – бұрмаланып айтылатын «татаурос» болғандықтан, олар қалайда Таврия және Таурус-Араратпен кіндіктес болып келеді [Бір ескеретіні «Сөзде...» чернигов кінәзіне қызмет еткендер арасында түркі-көшпенді әлдебір татрандар сөз етіледі].

Егер менің бұл версиям ұнамайтындар болса, ресми ғылымдағы «татарлар әлдебір «та-та» немесе «да-да» тайпасынан шықтыны» құптауға шақырамын. Шындығында, осы версиядағы «та-та» немесе «да-да» бойынша тарихшылар басын тауға да, тасқа да ұрса да ештеңке шығара алмады. Және сол шақта – шарасыздық пен қауқарсыздықтан моңғолдар өздері жеңген елдерін «татар» деп атаған деген дәуір гипотезасын ойлап таба білді. Олар жеңе берген сайын әр жеңген халқын татарлар деп атай берген де (А.Бушков әдейі жәдігөйсиді – әрі өзінің орыс қалаларының аттарымен аталатын татарлар деген пікірін жоққа шығарады. Бұл жерде ресей ғылымдары бір нәрсені ұққысы келмей тұр кім үстем болса, түркі жұртының солай аталатындығы)…

Мен біреуді мазақ қылып қалжыңдап тұр деп ойламаңыз. Бір ғылыми кітаптан өз көзіммен оқыдым…

Оның үстіне, Лызлов қыпшақтардың «қала, қорған, ауылдары» болғандығын жазады. Өз басым ғылымдағы замана «тәпсіршілері» болып табылатын Мыцык сияқты фокусшы көз байлағыш сиқыршылардан гөрі Лызловқа күмәнсіз сенемін…

Оның үстіне, Лызлов готтар дегеніміз қыпшақтар деп ашып жазады. Ал, сол готтарды «ресми» тарихнама біздің дәуіріміздің III ғасырында тарих сахнасына шығарып, герман тайпасының құрамына қоса салады.

Бұл уәждау тақыр жерден шыға салған жоқ – Мавро Орбини де осы жайында жазып, өз көзқарасын дәлелдеу үшін осы тезисті бекемдейтін ұзын сонар батыс еуропа тарихшыларының тізімін келтіреді. Бұл еңбектердің көпшілігі бізге келіп жеткен жоқ, әрі Ұлы Ғұн Иоанн, Русиндік Иеремии жайында кім естіді екен өзі?

Және тағы да. Өте қызғылықты факті. Тап осы реалистік мектептің өкілдері (Орбини, Лызлов және басқалар) ауыздарына құм құйып алғандай бүгінгі түсінік бойынша «Повесть временных лет»-тің авторы XII ғасырда өзінің ғаламат еңбегін жазған «ұлы» Нестор жайында бір ауыз сөз етпейді.

Неліктен? Өйткені, XVI–XVII ғасырларда Нестор жайында ешкімде білмейтін, әрі естімеген де еді. Оның еңбектері ол кезде жоқ болатын. Тіпті ондай есімді тарихшылар арасында ешкімде естімеген болатын…

Ары қарай Лызлов қыпшақтардың көшпелі емес, отырықшы халық болғандығын былайша есімізге салады: «Жәнеде татарлар Еділ өзенінің екі жағындағы кейін Қазан қаласының іргетасы қалаған  Болгария [Бұл арада Еділ Бұлғариясын айтып отырғаны түсінікті] және Алтын Орда деп аталатын Жайық пен Атырау теңізіне дейін созылған екі елді мекен етті. Және де олар осы жерге: Болгары, Былымат, Кумань, Корсунь, Тура, Казань, Ареск, Гормир, Арнач, Сарай Великий, Чалдай, Астарахань сынды көптеген қалалар тұрғызды».

Назар аударыңыздар: Лызлов Орталық Азияны ауызға алмағанда татарлардың Қытай, Хорезм немесе Гүржістанды жаулап алғандығы туралы еш нәрсе айтпайды… Бұндағы айтылатыны, татарлар «Індістанға барып, Інді патшасын өлтіргендігі» – сөз болып отырған «Үндістан» бұл жерде Персия деп ұғынылып: татарлар тоз-тозын шығарған інінде «індей//ындей патшасының жері» саналатын «Ефрат өзені мен  Персид теңізі» аймағы сөз етіледі [Бұл арада бір ескерілетін, латын сөзі «inde»– «алыс», «қиырды» білдіріп, бүгінгі Индия атауымен сырттай ғана үндесіп тұр – деген Бушков түркі географиялық атауын сөздің ұқсауына орай латынға жығып беріп тұр. Бізше, Индия да, Үндістанда түркі атауы, тек әр кезде әрқилы ұғымды білдірген – Ә.Ә.Ә.]. Шын Үндістан мен Рустің арасын талай елдер бөліп жатыр, аталған жағдайда «Үндей//Ындей» елі аталған жағдайда Персия, Қырым,  Хиуа болып шығуы да ғажап емес…

Есте қаларлық жайт, Лызлов (өз алдындағы және тұстас тарихшыларындай) орталығы Қарақорым атанып, бүгінгі Моңғол елінің аумағындағы «ұлы моңғол қағанаты» туралы бір ауыз сөз айтпайды. Бір ауыз сөз жоқ. Бұны ұғыну оп-оңай: қытай теңізінен орыстың шегіне дейін созылған «моңғол хандарының ұлы қағанаты» кейінгі тарихшылардың қиялымен қағаз бетінде ғана  өмір сүрді. Лызлов  жататын XVI–XVII ғасырлардағы реалистік мектеп әр дүниеге парасат байыптылықпен қарап: сол кезде Алтын Орда шығысында Атырау Теңізімен шектесіп, ары қарай шығысқа қарай ешбір империяның болмағанын нақты білді (еуротекті тарихи парадокс деген осы – біреулер лазыловтектестер бөлінбес еуроазиялық түркі дүниесін – жартыкештендіріп еуропаландырғысы келсе, екіншілері – РҒА (РАН) түркіге жолатпай маңғұлдандырғысы келеді. Бар болғаны сол...)…

Оның үстіне, әлдеқайда «жоғалған» печенегтер Лызлов бойынша мамыржай қыпшақ, бұлғар, Қырым ордасымен аралас-құралас тіршілік кешіп жатады.

Айтпақшы, Лызлов бойынша «татарлар» мен Қазан хандығының жұрты бір нәрсе емес (өйткені, олар фин-угорлар – Ә.Ә.Ә.), татарлардың шабуылынан «қазан хандары» жайындағы жады ғана емес, оладың аттары да татарлардың үздіксіз шапқыншылығынан жойылып кете барды…

Жәнеде Лызлов кітабындағы ең көңілді өзіне аудартып, сенімдікпен айтылатыны: Қытайдың (бүгінгі біз білетін ханзу емес, қара қытай – Наймандардың – деп ұғынамыз) өзі бұрыннан Еділдің арғы бетіндегі Орда  деп атайтын Ұлығ Татария еді!..

Бұл Афанасий Никитиннің: «Ал, Шын-Машыннан Қытайға дейін құрлықпен алты айда, теңізбен төрт күнде жетуге болады» дегеніндегі Шын-Машын (China) [Қытай бүгінде барша тілде осылай аталады] және Қытайды екіге айырғанына мән берген академик Фоменконың назар аударуынан танылады.

Егер Шын-Машын  дегеніміз – бұл қазіргі Қытай болса, онда, Қытайдың (Шын-Машынға жақын, әрі оны бағындырған Наймандардың – нағыз қытайдан еректенуі үшін өздерін қара қытай атуы орынды, Мәскеуде Китай город бар емес пе?.. – Abai.kz) – Еділдің арғы бетіндегі Орда екендігі қабыса кетеді. Әуелі құрлықпен алты ай жол жүріп, одан соң, Атыраумен төрт күнде жететін жол! Оның үстіне Никитин осы сөйлеміне мына фразаны қосады: «Мен Руске кетіп барамын…» Яғни – сол кездегі Қытайдан бүгінгі Руске Ұлығ Татарияны немесе Еділдің арғы бетіндегі Орданы басып барады.  Бәрі өз орнына келіп тұр.

Әділдігін айтар болсақ, Лазылов Бату шапқыншылығы бойынша мәселеде мен жоққа шығаруға бел шеше кіріскен ресми версияны ұстанады. Оның үстіне, «классикалық» версияның жақтастарының Лызловты түзеп-күзегеніндігіне де ешкім кепіл бола алмайды ғой. Дәлірек айтсақ, оның кітабы XVIII ғасырдың соңында баспаға дайындалған кезде түзетілді. Нақты мәліметтер бойынша Лызловтың қолжазбасы кезінде Татищевтің «бейдұрысты» еңбегін ит-рәсуә еткен  Миллердің өз қолына түсіпті…

Ең маңыздысы басқада: Лызлов кітабымен жете танысып шыққан соң, мынаны сенімді түрде мәлімдеуге болады: Бірінші Петрге дейінгі ескі дәуірде татарлар турасында мүлдем басақаша көзқарас ұстанып, оңды сөз айтатын әлдебір жалғыз ойлы еркін ойшыл емес (оның үстіне, орыс, поляк, итальяндықтар келтіріп отыратын), тұтас тарихи мектеп болған (түркі кітаптарының фальсификацияға ұшырап иезуит норман (орыс), поляк, итальяндық (римдіктер) тарапынан жаңа пайда болған көне славян тіліне айналуы, түпнұсқаның қастандықпен жойылуы, әрі түркі тектес сараймандардың французша шүлдірлеуі көп нәрсені бізге ұқтырады. Бұны – Бушков өлсе мойындамайды). Оның пайымдауы бойынша татарлар (немесе, олардың белгілі бір бөлігі) славяндарға: әрі орыс, әрі поляк, әрі литвиндерге (белорустерге) туыс халық болған. Олар славяндарға туыс тілде сөйлеген (бұл арада сөз болашақ иезуиттік жасанды тіл қазіргі орыс тіліне негіз болған түркі тілінде болып отыр. Біз құдайдай табынатын қытай, парсы және арабты айтпағанда: орыс тарихшыларының барлығының аярлықтары осылайша бұғып жатады). Және Рустің оңтүстік шекарасында жалған «Орталық Азиядан келген моңғол шапқыншылығынан» бұрын пайда болды. Онда барша уақытта славяндармен туысатын (қорғандары бар, қалада тұратын!) қыпшақтар, «жоғалған» печенегтер тіршілік кешті (қазақты жалпы түркілік отырықшылықтан бөліп алып, соңғы 500 бойы маңғұл тектес көшпенді жасап шығушылар неге қол жеткізді).

Бұл түйіндеу шығаруға өзінен-өзі сұранып тұр: ал, татарлар – ешбір түркі емес шығар? Орыс сияқты этнос шығар?

Л.Н. Гумилев тап осындай болған деп санайды. Академик Фоменко Афанасий Никитиннің қос тілділігін танытқанда: Никитин сөйлемінің бел ортасында орыс тілінен түркі тіліне көшіп отырады дейді. Ал, атақты қаламгер Олжас Сүлейменов өзінің «Аз и Я» кітабында «Игорь жасағы туралы Сөзден» көптеген түркизмдерді тапты.

Орыс пен «татардың» түрлі немесе бір ғана этнос екені дәл айқын емес. Бір нәрсе айқын қос тілдіктің арқасында орыстар – түркі тілінде, түркілер – орыс тілінде еркін сөйледі (осы тепе-теңдікті римнің құлақ кесті құлдары болған Романов билігі келмеске кетірді). Сонымен Орда дегеніміз – Рус,  Рус дегеніміз – Орда.  Біздің тарих та – біреу, тағдыр да – біреу.

Егер Рус пен Орда тарихы біреу болса, олардың мүддесі де бір жерден шығуы керек қой деп оқырманның сұрайтыны қақ?

Әлбетте, солай. Ол ортақ еді. Келесі тарауларда мен осыны дәлелдеуге тырысам.

(Жалғасы бар)

1 бөлік: Алтын орда тарихы: КСРО тарағаннан кейін жазылған еңбектер

2 бөлік: Александр Бушков. Алтын Орда тарихы жайында...

3 бөлік: Бушков: «Қалқаның – шешуі қиын жұмбағы»

4 бөлік: Бату Қаған, Ибрагим және Қимақ жұрттары

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357