Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2682 0 пікір 27 Мамыр, 2009 сағат 08:58

Курортты аймақтағы келеңсіздіктер

“Арқада жер жетпейді Бурабайға!” деп ғасыр бұрын жырланса, содан берменгі уақыт ішінде осынау ғажап мүйістің мәртебесін арттырып, экологиялық табиғи жүйесін дамытып, жетілдіру бағытында сол сұлу аймақтың айдарынан жел естірер іргелі  шара қолға алынбаған екен. Көкше өңіріндегі осынау табиғат жауһарына тек Тәуелсіздік тұсында ғана шындап көңіл бөлудің мүмкіндігі туды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырысымен, шешімдерімен арнаулы іс-шаралар қолға алынды. Сол іс-шаралардың нақты іс жүзінде орындалуы қай дәрежеде?

“Арқада жер жетпейді Бурабайға!” деп ғасыр бұрын жырланса, содан берменгі уақыт ішінде осынау ғажап мүйістің мәртебесін арттырып, экологиялық табиғи жүйесін дамытып, жетілдіру бағытында сол сұлу аймақтың айдарынан жел естірер іргелі  шара қолға алынбаған екен. Көкше өңіріндегі осынау табиғат жауһарына тек Тәуелсіздік тұсында ғана шындап көңіл бөлудің мүмкіндігі туды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тапсырысымен, шешімдерімен арнаулы іс-шаралар қолға алынды. Сол іс-шаралардың нақты іс жүзінде орындалуы қай дәрежеде?
Бурабай – Щучье курортты аймағы бастан кешіп келген уақыт көш-керуенінің он бойындағы ақтабан жол сорабына үңілер болсаңыз адамдар тарапынан жасалынып жатқан жабайы тағылық шабуылдар үдей түспесе әсте сабыр-саябыр тартып, толас көрмегендігін аңдар едіңіз. Сонау Абылай дәуірінен басталған арайлы аймақты игеріп, өз кәдесіне асыру қам-қаракеттерінен қам¬қорлықтан гөрі қорқаулық, қорғаштап сақтаудың орнына аяусыз тонау сипаттары елес беріп отырады. Абылай ғана Бурабай¬дың іші-тысын сақтау, аймақпен іргелес жатқан Қызыл ағаш, Хан көлі, Бүркітті, Қарақалпақ тауы, Қылшақты өзені, басқа он сан көлдер мен бұлақ бастауларының аяқасты қалмауын қатты қадағалап, күзетіп, оспадар әрекеттерге тыйым жасау шарала¬рын ширатып отырған. Мәселен Хан көл¬інен мал суаруға тыйым салған. Кезінде біздің “тасына таңба салуға Абылайдың өзі батпа¬ған” деп толғануымыз содан болатын. Ұлы хан бұл өңірден өкше көтергеннен соң-ақ Бурабайды көкпарға түскен серкедей бор¬байдан іліп алып, әр тұсқа жұлмалай тарту, тонау, тағылықпен талау басталды. Осы үрдістің тізгін бермей үдере дүрлігуі Омбы¬дағы орыс ұлығының Бурабайдың кіндік тұсынан ойып алып, Ресей солдаттары мен ақсүйектерін құрт ауруынан емдеу, сауық¬тыру орнын ашумен орайлас келді. Сібір өлкесі мен алапат қазақ жерінің бір де бір пұшпағында кездеспейтін ғажап, мөлдір, көкірегіңе емдауа болып сіңіп кетер шайыр¬лы, эфирлі ауасы құрт ауруының бетін қайырар қуатымен оқшауланды. Осы бір ғаламат сырдың тетігін таныған орыс ұлық¬тары Бурабайды игеріп қана қойған жоқ,  иектеп иелік етті, ойларына не келсе соны істеп бақты. Аз ғана жыл ішінде өз тарихын тоқсан жылдың әр жағынан бастайтын бүгінгі Қарағайлы (Бурабай) шипажайы түбегейлі орнап, қанатын кеңге жая түсті. Аспанмен астасқан ғасырлық қарағайлар ота¬лып, сауықтыру орындары, оларға қыз¬мет ететіндердің баспаналары бой көтере бастады. Сөйтіп аз ғана жыл ішінде бірнеше мыңдық тұрғыны бар Бурабай қыстағы ірге бекітті. Казачество тасқыны бұл кезде Бурабай төңірегіне өз шеңгелін  батыра салып  емін-еркін иелікке көшкен. Станица бекеттер тұрғыза бастаған. Бүгінгі Бура¬баймен іргелес отырған Ивановка мен Алек¬сандровка, Дорофеевка мен Щучинск, Қо¬тыркөл мен Вишневка селоларының пайда болу тарихын қара шекпенді, жөке аяқтылар  қоныстануымен қатар қарастырамыз. Со¬нымен ғасырға жетпес келеңсіз кезеңде Бурабайдың аядай аумағы төрт құбыласын түгел қымтай қаусыра қысқан қоныстармен құрсауланды. Кеңестік кезеңде бұл құрсаулы шеңбер одан әрі ширатылып Бурабайдың қылта мойнына түскен қыл арқандай тыны¬сын одан әрі тарылтып тұншықтыра тұра¬лата бастаған еді. Бурабайдың күншығыс қапталындағы күре жол байына келіп құс фабрикасы ірге тепті. Көкшетаудың басқа өңірінде жер құрып қалғандай курортты аймақтың саф ауасына у болып араласқан құс саңғырығын саңғытып жатқан фабрика дүрілдеп шыға келді. Көк бақа тауық етін жеген басшылар  “бұл бір табылған ақыл болды” деп таңдайлары тақылдады. Күніне сан тонна улы саңғырық қи фабрикадан шылбыр тастам жыраға төгілді. Ол көктем туа еріген қар  суымен сарқырай ағып Бура¬байдың теріскейіндегі  Майбалық, Шабақты көлдеріне қотарылып  жатты. Қолдан ре¬куль¬тивациялау, фильтрациялап залал¬сыз¬дандыру ешкімнің ойына да кіріп шықпады. Өйткені бұл қосымша қаржы, басы артық жұмыс болып көрінді. Сөйтіп курортты аймақтың экожүйесі бұзылды. Бұл аздық еткендей, тағы бір түсі¬нен шошынған “даныш¬пан” шығып, курорт¬тарды  көкөніспен қамту үшін шаруашылықты Бура¬байдың өз қой¬науы¬нан ашу керек де¬ген ұсыны¬сын ұран етіп көтерді. Осынау әре¬кеттің  түптің түбінде неге апарып арандата¬рын аңғармаған шолтаң¬бай шенеуніктер ұсы¬ныс¬ты қолдады да кө¬көніс  өсірумен айналы¬сатын “Оқжетпес” совхозын құрды да жі¬берді. Және ол аулақтан емес тура Бурабай¬дың қалың жынысты ортасын ойып алып, бой көтерді. Ол үшін тағы да мыңдаған түп қарағай, қайың оталды. Коммуналдық, коммуникациялық қызмет үшін деп жер талқандалып, табиғи бұлақ көздерін шел басты, экожүйе сетінеді. Совхоз қанатын кезге жайып орман ішін обырдай үңги жылжыған сайын көкөніске деген алқап та далия түсті. Капуста, қияр, қызанақ түскірге қыруар су керек екен. Оны қайдан алмаққа керек? Бурабайдың айна көлдері тұрғанда алыстан су іздеп неменесіне бас қатырамыз десті білгіштер. Содан аждаһа  аранды на¬сос¬тар көлге тұмсық салды. Бұл табиғи су көздерін көз алдымызда ысырапқорлықпен пайдалану ғана емес, ең бастысы көлдердің бір-бірімен табиғи жасанды арық¬тармен байланысып жатқан тепе теңдігін талқан¬дады, арна¬сынан аса бастаса екін¬ші, үшінші көлдерге өздігінен қотарылып тұрар табиғи су жүйесі келмеске кетті. Осынау ұлы табиғаттың өз қолымен жасап беріп өмірге келген табиғи су айдындарын қалыпты арнада, яғни тепе-теңдікте сақтап тұрған Күр¬кіреуік өзені соңғы жылдарда мүлдем сарқылып, өз қызметін тағылық бодауына байлап берді. Қазір оның табанын  малта тастар ғана  басып жатыр. Сөйтіп, табиғаттың ғажап шеберлікпен ерінбей-жалықпай жасап берген экожүйесі бұзылып, адамдар тарапынан жасалып келген, әлі де жасала бермек топас тағылығының құрбан¬дығына айналды аяулы Бурабай аймағы. Көз алдымызда болып жатқан тағы бір озбырлық – Абылай алаңын талқандай, құрылыс жүргізуге кімнің ары жетті екен, қай жетесіз рұқсат берді екен дейсіз. Сұрақ көп, жауап жоқ! Кезінде В.А.Александров, Н.Д.Бек¬лемишев, И.А.Владинский, В.Д.Вла¬динский, В.Д.Дудецкий тәрізді көрнекті ғалымдар Бурабай аймағынан адамдар  денсаулығына араша түсер ем-шара орталығын ашып, халыққа қызмет етуді көздеген ізгі-мұратты көксесе, бүгінгі иегінің астындағыдан әріде¬гіні көргісі келмейтін басыр пиғылды бас¬шылар бұл аймақты аяусыз тағылықпен тонауға көшкен.
Жүйрік көлікпен бірер сағатта-ақ Бұрабайдың іші-тысын адақтай аралап шығуға болатын Арқа төсіндегі ұлтарақтай ғана мүйісте бүгінде 70-тен астам санаторийлер мен сауықтыру орындары жұмыс істеп тұр дегенге таң қаласыз. Оны азсынсаңыз Тәуелсіздік тізгіні өз қолымызға тигелі тағы да 20-ға жуық ірі нысандар құрылысы жүргізілуде дегенге сенесіз бе? Оны да місе тұтпасаңыз, жартастар мен қырандар ғана ұя салған ұшпа шыңдарға дейін шығандап шығып алып, бой көтере бастаған жекеменшік виллалар төбесін көргенде жағаңызды ұстайсыз. Осындайда қазақтың “көк қарға артына қарамай әулие ағаштың басына саңғиды” дегені еске түседі. Бурабайды әулие ағашқа теңей алсаңыз, құдайдың жері құрып қалғандай қия шыңға шығып алып үй салған жетесіздерді көк қарғаға теңемеске лажың жоқ қой. Бұлардың бәрі де қалталы олигархтар, шексіз билік  иелері екендігін ежіктеп зертте¬мей-ақ танып-білуге болады. Бұл жетесіздік емес, туған жердің қадір-құтын қашырған тексіздік, обыр, озбырлықтан басқа түк те емес! Бар жақсылық атаулыны тек өзім көрейін, келер ұрпақта шаруам жоқ дейтін тоғышар¬ларға үкімет тарапынан, тиісті министрлік тарапынан,  табиғаттың тағдырына тікелей жауаптылардан бір де бір пенденің шығып, тәртіпке шақырмауы зығарданыңды қайнатады-ақ.
Иесіз иектеудің көкесін Бурабай аймағы көктем шығып, көл көбесі сөгілгеннен қоңыр күзге дейін бастан өткеріп келеді. Жабайы тынығушылар Қырым мен Қытайдан сабылып  келіп жатады. Әр түп ағашы, әр шоқы тас маңына аяқ басып бара алмайсыз. Бурабай  жындар жайлаған мекендей күндіз-түні шулайды да жатады. Ертеңіне тең-тең тезек, шағылған шиша, үйіліп қалған күл қоқысты көресіз. Бес мың тұрғыны бар қыстақ дем алушылардың артында қалған қоқысты тазартып үлгере алмай діңкелейді. Коммуналдық қызметтің жібі күрмеуге келмеген соң, қолды  бір-ақ сілтеп көң-қоқысқа ие бола алмай шашылып-төгіліп жатқаны. Оның үстіне көктем сайын аудан орталығы Щучинск қаласы мен Бурабай қыстағы ала шапқынға түседі. Өйткені қар жамылып, мұз жастанған көшелер бойымен көлдерге қарай жамыраса аққан нәжіс араласқан лай сулар тасқыны елдің есін шығарады. Өйткені ғасырлық тарихы бар Щучинск қаласында жөні түзу канализация жоқ дегенге сізді сендіре алар ма екенбіз.
Ал курортты аймақтың кіндігі – Бурабай жұрты канализация, коллектор дегенді көздері көрмек түгілі естіген де емес! Өйткені нәжісіңді ағызып әкететін  ондай құрылғы бұл қыстақта өмірі болмаған. Оны болдырайық, курортты аймақтың тазалығын сақтайық, санитарлық нормаға сай өмір сүрейік деген хан-қара бұл арадан шықпай тұр. Аудан, облыс басшылары жылда ауысқанымен мәселе шешілер емес.
Курортты аймақтың тірлігін тым сүмірейтіп жібердің десеңіз, бірер фактіні сөйлетіп көрелік. Щучинск қаласында 1982 жылы  пайдалануға берілген тазартқыш қондырғы жұмыс істеп тұр. Бұл арада лас суды тазарту механикалық және биоло¬гиялық жолмен жүргізіледі. Қондырғының тәуліктік қуаты басында 16 мың текшеметр деп белгіленгенімен ол бүгінгі таңда 7 мың текше метр лай суды ғана тазарта алады. Өйткені тазартқыш қондырғы 27 жылда бір де бір рет күрделі жөндеуден  өтпегендіктен, өкпесін соғып  зорға тұр.
Бір орталықтандырылған канализация жүйесінің жұмыс істейді деген аты болмаса, затын зерделеп опа таппайсыз. Өйткені орталықтандырылған жүйе қала үйлерін, әсіресе жеке меншік үйлерді толық қамтымаған. Щучинскіде 6134 жеке меншік үй бар десек, канализация жүйесі соның бар-жоғы 24 үйімен ғана байланыс орнатқан! Осы фактіден-ақ канализация жүйесінің әдіра қалағандығын сезіну қиынға түсе қоймас. Бес жүзден астам үйдің септигі, яғни үй жанынан қазып алған лай су қотарылар ұра-апаны бар. Тәртіп бойынша осылардағы нәжіс суды “Бурабай Су арнасы” коммуналдық мекеме уақытылы тазалап тұруға тиіс. Өкініші сол, бұл мекемеде бар-жоғы сыйымдылығы 3,6 текше метрлік екі-ақ автокөлік болғандықтан септиктегі сарқындыны уақытылы тасып үлгере алмайды, әрі тазалықты бетімен  жіберген тұрғындар “Бурабай Су арнасы” мекемесімен шартқа отыруды, төлемдерін өтеуді міндет санамайды. Ал оларды тізімгі алып тәртіпке шақырып жатқан қыстақ әкімшілігі де, коммуналдық шаруашылық басшысы да, эпидемиологиялық қызмет¬тегілер де жоқ.
Таяуда жүргізілген бір рейдте Бурабай қыстағындағы лай нәжісті суды тазарту жұмысы тексерілді. Сонда талай сорақы¬лықтар мен берекесіздіктің бет пердесі ашыл¬ды. Қыстақта 40 көп қабатты және 1200 жеке меншік үйлер бар. Солардың Жам¬был, Қазақстан, Кенесары көшелерін¬дегі 326 үйді тексергенде 26 үйдің ғана сеп¬тик ұрасы барлығы мәлім болды. 1200 жеке тұрғын үйлердің екеуі ғана шартқа отырған! Сонда әжетқаналарындағы лас суын қал¬ғандары  қайда жіберіп жатыр. Оған  елең¬деп отырған ешкім жоқ. Бұл сұмдық қой! Мұндай да өзі тұрып, өмір сүріп отырған елді-мекенге жаны ашымастық болады екен-ау дейсің. Бұлардың  күнбе күнгі нәжісті лайы қайда кетіп жатыр сонда деп тағы да ежіктесек, табиғи көлдерге деген жауап алдыңыздан шығады. Оны айтасыз, қыстақ халқы шо¬мылатын моншаның жуынды суы да септикке қуйылып әкетілмей көше бойлай сарқырай ағып Шабақтыға  қотарылып жатыр. Сонда “Бурабай-Тазалық” мекеме¬сіндегілер нелерін бағып отыр?! Тексеріс кезінде бұл мекеме 31 үймен ғана шартқа отырғаны мәлім болды десек бұл мекеме қыстақ тазалығын бетімен жіберген деген баға беруге тура келеді.
Міне, курортты аймақтағы табиғи су көздерін көлденең келер кесапаттан қор¬ғайды, әулие мекеннің нақ жанашырлары болады деген басшылықтың сыйқы, қызме¬тінің түрі осындай! Қыстақтағы ондаған мекемелер, әсіресе сауықтыру орындарында суды бейберекет пайдалану, пайдаланылған лай суды тазарту сын көтермейді. Жеке¬меншік үй иелерін салғырттықтары үшін  сынасақ, мемлекет құзырындағы мекеме¬лердің жауапсыздығын ештеңемен ақтай алмасақ керек.
Щучинск қаласында да, Бурабай қыста¬ғында да көң-қоқыс саласын контейнерлер жоқ дегенге кімді сендіруге болады. Сондай-ак қоқыс төгетін полигон жұмысының бетімен жіберілгендігі сондай,  кез-келген тұрғын қоқысты ойына келген оңтайлы жерге төге салуды әдетке айналдырып алған. Бұл арада да бақылау жоқ!
Қыстақта да, Щучинск қаласында да  көше бойларында  жаңбыр, қар суы ағатын науаша¬лар, арықтар қазылып орнатылмағандықтан лай су өз бетімен арна тауып,  көл суына барып қосылып жатады. Жәй қосылып жатқан жоқ, көше бойындағы көң-қоқыс, автокөлік майын ілестіре ағызып әкетіп жатыр. Бұл  қолайсыз көріністің етек алғанына да ондаған жылдар болды.
Ауданда табиғатты тікелей пайдаланатын 158 нысан бар десек, солардың тек  төртеуінде ғана канализация жүйесіндегі суды тазарту қондырғысы орнатылған. Щучинск қаласында бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған үлкенді-кішілі 85 жылу қазандықтары қыс бойы бұл аймақты қара түтінге тұмшалап келеді. Әсіресе, орманды алқаптарға тигізер зияны жыл санап ұлғая түскендіктен бұл өңірдің жасыл желекті қарағайлары уақыты жетпей қурап, жасыл қылқанды жапырақтарын өрт жалмағандай сап-сары болып кеткен. Жаңағы жылу қазандықтарының 18-де ғана түтін тұтқыш қондырғы барлығын ескерсек бұл бағытта да көңіл тұшынтар мардымды ештеңе де атқа¬рылмай отыр деген біржақты қорытындыға келеміз.
Қаладағы канализация  жүйесі, отыз жыл жөндеу көрмеген коллектр түбегейлі жа¬ңартуды, заманауи жаңа қондырғыларды орнатуды талап етеді. Бурабай қыстағындағы бейберекет бетімен ағып жатқан нәжісті лай табиғи су көздерін ластауға тікелей әсер етуде екендігін ескерсек ком¬муналдық қыз¬меттің бұл әлсіз буынын жедел түрде қалпына келтіруді облыстық деңгейде шешу қажеттігі туындап отыр. Өйткені, аудан да, қыстақ та өз күштері¬мен бұл кемшілікті тізгіндей алуда қауқарсыз. Қыруар қаржыны қайдан тауып бермек. Бірақ Щучье ауданында өткен көш¬пелі мәжілісте облыс әкімі А.Рау мырза түбегейлі шара қол¬дануға келгенде өз әлсіз¬дігін байқатып алды. Өйткені, дүйім Қазақстан үшін тарихи маңызы бар курортты аймақ¬тың болашағына қатысты мәселені шешуде табандылық, білгірлік, ең бастысы жана¬шырлық қажет еді. Бұл аймақ үшін мемлекет тарапынан аз қаржы бөлінбей отырған жоқ. Бірақ оның қайтарымын көре алмай отырмыз. Ендеше мем¬лекет тарапынан бөлініп отырған қыруар қаржы неге өз мақсатына, яғни ку¬рорт¬ты ай¬мақ¬ты жетіл¬діруге, эко¬логия¬сын  қорғауға жұмсалмай отыр деген заңды сауал туын¬дайды. Оның үс¬тіне Прези¬дент Жар¬лы¬ғымен Щучье – Бура¬бай курортты ай¬мағы өз еркімен дамитын экономика¬лық аймақ деп жа¬рия¬ланды емес пе. Бұл  Жарлықтың өмір¬ге келгені¬не де бір¬қыдыру уақыт өтсе де курортты аймақтың қарыштап дамып кеткенін көрмек түгілі, келешегі бұлыңғыр тартып бара ма деген  қауіптеміз. Ақмола облыстық тазалық-індетті қадағалау департаментінің бас дәрігері Александр Еремеев мырзаның сөзіне сенсек курортты аймақтағы табиғи су көздері тазалық жағынан қауіпті қалде көрінеді. Суда бакте¬рия¬лық  микроб 7-10 есеге артқан. Ауаға көтеріл¬ген  түтіннен қонған тозаңның салдары¬нан  қор¬ғасын 5-7 есеге артқан. Ал ауыр металл қорға¬сын¬ның улы, денсаулыққа қатер екендігін кім білмейді. Ендеше Ақмола облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының бастығы Қайырбек Шалабаев мырза мәлімдегендей алда қауіпсіздік ережесі сақталмаса Бурабайдың демалыс аймағындағы жұмысты тоқтатудан басқа  шара қалмай отырған сыңайлы. Біле біл¬сек бұл шара да аймақ келешегін кемелдеңдіре түсуде  ықпалды күш бола алмайды. Біздің білуімізше, бұл өткір әрі өмірлік мәні бар мәселе 2006 жылы-ақ көтерілуге, көнуге ырық бермей бара жатса батыл шара қолданылуға тиіс болатын. Содан бері де үш жылға қадам бассақ та аталмыш басқарма тек саусақ безеу¬мен отырған тәрізді. Мұнымен іс бітер ме?
Табиғат, оның экожүйесі жанды организм. Ол ауруы меңдеген науқастай ауырлай түспесе, уақытында алды алынбаса, жадырап, қатарға қосылмасы ақиқат. Олай болса курортты аймақтың күнбе күнгі тіршілік тынысын тамыршыдай басып, тиісті шарасын қолданбасақ күні ертең кеш қаламыз. Өкінеміз.  Опынамыз. Олай болса ай санап, апта санап экологиялық қалі  қиындай түсіп отырған Щучье – Бурабай курортты аймағы уақыт оздырмас іргелі де ірі шараны іркіліссіз қолдануды қажет етіп отыр дегенге хан-қараның назарын қадағымыз келеді.
Щучье-Бурабай курортты аймағыңда қалыптасып отырған кемшіліктердің себеп-салдарын зерттеп, нақты шаралар қолдануға міндетті Қоршаған ортаны қорғау министрінің басшысынан қосшысына дейін жемқор атанып,  қылмыскерлер қатарына қосылып жатқанда біз тізбелеп шыққан шетін мәселелер таяуда өз шешімін таба қояр деу ағын суға қарап бал ашумен пара-пар екендігі даусыз. Бұл жолы да басынан соры кетпеген бұл аймақ әлі де адамдар тарапынан жасалар қиянаттан зардап шеге беретін болар-ау дейсің.
Ғажап сұлулығымен қоса саф ауасын, асыл қойнауын, айдынды көлдерін, мөлдір бұлақта¬рын, жасыл желектерін адамзат үшін азырқан¬бай бар мырзалығымен сыйлай білген жер жәннаты Бурабай аймағын қорғап, сақтап қалу үшін аянбай күресейік, ағайын. Бұл бүгінгі де, келер де ұрпақ алдындағы парызы¬мыз, Ұлы Жаратушы алдындағы адами міндетіміз!
“Ашынғаннан шығады ащы дауыс”, дейді қазақ. Ашынғаннан ащы айтып жатырмыз. Әрине, Президенттің курортты аймаққа байланысты Жарлығын орындау бағытында бұл өңірде ақтарылып жатқан істі тіпті де жоққа шығарғымыз келмейді. Талай шаруа қолға алынғаны анық. Бірақ, соларды жіпке тізе бермедік. Қолдағы барды бізден ешкім де тартып алмайды дедік те, негізгі назарды орындалмай жатқан міндеттерге аудардық. Ал ондай міндеттердің қыруар екенін осы мақаладағы деректердің өзінен де көріп отырсыз.

 

 

Авторы: Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы. Көкшетау.

“Егемен Қазақстан” газеті №184-187 (25584) 27 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406