Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1912 0 пікір 14 Маусым, 2024 сағат 18:11

ХІ чемпионат. 2000. Шабуылдың салтанаты

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Жалғасы: ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі

Жалғасы: Х чемпионат. 1996. Футбол өз үйіне оралды

Брюггедегі футбол детективі

ХХ ғасырдың соңына қарай Қарт құрлықтағы мемлекеттер саны тағы да өсе түсті. УЕФА 1995 жылғы конгресінде өз құрамына Босния мен Герцеговинаны, араға бір жыл салып Андорраны қабылдады. Сөйтіп, бұл чемпионатқа ұзын саны 51 команда қатысты. Тұңғыш рет финалдық турнир бір емес, екі елдің аумағында өткізілді.

Финалдық турнир тарихтағы ең үздік құрлық додасының бірі ретінде есте қалды. Осы доданың жанкүйер жанын рахатқа бөлеген нағыз көзайым командасы – Португалия болды. Умберту Коэльюдің шәкірттері «А» тобындағы қарсыластарының бәрін тізе бүктіргенімен қоймай, барлық кездесуде де ғажайып ойын өрнегін көрсетті. Олардан румындар да қалыспауға тырысты. Керісінше, құрлық футболының көрмегені жоқ қос көкжалы – Англия мен Германия өте солғын ойнады. Сондықтан олардың топтық турнирде-ақ тоңқалаң асуы ешкімге де ерсі көрінген жоқ.

«В» тобында қорғаныс шебін тастай ғып бекіткен Италия құрамасы озып шықты. Кезінде өзі бала күнінен жаттап өскен «каттеначчо» әліппесін әрі қарай дамытқан Дино Дзофф өз шәкірттерін де солай оқытқан сыңайлы. «Скуадра адзурраның» алғы шебі де алғырлық танытты: қарсыластары үшін Франческо Тольдо қорғаған қақпаны дәл көздеудің өзі мұң болып жүргенде, Филиппо Индзаги бастаған итальян шабуылшылары оларды бірнеше рет қапы қалдырып кете баратын. 1996 жылғы құрлықтық додада бірде-бір доп соға алмай, босқоржын қайтқан Түркия командасы бұл жолы алаң иелерінің бірі – Бельгия футболшыларынан басым түсіп, 2-орынға ие болды.

«С» тобындағы жарыс қос бірдей сенсациямен басталды: әуелі Югославия құрамасы Словениядан ойсырай (0:3) ұтылып жатып, таразы басын теңестіріп кетті. Сосын «осы топта көш бастайды» делінген испандықтар өте сүреңсіз ойын көрсетіп, Норвегиядан жеңіліп қалды. Бұдан кейін пиренейліктердің бас бапкері Камачо өз қателіктерінен қорытынды шығарып, нағыз бабында тұрған Сантьяго Канисарес пен Гаиска Мендьетаны негізгі құрамға қосты. Күшейген команда словендіктерден 2:1 есебімен басым түсті. Сонда да келесі кезеңге шығу үшін олар соңғы турда Югославияны ұту керек болатын. Қым-қиғаш сюжетімен жанкүйер жадында қалған бұл матчқа журналистер тарапынан «Брюггедегі футбол детективі» деген айдар тағылды. Бір ойыншысының алаңнан қуылғанына қарамастан Балқан түбегінен келген қонақтар үш рет алға шықты. Сөйтіп, 90-минутта 3:2 есебімен жеңіп жатты. Бұл кезде Норвегия – Словения матчы тең аяқталып, скандинавтар «ширек финалға шықтық» деп мәз бола бастаған еді. Алайда Брюггедегі матчтың төрешісі француз Жиль Вессье негізгі уақытқа бақандай бес минут қосты. 92-минутта Мендьета пенальтиден есепті теңестірді. Ойынды ортадан бастай салысымен испандықтар тағы алға ұмтылды да, Гвардиоланың тездетіп алға асырған добы тура сол аяғына дөп келе қалған Альфонсо жеңіс добын соқты – 4:3! Камачоның жігіттері 1-орын алды, ал норвегтер үйіне қайтты.

«D» тобы – құрамы жағынан өте күшті еді. Азуы алты қарыс Чехия мен Францияның, сондай-ақ анау-мынаудың оң жамбасына келе бермейтін оңқай асықтай Данияның ортасына түскен голланд командасының жолы тіптен қиын еді. Соны білгендей төрешілер оларға алғашқы ойыннан-ақ көмектесе бастады: итальян төрешісі Пьерлуиджи Коллина 89-минутта чехтардың қақпасына өте күмәнді 11 метрлік белгіледі. Павел Недвед жерге тізерлей отыра қалып жалбарынса да, төреші еш жібімеді. Бұдан кейін деңгейі өте жоғары Чехия командасы француздардан жеңілуге мәжбүр болды (1:2). Сөйтіп, жап-жақсы ойын көрсетсе де, олар топтық турнирден аса алмай, үш ойында да ұтылған даттармен бірге еліне ерте қайтты. Ширек финалға Голландия мен Франция шықты.

Қым-қиғаш драма

Плей-офф сатысындағы ойындар өте мазмұнды өтті. 2:0 есебімен Португалия Түркиядан, Италия Румыниядан басым түсті. Әуелгі белдесуде 23 жастағы талантты шабуылшы Нуну Гомиш қос доп соғып көзге түссе, румындармен жекпе-жекте италиялықтардың біраз терлеуіне тура келді. Оларды әсіресе Георге Хаджи соққысының қақпа бағанасына тиіп кері серпілуі қатты шошытты. Жалпы бұл ойын өзінің құрама сапындағы 125-матчын өткізген «Карпат Марадонасы» үшін тым сәтсіз болды: әуелі ол Антонио Контенің аяғын сындыра жаздады (нәтижеде «Скуадра адзурраның» жартылай қорғаушысы үшін чемпионат ерте аяқталды), сосын қарсыластың айып алаңында ешкім ойын ережесін бұзбаса да, сұлап түсіп, төрешіден пенальти талап еткені үшін екінші ескертуін алып, алаңнан қуылды.

Осыған дейінгі ойындарда 7 доп жіберіп алған югославтардың қорғанысы Голландиямен кездесуде тіпті қақырай сөгілді (1:6). Бұл кездесуде Патрик Клюйверт хет-трик жасады. Алты доптың үшеуіне үлес қосқан Деннис Бергкамптың еңбегін де ерекше атап өту керек. Ал Испания – Франция матчы қарсыластардың әсем ойынымен ғана емес, драмалық сюжетімен де есте қалды. Ойын аяқталуға бір минут қалғанда төреші француздардың қақпасына әділеттілігі күмән туғызатын 11 метрлік айып добын белгіледі. Құдай бәрін көріп тұрса керек, Раульдің соққысы қақпадан тым жоғары кетті.

Жартылай финалдық кездесулер драмалық шиеленіс жағынан бәрінен де асып түсті. Осыған дейін екі шабуылшымен ойнап келген Португалия құрамасы әлем чемпиондарымен жекпе-жекте сәл жүрексінді ме екен, ортаңғы шепті күшейтіп, алға жалғыз Нуну Гомишті жіберді. Сондықтан ба, әйтеуір олар көбіне артқа қарайлап, бұған дейінгі ойындардағыдай еркін қимылдай алмады. Алаң ортасында өте тығыз ойнайтын француздар техникалық жарағы португалдықтардың допты еркін қабылдап, игеруіне мүмкіндік берген жоқ. Әуелде айқын басымдық таныта алмаған Франция футболшылары екінші тайм бойына ойын тізгінін өз қолдарында ұстады. Әсіресе Зинедин Зидан өте тамаша ойнады. Матч тағдырын шешкен пенальтиді де ол өте салқынқандылықен орындады (бұл – Еуропа чемпионаттары тарихындағы екінші «алтын гол»). Бұл 11 метрлік қосымша уақытта есеп 1:1 боп тұрған кезде Тьерри Анридің қақпашыны алдап өтіп, бос қақпаға домалата салған добын қорғаушы Абел Шавьер қолмен қайтарған соң белгіленген еді.

Ал Голландия – Италия матчында 11 метрлік нүктеге жақындаған ойыншылардың жүйкесі дәл ондай мықты болмай шықты. Ойын барысында Франк де Бур мен Клюйверт екі рет пенальти соға алмады! Италияның нығыз қорғанысы бұл кездесуде де сыр берген жоқ. Әсіресе бүкіл чемпионат бойына биік деңгейден көрінген Паоло Мальдини, Алессандро Неста және Фабио Каннаваро сынды шеберлер ерледі. Былай қарағанда, әу баста Құдай да, төреші де алаң иелеріне болысқандай көрінген: 33-минутта италиялық жартылай қорғаушы Джанлука Дзамбротта алаңнан қуылып, «Скуадра адзурра» азшылықта қалды. Бірақ матч бойына бастан-аяқ шабуылдаумен болған Франк Райкаард шәкірттері сол үстемдіктерінен түк те пайда көрмеді. Керісінше, қосымша уақытта нағыз «алтын гол» соғарлық ұрымтал сәт Италияда болды: өзімен жекпе жек шыққан Марко Дельвеккьоның дәл бұрышты көздеген соққысын голланд қақпашысы Эдвин ван дер Сар аяғымен әрең қағып үлгерді. Ал матчтан кейінгі пенальти сериясында оның италиялық әріптесі Франческо Тольдо бар шеберлігімен танылды. Голландықтардың жүйкесі сыр берді: олар төрт пенальтидің тек біреуін ғана соға алды!

Финалда осыған дейін қорғанысқа көп көңіл бөліп, тылының тиянақтылығынан жеңіске жетіп келген италиялықтар аяқ астынан ашық футболға көшті. Мұндайды күтпеген Роже Лемерр мен оның шәкірттері бірінші таймда не істерін білмей қалды. Олар тактиканы өзгертіп, қарсыласының осал тұсын табам дегенше, әлгі Дельвеккьо есеп ашып үлгерді. Дзоффқа керегі де осы еді, енді олар баяғы тасқамал қорғанысына қайта көшті. Бірақ француздар сасқан жоқ, салмақты да сауатты ойынын жалғастыра берді. Ақырында олардың тегеурініне «каттеначчоның» өзі төтеп бере алмады. Әсіресе Лемеррдің екінші таймда ойынға қосқан жігіттері ерледі: Сильвен Вильтор таразы басын теңестірді, ал Робер Пирес шешуші голдың авторы Давид Трезегеге тамаша пас шығарып берді.

Франция құрамасы екінші рет Еуропа чемпионы атанды.

ХІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(2000 жыл, Бельгия/Голландия)

Финалдық турнирде 31 матч өткізіліп, 85 доп соғылды (бір ойында орта есеппен – 2,74). Мерген футболшылар: Клюйверт (Голландия), Милошевич (Югославия) – 5 доптан.

«А» тобы

Германия – Румыния – 1:1, Португалия – Англия – 3:2, Германия – Англия – 0:1, Румыния – Португалия – 0:1, Германия – Португалия – 0:3, Румыния – Англия – 3:2.

  1. Португалия 3 7:2    9
  2. Румыния 3 4:4    4
  3. Англия 3 5:6    3
  4. Германия 3 1:5    1

«В» тобы

Бельгия – Швеция – 2:1, Түркия – Италия – 1:2, Бельгия – Италия – 0:2, Швеция – Түркия – 0:0, Бельгия – Түркия – 0:2, Италия – Швеция – 2:1.

  1. Италия 3 6:2    9
  2. Түркия 3 3:2    4
  3. Бельгия 3 2:5    3
  4. Швеция 3 2:4    1

«С» тобы

Испания – Норвегия – 0:1, Словения – Югославия – 3:3, Испания – Словения – 2:1, Норвегия – Югославия – 0:1, Испания – Югославия – 4:3, Норвегия – Словения – 0:0.

  1. Испани 3 6:5    6
  2. Югославия 3 7:7    4
  3. Норвегия 3 1:1    4
  4. Словения 3 4:5    2

«D» тобы

Голландия – Чехия – 1:0, Франция – Дания – 3:0, Чехия – Франция – 1:2, Голландия – Дания – 3:0, Голландия – Франция – 3:2, Чехия – Дания – 2:0.

  1. Голландия 3 7:2    9
  2. Франция 3 7:4    6
  3. Чехия 3 3:3    3
  4. Дания 3 0:10  0

Ширек финал

Португалия – Түркия – 2:0, Италия – Румыния – 2:0, Голландия – Югославия – 6:1, Испания – Франция – 1:2.

Жартылай финал

Португалия – Франция – 1:2 (қосымша уақытта), Голландия – Италия – 0:0 (пенальтиден 1:3).

ФИНАЛ

ФРАНЦИЯ ИТАЛИЯ 2:1 (қосымша уақытта)

2 шілде. Роттердам. «Де Кейп» стадионы. 50 000 көрермен. Төреші Фриск (Швеция).

Франция: Бартез, Тюрам, Блан, Десайи, Лизаразю (Пирес, 86), Виейра, Дешам, Зидан, Джоркаефф (Трезеге, 76), Дюгарри (Вильтор, 58), Анри.

Италия: Тольдо, Юлиано, Каннаваро, Неста, Мальдини, Пессотто, Альбертини, Ди Бьяджо (Амброзини, 65), Фьоре (Дель Пьеро, 53), Тотти, Дельвеккьо (Монтелла, 86).

Голдар: Дельвеккьо, 56 (0:1), Вильтор, 90 (1:1), Трезеге, 103 (2:1).

Ескерту алғандар: Ди Бьяджо, Каннаваро, Тюрам, Тотти.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2046