Жұма, 26 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 307 0 пікір 26 Қыркүйек, 2025 сағат 13:48

Көмекшілер мен кеңесшілердің казусы...

Суреттер: Ақорда сайтынан және автордың мұрағатынан алынды.

Президент Тоқаев АҚШ-қа сапарынан кейін бір күннің ішінде өзінің бірқатар көмекшілері мен кеңесшілерін орнынан алып тастады.

Бұл жолғы бір қызығы сол: ауыс-түйістер бір күнде және ұжымдық сипатта жүзеге асты. Тіпті, президент шетелден келіп, өз маңайына ренжіп, бір сәтте шешім қабылдағанға ұқсайды: жұмыстарына көңлі толса, олай жасамас еді ғой. Бірнеше көмекшісін жұмыстан бірден босатуының бір себебі сол болса керек: президент өз әкімшілігінде жүйелі дағдарысқа ұшырағанын сезіп, білгендей.

Жә, ондай кадрлық шешім – мемлекет басшысының жеке құзырындағы нәрсе, оған біздің шатағымыз жоқ, Осымен әңгімені доғарып, бізсіз жүзеге асатын тақырыпты жылы жауып қоюға болар еді.

Бірақ...

Бұл сауалымыз биліктің қазіргі кадр саясатына, соның ішінде, президент маңайына тікелей қатысы бар.

Біріншіден, және ол тенденция көзге ұрып-ақ тұр: Жаңа Қазақстанның тұрақты бір нышаны қалыптасқан сықылды, ол – кадр тұрақсыздығы. Кеше ғана жылы орнына орныққан шенділер – министрлер, олардың орынбасарлары – көп ұзамай сол орынды босатып жатады. Және де олардың не үшін президент қахарына ұшырағаны туралы ешкім қоғамға айтып жатқан жоқ.

Ол дұрыс емес. Өйткені әрбір шенеунік – ауыл әкімінен бастап президентке дейін – бюджеттен жалақы алады, сол себепті бюджетке салық төлеп отырған кез келген азамат кімнің не үшін тағайындалғанын, не үшін отставкаға кеткенін білуге қақылы!

Екіншіден, осыдан біраз уақыт бұрын билік президент әкімшілігін реформалап, ендігі жерде ПӘ жетекшісінің орынбасарлары болмайды, олардың орнына әрқайсысы өз саласына ие болатын көмекшілер тағайындалады деген болатын. Және де ол бастаманы басқа елдердегі президент әкімшіліктеріндегі үлгімен түсіндірген еді. Құп дедік. Алайда ПӘ жетекшілерінің орынбасарлары әлі де қызметке келіп жатыр: кеше біреуі бірінші орынбасар еді, енді біреуі таяуда жай орынбасар боп жатыр.

Логика қайда?

Үшіншіден, әрбір көмекші не кеңесшінің өзіне тапсырылған міндеттер болса, неліктен олар жүйелі түрде президент қабылдаған шешімдерді (жарлықтар мен өкімдерді), президент қол қойған басқа да құжаттарды (бағдарламалар мен тұғырнамаларды), президент қабылдаған басқа да шешімдерді жүйелі түрде елдің алында шығып, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, түсіндірмейді?

Солай болса, бәлкім, ел ішіне гу-гулеп тарап жүрген әрқилы алып-қашпа әңгімелер сап тыйылар ма еді? Ал бүгінгі ПӘ-нің ақпараттық үнсіздігі жағдайында, билікке, соның ішінде президенттің жеке басына қатысты хайптар мен хейттер, өсектерді таратушылардың Құдайы беріп жатыр. Өз салаларына жауапты көмекшілер мен кеңесшілер болса, ПӘ амбразурасын өз кеудесімен жабудың орнына, окопта тығылып, бас сауғалап отырады. Сол себепті, байқап отырсаңыз, басты сын президент маңайына қарай емес, мемлекет басшысының жеке басына қарай бағытталып жатады.

Әрине кез келген өркениетті қоғамда (біз сондай модель жасаймыз деп талпынып жатырмыз ғой?) президентке қатысты да сын айтыла беруі тиіс: демократия заңдылығы сондай әрі президент Тоқаев өзі ұсынған «әртүрлі пікір – біртұтас ұлт» қағидатына толығымен сай келеді! Тек бір айтарым, сондай кезде оның саяси айналасы бұғып қалады. Оның үстіне, бізде мемлекет басшысына, оның жүргізіп отырған саясатына айтылған сын кейде сол институт ретінде мемлекеттің өзіне, оның конституциялық негіздеріне нұқсан келтіріп жатады. Сол жағы мені ерекше толғандырады.

Төртінші жайттың салалық сипаты бар. Біздің президент – дипломат. Президент боп сайланғалы ол маңайына дипломаттарды жинай бастағаны белгілі. Алайда мансаптық (карьералық) дипломат болу міндетті түрде нәтижелі жұмыс жасай алатын әкім не басқа басшы болу деген сөз емес, әр саланың өз ерекшелігі бар. Бізде болса, біржақтылық басым боп, мемлекеттік қызметтің басқа да, сыртқы істерге мүлдем қатысы жоқ салаларында дипломаттардың экспансиясы орын алып кетті.

Кешегі аяқ асты шешімдеріне қарасақ, президенттің сыртқы саясатқа жауапты шенділеріне көңлі толмайтын сияқты, олай болса, оларды басқа салаларға жұмсамай, ақсап тұрған дипломатия жағын жұмылдырсын! Дипломат емес басқа қазақтар да өсуі керек емес пе?!

Бесінші жайттың мансаптық сипаты бар. Бізде (және ол ескі Қазақстан тұсында қалыптасқан дәстүр еді, өкінішке орай, Жаңа Қазақстанда да жалғасып келеді) белгілі бір себептермен бір орынды босатқан шенеунік (және ол себептері қоғамға беймәлім, тек «аса хабардар» сарапшылар өз нобайларын айтып, ұпай жинап жатады) міндетті түрде басқа жылы орынға жылжи салады. Кешегі президент шешімдері де сондай боп шықты.

Неге сол шенділер өз мамандығы не кәсібі бойынша жұмыс жасап, өмірін жалғастыра бермейді? Әлде Ақорда не үкімет олардың әкеден қалған мұрасы ма? Мұндай кесірлі үрдіс өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жолын бөгейді, (оны да біз ескі Қазақстан тұсында көргенбіз, бір рет әкім не министр болған адам өмірінің аяғына дейін сол қызметте немесе сенатор не депутат болып, шалқып (қалқып!) жүретін еді!), мемлекеттік қызметке жаңа кадрлардың келуіне кедергі жасайды.

Меніңше, осы кесірлі үрдістен бас тартатын уақыт келді: Жаңа Қазақстан талабы сондай!

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір