Жұма, 29 Наурыз 2024
Абай мұрасы 2415 1 пікір 10 Тамыз, 2022 сағат 11:54

Абай үйренуші болған бес жылды білеміз бе?

10 тамыз – Абайдың туған күні!

Иждиһатсыз, михнатсыз,
Табылмас ғылым сарасы.
 Абай.

Адам санасы біртіндеп толыспақ. Кемелдікке саты-сатылап көтерілмек. Бұл, әсіресе, шығармашылық адамынан айқын байқалатын табиғи құбылыс. Демек, Абайдың ақындық жолы мен эволюциясын саты-сатылап қарастыру ұтымды тәсіл. Сол сатының бірі – Абай үйренуші болған 1879-1883 жылдар аралығы. Осы аралықта Абай ғылым-білімді, оған қоса, батыс және орыс әдебиетін меңгерген. Төменде осы пайымды дәйектемекпіз.

1878 жылдың күзі. Болыс Абай 12 іс бойынша айыпталып, Семей қаласында үйқамаққа алынды. Қардай бораған жалған жалалар аздай, жүздеген куәлер сап түзеп қара күйені жақты. Ібір-Сібірге, яғни итжеккенге айдалуға шақ қалғаны анық. Қатты қиналған. Оған «Жаңа закон» өлеңі нақты дәлел (көркемдік жағы Абайға сай емес деп даурыққан шіркіндер көп, соларға ескерту, бұл ақын көзі жасқа толы хәлде қағазға түсірген биографиялық астары бар жыр). Мәселен, тергеудің қалай өткені жайында:

Шенеунік дознанияға ақша алады,
Тергеуші «куә айтты» деп бас салады.
Ақ, қараң табылмайды «көп» айтқан соң,
Көзіңнен аққан жалғыз жас қалады, –

дейді (өлеңде «көп» және «көптің сөзі»  қазіргі «протокол» деген мағынада). Тергеушіге төтеп беруге керектің ең алды – заң ғылымын білу! Абайға орыс заңын өзін-өзі қорғау алатын деңгейде меңгеруге тура келген, сонымен қатар, ғылым мен әдебиет айдынын да тапты. Болыстық қызметтен аласталған, полиция бақылауына болған бес жыл қалай өтті?  Абай Семей қалалық кітапханасы мен мешіттердегі кітаптар қорын түгесе ізденген еді. Алған білімі университет тәмамдаған адамнан асып түспесе, кем соқпаған.  Сол дәуірдің күллі ғылым-білімінің егесі оқымысты ойшыл деңгейіне көтеріледі. Иждиһаты мен Тәңірі берген айырықша қабілетінің арқасында.

Сөйтіп, жасынан албырт өскен, 33 жасқа дейін ойдан жырақ алаңсыз жігіт Абай енді «қайғы ойлап» тез есейген. Білім жинап, ғылым сарасын табуы жаңағы 1878 жылғы оқиға – қатаң тергеу қыспағынан бастау алғаны анық.

1879-1883 жылдар білім жинау һәм үйренушілік кезең болғанына басты дәлел – ақынның шығармашылығы. Атап айтқанда, «Жаңа закон», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Қызғалдақтай қызықты өмір» (кейіннен табылған), «Лашын мен шымшық», «Есек» (мысал өлең), «Интернатта оқып жүр», «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңдері, «Әзім әңгімесі», «Масғұт» деген екі поэмасы және «Вадим» (Лермонтовтан) поэмасы бастатқан аударма өлеңдері. Сенсеңіз, аталған туындылар түгелдей үйренуші Абай қаламынан шыққан. Бұл пайымға «Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Жаңа үлгідегі басылым» (Алматы, 2020) атты еңбегімде нақты дәлелдер алынып, әрбір туынды көп қадалып, көп белгілер жинау жөніменен тексерілген еді. Оларды қайталап жатудың қажеті шамалы.

Тек бірер мысалдарға жүгінейін. Таяуда (2022 жылдың 19-шы шілдесі) «Abai.kz» порталында Нұрғали Махат деген әдебиеттанушының «Абайды сынаған авторлар...» атты мақаласы жарияланды. Мақала авторы: «Қазақтың ұлы ойшыл, данышпан ақыны Абай өлеңдерін қаншама ғалымдар талдады. Біздің білуімізше солардың ішінде үшеуі ғана Абай өлеңдеріне сын айтыпты. Олар: А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов және Т.Әлімқұлов» деп келеді де, А.Байтұрсынұлының Абай өлеңіндегі бунақтар жайлы сыны тіптен елеусіз, кішкене ғана сын, оған қарағанда М.Әуезов пен Т.Әлімқұлов сындарында нақтылық басым дейді.

Соңғы екі тұлға сындарына біз де тоқталайық. Абай шығармашылығы туралы елуінші жылдары жазылған «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы» атты ғылыми монографиясында М.Әуезовтің  сынға алғаны –  Абайдың «Әзім» және «Масғұт» поэмасы. «Әзім» жайында: «Бұл поэманың тақырыбы «Мың бір түн» ертегісінен алынған. Өлеңдік құрылысына, кейбір сөз кестелерінің, ұйқастарының оншалық Абай шығармаларына лайықты шеберлікке сай келмейтініне қарағанда, бұл поэманы оншалық жоғарғы дәрежедегі көркем шығарма деуге келмейді», – десе,  «Масғұт» поэмасын тереңдете талдап, тексере келе:  «...Бұл поэманың ойы өмір оқиғасынан, тартысынан тумайды. Қайта сол оқиға тартысының бәрі ақынның ақылынан туады. Осындай сюжетті әңгіме құруда, суреттеп көрсету орнына, баяндағыш ойды басшы ету арқылы, Абай бұл поэманың композициясын ойдағыдай толық көркем, тұтас етіп шығара алмаған. ...Масғұт бар әйел қауымы түгіл, бір әйелдің де достығына душар болмайды. Оның үстіне поэманың соңғы бөліміндегі «Жынды су» мотиві және одан туатын «жұрттың жынды болса, ақылды болма, қоса жынды бол!» дейтін қортындылар бұл поэманың алғашқы бөліміндегі мінез бен істерге логикалық жағынан да қиыспайды», – деп сынайды (Абай Құнанбайұлы. Монография.Алматы, 1995. –182-бет).

Көріп отырмыз, Мұхаң көңілі екі поэмаға да толмаған. Неге? Себебі, олар Абай үйренуші болған кезең туындылары. «Әзім» поэмасына тән сарынды Мұхаң: «Бұнда Абай Пушкиннің орыс ертегілерін балаларға арнап, өлең еткені тәрізді жеңіл тілді, қызық оқиғалы әңгіме жасамақ сияқтанады. Ойшылдық, зор тәрбиешілік мақсаттар көздеп жазылған шығарма емес» деп көрсеткен (аталған монография, – 188-бет). Демек, поэма Абай  жаңа ақындық платформаны – ұлттың мінезін түзеу, сана-сезімін көтеру бағытын әлі ұстанбаған шақтікі. Мұхаң айтқан «ойшылдық һәм зор тәрбиешілік мақсаттарды көздеу» Абайдың 1884-1885 жылдан берідегі ұстанымы (онан өмірінің соңына шекті айныған емес).

Сонымен, Мұхаң сынаған екі поэма да Абайдың еліктеу және тәжірибе жинау кезеңінің жемісі деп түйеміз. Абайдың табиғи мүмкіншілігінен көп төмен, яғни сюжет қисыны, композициясы, көркемдігі көңілдегідей емес дейтін сындар осымен өз түсінігін табады. Екі поэманың жазылу мерзімін «1881-1883 жылдар» деп нақты белгілейтін кез келді (әзірге барлық жинақтарда «жазылған жылы белгісіз» делінуде).

Енді Абай шығармашылығы талданған «Жұмбақ жан» атты эссе монографиясында орын алған Т. Әлімқұлов сындарына келейік. Аталған еңбекте Абайдың «Қарашада өмір тұр», «Оспанға» және «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңдеріне қатысты «ауыз әдебиетінің, асса шығыс поэзиясының үлгісіне ұқсап кетеді» дегенге саятын сын айтылған.

Тәкеннің «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін «орта қол дүние» дегені қалай? Сыртқы пішімі мен ішкі мазмұны әдемі үндесіп, ақын суреттеген сұлудың сырт-сипаты шеберлікпен өрілген шедевр өлең емес пе. Менімше, жаңағы пікір екі басқа өлең біріктірілген хәлден туған. Яғни шағын өлең екі бөлімді. Дәлелге М.Әуезовтің пайымын келтірейік: «Өлеңнің алғашқы күшті бөлімі сипаттау болады да, екінші бөлімі ...ақыл-өсиет айтуға ауысып кетеді. Өлеңнің бас жағы бір тақырыптан басталып, аяқ жағы екінші бөлік тақырыпқа ауысып кетеді. Басында сұлулыққа сүйсіне сөйлеп, кейін ұрсып тоқтайды. ...Күлкісі «бұлбұлдай» деп «іш қайнататын» жарастық тауып отырған ақын, кейінгі бөлімде «жыртақтап», «тыртақтаған» деген тәрізді, келісімге шалғай, ұрысқа жақын сөздерді қолданады» (аталған монография, 104-105 беттер). Әрі қарай Мұхаң: «Өлеңді композициялық тұтастық пен көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ұрындырып отырған екінші бөлімі», – деп атап айтады.

Демек, «Қақтаған ақ күмістей, кең маңдайлы» өлеңін орта қолды дегізген де жәйт осы. «Қақтаған ақ күмістей...» деп басталатын алдыңғы бес ауыз өлеңде сұлу бейнесі сипатталған, оған кенеттен «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» деп басталатын басқа өлең (18 жол) тіркескен. Өлеңнің екі бөлімін туыстырып тұрған ешқандай қисын жоқ, екінші бөлім, ол мүлдем басқа өлең екені соқырға таяқ ұстатқандай айқын.

Осы айтылғандар Абайдың 1884 жылға дейінгі ұзақ ізденушілік кезеңі бар, оның соңғы бөлігі (1879-1883) ғылым-білім бұлағынан мейірі қанғанша сусындағанымен әрі шығармашылыққа төселіп, тәжірибе жинақтағанымен ерекшеленеді деуге негіз болады. Сондай-ақ, «Абайды сынаған авторлар...» мақаласында әдебиетші Нұрғали Махан «бұл қалай, неге олай?» деген жәйттерді де қарастырып өттік.

Ғашықтық өлең кімге арнау және қай жылы жазылған?  Енді осыған келейік (пәленше-түгеншеге арналған дескен қауесет көп). Бірден айтайық, «Қақтаған ақ күмістей...» Абайдың Әйгерімге (азан аты – Шүкіман) арнауы. Келешек жары Әйгерімді Кіші Орда тауы, Шілікті кезеңінде алғаш кездестіріп, бір көргеннен ғашық болғанда туылған өлең. Бұлай деп топшылауға Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты еңбегі негіз болады. Абай ауылына Мұса, Бекей ауылдары жазда көршілес, жақын қонып ерулік беріседі дей келе, кездесуді Әрхам ақсақал былайша баяндайды: «Қонақ күтіп, шәй құйып беруге Бекейдің бойжеткен қызын Мұса шақыртып алады. Кең маңдайлы, нұр жайнаған қара көзді, ақша жүз, алқызыл бетті, күлкісі бұлбұлдың сайрағанындай қыз екен. Атағы зор болғанымен, отыз жасқа жаңа келген жас Абайдың жалынды жүрегі сұлу қызға бой ұрмай тұра алмайды. Тамақ жеп үйіне қайтқаннан кейін көз алдынан кетпейді» («Абай туралы естеліктер». –Алматы, 2018. - 87 бет). Көрдіңіз бе, Әрхам сипаттаған Әйгерім мен Абай «кең маңдайлы, ...күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды» деп суреттейтін әсем сұлудың бейнесі бір. Мәселе тап осы кездерде Абайдың «Тоғжаннан сияқты Әйгерімнен де айырылып қалар ма екем?» деп ойы сан-саққа бөлініп жүргендігінде. Сұлу қыз Әйгерім атастырылған, қалың малы төленген біреудің қалыңдығы болғандықтан.  Жырдың осы хәлде төгілгенін мықтап ескеруіміз керек. Егер өлең Әйгерімге арнау деп қабылданар болсақ, онда оның 1875 жылғы шығарма екендігі өз өзінен анықталмақ.

Рас, 1977 жылғы жинақта «Қақтаған ақ күмістей» және «Қандай қызда ләззат бар жан татпаған» өлеңдері ажыратылып басылды, бірақ жазылған мерзімі бір «1884 жылғы» деп қала берді. Шындығында әуелгісі  1875 жылғы шығарма (Абай тәрбиешілік мақсат қоймағанын ескерейік), ал  екінші өлең  жанына  жиылған жас талаптарға Абай уағыз айтқан 1887 жылғы туынды болып табылады (бұл пайымға дәлелдер жоғарыда аталған жаңа үлгідегі Абайдың екі томдық жинағында келтірілген еді).

Реті келген соң айтайық, Абайдың келесі шедевр өлеңі – «Жарқ етпес қара көңілім» де сүйіктісі Әйгерімге арнау. Тұңғыш рет 1939 жылғы жинақта жарияланған өлең түсіндірмесінде: «Мағына жағына қарағанда бұл екі өлең сияқты. Бірақ ұйқасына қарағандықтан ба, әйтеуір, көшірушілер ерте уақытта мұны бір өлең қылып кеткен» деп дерек береді.  Бұл жерде екі ауыз «Жарқ етпес қара көңілім» өлеңі үш ауыз «Тұлпардан тұғыр озбас...» өлеңімен қосақталып кеткені айтылған. 1954 жылғы жинақта ғана олар екі өлең ретінде бөлектенген. Соңғысы, «Тұлпардан тұғыр озбас» өлеңі жайында Тұрағұл: «Бұл өлеңді Абай Оразбайлармен жауласып жүргенде жазған», – деп дерек береді. Демек, өлең 1890-1891 жылдардікі. Бірақ бастапқы екі ауыз өлең («Жарқ етпес...») ертеректе, дәлдісі 1875 жылы дүниеге келген. Демек, жырдағы:

Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да, –

деген ғажайып жолдарға да Әйгерім себепкер. «Қақтаған ақ күмістей» секілді шын ғашықтың, ақын-жүректің үні. Екі өлең бір мезетте Абай көңілінде бір қауіп, бір үміт сезімдері шарпысқан кездерде туылған деп топшылаймыз.

Біреу білер, біреу білмес, 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағында бүркемеленіп басылған өлеңдер баршылық. Екі туындыны бір, енді бірде үш өлеңді бір өлең қылғанының мысалы бар. Мұны себебін Мұхаң былайша тарқатады: «Кәкітай мен Тұрағұл сол Абай сынаған адамдардың өзі немесе бала, бауырлары «баспаға шығарушы адамдарға өкпелейді», «араздық ұстанады» деп жасқанып қалған».

Осы сөз жаңағы екі өлең («Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Жарқ етпес қара көңілім») тағдырын да дөп басады. Кәкітай мен Тұраш олардың  Әйгерімге арнау екенін жақсы білген. Бірақ жалпақ жұртқа жария қылмасақ дегенді ойластырған. Басқа өлеңге қосақтап, тіркеп жариялағаны содан.

Қорытынды: Абай мұрасында орын алып отырған олқылықтар орасан, біз жоғарыда оның шөкімдей бөлігін ғана сөз еттік. Неге екенін қайдам, Абай жинағы түзелсе, жаңарса деген ниет жоқтың қасы. Қарасөздердің рет саны (Мүрсейіт көшірмесіне сай), сондай-ақ, өз орнын таба алмай «адасқан» не болмаса «жазылған жылы белгісіз» делінген өлеңдер сол баяғы қалпында. Былайша айтқанда, жарықтық Абай совет дәуірі тұтқынында қалып отыр.  Ештен кеш жақсы, саяси цензура мен идеологиялық қыспақ кесірінен кеткен қателерді түзетпей болмас. Сонда ғана Абай әлеміне апарар жол кеңейіп, оны жалпыға ортақ қылу және шетелге дұрыстап таныту мүмкін болмақ. Әйтпесе жоқ.

Асан Омаров,

зерттеуші

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544