Жұма, 22 Қараша 2024
Соғыста жүрген сұлулар 2317 1 пікір 5 Желтоқсан, 2022 сағат 13:14

Мерген қыз: «Бұл соғысқа 10 жыл дайындалдым»

Басы: Майдандағы Украина арулары: Маргарита Ривчаченко

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Оксана Рубаняк

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Александра

Жалғасы:  Майдандағы Украина арулары: Қарлығаш

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Ирина Цыбух

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Кристина Богатчук

Жалғасы: Майдандағы Украина арулары: Виктория Кравченко


«Жанна д'Арк» атанған Евгения Эмеральд «Сафари» Украина Ұлттық полициясының арнайы мақсаттағы полк мергені, ұжымдағы жалғыз әйел.

Евгения 24 ақпанға дейін зергерлік бұйымдармен айналысқан табысты кәсіпкер болатын. Ол Ресейдің басқыншылық соғысы басталған сәтте-ақ, еш ойланбастан Отанын қорғауға аттанды. Өйткені кезінде әскери кафедрада білім алған Евгения соғыс бола қалса, елімді қорғаймын деп ант берген еді.

Мерген Евгения Эмеральдтың жасы 31-де, офицер, кіші лейтенант шені бар.

– 24 ақпанда таңертең көзіңізді ашқанда ең бірінші не ойладыңыз, не істедіңіз?

– Қысқа ғана отбасылық тарихымнан бастайын. Менің атам мен әжем Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан адамдар. Ал марқұм әкем үнемі соғысқа дайындалатын. Ол бір күні Ресеймен соғыс боларын білді. Үнемі бұзылмайтын азық-түлік сатып алып қоятын, сонымен қатар, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жинады. Маған қуыршақтың орнына қару мен мен соғыс киімін сыйлайтын. Бала күнімнен күреске қатыстырды (күлді). Бірақ ол кезде әкемнің бұл қылығын түсінбейтінмін. Соғыстан бір ай бұрын қаруларымның барлық түріне арналған бір қорап патрон сатып алдым. Ресей толыққанды соғыс бастамас бұрын 30 адамды жарты жылдай асырайтын азық-түлік, керек-жарақтар, бензин алуға барлық қаражатымды жұмсадым. 23 ақпанда өзімше бір бункер жасап алдым.

Мен кәсіпкермін. Менің араласатын ортам да кәсіпкерлерден тұрады. Көбісі мені есі ауысқан деп ойлады. Харьковтағы достарымды шақырдым. Ол жаққа бірінші қауіп төніп тұрғанын білдім. Бірақ олар маған сенбей, күле қараған. Соғыс басталған кезде қорқыныш сезімі болмады. Мен тез дайын болдым. 24 ақпанда бұрынғы күйеуім хабарласып, не істеу керегін сұрады. Мен «қызымызды дереу батыс Украинаға жеткіз», - дедім. Содан кейін қала орталығында тұратын отбасым мен достарымды өзім жасап алған бункерге алып келу үшін сыртқа шықтым. Өз үйімді бомба тастауға аса тартымсыз, қауіпсіз жер деп есептедім.

– Соғысқа бару туралы шешімді қалай қабылдадыңыз?

– Әскери кафедрада оқып жүрген кезімде, 10 жыл бұрын қабылдадым. Курстастарым «Женя, әскери қызметті не істейсің?» деп сұрайтын, «соғыс бола қалса, еліме көмектескім келеді», - деп жауап беретін едім. 2014 жылы соғыс басталған кезде әскери комиссариатқа бардым, бірақ заңға сай жас баламның болғанына байланысты мені қабылдамады. Қызым ол кезде екі жасқа толмаған.

Менің бұрынғы күйеуім бұл шешімімді толық қолдады, бірақ соғысқа қатыса алмадым. 24 ақпанда қоңырау шалған бұрынғы күйеуім «8 жылғы күткенің келді», - деді.

– Бұл жердегі қызметіңіз қандай, күніңіз қалай өтеді?

– Әртүрлі өтеді. Соғыс сапарлары кезінде не істейтінім белгілі, оны ашық айта алмаймын. Басқа уақыттары кезекшілікке барам, үнемі мықты болу үшін жаттығулар жасаймын. Бүгін кезекшілікке тұрдым. Жолдастарыммен аумақты күзетеміз. Жөні бөтен адамдардың жүрмегеніне көз жеткіземіз, бір нәрсе байқасақ жеке құрамға дереу хабарлаймыз. Бұл да өте маңызды жұмыс.

– Сіздің бөлімшеңізде гендерлік кемсітушілік бар ма?

– Қиын сұрақ. Ерлер ұжымында жалғыз әйел болу оңай емес. Біреулер «ер біткеннің назарына қарқ болып жүр» деп ойласа, қатты қателеседі.

Біріншіден, командама маған деген қарым-қатынасы үшін алғыс айтқым келеді. Олар өз арасында әйел адам барын мақтан тұтады және әскери рухты күшейтеді деп есептейді. Бөлімшедегі ер адамдар қандай қиындық болса да, олармен бірге көтеріп жүргенім үшін мені құрметтейді. Кейде тіпті қарапайым гигиеналық процедураларды орындаудың өзі өте қиын.

Бірінші ай оңай болған жоқ. Олар жалғыз әйелдің не үшін соғысып жүргенін түсінбеді. «Қауіпсіз жерде баласын қарап отырсын»,-деді. Күнделікті атқарған қызметім арқылы мен ерлерге олардан еш кем емес екінімді көрсеттім. Бәрі сияқты кезекшілікке барамын, тапсырмаларды орындаймын, соғыс киімін киемін. Бір нәрсені тасу керек болса, окоп қазу керек болса, оны да істеймін. Ешқандай көмекті қабылдамаймын, себебі әскерде бәрі тең болуы керек.

– Қандай қиындықтарды бастан кештіңіз?

– Соғысқа дейін менің сүйген адамым болды. Бірақ соғыс басталысымен ол мені тастап, шетелге кетіп қалды. Досым деп санағандар теріс айналды. Олар еліне қол ұшын созудың орнына қашып кеткен өте қалталы адамдар болатын. Әйелдер мен балаларды айтып отырғаным жоқ. Бірақ ер адамдар елде қалуы керек деп есептеймін. Алғы майдан шебіне шығудың қажеті жоқ, бірақ көмектесетін басқа жолдар да бар. Мысалы, ерікті болсын, не логистикамен айналыссын. Ол адамдармен көзқарасымыз екіге айырылды. Олар менің әрекетімді дұрыс деп санамады. Соғыс кімнің кім екенін көрсетті.

Тағы да менің жаныма батқаны ол – тонау. Алғашқы айда менің бір жолдасым қару алатын болып, ақысын төледі. Бірақ сатушылар алаяқ болып шықты. Ақшасын алып жоқ болды. Сондай-ақ командирмен бірге тапсырыс берген бронежилеттеріміз келмей қалды. Ел соғыстан зардап шегіп жатқанда, қалай дәттері барады, түсінбеймін. Бәрінен бұрын майдандастарымнан айырылудан қорықтым. Соғыстың екінші айында жолдастарым қаза бола бастады. Мен үшін ең қиын сәт. Әсіресе, менің тәлімгерім, әскери снайпинг туралы барлық білгенін үйреткен мергеннің қайтыс болғаны жаныма қатты батты. Өте жақсы адам болатын. Ол қайтқанда бір ай бойы өзіме келе алмадым. Бірақ адам баласы басқа түскеннің бәріне көнетін жаратылыс. Ауыр болса да.

– Толыққанды соғыс кезінде сізді не таңғалдырды?

– Адамдардың қатыгездігі, қорқақтығы. Еш күтпеген адамдардың көмек көрсеткеніне тағалдым. Ал дос деген адамдар керісінше арқасын берді. Украина халқы таңғалдырды. Соғыс ұлтымызды біріктірді. Кімнің нағыз патриот екенін көрсетті.

Менімен бірге соғысып жатқан жігіттер — еріктілер, өз қалауымен келгендер. Біздің бөлімшеде тіпті француз легионында болған, Франциядан келген украиндар бар. Олар өз жерін қорғау үшін оралды. Арамызда Лондонда үш жыл тұрып, соғыс басталған соң бәрін тастап, отанын қорғауға келген жігіт те бар. Шынымен таңғалдыратын жайттар. Кейбірі кетіп жатса, кейбірі оралып жатыр.

– Қазір сіздің рухыңызды түсірмей тұрған не?

– Менің жан-дүнием құбылып тұратын. Кейде бәрі тамаша, кейде бәрі кері кеткендей. Соғыстың үшінші айы бәріне ауыр болды. Болып жатқан оқиғаның шын екеніне көз жеткен сайын, мен танитын адамдар депрессияға түсе бастады. Достарымнан айырылдым. Миымда «Біздің болашағымыз бар ма өзі?» деген сауал тұратын. Бірақ ол кезеңнен өттім. Қазір менің жағдайым түзелді. Қан майданның ортасында жүрсем де, соғыс басталмай тұрып та істеген істерімді жасауға тырысам. Әскери өміріме қарамастан, бұрынғы тірлігімді жасаймын. Кітаптар оқимын, тек қана әскери емес (күлді). Ағылшын тілін оқуды қайтадан қолға алдым. Осы қарапайым дүниелер менің рухымды сындырмай тұр. Соғыста жүрген адам өмірінің мәні болар нәрсені табуы керек. Бұл өте маңызды. Қазір мен соғыс аяқталған соң немен айналысқым келетінін білемін. Болашаққа жоспарым бар.

– Украинаның болашағынан қандай перспективаларды көресіз?

– Украинаның болашағы өте зор, мен мемлекетіміздің келешегіне сенемін. Менің соғыста жүргенімнің бір себебі осы. Соғыс біте сала бәрі керемет болып кетпейтінін білемін. Экономикалық құлдырау, жұмыс табу мәселесі болады, бірақ олар уақытша. Қалпымызға келіп алған соң, өте күшті, жаңа Украинаның гүлденетін кезі туады.

– Соғыстан кейін өміріңіздегі не нәрсені мәңгілікке өзгертесіз?

– Өте қызық сұрақ. Мен әлден-ақ өзгеріп кеткендеймін. Мінезім қатая бастады. Бұрын адамдар басынатын, өйткені ешқашан ешкімнің көңілін қалдырмайтын едім. Қазір бөлекпін, қабылдаған шешімімді өзгертпеймін. Кейбір достарым «тіпті көзқарасың да өзгеріп кеткен», дейді. Мен өзімнің эмоцияды басқара алатын кезге жеттім. Шындыққа тура қараймын. Қатты қиын боп кеткен сәттерде, «бұл – өзімнің шешімім» деймін. Осы жолды таңдаған екенмін, соңына дейін барамын. Оған күш-қуатым жетеді. Адам қаласа, бәрін істейді. Жау тауып алмасын деп жеті сағат бойы қаруыммен қоқыста жатқан кезде осы ойға келгенмін (күлді).

Құндылықтарым өзгерді. Бұрын ақшам жоқ кезде, қымбат сөмке ұстасам, адамдар мені сыйлайды деп ойлайтын едім (күлді). Олар менің өмірде бір жетістікке жеткенімді түсінеді дейтін едім. Қазір қарап отырсам, сол ойыма күлемін. Себебі, қымбат сөмке ештеңеге де тұрмайды. Қандай көлікке мінгеніңіз, қанша ақшаңыздың бары маңызды емес. Соғыс басталды – бәріміз бірдей қатарға тұрдық. Ең маңыздысы – өмір мен бейбітшілік.

– Украиналықтар мен әлемге не айтасыз?

– Әскерилерді қолдағаны үшін украиндарға алғысым шексіз. Бұл біз үшін өте маңызды. Бізді жігерлендіріп, рухымызды көтереді. Бізге сенген барлық адамға рақмет айтамын. Соғыстың тез аяқталғанын қалаймын. Бәріне шыдамдылық тілеймін. Біз жеңеміз, мен соған сенемін. Жәрдем қолын созған, ақпараттық көмек көрсетіп отырған әлемге рақмет. Біздің басымыздағыны ешкімге тілемеймін. Ең бастысы – бейбітшіліктің болуы. Украинаның ерлері ғана емес, әйелдері де батыл екенін әлемнің білгенін қалаймын (жымиды).

Айжан Темірхан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5330