ЖЕР МӘСЕЛЕСІ. "НАҒЫЗ МЕНШІК ИЕЛЕРІН ТАПҚЫМЫЗ КЕЛЕДІ"
Елбасының арнайы шешімімен құрылған Жер комиссиясының жұмысы аяқталуға жақын. Комиссияның кейінгі отырысында оның алдына қойылған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды. Комиссияның шешімдері Елбасына ұсынылады.
Шын мәнінде, Жер комиссиясының шешімдері бүгінгі күні ауыл шаруашылық жерлеріне қатысты қалыптасқан жер қатынастары жағдайының, ондағы қордаланған проблемалардың, ауылдағы жер реформасының еліміз бен халқымыздың түбегейлі мүддесіне толық сай еместігінің айнасы сияқты. Сондықтан, "айнаға өкпелеудің" реті жоқ.
Осы салада қордаланған мәселелердің бастауы – жер реформаларының концептуалдық кемшіліктері мен қателіктерінде жатыр. Оның ең бастысы – табиғи емес, жасанды жолмен "нағыз меншік иелерін" тапқымыз келді. Ол үшін аграрлық реформалардың басты қағидасы "жер – оны игерушіге" емес, "жер – капитал иелеріне" деген қағида іске асырылды.
Соның нәтижесінде, ауыл шаруашылық жерлерінің иесі негізінен ауыл азаматтары емес, дәлірек айтқанда, ауыл еңбеккерлері емес, "ат төбеліндей" топ – латифундистер болып отыр. Олардың кім екенін билік, шамасы ұялғанынан болар, әлі күнге дейін халықтан жасырып келеді.
Осы "ат төбеліндей" топ үшін 2003 жылы Жер кодексі кабылданған болатын. Сол кездегі Мәжіліс депутаттарының басым қөпшілігінің ұсыныстарын Тасмағамбетов Үкіметі қабылдамай тастады. Үкімет өзі отставкаға кетіп, оның дайындаған жобасы "тізеге басып" заң ретінде қабылданды. Өзім құрамында болған жұмыс тобы жасаған 700-ден астам өзгертулер мен толықтырулардың Жер кодексіне бір де біреуі енген жоқ. Сол заң жұмыс істей бастағалы міне, шикіліктері шығып отыр. Өйткені, әуел бастан бұл заң қарапайым халықтың мүддесіне кері заң болды. Жер реформаларының өзегін құрайтын түбірлі ұстындар ескерілмеді. «Жерге жеке меншікті енгізу әлі ерте, уақыты келген жоқ, дәл бүгін Қазақстан халқы дайын емес» деген сөздер сол кезде айтылды.
Жер кодексіне арқау болып отырған концептуалдық жағдайлары мен нормалары басқа елдердің озық тәжірибесіне де сай келе бермейді. Кешегі посткеңестік елдердің өзі ауыл шаруашылығы жерлерін оны өңдеушілерге тегін берсе, біз оларға тек сатып бергенді жөн көрдік.
Жер кодексі авторларының айтуынша, 10-15 жылда 10-15 млн. гектар жер жеке меншікке сатылуы керек еді. Міне, биыл Жер кодексінің қабылданғанына және жұмыс істегеніне 13 жыл болды. Жеке меншікке сатылғаны бар болғаны 1,3 млн гектар.
Бұл Жер кодексінің "шикілігінің" бірден-бір бір көрсеткіші емес пе?
Абырой болғанда, бұның "пайдалы" жағы да бар екен. Пайдалы деп отырғаным, жерді сату аталған межеге жетпей, мемлекеттің меншігінде сақталып қалуы.
Осы "ат төбеліндей топтың" мүддесі үшін ҚР Жер кодексіне 2015 жылдың 2 қарашасында қабылданған басты өзгертулер мен толықтыруларға Президент халықтың ой-пікірін білу үшін 2016 жылдың соңына дейін мораторий жариялағаны дұрыс та әділ шешім болды.
Жер комиссиясының басты жұмыс нәтижесі – осы мораторийдің мерзімін тағы бес жылға созу туралы шешімге келгені. Кез-келген мораторий мәселені түпкілікті шешпейтіні анық. Жер комиссиясының бұл ұсынысы бүгінгі күні билік пен халық арасындағысы қалыптасқан жағдайды ескеретін және мүмкін болып отырған бірден-бір компромисстік шара сияқты.
Бұл шешімнің бірден-бір пайдасы мен мүмкіндігі – жер реформаларын жеке топтың емес, жалпы халықтың, еліміз бен ұлтымыздың, тәуелсіз Қазақ Елінің түпкі мүддесіне жарату.
Жаңа жер реформаларын жүргізу үшін бізге жаңа Жер кодексін қабылдау керек.
Бұл кодексте еліміз бен халқымыз үшін Жердің алатын орны мен маңызы, оның бар қадір-қасиеті мен киесі анықталып, заңмен бекітілуі керек.
Сонда ғана жер халықтыкі болып қалады және халықтың мүддесіне қызмет етеді.
Жаңа жер реформаларын қабылдау және жүргізу үшін біздің елімізде саяси реформалар да орнынан қозғалуы керек. Онсыз халық жаңа жер реформаларының қозғаушысы да, қолдаушысы да және қорғаушысы да бола алмайды.
Жаңа жер реформаларын қабылдау үшін елімізде жасанды жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінен өркениетті және демократиялық елдерде қалыптасқан жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өту қажет.
Мемлекеттік жерден басқа муниципалдық жер болуы керек. Олар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының иелігіне берілуі тиіс.
Жердің иесі халық екені белгілі. «Халық – биліктің қайнар көзі» деп жазылған Қазақстан Конституциясында. Билік халық үшін екені де белгілі. Конституцияны жұмыс істету саяси реформаларды қажет етеді.
Осы қағидалар сақталса, еліміз бен халқымыз аман-есен болып, дамыған елдердің қатарына қосыламыз деп ойлаймын.
Тоқтар Есіркепов, Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан қоғамын жүйелі зерттеулер институтының директоры
Аbai.kz