Сенбі, 23 Қараша 2024
Соғыста жүрген сұлулар 2088 2 пікір 18 Қараша, 2022 сағат 14:37

«Соғыс маған жақындарымды бағалауды үйретті»

Басы: Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Александра

Жалғасы:  Майдандағы Украина арулары: Қарлығаш

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Ирина Цыбух

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Кристина Богатчук


Майдандағы Украина аруларының келесі кейіпкері – әскери психолог Виктория Кравченко. Әскери шені – майор. Украина Қарулы Күштері қатарына 2008 жылы қосылған.


– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?

– Басыма неше түрлі ой келді. «Бұл тек қана қорқынышты түс», «баламның осында болмағанына шүкір», «Харьковтегі әкем аман қалса екен», «шешемді құшақтасам ғой», «ақылымнан адаспасам болды», «енді күніміз не болады» деген ойлар миымды шырмап алды. Өмірімде бірінші рет осындай қатты қобалжу мен қорқынышты сездім. Қолдарым қалтырап, еңіреп жыладым. Бірақ өзімді қолға алу керектігін түсіндім. Пәтерді жинап, жүктерімді сала бастадым. Аздап сабырға келдім. Менің жолдастарымның бірі келіп, екеуміз әскери бөлімге бардық. Ары қарай әскери қызметші ретінде не істеуіміз керек туралы тапсырма алдық.

– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Мен Украина Қарулы Күштерінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келемін. 16 жасымда украин халқына адал болуға ант қабылдадым. Мен өзімнің саналы таңдауымды сол кезде жасадым және таңдаған мамандығымның қандай-қауіп қатері болуы мүмкін екенін білдім.

Өз қызметімнің маңызын 2014 жылы Ресей еліміздің аумағына басып кіре бастағанда түсіндім. Мен әскери психологпын. Сондықтан осылай боларын сездім. Менің бір ғана мақсатым болды: армияда қызмет істеген барлық жылдар ішінде алған білімімді әскерлерімізге және мұқтаж жандарға көмектесу үшін іс жүзінде қолдану.

– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?

– Менің бір күнім екінші күніме ұқсамайды. Менің алдымда әртүрлі міндеттер тұр, солардың бәріне үлгіруге тырысамын. Менің оқуым бар, ғылыммен айналысуға тырысамын, өйткені өткен жылы адъюнктураға түстім. Алдымда диссертация жазу міндеті тұр. Бірақ дәл қазір оған қарайтын мүмкіндік.

Тапсырма бойынша мен алдыңғы позицияларға және жауынгерлерді даярлау орталықтарына барамын, онда ауыр психикалық жағдайлар туындаған кезде алғашқы психологиялық көмек көрсету бойынша қорғаушыларымызбен психоэдукциялық экспресс-сабақтар, әскери қызметшілердің психикалық денсаулығын сақтау және қалпына келтіру бойынша сабақтар, өзіне-өзі көмек көрсету және өзін-өзі реттеу әдістеріне байланысты дәрістер өткіземін . Әрине, мен қажет болған жағдайда, адамдармен жеке әңгімелесу жүргіземін.

Сондай-ақ әскери бөлімшелер мен бейбіт тұрғындарға ерікті көмек көрсетумен айналысамын.

Егер бос болып жатсам, отбасыммен уақыт өткіземін немесе атпен серуендеймін.

– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?

– Жоқ, мен қызмет еткен әскери бөлімшелердің ешқайсысынан гендерлік кемсітушілік көрген жоқпын. Менің ойымша, адамның жынысына, гендеріне қарамастан айналасындағылардың оған деген қарым-қатынасы тек адамның өзіне байланысты

– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?

– Күн сайын қандай-да бір қиындықты жеңуіме тура келеді. Мен қазір кейбір қиындықтарды сізбен бөлісе алмаймын. Уақыты келгенде айта жатармын.

Дәл қазір мен үшін ең ауыр тақырып – менің балам. Ұлым Марк төрт айдан бері менің қасымда. Бірақ оны құшақтап, жанында бола алмаймын (Құдайға шүкір, күйеуім екеуміз оны үш айлық соғыстан кейін кем дегенде екі рет көруге мүмкіндік алдық). Баламның қалай өсіп, ержетіп келе жатқанын білмеймін. Соған өзімді кінәлі сезінемін. Сондай кезде өзімінің Украинаның Қарулы Күштері құрамында не үшін жүргенімді еске алып, жігерленемін. Мен Украинаның тез жеңіске жетуі үшін барымды саламын. Әр бала тезірек ата-анасының құшағына оралу үшін аянбаймын.

– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?

– Шынымды айтсам, күн сайын бір нәрсе таң қалдырады. Мені, әсіресе, мықты, жігерлі, күшті, еркін украин халқы таңғалдырды. Мұндай халықтың бостандығы үшін қажет болса өмірімді құрбан етуге дайынмын.

Мені өз жерін, егемендігін, отбасын қорғау үшін барын салған алдыңғы қатардағы әскерлеріміз таңғалдырады. Олардың әрқайсысы батыр. Олар қыин кезде жасырынбай, біздің жеңісіміз үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға бел буа кірісті.

– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?

– Менің отбасым. Ұлымның «зұлым айдаһарды» жеңеміз деген кіршіксіз сенімі. Іссапарлар кезінде мен сөйлесетін әскерлердің алғысқа толы жанары. Әуелі көзіңе тік қарай алмайтын, майданнан оралған жауынгер, әңгімелесуден кейін бетіме күлімсіреп қарайды. Осындай кезде қуаныштан көзіме жас келеді. Өзімнің керек кезде, керек жерде жүргенімді түсінемін. Бұл маған күш береді, шабыттандырады.

– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?

– Керемет нәрселерді ғана көремін. Менің ойымша, қазір әлемдегі халқы ең күшті, құдіретті ел – Украина. Бұған бәрі куә. Соңғы айларда барлық салаларда көп өзгеріс болды. Бізді болашақта тек жақсылық күтіп тұр.

– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?

– Өмірімде ештеңені кейінге қалдырмаймын. Отбасыммен бірге әлемді аралаймын. Жақындарым мен туыстарыма көбірек уақыт бөлемін. Әр атқан таңым үшін шүкіршілік айтамын.

Әрине, жауынгерлік дайындығымды әрдайым жетілдіремін. Біз жеңіске жеткеннен кейін де, өкінішке орай, өзімізді 100% қауіпсіз сезіне алмаймыз. Сондықтан әр саналы украиналық үнемі дайын жүруі керек деп ойлаймын. Содан кейін, әрине, ұлыма уақытымды арнаймын. Қазір оған көңіл бөле алмай жүрмін, соның өтеуін беремін. Сосын дүниеге қыз әкелемін. Біреу ғана емес (күлді).

– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?

– Соғыс жүріп жатыр. Ұмытпаңыздар, соғыс әлі аяқталған жоқ. Босаңсымаңыздар. Украинаның жеңісі үшін күресіңіздер. Қолдарыңыздан келгенін аямаңыздар. Сіздерден өтінем, бей-жай қарамаңыздар.

Әрқашан адам болып қалыңыздар. Біздің балаларымызды өлтіріп жатқандарға ұқсамаңыздар. Өздеріңізді сақтаңыздар. Әр күніңізге шүкіршілік айтып өмір сүріңіздер.

Бізді қолдайтын, жерімізге келген зұлымдықты жеңуге көмектесетін әлемнің барлық елдерінің өкілдеріне шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздердің баға жетпес қолдауларыңызға рақмет. Әр украин жасаған жақсылықтарыңыз үшін сіздерге шексіз риза.

Тағы айтарым, бір-бірімізді қолдайық! Біз біріксек – күштіміз. Біз міндетті «зұлымдық айдаһарын» жеңеміз. Орыстың зұлымдығынан елімізді тазартамыз.

Айжан Темірхан

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5492