Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Мерейтой 3193 0 пікір 13 Қыркүйек, 2023 сағат 13:43

Шындық пен өтірік

НЕМЕСЕ АЛАШ РУХЫНЫҢ МҰЗБАЛАҚ МҰРАГЕРІ ӘЛІМҒАЗЫ ДӘУЛЕТХАН

Бір шумақ мадақ өлең жазған адамның бәрін ақын деп, оны құдай санаған «социялистік реализм» атты шығармашылық ағымның күні келмеске кетсе де, әдеби шығармашылықтағы сол бір саяси ауқымшылық ауыруы күні бүгінге дейін өз ықпалын бәсеңдетпей келеді. Белгілі бір саяси науқанды, төрт маусымды, той-төкінді және биліктің бұлжытпай орындауға тиісті құжаттық тапсырмасын әдеби шығармашылықтың шырайына айналдырып алған пысықай-жолбике «қаламгерлер» легінің кұш-қуаты әлі де әлсірей қойған жоқ. Оның басты себебі - еліміз тәуелсіздік алса да, ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, сұлулық пен ұсқынсыздықты және дарын мен дарақылықтың ара жігін мүлде ажырата алмай келе жатқандығымызда екені белгілі. Бұл ойымыздың бұлтарытпас дәлелі ретінде Мұқағалы Мақатаевтың соноу 1974 жылы 6 қазан күні жазған мына бір күнделігіндегі ой-тұжырымның күні бүгінге дейін өз құнын жоймай келе жатқандығын оқырман алдына көлденең тартуға болады. «Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?! Қайдам? Осы күнгі әдебиет нағыз таланттардың әдебиеті емес, пысықтардың, жерлестер мен достардың, жағымпаздар мен қорқақтардың шатпағы. Әдебиеттің көкжиегіне өйтіп-бүйтіп бір алаяқ іліне қалса, ол өзі сияқты бір Саншо-сыншысымақты сүйрелей келеді.  Ол сыншысымақ белгілі бір уақытқа дейін өзшәркейін сол салада сүйретіп жүріп жатады. Жағдайы барда айпап-жайпап қалуға тырысады. Біреуге жағымпазданады, біреуді қорқытады (өзі де қорқады), содан соң жан-жағына қарайды: жоқ, бұдан әрі бүйте беруге болмайды екен; ол өзінің шатпақшыл серіктерінің көмегімен ұялмай-қызармай үлкен әдебиетке аяқ салады, сөйтіп енді өзі шығармалар жаза бастайды. Сондықтан бізде ай сайын әдебиетіміз де жаңа, бірақ өзі белгісіз, аты, жөнсіз бір «жұлдыз» пайда болып жатады. Ал біз құнарлы топырағымызда тағы бір арам шөп өскенін елемейміз. Қашанға дейін осылай созыла бермек? Арамшөптерді түп орнымен жұлып тастауға әлдекімнің батылы жете ме? Менің ойымша, ол бір ғана кісінің қолынан келетін іс емес. Сондықтан мен әдебиетіміздің тазалығы үшін қиналатындарды, азшылық таланттарды мынаған шақырам: Достар, таланттар, бірігіңдер! Барлық шатбақбайшыларға қарсы майдан ашайық! Олардың желеп-жебеушілерін түгелдей әшкерелейік! Ұқсаңдаршы, біздің әдебиетіміз тұншыға бастады» [1, 29-30].

Осы арада Мұқағалы Мақатаевтың қазақ совет әдебиетіндегі шығармашылық шындыққа жаны күйіп-өртеніп, күйзеле отырып артына қалдырған өсиетін екі етпей орныдаған бірден-бір тұлға бар ма деген сұрау туындайды? Әрине бар. Ол қазағым деп қан жұтып, ұлтым деп у ішіп, қазірде сексеннің абыройлы шыңына ұлттық рухты ту етіп шыққан, тарих ғалымдарының кандидаты, түріктанушы, прафессор Әлімғазы Дәулетхан. Әлекеңнің қызылданған Шығыстүркістанмен байланысты өмірбаянынан бастап, Атжұртан зор үміт күтіп, шегараны арман-мақсатқа толы шерменді көңіл-күймен бұзып өтіп, елім-жерім деп келгеннен соң,  бақылау астында ноқталанып, тұсалып-шідерленген тарықапас тағдырын сөз етпеген күннің өзінде, әдеби шығармашылық майданында қаламын қару етіп, ата-баба тарихын аударып-төңкерістіргені өз алдына бір әңгіме деген күнде де, оның қазақ әдебиетінің ауқымдық беталысын ұлыттық рух негізінде зеріттеп-зерделеген «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді ғылыми еңбегі ерекше көзге түскен туынды. Өйткені бұл ғылым еңбекте Әлімғазы Дәулетхан ағамыз ең алдымен таяу замандағы «Қазақ әдебиетін» дәуірлеуге қатысты өз ой-пікірін төмендегідей бөліктерге бөліп, жіктеп-жіліктеп береді.

«1. Октябрь төңкерісіне дейінгі ұлы Абай негізін қалаған ағартушылық, ұлтазаттық күресі дәуірі әдебиеті. Оның белгілі өкілдері Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Әсет, Ғұмар, Шәді төре, Машһүр Жүсіп, Бернияз, Спандияр, Сәбит Дөнентай...

2. Октябрь төңкерісі мен азамат соғысынан басталып, 1929 жылғы голощекиндік – сталиндік жаныштауға дейінгі дәуір әдебиеті, яғни «Алашорда» туының көтерілуі мен жығылуы және қызыл империя жағдайында ұлт мүддесін қорғауды мұрат тұтқан жанталас, тайталас дәуірі әдебиеті.

3. 1929-1989 аралығындағы Советтік дәуірдің ала-құла әдебиеті.

4. 1989 жылғы арыстарымызды ақтаудан басталған тәуелсіз Қазақстанның Азат әдебиеті кезеңі» [ 2 ] деп тұжырымдаған таяу замандағы «Қазақ әдебиетін» дәуірленуге қатысты Әлекеңнің ой-пікірінің өзіндік қисыны бар. Олай дейтініміз таяу замандағы «Қазақ әдебиетін» дәуірлеуге қатысты бұл тұжырымдамада саяси ауқымдық өзгерістер негізінде қалыптасқан қазақ халқының ұлттық рухының мұқалуы мен жанышталуы, алдаусырату мен есе-теңдікке жету кезеңдері нақтылы да шынайы сипатымен көрнектіленеді. Өйткені «Мұның бәрі де әдебиетімізді уақыт пен саяси топалаңдар ықпалында емес, оның мазмұны мен мәні негізінде жіктеп, саралау принциптерінен туындауы керек дегенді басшылыққа алады. Баяғыша НЭП, коллективтендіру, бесжылдықтар, Отан соғысы, тың игеру, т.б. деп  коммунистік партия сүйрелеген қанды соқпақпен сүмеңдеу енді ұят әрі тәуелсіз Қазақстан жағдайында мүмкін емес нәрсе. Өйткені ендігі жерде қауқиған «Қазақ әдебиеті» оқулығы залалды көң-қоқыстан, көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саяси декламациялардан, құлдық ұрған жағымпаз ойлардан біржола, мәңгі бақи арылуға тиіс» [ 2 ]. Міне, бұл Әлекеңнің таяу заман «Қазақ әдебиетін» дәуірлеудеге алға қойған негізгі мақсаты мен міндетінің көрінісі.

Ал еліміз егемендік алғаннан кейін Мағжантану ғылымның тез есейіп, етек жауып келе жатқандығын ескерген тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан Мағжантанудың да басып өткен кезеңдерін оқырман қауымның назарына тайға таңба басқандай анық-қанығын айқындап береді.

«1. Мағжанның  қазақ байтағына барынша танылып, атағы аспандап тұрған жастық, жігіттік шағында Жүсіпбек, Қошке, Смағұл, Ыдырыс, Мұхтар қатарлы ойшылдар жазып, жариялаған сын-зерттеу, баяндамалар, мағжантанудың мықты да берік, ғылыми негізі қаланған 1929 жылғы голощекиндік репрессияға дейінгі кезең.

2. Мағжанды қазақтың жауы, дұспаны деп қаралап, Мағжанды жамандамай қалам тартпаған большевиктік батырақтық жойымпаздардың шимай-шатпақтары дәуірлеген «советтік дәуір», яғни 1929-1989 жылдар аралығындағы қаралы кезеңі. Бұл кезеңде жазылған сын-зерттеу, канидаттық, докторлық қорғаулардың тізімін алып талдау жасау керек. Ол әлдекімдерден өш алу, «қара тақтаға» жазу үшін емес, әдебиетіміз, соның ішінде мағжантану ғылымы басып өткен қанды жолдың тағылымдық сұлбасын жасау үшін керек. Бұл тұрғыдан қазірдің өзінде Дандай Ысқақов қатарлы ғалымдырымыз бен зерттеушілеріміз құжаттық із кесу, саралау бағытына түскені құптарлық.

3. Мағжантанудың қайта құру, жариялық басталғаннан, Қазақстан тәуелсіздігін алған 1991 жылға дейінгі шөре-шөре, тәй-тәй кезеңі. Яғни, бұл Мағжанды жақсы да, жаман да етіп көрсетуге ұрынған әрі-сәрі жалбақбайшылық кезеңі.

Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қалыптаса бастаған нағыз жүйелі, әділ, ғылыми, тәуелсіз мағжантану кезеңі [ 2 ].

Былай қарағанда таяу заман «Қазақ әдебиетін» дәуірлеу мен Мағжантану кезеңдерін дәуірлік саяси сипатта бөліп қарастырудың ешқандай бір байланысы жоқ секілді көрінгенімен, алайда оларды бір-бірінен бөліп-жарып тастай мүмкін емес. Өйткені Кеңестік қызыл идеялагия дәурендеп тұрған кезде Мағжан секілді алты Алашқа сойы әйгілі Алашшыл азамат ақын-жазушылардың шығармалары тұрмақ, олардың атын атаудың өзі ұрейлі де қорқынышты «қылмыс» болды. Сол себепті 1961 жылы Сәкен Сейфуллин бастаған әдеби топ саяси айыптан азат болған, сол қатарда  марқасқа тұлға  Мағжан ақталмай қалды да, Мағжан поэзиясы жалғасты отыз жыл бойы тар қапасқа қамалып жатты. Оның нақтылы себебінің «біріншісі, тек Мағжанға тән асқақ, күрескерлік рух – Алаштық, тұраншылдық рух. Бұл тұрғыдан өз замандастары да, одан кейінгі мықтымын деп кеуде соққан қайсы ақының  да оның шеніне жуи алмасы адамға да Аллаға да аян. Екіншісі, қол жетпестей ақындық таланты тудырған табиғаттың өзіндей тылсым да әсем, адам жанындай терең де, сан қырлы құбылмалы, жайнақы, сыршыл поэзиясы еді. Ақынның соңына шырақ алып түсіп, ит қосып қуалаған оның жаулары да дәл сол екі ерекшелігіне, екі алтын тұтқасына мықтап жармасқанын көреміз» [ 2 ].

Советстан - экспресс айдынды,
Сансыз жауын алыстан-ақ айбынды,
Еркін елім,
Беркін белім,
Шалқар көлім,
Дүниедегі санын кедей, бай білді,
Отарбада сан румыз - тілек бір.
Зор иманды, махаббатты жүрек бір.
Қаулат отты,
Заулат қатты,
Жай қанатты,
Күш жұмсайтын бір майданда білек бір.
Советстан, біздің Стан совстан!
Экспресс, талма екпінді шабыстан.
Гуле жүріп,
Үні құрып,
Қалсын ұлып,
Ескі жалған арттан қалмай жабысқан.
Кондуктор,
Қатты бас,
Жүрек бір,
Жалын шаш,
Тілек бір,
Жылдам жет,
Білек бір,
Дөңгелет,
Трат-тат-тат!
Трат-тат-тат!
Тақ-тақ, тақ
Рудзутак! [3, 270-271] -

деп Советстанды ұлықтап, комунитік жүйенің жүгін арқалап, қызыл партияның партасында әдепті оқушыдай тапжылмай отыруға бел байлаған ақынның «Советстан» атты көлемді поэмасының «Экспресс» делінетін бұл үзіндісі «Қызыл жұлдыз» атты мына бір өлеңмен өзінің Одақшыл белсенділік айбатын тіпті де көнектілендіре түскендей болады.

Қызыл жұлдыз маңдайында ерлердің,
Үкіметі совет-кеңес елдердің.
Қызыл жұлдыз - еркін еңбек таңбасы,
Туы қызыл, күні қызыл жерлердің.
Қызыл жұлдыз жең сыртында білекте,
Қызыл жұлдыз алда, мақсұт-тілекте.
Қызыл жұлдыз - шын батырдың белгісі,
Сыртқы түсте және ішкі жүректе.
Қызыл жұлдыз алыс аспан - көкте еді,
Неше жүз жыл созса да қол жетпеді.
Енді қолда алтын таңның шолпаны,
Шолпан бұрын біздің қолға кеп пе еді?
Қызыл жұлдыз - адамзаттың шырағы,
Шырағы бар ердің көзі қырағы.
Ұзақ жолда шырақ алда тұрғанда,
Біліне ме жолдың алыс, жырағы!?
Қызыл жұлдыз кең советтің түрінде,
Және ішкі жүрек пенен үнінде.
Маркс, Ленин салған жолы әлі ұзақ,
Түссең жолға, жұлдыз қолда, ерінбе! [3, 80].

Осы өлеңдерді дүниеге әкелген «Сәкен қол-аяғы шынжырланып Колчак түрмесінде отырады, аш-жалаңаш, қорлық-зорлық көріп Анненковтың азап вагонының тауқыметін тартады. Тоғыз айға созылған бұл тамұқ тақсіретінен 1919 жылы наурыз айында Омбы тұтқын лагерінен қашып шығып құтылады. Мыңдаған шақырым жаяу-жалпы, арып-ашып жүріп, ол ақыры Түркістан өтіп, Әулиеата (қазіргі Жамбыл) атырабында Кеңес өкіметін орнату жұмыстарына белсене қатысады. 1920 жылы Қазақ Автономиялы Республикасы құрылғанда, Сәкен Сейфуллин Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің президиум мүшесі, Жер-су Комиссиясының төрағасы, ал ІІІ Кеңестер съезінде, 1922 жылдың қазанында Қазақстан Комиссарлар Кеңесінің төрағасы етіп сайланады. Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің (ВЦИК) мүшесі ретінде КСРО көлемінде шешілетін күрделі саяси, әлеуметтік, шаруашылық мәселелерді талқылауға қатысады (1922-1925 жылдары). «Еңбекші қазақ» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») «Әдебиет майданы» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы болған Сәкен Сейфуллин қазақ кеңес баспасөзінің басында тұрды. 1925-1937 жылдар арасында Жазушылар одағында, басқа да орындарды басшылық қызметтерде бола жүріп, жоғары оқу орындарында ұстаздық етті» [ 4 ].

Республика советін
Ұран салып құрдық біз.
Әмірші совет тапсырған
Қызыл туды қолға алдық.
Пулеметке, маузерге
Қатарлап тізіп оқ салдық.
Біліңдер, арам мырзалар,
Бұқпаспыз, енді жатпаспыз.
Баяғыдай сендерді
Қорғап енді оқ атпаспыз.
Мырзалардың, байлардың
Біз батыры емеспіз.
Жауыздар үшін қан төгіп,
«Дінім», «ұлтым» демеспіз [3, 80].
- деп Кеңес одағына жан-тәнімен шынайы берілген ақын қолдаған большевиктік билік нәтижесінде - оның өзін 1938 жылы «халық жауы» деп айыптап, ату жазасына кесті.

С. Сейфуллин күндіз-түні Кеңес одағының сойылын соғып, жоғын жоқтап, «Жұлдыздар үшін қан төгіп,
«Дінім», «ұлтым» демеспіз» - деп қызара бөртіп жүрген кезде Мағжан Жұмабаев қаламынан С. Сейфуллин ұстанымы мен шабытына мұлде қарама қарсы «Адастым» деп алты алашқа жар салған мынадай жырлар дүниеге келіп үлгірген еді.

Артымда қазақ қалың ел,
Тақтақ жалғыз қара жол,
Кетіп бара жатыр ем.
Бейнетті, бітпес ұзын жол,
Отсыз, сусыз бетпақ шөл,
Мың мехнатқа батып ем.
Жұбаныш - жол біреу-ақ,
Үмітім алтын айдан да ақ,
Сонымен ойды жоюшы ем...
Далаға өлік жан салып,
Әлсін-әлсін ән салып,
Өлеңдетіп қоюшы ем...
Әлдеқайдан шу шықты,
Қып-қызыл қан-ту шықты,
Жердің жүзін түн басты.
Шегір көзді, сары шаш,
Бәрі тырдай жалаңаш,-
Жан-жағымды жын басты.
Әлденені бөлісіп,
Ыржиысып күлісіп,
Ән жер, мін жер жылт-жылт оқ.
Жел ұлиды, өкіред,
Жындар жалп-жалп секіред...
Қара жолдан сүрлеу жоқ.
Артымда елім бар еді,
Алдымда жолым бар еді,
Ел де жоқ қазір, жол да жоқ...
Табылар жолың, тарылма,
Жылама, жынға жалынба,
Таң атқанша күн де жоқ [5, 214-215].

Мағжан ақынның елім, жерім деп зар жылап, запыран құсып жазған бұл өлеңі бойында қазақи қаны тулаған, ұстанымында Алаштық ары бар адам үшін «жаным арымның садағасы» деп тұрғандай сезілетіні сөзсіз. Ол тіпті «Қызыл жалау» деп өлең жазса да, қызыл жалауға болған тістырнағымен өшпенділігін:

-Жалынды жалау кімдікі?
-Тұрағы тарғыл тас қия,
Арбаңдаған Азия -
Жалындай жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қызыл шоқ жалау кімдікі?
-Кім де кім: «Тәңірім - от,- десе,-
Басқа Тәңірім жоқ»,- десе,
Қызыл шоқ жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қызыл шоқ жалау кімдікі?
-Кім де кім шикі қан жұтса,
Қан аңсап жүріп шаң жұтса -
Қызыл қан жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Қанды жас жалау кімдікі?
-Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса -
Қанды жас жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Өртенген жалау кімдікі?
-Кім өртенген гүлдемей,
Кім таланған, кім кедей -
Өртенген жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
-Азаттық жалау кімдікі?
-Көре алмаса кім теңдік,
Тепкі көрсе кім кемдік -
Азаттық жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі! - [5, 182-183] деп бүкпелеу негізінде оқырманының ой аңғарына ұлттық сана мен Алаштық идеяны мықтап сіңіргендігі бірден белгілі болады. Өйткені ақын:

- Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса
- Қанды жас жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі! - деп, өзінің шарасыздығы мен халқының бетке басар ұлдарының саналы түрдегі сатқындығының немесе болашақты дұрыс болжай алмаған дәрменсіздігінің кейіп-кеспірін кекесін түрде кең толғаныспен, ыза-кекпен оқырманының ой-сезім тақтасына мықтап шегелейді де, ішкі жан дүниесіне шемен боп қатқан шер-мұңын шығарады.

Екі дүние, екі көзқарас, қызыл мен ақ арасындағы қайшылық-қақтығысы арпалысып, өзге елдер қай жеңгенің менікi деп тұрған аласапыран кезеңде қазақ халқының ұлттық бостандығы мен мемлекетшілік ұстанымнан бір таймаған ақын халқына тəуелсіздік таңының ертерек атуын тəңіріне жалбарына отырып тілейді. Əйтсе де оған жету оңай емес екенін де біледі. Сенімінен гөрі, үміті басымырақ ақынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі - «Сағындым». Мағжан мен Сəкеннің өмірі мен шығармашылығын мұрағаттық деректер мен шығармалары негізінде салғастыра отырып қарастырып, талай мəлімсіз жайттың қатпарын ашқан ғалым Т.Кəкішұлы бұл өлең туралы мынадай түйінді ой түйеді: «Мағжанның түрмеде отырғанда жазған «Сарғайдым», «Сағындым» өлеңдері абақтыдағы ақынның жан сырын, хал-жайын көркемдікпен елестетеді жəне мұң-шері жағынан Сəкеннің Колчак түрмесінде шығарғандарымен үндеседі...» [6, 62-63]. Шындығында да, олар жазған өлеңдер абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді. Тар қапаста отырған ақын туған жері - сайын даласын, ақ сүтін берген анасын, туған ел-жұртын, сезімге адал сүйген жарын сағынады. Сағынышының ең зоры - бостандық. Алайда Мағжанның бостандығы мен Сәкеннің «тәуелсіздігі» Кеңес одағы тұсында жер мен көтей парықты болып кетті. Бірі ұлт тәуелсіздігін қазақ халқының дербес билік жүйесінің болуынан күтсе, ал бірі Кеңес одағының алдамшы саясатынан зор үміттенді. Бірі Алашым деп аласұрса, ал бірі Светстан деп, Колчак түрмесінде азапты өткен өмір кешірмесін ұмытып, кеңес одағының «Қызыл атына» мініп алып, «Қызыл ерлер» деп ұрандап, қазақ бұржуазиясының тамырына балта көтере жүгіреді. Сол себепті Мұхтар Әуезовтың Сәкеннің тұлғасымен шығармашылығы туралы «Сәкеннің ақиқаттығы жүрекпен сананы оятқан, қанаттандырған. Ол сенім туралы айтса – ол шынайы сезім, ол шындық туралы айтса – бұл рухтың азабын шеккен шындық. Сондықтан осы адамның өткен жолы ерекше. Жолында самғау да болды, жығылу да болды. Сәкен Сейфуллиннің жолы – шынайы жалынды ақынның жолы» деген тұжырымы ғұлама жазушының амалсыздан айтқан пікірі секілді, бізді сендіре алмайды. Өйткені оның өлеңдері қайшылық-қақтығысқа, қарама-қарсылыққа толы. Оның кімді жақтап, кімге қарсы тұрғаны белгісіз. Мағжан Жұмабаев 1919 – 1923 жылы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған түрік халқының азаттық соғысына арналған «Алыстағы бауырым» атты өлеңін асқан түрікшілдік рухпен дүниеге әкелген кезде, ол қазақ халқының қанды тағдырымен үш ғасырдан астам уақыт ойнаған басқыншылардың мұрагері Светстанның қызыл туын биік көтеріп, беліне бес жұлдызды белбеу буынған белсенді болып кеткен еді. Бұл жөнінде Алаштық ар-ұждан ұстанымы тастай берік тарихшы ғалым Әлімғазы Дәулетхан Светстаншыл шолақ белсенділердің қателігі мен менменшілдігі «теріс соққан уақыт желінен ығып, заманға, саясатқа күйлеп, өз халқына, ұлттық мүддесіне қиянат еткенін біле алмаған саяси басырлығында, ұлттық сананы жасанды таптық санаға билетіп жібергенінде еді» [ 2 ] деп, өкініш білдіреді.

Әр кезеңдегі, әсiресе, Кеңес үкiметi тұсындағы мадақ өлеңдердiң туындауы өзінше бір құбылыс деген күннің өзінде де, мұндай өлеңдермен арнаулы айналысатын ақындар легі саяси жүйенің қолдап-қуаттауымен қалыптасып, қандай да бiр құжат-қаулы жоғары биліктен түсе қалса, оны өлең тiлiне айналдырып, күн аралатпай-ақ басылым беттерінде жарқ еткiзетiн құзіретке ие болды. Сөйтiп олар саяси науқанның белсенді үгітшісіне айналып, сол дәуірдің саяси тынысымен біте қайнасып кеткендерін өздері де сезбей қалды. «Әсіресе, РКБ (б) Орталық Комитетінің 1925 жылғы 18 маусымдағы “Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы” қаулысынан кейін бірыңғай кеңес шындығын дәріптеген, бояма, әсіре қызыл поэзияға жол ашылды. Бұл жолға түспеген Мағжан Жұмабаев сияқты бірді-екілі ғана қаламгерлер болды» [7, 30 ] деуге болады. Сол себепті:

«Не көрсем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ - ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,

Істей берсін қолдарынан келгенін!

Қалың елім, қалың кара ағашым,

Қайраты мол, айбынды ер, Алашым!

Өзі-ақ құлар, сырын берме, сабыр қыл,

Ақымақтар байқамаған шамасын.

Елі үшін құрбандыққа баратын саналы күрескердің ұлтына деген шексіз махаббаты есіліп, жігерлі үні жаңғырады. «Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер» дегені де ертеңгі жастарға зор үміт артқан ақынның Алаш идеясының өміршеңдігіне толық сенгені еді. Тіпті, өз жұртын шыдамдылыққа шақырған ақынның көп ұзамай азаттықтың келеріне де сенімі мол» [8, 151]. Сөйтіп Мағжан ақын күн көсемді жырламады, билікке жалтақтамай, жалбарынбай, тек қазақ ұлтының ұлттық рухы мен ел тағдыры және жер меншіктілігіннің Алашқа тән шындығын шырылдатып айтудан жаңылмаған ақын сол кездегі саяси ауқымның құрбаны болуға әзір екендігін қасқайып тұрып айтты. Айтқанда да ол шындықты шырылдатып айтты. Мәймөңкелемеді, жан-жағына жалтақтамады. Сондықтан да Мағжан ақынның алып тұлғасына академик Әлкей Марғұлан: «Қазақ халқы үшін Мағжан Жұмабаевтың маңыздылығы ағылшындар үшін - Шекспирдің, орыстар үшін – Пушкиннің маңыздылығынан кем емес» деп баға берді. Ақын осы бір алты алашқа аты мәлім Алштық абыройымен бүгежектемей, қасқайып, өз ұстанымымен қолтықтасып кете берді.

Ал 1937 жылы қазақ зиялылардың таңдаулы өкілдері «халық жауы» деген атаққа ие болған кезеңде Сәкеннің түрі жабыңқы еді. Қамау қарсаңында, 1937 жылдың күзінде, Сәкен өз үйінен сирек шығатын, Гүлбахрам Батырбекқызының естелігі бойынша: «Ол біраз ғана күн Алматыға жақын тұс Байсерке ауылында киіз үйінде тұрған. Сол уақыттағы көңіл-күйі аса қайғылы еді: Ол түнерген және де тұйық. Оның хал-жайын келіп сұраған адам болмады, анда-санда Сәбит Мұқанов келетін. Сол уақытта оның жақын достары - Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлин - жазаға тартылған еді. Сәкенге нағыз жұбаныш болған тек қана кішкентай баласы Аян». Міне, бұл трагедиялық көріністен біз мейлі кім болса ол болсын - адам баласының өзіндік берік ұстанымы болмаған, екібеткейлікке еліккен, жағымпаздыққа жармасқан және менмендікке мінгескен жағдайдың соңғы тағдырының қандай болатындығын анық аңғара аламыз. Ол өкінді, алайда қанша өкінсе де кеш еді. Ұлт намысы алдында төгілген бет-бедел әлдеқашан «қызыл өлеңге» айналып, құрдымға кетіп жоқ болғаны белгілі болды. Ақын болып, мадақ «өлең жазбаса», онда түсінуге болар еді. Алайда оның ұстанымы «қызыл өлеңдерінде» тасқа басқан таңбадай, келешек қазақ тарихына куәлік болып қалғаны анық. Бұл арада біз Сәбит Мұқановтың «Сәкен, ең алдымен, өтірік дегенді білмейтін адам еді. Оның досы да, дұшпаны да көп болды. Солардың ешқайсысы не бұрын, не қазір Сәкеннің жалған сөйлегенін не көрдік, не естідік демеуге тиіс. Сәкен аса уәдешіл болатын, уәделі ісін бұлжытпай дер кезінде орындайтын. Екі сөзді айтпайтын» деп, Сәкен мінез-құлқына берген бағасының өтірік екенін аңғарамыз. Өйткені «Сәкен патша өкіметінің құлатылуын, Ұлы Октябрь революциясын, Совет өкіметін бірден, мейлінше қуанып, құлаш жайып қарсы алады; тіпті, Октябрь революциясынан, Қазақстанда совет өкіметін орнатушылардың бірі болады» [9, 29 ]  да:

Адамзаттың бақытына

Саты,

Аят, хадис уақытына

Аты.

Бұл дүниенің пайғабары

Ленин.

Төмен таптың ой-айбары

Ленин [3, 123 ]  - деп, күн көсем Ленинді жырға арқау етіп, «Советстанның болашағы мәңгілік болады, қазақ халқын ауыр қиыншылық жағдайдан сол құтқарады» деп, өтірік айтты және өзі құдайдай сенген қызыл үкіметтің құрбаны болды. Ал Мағжан ақын «ұлт бостандығы, ұлттардың бөлінуі, өз алдына ерікті ел, мемлекет болуы дегенді өкімет билігін ұлт буржуазиясының  - қазақ буржуазиясының қолына алуы, ұлт, қазақ буржуазиясының мемлекетін құру деп ұқты» [9, 17] да, Сәкен, Сәбит, Бейімбет  қатарлы қызыл жалаулылардың қарсыласы, тіпті, жауы болып, қудаланып, шетке қақпайланса да, «қазақ ұлтының шынайы тәуелсіздігі өзінің ұлттық мемлекетінің дүниеге келуінде жатыр» деп, шындықты бір көзінен қан, бір көзінен жасын тамшылата отырып, кесіп айтты. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Қазақ әдебиетінде қазір неше саяси бет бар» деген мақаласында: «Қазақ әдебиетінің саяси беттері нешеу екенін айтайын. Қазақ әдебиетінде қазір екі саяси айқын бет бар. Бірі  - байшыл, ұлтшыл, бірі – еңбекшіл, тапшыл. Байшыл, ұлтшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Ахмет, Мыржақып, Мағжан, Әлихан және басқалар. Еңбекшіл, тапшыл бетті әдебиетшілер, мәселен: Рақметжан, Сәбит, Бейімбет, Сабыр, Самат, Сыншы ретінде: Әбдірақман, Қамза, Ғаббас және басқалар [10, 49] деп анық айтқан болатын. Міне, бұл пікір сол кезде «еңбекшіл, тапшыл» болып, «байшыл, ұлтшыл» бетті қуғын-сүргінге ұшыратқан «Алыптар тобы - тарихты, тіршілікті тек өзінен ғана  бастап, өзін-өзі әспеттеп, қолдан көсем, классик жасауға шебер большевиктік пиғыл мен қазақы жалпақ шешейлік тудырған көп жасандылықтың бірі деп атап айту қажет» [ 2 ]  деген әдебиетші әрі тарихшы Әлімғазы Дәулетханның тұжырымды ой-пікірін ырастап тұрғандай болады. Өйткені «Біздің саясиланған ұғым-түсініктеріміз бен буалдыр эстетикалық талғамымыз барлық адамға ұқсай беретін, ұлы таланттар (Данышпандар - Ә.Д.) мен ешкімге ұқсамайтын ұлыларды ажыратуға келгенде шатасқан сияқты. Көп жазып, көп кітап шығарған, биік мәнсаптарда ұзақ отырып, кеуде толтыра орден, медаль алған таланттар мен «Даңқы келешекте, өздерінің сүйектері қурап қалған кезде мәлімденетін» Мағжан бастаған данышпандар - алыптар тобын шатастыруымыздың себебі енді түсінікті болар» [ 2 ] дегенге сайады. Оның дәлелі ретінде еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап, кезінде «байшыл, ұлтшыл» болып қудаланған, кемсітілген беттің абыройы асқақтап, беделі тіпті де бекемделіп, «еңбекшіл, тапшылдардың» «Тар жол, тайғақ кешу» тағдырға ауысқандығын көлденең тартуға болады. Жүсіпбек Аймауытовтың сөзімен айтқанда: «Өзгеден гөрі әлеуметтің мұңын баса жақтайтын ақын болу керек. Өйткені ақын қоғамның қарапайым тырна қатар топ мүшесі емес, өзгелерден гөрі саққұлақ, сезгіш жүректі, сара ақылды, өткір қиялды мүше» [11, 297] болғандықтан, болашақты дұрыс болжай алмау, ұлт мүдесінен гөрі өздерінің жеке бастық жайлы орны мен «көңіл қарыны емес, көже қарынының» қамы үшін өліп-талып, жағымпаздану мен жалпақшешейлену дегеннің қандай масқара нәтижеге алып баратындығы белгілі. Сол себепті Алаш идеясының мұрагері ретінде қытай қырғыны мен орыс басқыншылығының тепкісі мен қудалауын басынан бір кісідей өткерген Әлімғазы Дәулетхан ағамыз ұлы ұстазы Мағжан шығармаларын зеріттеп-зерделей келіп: «сондай бір назалы, қапалы бармақ шайнар тұста кешірімшіл, кеңпейіл болып көрінгісі келетін қазақы ұмытшақтыққа зығырданың қайнайды. Итің жаман десе намыстанғыш, аққан жалғыз көзге ердің құнын даулайтын, жаным-арымның  садағасы деп кектесетін қайран ер қазағым, сен неден сонша ез, ынжық, сүйексіз болып қалдың екенсің?» [ 2 ]  деп налиды.

Әлімғазы Дәулетхан ағамыздың көрнекті ғалым, жансебіл жазушы, асқан Алашшыл қайраткер және түрік дүниесінің арғы-бергі тарихын түгендеуші ретінде қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні туралы қандауыр қаламын тербей отырып, налуға қақысы бар. Өйткені еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өткен тарихқа үңіліп, Алашордашыларды толық ақтап, олар жоспар-жобасын жасап кеткен Ұлттық идеялогияны жақтап, Азия құрлығындағы алып ел болу міндеті мен мүмкіндігі тыңғылықты қолға алынудың орнына Кеңес одағының жұртында жидіп қалған қаңсығын әлі де таңсық көріп келе жатқандығымызға былай деп ашынады. «Ендеше бүгінгі мынау ашық-жарқын сөйлей алатын үрей-үркінсіз азат заманда сол әділет үніне неге құлақ түрмеске? Неге әркімді өз шама-шарқына, еткен еңбегіне, төккен теріне қарай қайта бағалап, тарихи қателіктерімізді түземеске» дей келіп, «ендігі жерде қауқиған «Қазақ әдебиеті» оқулығы залалды көң-қоқыстан, көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саяси декламациялардан, құлдық ұрған жағымпаз ойлардан біржола, мәңгі бақи арылуға тиіс» [ 2 ] деген сүбелі де сүңгі ойын ойқастата, бүкпесіз жайып салады.

«Біле-білген адамға Кеңес өкіметін өз қолымен өзі орнатып, соның түрмесіне түсіп, атылып кетуден қасыретті құбылыс бола ма? Кеңеске қарсы болып, айтқанынан қайтпай түрмеге түсу – ерлік, ал жақтас, ниеттес, тілектес болып жүріп соның қолынан өлу - қасыретті трагедия емест пе? Одан өткен өкініш бола ма?» [12, 380]. Әлімғазы Дәулетхан ағамыз «Мағжан және қазақ поэзиясы» атты көлемді мақаласында қазақ совет әдебиеті тарихындағы, міне, осындай ерлік пен қасырет туралы айта келіп, «саясатты ат қылып мініп борбайлатқан, жалған жаңашыл, интернационалшыл, қайдағы бір адамзаттық ортақтықты жырлаушылардың айқай жарнамасы ендігі жерде ешкімді де алдарқата алмаса керек» дей келіп, «Бұл тұрғыдан сөз етіп отырған әдебиет, поэзия туралы айтарымыз – қайнарға, негізге, ұлттық, түркілік, тұрандық негізге қайта оралуымыз керек демекпіз. Қиян-қырдағы Асан ата, Қорқыт бабадан бастап, Абай, Мағжан, Ахмет қатарлы ұлыларға бет бұрып, бой түзеуіміз керек. Сол данышпандар жасап қалдырған асыл өнеге, мектептер жетерлік. Тек ниетті, пиғылды, жүректі таза, түзу ұстап, батысқа - жатқа қисайып, қыңырайып қалған тоңмойынды Шығысқа - өзімізге қарай иіп әкелуіміз керек» [ 2 ]  деп, дәлел-дәйегі кемелді, мемлекетшілдікке мейірі ауған көңі-күй талабынан шығатын, ұлттық рухқа толы, тілі өткір кездіктей қылпылдап тұрған, майталман, елеулі еңбегіне нүкте қояды.

Жалпы, қазақ совет әдебиетінің «еңбекшіл, тапшыл» «Алыптарының» саяси ауқым тұрғысында жазылған «1) Ұл октябрь революциясы, Совет өкіметі, Қызыл армия, 2) И. И. Ленин, Коммунист партияы 3) Революция арқасында бостандық, теңдік алған қазақтың жұмысшылары мен жалшылары, әйелдері, солардың қуанышы, іс-әрекеті» [9, 66] қатарлы тақырыптарды талғажау еткен социялистік реализм бағытындағы мадақ пен натурализм тақырыбындағы шығармалардың күні өтті десек те, еліміз егемендік алғаннан бергі отыз жылда да оның сарқыншақтары, сарқыншақтары емес ау, оның дәл өзі тәуелсіз қазақ әдебиетінің шығармашылық беталысынан әліде арыла қоймағандығы өкінішті. «Біздің қазіргі ақындарымыз Ақорданы жағалап, өзінің ақындығын баяғының болыс-сұлтандықты ақпатышаның мөрімен бекіттіргені секілді күндіз-түні соны күтіп жүргені жасырын емес. Тіпті, алғысхаттар пен «сөлкебайлар» үшін жеке басқа табынып, мадақ өлеңнің майталмандарына айналған «Сарай ақындар» шоғыры жеткілікті. Олар өзінің туған халқы үшін, қоғамдық тұрмыстың, саяси жүйенің әлсіз тұсын Абайша сын қамшысының астынан алуды ар көретін секілді. Абайдың марапаттаушысы халық екендігін олар мүлде түсінбейтіндігіне таңданбай тұра алмайсың. Ондай ақындар үшін өлең жасампаздығы ойыншық секілді. Сол ойыншықты көнергенде лақтырып тастай салатын немесе санасы есейіп, ержеткенде жылыстап шыға беретін бала мінез, жел ығына жығылғыш «ақындарымыздың» аз еместігіне басылым беттерін бермейтін мадақ өлеңдердің өзі куә. Бұның бәрі дарынды өлең шығармашылығы секілді киелі өнердің жан дүниесін жете түсінбей, шұрайлы шығармашылықты қорлаудан басқа ешнәрсе емес» [13, 344]. Сол себепті қазақ совет әдебиетінің адғашқы кезеңінде қалыптасқан «байшыл, ұлтшылдар» мен «еңбекшіл, тапшылдар» ортасындағы қиан-кескі саяси ұстанымдық айқас бүгінгі күні әдеби шығармашылықты ардың ісі, қазақ руханиатының жаны, мемлекетшілікті кемелді түрде қалыптаструдың алты таспа қамшысы деп түсінетін «ұлтшылдар» мен орыс билігіне күйлеп, қытай қызыл юанының сазына билеп келе жатқан, сыннан көрі марапат пен мадаққа бас иетін, өзімшіл де жағымпаз «билікшілдер» ортасында әлі де жалғасын тауып келе жатқаны жасырын емес. Өйткені біз әлі күнге дейін қазақ қанды әліпбиімізді қолданысқа енгізе алмаумен бірге мемілекеттік тіл мен дәстүрлі қазақ наным-сенімінің өзекті мәселелерін бір жүйеге түсіре алмай жүргенде, қазақ ұлтының идеялогиялық бағыты далада қалды. Сөйтіп отыз жыл бойы «Нұротанның» сойылын соғып, кеуде керіп мақтанудан қолымыз тимей, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыраты алмай, әлі де шынайы тәуелсіздікке баратын жолдың қайсы екендігін аңғарудан аулақтап, тарам-тарам болған тағдырлы жол айырығында аңырып тұрмыз. Міне, осы бір өткір де кезек күттірмейтін мәселені ұлттық мүдде тұрғысынан шешу біздің елдікті, мемлекетшілдікті мінсіз қалыптастыратын болашағымызбен тікелей байланысты. Өйткені біз ақты ақ, қараны қара, шынды шын, өтірікті өтірік деп тарихи болмыстағы «ауқымшыл шығармашылық» және саяси ұстаным жақтағы қателіктерімізден сабақ алмасақ, бүгін де жағымпаз, жалпақшешей, өзімшіл, билікқұл болып бара жатқан бізді көріп өскен ұрпағымыз Мағжан рухын ту етіп көтерген Әлімғазы Дәулетхан секілді қазақ ұлттық рухының жансебіл ұлы тұлғаларын жатырқайтын болады да, ұлттық мемлекетіміздің тағдырына зор қауып төнеді.

Қысқасы, дүние әдебиеті тарихында өз саяси ұстанымын, билік жүйесінде ерекше дәріптеген саясаткерлер легі табысқа жетсе жеткен болар-ау, алайда өз шығармасына ауқымдық саяси сананы сіңдіріп жазған «қаламгерлердің» шығармаларының әдебиет тарихы сахнасында көрнектіленгені жоқтың қасы. Сол себепті де олар «Сарай ақындары» деген күлкілі атаққа ие болғаны белгілі. Осы тұрғыдан алып қарағанда адам баласының белгілі бір уақыттағы мерзімдік қажеттілігі негізінде туындаған өлеңдер яғни арнау өлеңдер, мадақ өлеңдер, насихат өлеңдер, өсиет өлеңдер, бата-тілек өлеңдер, мұң-шер өлеңдер, наурыз өлеңдер, мерекелік өлеңдер, мерзімдік өлеңдер, хат өлеңдер, саяхат өлеңдер, саяси өлеңдер, сенім-нанымдық өлеңдер, тұрмыс-салт өлеңдер, шежіре өлеңдер қатарлы тақырпта қалам тербеген, бір мезгілдік өтпелі ой-сезім ұйқасына ұйыған немесе ой-сезімін баяндау, түсіндіру, пайымдау сипаты қатарында тақпақтап бейнелейтін, сарынды өлең жазатын «ақындар» шығармашылық майданында қаулап өсіп, қаптап кеткендіктен, Мұқағали Мақатаев «Әдебиетімізді арамшөптерден тазартатын күн туар ма екен?!» деп әлемге жар салғаны шындық. Сондықтан біз қандайда бір қаламгердің қазақ әдебиеті тарихында орын теуіп қалу-қалмауын өз үгіт-нәсиқатын жасап, мақтап-мадақтаған саясат сахнасындағы билік емес, нағыз шығармашылық негізде туындаған, оқырманның көңіл-күй көкжиегінен ойып орын алатын, дарынды өлеңдер шешетіндігін анық түсінуіміз керек. Өйткені ой-сезімді шешенсу тұрғысынан бейнелеу сарынды өлең, ал бүкпелеу немесе суреткерлік тұрғысынан бейнелеу дарынды өлең болады. Біріншісінде мақсат, екіншісінде тәжірибе сабақ тектеледі. Оның үстіне өлеңнің шоулық сипатқа айналыуы «ақының» бір мезгіл танымалдығын көрнектілендіріп, атақ-абройын асқақтатқанымен, өлең өнерінің суреткерлік негіздегі мифологиялық ерекшелігін жоққа шығарады. Сондықтан  шешендік өнер мен нағыз ақындық өнердің ара жігін ажырата алмай алжасып, арамтер болған, ұраншыл, тапшыл, шоумен «ақындар» легінің «Мағжанды уайымшыл, зар заман жыршысы, күні өткен ескіліктің жоқшысы деп қаралаушылар ақынның сан қырлы, сан толқымалы, сыршыл да асқақ адуын жан құбылысын, рух сілкінісін түсіне алмағаннан, немесе әдейі түсінгісі келмегеннен» [ 2 ] ақыры Мағжан ұстанымына тән асқақ Алаштық рух пен көркем суреткер шеберлік алдында тізерлеуге мәжбүр болды. Міне, бұл өз ұлтық ар-намысын бір жапырақ нан мен атақ-абройға сатқан «өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» екендігінің, шындықтың шығатын жері қашанда шың басы болатындығының айқын дәлелі.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Мақатаев М. Күнделік. - Алматы: «ҚАЗақпарат», 2015. – 48 б.

2. Әлімғазы Дәулетхан. Жұлдыз. 1994 ж. № 5-6.

3. Сейфуллин Сәкен. Бес томдық шығармалар жинағы. Бірінші том. Өлеңдер мен поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1986. – 344 б.

4. https://kaz.nur.kz/kaleidoscope/1810949-sken-sejfullin-debi-mra/

5. Жұмабаев Мағжан. Шығармалары (әдеби басылым). 1-том: Өлеңдер, дастандар / Құраст. Сәндібек Жұбаниязов. – Алматы: Жазушы, 2013. – 376 б.

6. Əбдиманұлы Ө. Мағжанның ақындық əлемі. Қарағанды университетінің хабаршысы. «Филология» сериясы. № 2 (66) / 2012.

7. 20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті. 1- кітап. - Алматы: «Ғылым», 1997. - 512 б.

8. Әбдіқалық К.С. Орынханова Ғ.А. Мағжан Жұмабаев өлеңдеріндегі ұлт мәселесі. Алматы қаласы тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті Қазақ әдебиеті кафедрасы. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҚР - дағы мемлекеттік тіл саясаты және қазақ әдебиетіндегі ұлттық идея» атты халықаралық ғылыми-теориялық комференция материалдары. - Алматы: 2015.

9. Бейсенбай Кенжебаев. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ совет әдебиеті.

- Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1961. – 120 б.

10. Сейфуллин Сәкен. Бес томдық шығармалар жинағы. Бесінші том. Мақалалар, публицистика. – Алматы: Жазушы, 1988. – 304 б.

11. Аймауытов Ж. Мағжанның ақындығы туралы. Бес арыс: Естеліктер, эсселер және зерттеу мақалалар. Құрастырған: Әшімжанов Д. -Алматы: Жалын, 1992.

12. Тұрсынбек Кәкішұлы. Дала дауылпазы. Ғұмырнама. - Алматы: «Қазықұрт» баспасы, 2005. - 408 б.

13. Бекқожа Жылқыбекұлы. Өлеңнің өзегі. Монография. - Алматы: 2022. «Үш Қиян» баспасы. - 384 б.

Бекқожа Жылқыбекұлы,

Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, ақын, аудармашы

Астана, ЕҰУ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052