Жұма, 22 Қазан 2021
Білгенге маржан 2875 2 пікір 21 Қыркүйек, 2021 сағат 13:37

Батудың басып кіруі. Рустегі саяси-басқару дағдарысы

Алтын орда: КСРО тарағаннан кейін жазылған еңбектер

 6 бөлік

«Батудың басып кіруі» таңғажайыптықпен Русті дүрбелеңге түсірген өте шиеленісті саяси-басқару дағдарысымен сайма-сай келеді…[Егер менің бұл тырысушылығым ұмытылған қайтып оралтар болса, тек қана бек разы болар едім]

«XIII ғасырдың басында ұсақ кінәздіктерге бөлшектену өзінің жоғарғы шегіне жетті»  деп ой өрбітетін профессор Владимирский-Будановтың Көне орыстық құқық жайында еңбегі  осыдан 150 жыл бұрын осы пән бойынша оқытылатын ең үздік университеттік курс саналды [Владимирский-Буданов М.Ф. Обзор истории русского права. – Ростов-на-Дону: Феникс, 1995].

Бұлай болу себебі Русте қазіргі тілмен айттар болсақ, тас лақтырсақ кінәзге тиетін болды. Көбейген кінәздерге орынтақтық сый-сияпат жетісе бермейтін болды. Бұрынғы еншінің үлкен ұлға тиселігі келмеске кете бастады …

Енді ойымды жинақтап, егжей-тегжей баяндауға көшейін. Кінәз тағын ең үлкен ұл иеленіп, әкесінің өлімінен кейін билік құратын. Әрі бұл құқық оған туа сала берілетін. Осы бір қарапайым ереже алғашқы жүз жылдықтарда мүлтіксіз сақталып келді.  Рюриковичтер де, қалалар мен ұлыстар да аз еді.  XIII ғасырда Рюриковичтер шыбындай құжынап кетті де, «Тұңғыш ұл» мәселесі өз танауын тасқа соқты…

Немере бауырлардың арасында ағаның таққа ие емешектегі бауырдан үлкен болуы орны ала бастады. Осылайша, XIII ғасырда «кінәздардың өзара қырқысы» туындады…

«Таңдау бойынша» мұрагерлік өмірге келіп, белгілі бір өңірдің тұрғындары өздеріне ұнаған кінәзді шақырып алатын болды. Әлбетте, бұл өз кезегінде өзектен тебіліп, қызғаныштың қызыл итіне бой алдырғандарды туғызды.

Бір сөзбен айтқанда, XIII ғасырда «Рюриковичтер отбасында бәріде мидай былығып араласып кетті». Сөз етілген мұрагерлік жүйелері бір мезетте заңдылықпен әрекет ететінді. Әрі билікке ұмытылған әрбір жан оның ішінен өзіне ең ыңғайлы да, қолайлы түрін құптайтын еді. Рус қанға бөгіп, отқа оранды. Бұл жерде мен қаперге алуға тырыспай отырғаным, орын алған шайқастар мен кісі қанының аяусыз өгілуінің ұзынсонар тізімі. Ірі қалалар билеуші кінәзін қуып шығып, жаңасын шақырды, ал, биліктен тайдырылғаны есін жинап алған соң, күш-көмек тауып (қыпшақ көршілеріне арқа сүйеп) қылышты жалаңдатып, жебені сусылдатып, өзіне ұнаған тәжіне «қайыра қонжиятын». Кінәздар бірін-бірін мүйіздей тақтан тайдырып (қандық туысқандықдықты жиып қойып, бауырластықты тарс естен шығарып), көздерін көр қылып, қазаға ұшыратып, қарсыластарын жылдарға созылған тас қапаста қамап ұстайтын.

Көзге ұрып тұрғаны, осы барша қан төгістер мен қанды қырғын соғыстарға қаңырап қаңсу, қырып-жою мен зорлық-зомбылық ілесе жүрді. Әрі істің шын мәнісі кінәздардың бір-бірімен жауласуымен шектеліп қана қойған жоқ. Роман Галицкий іс-жүзінде Кәрлі Иваннан да асып түсіп,  өз боряларын жерге тірідей көмді және отқа өртеді, жіліктеп денелерін мүшелеп, тірідей жон терілерін сыпырды. Қызыл Русте маскүнемдігі мен бейәдептігі үшін галицкийдің сарайынан қуылған Владимир кінәздің тобыры ойына келгенді істеді. Жылнамаларды куәға тартатын болсақ, осы басыбұзықтар қыздар мен әйелдерге қырғидай тиіп, құдайға құлшылық етіп отырған дін иелерін қойша бауыздап, құдай үйін ат қораға айналдырды…

Ал, кейін «татарлар» келіп тәртіп орнатады!

Істің шын мәнісінде, егерде біз «татар» шапқыншылығын бір-екі сөзбен түйіндейтін болсақ, онда төмендегідей қап-қарапайым формула өмірге келеді.

«Татарлардың» баса-көктеуіне дейінгі аралықта Рус толассыз соғыстардың, бітіп болмайтын бұлғақтың, қанды қырғындардың батпағына батқан еді. Ал, татарлар келе салысымен бәрі түбегейлі өзгеріп сала береді: белгілі бір тәртіп орнап, көптеген орыс кінәдары ортасынан «ұлы кінәз» иеленгені бәрінің ноқта ағасы болып табылады. Кім бұған қарсы шығып, азу тісін ақисатын болса, оған аяқ астынан «орданың» атты әскері тұрақты түрде бөрідей шауып ту-талақайын шығарады…

Бұл жерде еш нәрсені ойдан шығарып, жоқтан өзгені көйітудің еш керегі жоқ. Рустегі «ордалықтардың» бұндай іс-әрекетімен жете таныстық санаңды еркіне қоймай жетелей отырып, төмендегідей күпілі ой айтқызады: сөз жүзінде «ордалықтардың» Руске тәртіп орнатудан басқа шаруасы болмаған сыңайлы. Ең ерекшесі татарлар өзін Рус жерінде өз үйінде жүргендей сезінуі. Басқа елдерде олар тәрітпті ұстап тұру мен ұлы кінәздік жүйесін құрушылық секілді бұндай қамқоршылыққа еш бармайды…

Әлбетте, теліні тезе салу кезінде адамдардың өлім-жітімге ұшырауы орын алады. Өйткені, жергілікті жікшілдерді тәубасына салуда егілген егіс отқа оранып, иесіз ат армансыз ойран салады. Бүл бүлінушілік емес, болмай қоймайтын жайт. Всеволод Ұлкен Отбасының ұлы мен немересі осылайша тәртіп орнатады. Ал, жергілікті жылнамашылардың жазбаларындағы қайғы мен зар кейіннен бүткіл Рустің күйзелуіне айналып шыға келеді. Шындығында «…Орда Руске баса көктеді» деген сөз мүлдем басқаны әлдебір жылы бұлғақты уақытты аңсаған әлдебір жергілікті кінәзсымақты тәубасына келтірген ұлы кінәз әскерінің  кезекті жорығын білдіреді…

Міне, сіздерге миысал үшін кейбір «ордалық» әскербасылардың ғұмырбаяны. Айқындап алатын бір жайт: олар орыс тарихында төменде сөз етілетін оқиғаларға қатысушы ретінде ғана сақталған.

Алын – «ордалық мырза». Ол жылнамаларда  городецкілік кінәз Андрейдің Переяславтық кінәз Дмитрийге жасаған жорығында сөз етіледі.

Ектяк – «қазан ханзадасы». 1396 ж. суздальдік кінәз Симеонның муромның соңғы жікшілдеріне тарпа бас салған кезіндегі әскерінің бір бөлігіне қолбасшылық еткен.

Кавгадый – «ордалық шенуінік». Городецкілік кінәздің переяслав кінәзіне жасаған жорығына (1281) қатысқан. Тверлік кінәз Михаилды мәскеу кінәзі Юрий Даниловичтің пайдасына ұлы кінәздік жасаудан бас тартуға көндіруге күш салады (1317), Тверьге шабуыл жасаған мәскеу жасағына қолбасшылық етеді. Кейіннен тверлік кінәз Михаилға орыс кінәздары жасаған сотта болады.

Менгат – «Бату воеводасы». 1239 ж. киев кінәзі Михаилды қаланы соғыссыз беруге мәмілеге шақырады, шаһар халқы елшілерін өлтірген соң, қайыра қайтып кетеді.

Неврюй – «татар ханзадасы». Кезекті қанды қырғынды туындатпақ болған ағасы Андрейге қарсы соғысқан Александр Невскийдің әскерін басқарады. 1296/1297 жж. аралығында Никон, Симеон және Лаврентьев жылнамаларындағы мәліметтер бойынша кінәздар құрылтайын өткізеді.

Бір қызықтысы, бұл жандардың бәрі Орда үшін не шаруа атқарды? О жағы белгісіз. Барлығыда орыстардың тірлігіне қатысты ауызға алынады. Қадап айтарым, әрдайым ұлы кінәз билігін күшейту үшін көзге шалынады. Сонда осы бір «ордалық» қолбасылардың кім болғаны өзі? Өз Ордаларынан жырақта айға бата қылып жүргендері не?

Ары қарай мен XVI ғасырда өмір сүрген «ордалық» ханзадалар мен қолбасшылардың ұзынсонар тізімін келтіретін болам – тағыда сол «татарлар» мәскеу билеушісіне  (ендігі жерде ұлы кінәз емес, ақ патшаға) жан-тәнімен беріле қызмет етеді, әрі олардың саны өте көп, келе-келе орыс қай жерден бітіп, татар қай жерден басталатынын ұғынудан қаласың.

Тағыда маңдайың тасқа соғылып, Орда мен Рустің бір ғана нәрсе екеніне көзің жетеді.

Ең бастысы, «маңғұл-татар» шапқыншылығы нәтижесінде орыс кінәздігі кері кеткенн жоқ, қайта бүғанасы қатып, күш ала түсті! Рязан кінәздігі (ресми версияны жақтаушылардың жазғандарындай) тіпті… қыпшақ жерлері және Солтүстік Чернигов кінәздігі есебінен өзінің етек-жеңін кеңейте алды. Кейбірде «татар шапқыншылығы» осындай таңғажайып жайтқа жолықтырады

Неге екeні белгісіз барша орыс кінәздары түгелдей дерлік «орда татарларына» жауыға қарап, жеккөрушілік сезімінде болады. Шындығында бұның қайдан туындағанының бас-жағы ашылып көрсетілмейді. Кінәздар өз мемуарларын жазып қалдырған жоқ, «ордалықтарда» бұлай істеген жоқ. Дерек көзі ретінде бірден оңай аңғарылатыны «классикалық» бағыттағы тарихшылардың ұшқыр қиялынан туған ежелгі кінәздардың аузына сөз салған ойдан шығарулары қызмет етті.

Біз сауалды басқа қырынан қойып, орыс тарихында «татарлардың» келуімен өз ықпалын арттырған тұлға болды ма деген ауанға аударсақ? Әрі тағыда  жылнамалардағы алапат істер атрған орыс кінәздары саясатына көз тігейікші?

Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы!? Бізді ресми тарих оқытып келе жатқандай Всеволод Үлкен Отбасы ең бірінші орыс жерін өз кінәздігі, яғни, Владимир-Суздал маңына жинастыруға бел шеше кіріседі. Ол Владимирді өзіне қаратып, ұлы кінәздіктің тағына отырып, еділ бұлғарлары мен мордваға, Рязанге жорық жасап, Киев, Чернигов және Галичті өзіне бағындырды.

Осы арада егіз қозыдай ұқсастық өріп шығады...

«Хан Бату» Всеволодтың қазасынан кейін ширек ғасырдан соң не істеді? Ойлап көрсеңіздер, олда еділ бұлғарлары мен мордваға, Рязанге жорық жасап, Киев, Чернигов және Галичті өзіне бағындырып, Владимирді өзіне қаратады да... одан кейін ұлы кінәздік жасаудың жарлығын Всеволодтың немересі Александр Невскийге береді.

Егіз қозыдай ұқсастық емес пе? Егер тер төге отырып, ресми, класссикалық тарихты саралайтын болсаң, шып-шырғасы қолыңа ноқтадай ұсталынатын түйіндеулер жасай аласың: дәстүрлі «татар зұлымдығы» туралы қасқырша ұлуларды бір шетке ысырсаң, рим ыңғайымен «Бұл кімге пайдады» деген байыптауға тұмсық тіреп, Батудың жүзеге асырғандары: біріншіден, Всеволодтың билікті бекіту үшін жүргізген саясатының жалғасы болды; екіншіден, Ярослав Всеволодович және Александр Ярославичке ұлы кінәздік жасауға жол ашты. Нәтижесінде Александрдың ұрпақтары ұлы мәскеу кінәздары атанып, Рустің патшалары болды.

Бізге дейінгі айтылғандардың бәрін кері ысыратын болсақ онда төиендегідей айқын фактіні замана тарихшылары еш жоққп шығара алмайды:

  1. Бату Всеволодтың саясатын жалғастырды.
  2. Батудың «орда ханы» ретінде атқарған жасампаз істері Александрдың әрекеттерімен үйлеседі.

Бізге бұның бәрі Александрдың асқан елшілік мәмілегерлігі арқасында жүзеге асты деп сендіруге тырысады. Өз пайдасына «шармақ пен қалам» арқылы Алтын Ордадан керекті шещімді шығарып алып отырды.

Міне, тап осы классикалық тарихнама әлі күнге мынандай құйтырқы сауалдарға: неліктен Невскийге қарсыластары қол жеткізе алмаған өзіне ыңғайлы шешімдерге әрқашан қол жеткізе алды? дегенге еш жауап бере алмай келеді. Неліктен осындай Русті жеке дара билеудегі ақжолтайлық Невский ұрпақтарына нұрын сеуіп, ал қарсыластары қашанда «татарлардың» кәріне ілігіп отырды?

Себебі ешқандай «шапқыншылық» болған жоқ. Әрі «Бату» лақап атымен – Ярослав Всеволодович пен оның ұлы Александр әрекет етті.

1238 жылдың оқиғаларына оралайық. «Татар баса-көктеуіне» дейін Ярослав Всеволодович жұрттың қырына іліккен әрі ешкімге белгісіз тұлғатын. Ярослав ағасы Юрий басқарған Владимир-Суздаль кінәздігінің құрамындағы елеусіз түпкір Переяславл-Залесский қалашығының кінәзітін. Мен тарихтың қатпарына қанша жерден қопарып, ескі жылнамаларды құнттйа қаншалықты парақтағаныммен1238 жылға дейін Ярославтың жасаған іс-әрекеттерінен өзара қырығындарға қатысқаннан басқа ештеңе жолықтыра алмадым. Ешкім елемейтін үшінші деңгейдегі кінәздің құдай тарс естен шығарған түпкірдегі сүреңсіз өмірі ғана кезігеді…

Аяқ астынан бәрі өзгеріп шыға келеді!

«Орда» атты әскері Владимир-Суздаль кінәздігіне құйындай соғып, қалалар бірінен соң бірі тас-талқан болады. Ол адам айтқысыз аз ғана уақытта орманнан аттап шықпаған жандарды әскер ісіне үйретіп, Сити өзенінде кінәз Юрий мен оның жасағының тас-талқанын шығарады да, талан-таражға түскен Владимир Ярославтың қолына көшеді…

Дінсіз татарларға қарсылық қозғалысын басқару үшін әскер жияды?

Бұндай болған жоқ! Тірі қалғандарға өлгендерді жерлеп, қалаларды ретке келтіруге бұйырады да, өзі егесіз қалған өңірлерді билеуге көшіп: ағасы Иванға Стародубты, Святославқа – Суздалді, немере туысы Василийге – Ярославты алып береді. Өзі болса, әбден түсінікті кінәз тағына отырады…

Қалай қарасаңыздар олай қараңыздар, бұл түскен олжаны жақтастарымен тең бөліскен жанның әрекеті!

Оны аз десеңіз тап осы арадан Ярославтың атағының жер жаруы бастау алып, орыс жылнамалары жазатындай Батудың өзі оны «Ордаға» шақырып, «кінәздардың ағалығы» ретінде сән-салтанатпен күтіп алады. Италилік Плано Карпини сөз ететіндей Ярослав… «маңғұл империясының» астанасы Қарақорымдағы өтетін бас ханды сайлаудағы Батудың өкілі болады.

Осы соңғысы – италиліктің қателігі. Біздің айқын көз жеткізген бір мәселеміз Қарақорым қаласы Маңғұлияда да емес, Қытайда да емес, Еділдің әлдебір жеріндегі қала (Аудармашы оны – Сарайшық қаласы деп санайды) болғандығын мен дәлелдеугеи тырасатын боламын. Осы жағдайда Карпини берген хабарламаны қалай ұғындырып шығуға болады?

Әлбетте, тіптен оңайлықпен. Ешқандай келімсектер болған жоқ. Жақсылап ойластырған әскери іс-әрекеттің нәтижесінде өз әкесі Всеволодтың «бағдарламасын» толайым жүзеге асырып, Рустің едәуір бөлігін басып алып, өз билігін орнатты. Рязандықтарды, галичтіктерді, киевтіктерді, черниговтықтарды тас-талқан етті. Әлбетте оның әскерінде татарлар болды, ал, олар алыс даладан ат арытып келген келімсектер емес, Еділ бойы ордасының тұрғындары, әм тату-тәтті ескі көзтаныстар болатын. Кеінірек сол дәуірдің өмір салтымен Ярослав, оның ұлдары мен немерелері ұлы кінәздік ету үшін кез келген қарсыласын аяусыз қырып-жойды…

Осы версиясы қолайыңызға жаға ма?

Онда ескі классикалық соқпақтың сүрлеуіне түсейін: жабайы дадалық Бату, бұрын естіп білмеген елеусіз түпкірдегі кінәзсымақпен жолыққан сәтте, аяқ астынан жас қыздың офицерге бірден құлап түскеніндей жаын жылып жүре берді. Көңілі кеткені сондай, етеңкенінің байбына бармастан бүкіл Русті билеудің тізгінін қолына ұстата салды да, кейін ұлы хан сайлауына қатысатын ақсүйектердің ортасында болуы үшін өзінің сенімді өкілі ретінде империя астанасына атандырды…

Ерік өзіңізде, бірақ менің өз басым бұндай бәлду-бәдікке сене қоятын жағдайда емеспін. Тағыда төмендегідей оңбаған сауалдарға қайтадан қайтып оралам: классикалық версияда жазылғанындай неге «ордалықтар» өздері жаулап алған елдердің бірде-бірінде жеріглікті кінәзсымақтарға дәл осындай емен-жарқындық пен сенім артпайды? Неге «Бату» Ярослав пен Александрдың кез келген әмірші кәлласын қағып, қолына беретін қылықтарына кешірімшілікпен қарайды? Неге «Бату» Всеволодтың жасампаз істерін айна-қатесіз қайталап, оның ұрпақтарын бүкіл Рустің билеушісіне айналдырады, яғни, Всеволодтың ойға алған дүниесін жүзеге асырады?

Өйткені, Бату – бір бөлігі Ярославтің, келесі бөлігі – Александрдың іс-әрекетінен тұратын ойдан шығарылған фигура. Тағы бір ескеретін, біздің тарихнамамыздағы Бату өң-түссіз бірдеңе. Егерде індете ой қаузайтын болсақ, ол өзін ештеңмен танытып маңдытпайды, Русті жаулап алуы одан кейінгі іс-шаралар оның қатысуынсыз өзімен-өзі өтеді…

Егер Батуды ойдан шығарылған тұлға деп танитын болсақ, онда бәрі өз орнына келе қалар еді...

Біз керісінше Ярослав пен Александрдың өмірде болғанымен істеген әрекетітері Батудың көшірмесі деп ұғынамыз. Рустің славяндық бөлігі ешқашан билікте болған емес, не нұрмандар (ақ тұрандар), не олармен алыстан туысатын татарлар (қара тұрандар) билік басында болды. Әрі ақ тұранға қара тұран өз билігін орнатып, бұрын бостан болған еуропа түркілері азия түркілеріне бағынды.

(Жалғасы бар)

1 бөлік: Алтын орда тарихы: КСРО тарағаннан кейін жазылған еңбектер

2 бөлік: Александр Бушков. Алтын Орда тарихы жайында...

3 бөлік: Бушков: «Қалқаның – шешуі қиын жұмбағы»

4 бөлік: Бату Қаған, Ибрагим және Қимақ жұрттары

5 бөлік: Алтын орда: КСРО тарағаннан кейін жазылған еңбектер

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

2 пікір