Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 2798 3 пікір 31 Мамыр, 2024 сағат 18:27

Жүсіпбек әңгімелеріндегі тақырыптар жүйесі

Сурет: qalamger.kz

Жүсіпбек Аймауытұлы (1889-1931) – Алаш дәуіріндегі әдебиет пен қазақ тілінің, қазақ драматургиясының негізін салушы. Биыл Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толып отыр.

Бала кезінде мұсылманша білім алып, кейін орыс-қазақ мектебін бітірген. 1914-1918 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясын бітіріп, қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі Мұхтар Әуезовпен дос болады. Олар көптеген әдеби кештер мен спектакльдер ұйымдастырды. Студенттік жылдардан бастап Алаш ұлт-азаттық Қозғалысының қайраткерлерімен тығыз байланыста болды (Д.Ысқақұлы. «Әдебиет алыптары». 2004. Астана: Фолиант). 1917-1919 жылдары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, М.Дулатұлы, М.Әуезовпен бірге Алаш партиясын ұйымдастыруға белсене атсалысты. 1917 жылы Аймауытұлы мен Әуезов «Жанар» жастар ұйымын құрды. Бұл ұйымның мақсаты қазақ жастарының саяси белсенділігін арттыру, Алаш партиясын қолдау, оның идеяларын халық арасында кеңінен тарату болды. Кейіннен 1918 жылы ұйымның басшылығымен Жетісу мен Сырдария өңірінің аштыққа ұшыраған қазақтарына көмек көрсету үшін арнайы комитет құрылды. Комитет төрағасы Дулатұлы, орынбасары Аймауытұлы, хатшысы Әуезов болды (Н.Қуантайұлы. 2013. «Бұрын жарық көрмеген шығармалары туралы бірер сөз». «Жүсіпбек Аймауытұлы. Шығармалары» ішінде. Алматы: Қаламгер. 3-12 бб).

1918 жылы Аймауытұлы Әуезовпен бірге «Абай» саяси-әдеби журналын шығарды. «Қазақтың әдебиетіне жан берген, сөздің сыртын сырлап, ішін түрлеген, өлеңінен өрнек шығарған, ақындық, шыншылдық бірдей дарыған Абай еді. Өнер тап, оқы, харекет қыл, тәрбие ал, ынсафты, адал бол деп қақсап өткен, халықтың қамын же, адал баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет деген Абай болатын. Өмір жолында Абайдың айтпағаны аз. Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда, Абай – қазақтан шыққан философ (данышпан). Осы сықылды кемеңгердің атына арнап, журналымыздың атын «Абай» қойдық» (Ж.Аймауытұлы және М.Әуезұлы. 1918/2013. «Абай журналы туралы». «Жүсіпбек Аймауытұлы. Шығармаларының алты томдық жинағы» (6-т.). Алматы: Ел-шежіре. 125-126 бб).

Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі алғашқы жылдары, 1919-1922 жылдар аралығында Алаш қозғалысы мүшелері мен олармен байланыста болған барша зиялы қауым қуғын-сүргінге ұшырап, өлтірілгенге дейін, Халық ағарту комитетінің алқа мүшесі болып қызмет атқарды (төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы). 1926 жылға дейін «Еңбек туы», «Қазақ тілі», «Сәуле», «Шаншар», «Ақ жол» сияқты газет-журналдардың редакторы болды. Осы жылдар ішінде шығармаларын үздіксіз жариялап отырды. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры болды.

Аймауытұлына «халық жауы» деген айып тағылып, 1931 жылы сәуірде атылды. Оның барлық шығармалары "қауіпті" деп танылып, тыйым салынды. Жүсіпбек Аймауытұлы 1988 жылы, тоталитарлық режимнің аяғында, жарты ғасырдан астам уақыт ұмыт қалған соң ақталды. Биыл Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына 135 жыл толып отыр.

Ол әлем әдебиетінен Фердинанд Дюшен, Джек Лондон, Жалаладдин Руми, Антон Чехов, Виктор Гюго сынды қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Осыған орай, ҚР БЖБМ Білім комитеті қаржыландыратын «Алаш қайраткерлерінің аударма еңбектеріндегі адамзатқа ортақ құндылықтар» (АР 19679312) атты зерттеу жобасының аясында, Ж.Аймауытұлының аудармашылық стратегиясын түсіну мақсатында, алдымен оның шығармашылық шеберханасы зерделеніп, ондағы өзекті тақырыптар жүйесіне шолу жасалды. Осы зерттеудің бір бөлігі – 1920 жылдарда жазған әңгімелерінің тақырыптық жүйесі туралы ақпаратты оқырманға ұсынып отырмыз.

Ж. Аймауытұлы қазақ әдебиетіндегі әлеуметтік-сыншыл реализм бағытын дамытты (Т.Кәкішев. 1994. Қазақ әдебиеті сынының тарихы. Алматы: Санат; Р.Нұрғали. 2002. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры. Астана: Күлтегін; Р.Тұрысбек. 2008. Тарих, Таным, Тағылым. Астана: Астана құрылысы). Оның прозасында ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының өміріндегі өзгерістер, Ресей империясының ыдырауы, Алаш-Орда үкіметінің құрылуы, Қазақ даласында Кеңес өкіметінің орнауы суреттеледі. Шығармаларын бірнеше негізгі тақырыптар бойынша топтастыруға болады: Кеңес өкіметінің қалыптасу үдерісі мен оның мәні, халық өміріне әсері. Осы тақырып аясында мына мәселелер туралы жазған: аштық, әйел теңдігі, білім, бірлік, отаршылдыққа қарсылық, зайырлылық.

Осылар туралы кеңірек айтсақ, Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Аймауытұлының ең көп жазған, барлық дерлік шығармаларында ой елегінен өткізген тақырыбы – Кеңес өкіметінің орнау үдерісі мен сипаты, оның халық өміріне әсері. Бұл тақырып 1924 жылдан кейін басты назарында болды. «Қартқожа» (1926), «Ақбілек» (1927) романдарында, сондай-ақ «Көшпелі Көжебай» (1924), «Бір шешеннің сөзі» (1924), «Тұмарбай мен қатыны» (1924), «Жидебайдың баяндамасы» (1925), «Радио хабарлары» (1924), «Өзгермесе бұ не?» (1926), «Жарасымды сүгіреттер» (1924), «Жаңа өмірге аяқ басты» (1925), «Қызыл отау, Қызылбике» (1929) әңгімелерінде ол сыншыл реализм тұрғысынан қазақ даласындағы большевиктік идеологияның насихатталу үдерісін сипаттады. Жаңа үкіметтің жаңа заңдары қазақ қоғамының құрылымын, оның қолданыстағы әлеуметтік-экономикалық заңдарын қалай бұзғанын және адамдардың қоғамдағы көзқарасы мен мінез-құлқын қалай өзгерткенін талдады. Осы әңгімелері арқылы ол Кеңес үкіметінің көптеген әрекеттеріне келіспейтінін білдірді. Мысалы, «Көшпелі Көжебай» (Көшпелі Көжебай) әңгімесінде Кеңес үкіметі орнағаннан кейін жас маман жұмысқа орналасып, әр жерде жұмыс істей бастайды, бір орында тұрмайды; бір де бір істі аяғына дейін жеткізбейді. Қалай жоғарыдан келген бұйрықты орындаушыға ғана айналып, пікірін ашық айтудан қорқатын, тыңдалмайтын маманға айналғаны көрсетіледі. Ойын ашық айтып көруге талпынса, мансабына әсер етеді, жұмысынан айырылады. Әңгімеде мәселелерді шеше бастайтын белсенді кадрлардың большевиктер партиясының жетекшілеріне ұнамайтыны, оларды бірден қызметтен шеттететіні немесе басқа аймақтарға ауыстырылып жіберілетіні айтылады. Автор осы үдерістегі бар дүниенің жергілікті елмен санаспай, жоғарыдан келген бұйрықпен шешілетінін сынайды. Жүйе жергілікті мамандардың пікірі мен тәжірибесін ескермейді. Бірте-бірте осы жүйеде жұмыс істейтін әңгіменің басты кейіпкері ешнәрсеге сенбейтін, тұрақсыздыққа дағдыланған адамға айналады. Сондай-ақ әңгімеде жоғары лауазымды тұлғалардың өз пікірін ашық айтудан гөрі, жас мамандардың бойына жағымпаздық қасиетін сіңіретінін көрсетеді. Мұның бәрі жүйенің жұмыс стилін анық сипаттайды. Әңгіме кейіпкерінің мақсатсыздығы мен ешнәрсе шеше алмауы оны күйзеліске ұшыратады.

Әңгімеде тағы бір көрінетін дүние - Қазақстандағы басшылықта қазақ тілін білетін, халықпен тіл табыса алатын адамдардың жоқтығы. Ел ішіндегі арыз-шағымдар санының артуы айтылады.  Бір сөзбен айтқанда, империя тұсындағыдай, қазақтың дауысы естілмейтін жүйенің жаңа билік жүйесінде де аты ғана өзгеріп, сол қалпында қалғаны әңгімеленеді. Бұрынғы жүйенің бей-берекетсіздігінің үстіне жаңа бей-берекетсіздіктің жамау болып жамалғаны туралы.

«Соп-соп» әңгімесі қазақ даласына кеңестік идеяның қалай келгенін баяндайды. Қазақ қоғамында «тап» және «пролетариат» ұғымдары болмағандықтан, халық социализм идеясын түсінбеді. Большевиктер келіп, байлар жау, қудалау керек деген қарабайыр түсінікті әкелді. Осылайша, қоғам жалған айыптауларға толды. Одан әрі арыз жазуды кәсіпке айналдырып, большевиктік идеяларды халық арасында белсенді насихаттайтындардың іс-әрекеті жоғары органдардағылардың мақұлдауына қалай ие болатыны сипатталған.

«Радио хабарлары» хикаясының сюжеті өздеріне ұнамағандардың үстінен компартияға арыз жазып, қоғамда бейберекеттік тудыратын адамдар суреттелген. «Жарасымды сүгіреттер», «Пара алу тоқтала ма?», «Кеп қолағашта»  әңгімелерінде парақорлық пен сөз сөйлеп бос жүру өмір салтын ұстанатын жемқор, менмен шенеуніктер сынға алынады. Коммунистік партияның мандаты оларға сондай құқық беріп, халыққа немқұрайлы шенеуніктердің қатары қалай көбейетіні сипатталған.

Ж.Аймауытұлы «Елес» әңгімесінде әдебиет пен жазушылардың қоғам өміріндегі орны мен қызметі туралы ой қозғап, талдайды. Мұнда компартияның жоғарыдан келген бұйрығы мен ұранын шығармаларына арқау еткен жазушылар мен журналистердің әрекеті сыналған. Бас кейіпкер – елес – халықтың мәселелерін, олардың мақсат-мүдделерін көрсететін тақырыптарға жазу керегін айтады. Әдебиет қандай болуы керек деген сұраққа кейіпкер былай деп жауап береді:

«Жазушы кім? Ақын кім? Білесің бе? Олар – заманның айнасы. Елдің тұрмысын, өмірін, тілегін, арманын әдебиет айнасына түсіретін солар. Оны көрсе оны сақ, мұны көрсе мұны сақ болып қазаққа ұғымсыз не болса соған еліктемей, шын өмірді, деректі өмірді неге жазбайсыңдар? Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Тұрмысқа қандай өзгеріс кірмеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Оның артынан қызылдар келді. Қазақ даласындағы соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың?» (Ж.Аймауытұлы. «Елес». Алты томдық шығармалар жинағының ішінде (3-т.). Алматы: Ел-шежіре, 1924/2013. 71-б.)

Бұл коммунистік партияның «жазушысына» арналған сөз. Өз кезегінде Алаш әдебиеті қайраткерлері әдебиет пен зиялы қауымның қоғамдағы қызметін осы тұрғыдан түсінді, олардың шығармалары әлеуметтік сыни реализм сипатында еді.

«Боранды болжағыш әулие», «Баушы мен бала», «Алып үйқы» әңгімелері білім тақырыбына жазылған. Ж.Аймауытұлы шығармаларында «ақжүректік» ұғымын кеңінен насихаттайтынын айта кеткен жөн. Бұл Абай мұрасынан басталып, Әлихан Бөкейхан мәтіндерінде жалғасқан дін ұғымын қайта қарау тұжырымынан шыққан. Ә.Бөкейхан пікірінше, адамзаттың «діні» қатаң догмаларға негізделген діни қағидалар мен соқыр сенім емес, дін дегеніміз – бүкіл адамзатқа ізгі ниет, шынайылық және мейірімділік. Ә.Бөкейхан (1900/2016. «Сурат кофеханасы». «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары» (1-т.). Астана: Сарыарқа. 183-187 бб); 1925/2018. «Жетпіс жеті мысал». «Әлихан Бөкейхан. Шығармалары» ішінде (13-т.). Астана: Алашорда. 174-203 бб) бұл ұғымды «ақжүректік» деп атайды. Осы ұғым, мәселен, Ж.Аймауытұлының көптеген шығармаларында көрініс тапқан. «Баушы мен бала» әңгімесі соның айқын мысалы. Онда қарт пен жастың философиялық тақырыптағы әңгімесі баяндалып, өмірдің мәні адамдықпен, мейіріммен, қоршаған ортаға зиян тигізбей, жақсылыққа ұмтылу деген қорытындыға келеді.

Қорыта айтқанда, Ж.Аймауытұлы әңгімелерінің тақырыптық жүйесі Алаш әдебиетінің негізгі тақырыптары мен тұжырымдарымен, яғни азаттық, білім, әйел теңдігі, т.б.(осы тақырыптардың барлығы да Алаш партиясы Бағдарламасының негізгі мақсаттары) астасып жатыр. Сондай-ақ коммунистік жүйенің қазақ өміріне тигізген әсері басты тақырыптардың бірі болды. Шығармаларында жаңа режимді сынап, оның ұрандарында айтылғандай халықты қандай да бір жолмен азат етуші жүйе емес, аты өзгергенімен заты өзгермеген, империялық жүйе мен оның отарлау саясатының жалғасы екенін көрсетті.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Гүлшат Түсіп Бақытжанқызы,

Филология ғ.к., PhD

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5536