Қайнады қаны, ашыды жаны, бар сұмдықты білгенде...
Кеше костюм мен фартук киген, галстук пен бантик таққан астаналық түлектер мерекелік көңіл-күймен білім ордаларынан қайта бастаған шақта қос шатырлы Парламентте ұлт жанашырлары Есеп комитетінің есебінен Білім және ғылым министрлігінің ақылға қонбас қарекетін біліп, жаға ұстап жатты. Омархан Өксікбаев ұсынған «2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте» әлгі органға қатысты «қызықты» дерек келтіріліпті: «Білім және ғылым министрлігі физика, химия, биология кабинеттеріне оқу құрал-жабдықтарын мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет заңының 15-бабына сәйкес бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді тиімсіз пайдаланды» деп басталады бұл тарау. Бірақ нағыз қызығы алда екен...
Кеше костюм мен фартук киген, галстук пен бантик таққан астаналық түлектер мерекелік көңіл-күймен білім ордаларынан қайта бастаған шақта қос шатырлы Парламентте ұлт жанашырлары Есеп комитетінің есебінен Білім және ғылым министрлігінің ақылға қонбас қарекетін біліп, жаға ұстап жатты. Омархан Өксікбаев ұсынған «2008 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепте» әлгі органға қатысты «қызықты» дерек келтіріліпті: «Білім және ғылым министрлігі физика, химия, биология кабинеттеріне оқу құрал-жабдықтарын мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет заңының 15-бабына сәйкес бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттерді тиімсіз пайдаланды» деп басталады бұл тарау. Бірақ нағыз қызығы алда екен...
Сонымен, Есеп комитетіне сенсек, Білім және ғылым министрлігі «оқу құрал-жабдықтарын мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілетін конкурстың техникалық ерекшеліктерін әзірлеу барысында мектептердегі оқыту тілін ескермейді. Осының нәтижесінде тек қана Батыс Қазақстан облысында 2007-2008 жылдары қазақ тілінде оқитын 29 мектепке 10,2 миллион теңгенің орыс тіліндегі оқу құралдары мен бағдарламалары сатып алынған»! Осыдан, «қазақ мектептері тек мемлекеттік тілдегі оқулықтармен және қазақ мектептеріне лайықталған бағдарламалармен оқуға тиістігіне білім және ғылым шенеуніктерінің сауаты жетпеген бе, әлде, бұл жасырын орыстандыру саясаты ма?» деген сан сауал алдан самсап шығады. Парламенттегі кешегі Үкімет пен Есеп комитеттерінің былтырғы бюджеттің орындалуына қатысты есептерінің таныстырылымында уақыттың шектелуі салдарынан мұндай сұрақтарға жауап табылмады. Бірақ қалаулылардың бұл есептерді алда әлі біраз талқылайтынын, демек, жауапты шенеуніктерге бәрібір жауап беруге тура келетінін еске салған жөн.
Әділетін айтқанда, бұл есептерде ақылға қонымсыздығы мен қоғамдық ашу-ыза тудыруы тұрғысынан әлгіндей деректерді жолда қалдыратын жайттар жетерлік.
Мәселен, жыл бойы Үкімет қан қақсап, қаржы жетпей жатқандығын сан қақсап, күйзеліспен бірге қалаулылардың үрейін ұшырып біткендігі сонша, депутаттар заңтудырушылық жұмыстарында ақ қағаздың екі бетін де пайдалану сияқты қатаң үнемдеу шараларына көшкен-тін. Ал енді мына есептерге үңілгенде қалаулылардың ызадан бастары айналып, көздері қарауытты. Өйтпей қайтсін?! Есеп комитеті шенеуніктердің «Бюджет-2008»-дің шығыстарынан 105,8 миллиард теңгені талан-тараж еткенін анықтаған. Аймақтардағы әкім-қаралар да олардан қалыспауда. Нысаналы трансферттерді жұмсау барысында 16,3 миллиард теңгенің «қаржылық бұзушылықтарына» жол берген. Үкіметтің есебінде де ақша жымқыру мәселесі айтылған, бірақ сандар әлдеқайда «сыпайы». Бірақ осынша талан-тараж аяусыз, қатал күйзеліс заманында болып отырғанын ескерсек, «есеңгіреп кетуге» болады.
– Бұл есепте қаржылық жөнсіздіктер 64 миллиард 202 миллионға жеткендігі атап көрсетіліпті! – дейді депутат Розақұл Халмурадов. Сөйтіп 2007 жылмен салыстырғанда қаржылық бұзушылықтар 3,2 есе артқан! Тендер кезіндегі жөнсіздіктер, яғни мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуы 41,2 миллиард теңгені құраған. Немесе 2007 жылмен салыстырғанда 2,7 есе артқан! Бұл не масқара? Қаржылық бұзушылықтарға жол берген министрліктердің алдында Индустрия және сауда министрлігі – 20 миллиард теңгеден артық, екінші орында Қорғаныс министрлігі – 16,5 миллиард теңге. Өкінішке қарай, үшінші орында Қаржы министрлігі тұр! Оның қаржылық бұзушылығы 2,2 миллиард теңге, мемлекеттік сатып алудағы бұзушылығы – 3,2 миллиард теңге. Қаржы министрлігі өзі заң бұзуға барса, басқадан не сұрайды? – деп ашынды қалаулы.
Депутат тағы бір келеңсіз жайтқа назар аудартты. Салық органдары 2008 жылғы жүргізген бақылау жұмыстарының қорытындысы бойынша 299 миллиард теңге салықтар мен төлемдерді қосымша есептеген. «Бірақ өкінішке орай, соның бюджетке нақты түскені 5-тен сәл астам ғана пайыз. Бұл бір әдетке айналып кеткен сияқты. 2007 жылы да тура солай болған, қосымша есептелгеннің бес жарым пайыздайы ғана түскен. Сонда салықтық тексерулер дұрыс жүргізілмеген бе? Мемлекеттік органдардың әлсіздігі ме?» деді Розақұл Сатыбалдыұлы. Бұған жауап қатқан Қаржы министрі Б.Жәмішев салықшылардың іс-қимылдарын «заңға қайшы деуге болмайтындығын» айтып, өз командасына болысты. Министрдің айтуынша, Салық комитеті бірінші инстанцияда жеңіп шығады екен, бірақ жоғарыдағы сот мырзалар артынан ол шешімдердің күшін жоя береді екен. Осыны айтқан Болат Жәмішев жетілдірілмеген ұлттық заңнаманың мемлекеттік мүддені қорғауға мүмкіндік бермейтіндігіне, оның үстіне кезінде бекітіліп кеткен, қазақстандық заңнамаға бағынбайтын контрактілердің жеткілікті екендігіне шағымданды.
Тағы бір жаға ұстатар жайт: «Қосымша құн салығын нөлдік ставка бойынша қайтару сомалары артып барады» деп алаңдайды Омархан Өксікбаев. Енді қараңыз: әр тиын үшін алысудың орнына, мемлекет нөлдік ставкамен есептеп, қосымша құн салығы бойынша, Қазақ жерінің қойнауындағы қазынасының қызығын көріп жатқан жатжұрттық алпауыттарға 253 миллиард 525,3 миллион теңгені қайтарып берген. Тарата айтар болсақ, «Қашағанға» құрық сала алмай жатқан «Agіp KCO» 36 миллиард 785,5 миллион теңге, корейлердің «Қазақмысы» 19 миллиард 912,4 миллион теңге, үнділік миллиардердің «Арселор Миттал Теміртау» компаниясы 16 миллиард 370,8 миллион теңге, «Интергаз ЦА» сияқты газ алпауыты 13 миллиард 295,1 миллион теңге, қытайлық «СНПС «Ақтөбемұнайгаз» 11 миллиард 000,6 миллион теңге алған. Әрине, мұның бәрі заң жүзінде іске асқан. Бірақ Есеп комитетінің басшысы бекер мазасызданбаса керек.
Айтпақшы, қалаулы Розақұл Халмурадов кейін Омархан Өксікбаевтан мына сауалға жазбаша түрде жауап беруді сұрағанын айта кеткен жөн. «Кедендік төлемдер мен салықтар бойынша ұсынылған жеңілдіктер ауқымы 647 миллиард теңгеге жетіпті. Немесе республикалық бюджеттің салықтық түсімдерінің 31 пайыздан артығын қамтиды екен. Бұл әлдебір «ағайыншылдықпен» жасалып отырған жоқ па?» деген депутат қай компаниялар алым-салықтың қай түрінен жеңілдік алғандығын тізіп, өзіне жолдауды сұрады. Үкімет бұл істе жариялылыққа жүгінсе, мүмкін, кейін депутат ағамыздан біле жатармыз.
Есеп таныстырылымынан қалаулылар екіұдай көңілмен шықты. Бір жағынан Үкімет дағдарыспен лайықты жағаласып жатқандай. Бірақ мәселен, депутат Владимир Нехорошевтар дағдарысқа қарсы шаралардың тиімділігіне күмәнданады. «Егер Үкімет барлық уәдесін орындаса, халықтың жүрегі шыдамай, жарылып кететін шығар...» деп шүбәланады
В.Нехорошев.
Айхан ШӘРІП
“Айқын” газеті 27 мамыр 2009 жыл