Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Саңлақ 1559 0 пікір 17 Маусым, 2024 сағат 12:24

ХІІ чемпионат. 2004. Эллиндердің ерлігі

Коллаж суреттері автордың жеке мұрағатынан алынды

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Жалғасы: ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі

Жалғасы: Х чемпионат. 1996. Футбол өз үйіне оралды

Жалғасы: ХІ чемпионат. 2000. Шабуылдың салтанаты

Жалғыз сенсация – Латвия

ХІІ Еуропа чемпионаты Португалияда ұйымдастырылды. Іріктеу кезеңінде 50 құрама бес-бестен он топқа бөлініп, күш сынасты. Топ жеңімпаздары бірден финалдық турнирге жолдама алды, ал екінші орын алған командалар тағы 5 жолдаманы өзара жекпе-жекте сарапқа салды.

1-топқа Кипр, Мальта, Израиль секілді курортты елдердің құрамасымен бірге түскен француздар үшін бұл топ шынында да «курортты топ» болды: олар барлық ойында да жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.

Ал 2-топтағы жолдама үшін талас өте тартысты жүрді. Мұнда Румыния құрамасы көз сүйсінтер футболымен қуантты. Бірақ жарыстың бастапқы кезеңіндегі өз алаңында болған қос жеңіліс (Даниядан 2:5, Норвегиядан 0:1) олардың жолын кесті. Дегенмен басқа ойындардың бәрінде дерлік қарсыластарынан басымдық танытқан румындар шешуші ойында дат командасын кез келген есеппен ұтса бітті, кемінде екінші орын алып, жарысты жалғастырар еді. Олар Копенгагенде 2:1 есебімен ұтып та тұрды. Бірақ 95-минутта (төреші 5 артық минут қосқан-ды) М.Лаурсеннің баспен соққан добы Румыния футболшыларының үмітін желге ұшырды. Бұл доп Данияны бірінші орынға қонжитып қана қойған жоқ, норвегтерді екінші тұғырға шығарды.

4-топта шведтер ешкімге бет қаратпады. Екінші орын үшін таласта тәжірибелі поляк құрамасының латыштарға есе жібергені таң қалдырды. 6-топта күтпеген жерден испандықтар мен украиндарды кейінге ығыстырған гректер озып шықты. 8-топта сонау 90-жылдардың орта шенінен бері жұрт назарынан шет қалып келген болгарлар табыс тұғырына көтерілдіАл қалған топтарда дәстүрлі мықтылар жеңді. Плей-офф кезеңінде де аса көп сенсация бола қойған жоқ. Жалғыз таң қаларлық жаңалық жер-жаһанға Ыстамбұлдан тарады: содан бір жарым жыл бұрын ғана әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болған Түркия құрамасы латыштарға есе жіберді.

Скандинавша мәміле

Есесіне, финалдық кезең естен тандырар ерекше нәтижемен басталды. «А» тобының ғана емес, жалпы біріншіліктің беташар матчында «осы додада алтыннан басқаны місе тұтпайды» делінген Португалия құрамасы гректерден ұтылып қалды. Белгілі неміс жаттықтырушысы Отто Реххагель баптаған эллиндіктер қорғаныста өте сақ та сауатты ойнай отырып, реті келгенде лап етіп қарсы шабуылға шыға қоятын шапшаң қимылымен сүйсінтті. Бұдан соң Испаниядан тағы да ұпай жырып алып, әлгі жеңістің кездейсоқ еместігін дәлелдеді. Үшінші турда Эллада жерінен келген меймандар бәрінен үміті үзілген кезде барып еркін ойнай бастайтын Ресей құрамасынан ұтылып қалды. Осы кездесуде есеп ашқан Кириченконың добы – финалдық турнирлер тарихындағы ең жылдам гол (1 минут 07 секунд). Гректердің бағына қарай Португалия – Испания матчында алаң иелері басым түсіп, доп саны жағынан испандарды артта қалдырған олар ширек финалға шықты.

«В» тобындағы ойындар тартыстылығымен ғана емес, мазмұндылығымен де ерекшеленді. Әсіресе Франция – Англия кездесуі жанкүйер күткен жоғары деңгейге сай болды. Есепті 38-минутта Лэмпард ашты. Бұл заңды да еді, өйткені алғашқы 45 минутта ағылшындардың басымдығы айқын байқалған болатын. Екінші таймда француздар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Швед маманы Эрикссон шәкірттерінің қорғаныстан қолы босамай, қарсы шабуылға әрең шығып отырды. Сондай сәттердің бірінде қорғаушылар қателесіп, неміс төрешісі Мерк француздардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Алайда бұған дейін пенальтиді мүлтіксіз орындап жүрген Бекхэм бұл жолы мүлт кетті. Бұдан соң «үшжолақтылар» одан сайын жігерлене түсіп, шабуылды күшейтті. Дегенмен ағылшындар 1:0 есебін ойын соңына дейін ұстап тұрды. 90-минутта Зидан айып добын керемет орындады – таразы басы теңесті. Алайда іс мұнымен де бітпеді: төреші қосқан 4 минуттың 3-сінде ағылшын қорғаушылары өз айып алаңында Анриді шалып жығып, Зидан пенальтиден жеңіс добын соқты! Сөйтіп, айналдырған 3-4 минуттың ішінде ұтып тұрған ұжым ұтылып тынды.

Бұл топтағы басқа екі команда аталмыш арыстандарға лайықты қарсылас бола алмады. Рас, хорваттар француздармен тең түсіп, ағылшындармен де біраз уақыт тайталасып бақты, бірақ бәрібір деңгейі сәл төмендеу екені байқалып тұрды. Ал швейцариялықтар топ көшбасшыларының екеуінің де тегеурініне төтеп бере алмады, әйтсе де, тарихқа өз үлесін қосып үлгерді. Франция – Швейцария матчында олардың шабуылшысы Фонлантен өз құрамасының осы турнирдегі жалғыз голын соқты. Бұл – Еуро финалдық сындарындағы ең жас гол саналады: бұл кезде Фонлантен 18 жастан енді асқан еді. Сондай-ақ осы ойында француз шабуылшысы Анри финалдық турнирлер тарихындағы 400-голды авторы атанды.

«С» тобында өзгелерге ұпай үлестіргіш бір команда болды (Болгария). Қалған үш қарсылас өзара тең ойнады да, бірдей ұпай жинады. Бұлардың турнир кестесінде алар орнын доп айырмасы шешетін еді, яғни байғұс болгарларды кім ірірек есеппен жеңсе, соның мерейі үстем болатыны анықталды. Сөйтіп, оларды 5:0 есебімен ұтқан шведтер бірінші орынға, 2:0 есебімен тізе бүктірген Дания құрамасы екінші орынға табан тіреді. Ал болгар футболшыларынан небәрі 2:1 есебімен басым түскен Италия, амал жоқ, үшінші орында қалды. Әрине, соңғы турдағы Швеция – Дания кездесуінің тең аяқталуы туралы баспасөзде біраз дау-дамай туындады. Мұны «скандинавтардың өзара келісуі» деп те атаушылар аз болған жоқ.

«D» тобынан осы чемпионаттағы ең көркем ойын көрсеткен чехтар озып шықты. Олар сондай-ақ еш мұқалмайтын ерекше ерік-жігерімен де тәнті етті. Брюкнердің командасы үш кездесуде де ұтылып тұрып, ақырында жеңіске жетумен болды. Іріктеу кезеңінің басты қаһармандары – латыштар азуы алты қарыс Германиядан ұпай жырып алып, олардың топтан шығуға деген үмітін үзді.

Шабуылдан қорғаныс басым түсті

Ширек финалдағы Португалия – Англия кездесуі біріншіліктегі ең мазмұнды матч болды. Есеп небәрі 3-минутта күтпеген жерден ашылды: көрмеген құқайы жоқ тәжірибелі жартылай қорғаушы Коштинья әуелеп келген допты баспен ұрып кері қайтарамын деп, абайсызда оны тура Оуэннің алдында салып берді – 0:1. Доданың беташар матчында ұтылып қалып, одан кейінгі екі ойында әупірімдеп жеңіске жетіп, ширек финалға өздерінің де, жанкүйерлерінің де жүйкесін жүндей түтіп шыққан португалдықтарға бұл қосымша соққы болды. Оның үстіне, ағылшындар тек гол соғып қана қойған жоқ, жалпы ойын тізгінін өз уыстарынан шығармады. Бірінші таймның соңына қарай ғана алаң иелері естерін жиып, етек-жеңін қолға алды. Үзілістен соң ойын тіпті қарама-қарсы шабуыл үрдісімен өрбіп отырды. Матч шарықтау шегіне жақындағанда Сколаридің бапкерлік сұңғылалығы ерекше көрінді. Оның алаңға ойын барысында қосқан футболшылары кереметтей нәтижелілік танытты: Поштига 83-минутта таразы басын теңестірсе, 110-минутта Руй Кошта португалдықтарды алға шығарды. Дегенмен қосымша уақыттың бітуіне 5 минут қалғанда Лэмпард соққан голдан соң осы чемпионаттағы алғашқы пенальти сериясына кезек келді. Серия Бекхэмнің сұмдық қателігімен басталды: ол тепкен доп қақпадан едәуір биік кетті. Португалдықтардың да өз «Бекхэмі» бар екен: Руй Кошта бағыттаған доп айдалаға ұшты. Бұдан кейінгі бірнеше соққы нәтижелі болды. Ақырында іске қақпашы Рикарду кірісті. Әуелі ол Васселлдің соққысын кері қайтарды, артынша шешуші пенальтиді өзі соқты! 6:5 – Португалия жарысты әрі қарай жалғастыратын болды.

Швеция – Голландия кездесуінде де іс матчтан кейінгі пенальти сериясына келіп тіреліп, Мелльбергтің тепкен добын ұстаған голланд қақпашысы Ван дер Сар өз командасын жартылай финалға алып шықты. Гректер тасқамал қорғанысының мығымдығының арқасында құрлық чемпионын атынан аударып салды. Ал топтық турнирдегі қарқынын бәсеңдетпеген чехтар Данияны талқандады.

Жартылай финалда Чехия футболшыларының жолы болмады. Олар гол соғатын біраз ұрымтал тұсты уыстан шығарып алғанымен қоймай, қосымша уақытта өз қақпасына доп жіберіп алды. Стандартты жағдайларға аса қатты мән беретін Реххагельдің жігіттері 105-минуттағы бұрыштаманы өте сәтті пайдаланды: бойы 2 метрге жуық қорғаушы Делластың баспен дәл соққан добына Петр Чех тосқауыл бола алмады (матч бірден тоқтатылды – өйткені «алтын гол» ережесі әлі күшінде еді). Ал ағылшындармен айқастан соң өздеріне деген сенімділігі қайта оралған Португалия футболшылары Голландиядан басым түсті.

Финал тура беташар матчтың көшірмесіне айналды. Тағы да допты көп ұстап, үнемі шабуылдаушылар – португалдықтар да, тылын тас қып бекітіп алып, өздеріне тән жалт етпе тосын қимылмен қарсыласының қателігін аңдығандар – гректер болды. Алаң иелерінің басымдығы бірте-бірте нақты нәтижеге ұласуы да мүмкін еді, алайда бүкіл ойынның ырғағын айқындап жүрген оң қапталдағы қорғаушы Мигэл аяқ астынан жарақат алып, кездесуді жалғастыра алмады. Оның орнына шыққан Паулу Феррейра да барын салып кіріскенімен, екінші таймда португалдықтар әуелгі қарқынынан айрылып қалды. Мұны байқаған Отто Реххагель дереу жігіттеріне алға шығуға нұсқау берді. Сондай жылдам шабуылдың бірінде Ангелос Харистеас баспен соғып, шешуші голды соқты.

Бұл – сонау 1992 жылдан кейінгі Еуропа чемпионатының ірі сенсациясы еді. Додаға дейін ешкім сенім артпаған Грекия құрамасы өз тарихында тұңғыш рет алтыннан алқа тақты. 

ХІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(2004 жыл, Португалия)

Финалдық турнирде 31 матч өткізіліп, 77 доп соғылды (бір ойында орта есеппен – 2,48). Мерген футболшы: Барош (Чехия) – 5 доп.

«А» тобы

Португалия – Грекия – 1:2, Испания – Ресей – 1:0, Грекия – Испания – 1:1, Португалия – Ресей – 2:0, Португалия – Испания – 1:0, Грекия – Ресей – 1:2.

  1. Португалия 3 4:2    6
  2. Грекия 3 4:4    4
  3. Испания 3 2:2    4
  4. Ресей 3 2:4    3

«В» тобы

Швейцария – Хорватия – 0:0, Франция – Англия – 2:1, Англия – Швейцария – 3:0, Франция – Хорватия – 2:2, Англия – Хорватия – 4:2, Франция – Швейцария – 3:1.

  1. Франция 3 7:4    7
  2. Англия 3 8:4    6
  3. Хорватия 3 4:6    2
  4. Швейцария 3 1:6    1

«С» тобы

Дания – Италия – 0:0, Швеция – Болгария – 5:0, Болгария – Дания – 0:2, Швеция – Италия – 1:1, Италия – Болгария – 2:1, Дания – Швеция – 2:2.

  1. Швеция 3 8:3    5
  2. Дания 3 4:2    5
  3. Италия 3 3:2    5
  4. Болгария 3 1:9    0

«D» тобы

Чехия – Латвия – 2:1, Германия – Голландия – 1:1, Латвия – Германия – 0:0, Чехия – Голландия – 3:2, Чехия – Германия – 2:1, Голландия – Латвия – 3:0.

  1. Чехия 3 7:4    9
  2. Голландия 3 6:4    4
  3. Германия 3 2:3    2
  4. Латвия 3 1:5    1

Ширек финал

Португалия – Англия – 2:2 (пенальтиден 6:5), Франция – Грекия – 0:1, Швеция – Голландия – 0:0 (пенальтиден 4:5), Чехия – Дания – 3:0.

Жартылай финал

Португалия – Голландия – 2:1, Грекия – Чехия – 1:0 (қосымша уақытта)

ФИНАЛ

ГРЕКИЯ – ПОРТУГАЛИЯ – 1:0

4 шілде. Лиссабон. «Да Луш» стадионы. 62 865 көрермен. Төреші Мерк (Германия).

Грекия: Никополидис, Сейтаридис, Деллас, Капсис, Фиссас, Басинас, Загоракис, Кацуранис, Яннакопулос (Венетидис, 76), Харистеас, Вризас (Пападопулос, 81).

Португалия: Рикарду, Мигэл (Паулу Феррейра, 43), Жорже Андраде, Рикарду Карвалью, Нуну Валенте, Коштинья (Руй Кошта, 60), Манише, Криштиану Роналду, Фигу, Деку, Паулета (Нуну Гомиш, 74).

Гол: Харистеас, 57.

Ескерту алғандар: Сейтаридис, Басинас, Коштинья, Фиссас, Пападопулос, Нуну Валенте.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2048