Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 2714 0 пікір 21 Қараша, 2022 сағат 12:20

1998 жыл. Жаңа формат – жаңа чемпион

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс

Жалғасы: 1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс


XVІ ЧЕМПИОНАТ. 1998 ЖЫЛ. ФРАНЦИЯ

Әлем чемпионы – Франция
Күміс жүлдегер – Бразилия
Қола жүлдегер – Хорватия

Субисарретаның кешірілмес қателігі

ФИФА өзінің және әлем чемпионатының іргетасын қалап, аяғынан тік тұрғызған азаматтардың Отанына футбол тойын 60 жылдан соң қайта сыйлады. Осы додадан бастап матч барысында үш футболшыны алмастыруға рұқсат берілді. Сосын ФИФА 1966-1994 жылдар аралығында қолданылған марапаттау жүйесін өзгертіп, чемпионға – алтын, 2-орын алған командаға – күміс, 3-орын алғанға – қола медаль беретін баяғы дәстүрді қалпына келтірді. 4-орын алған командаға тек естелік боларлық арнайы сыйлық қана табысталды. Біз үшін айрықша атап өтер жайт – өз тәуелсіздігін алған Қазақстанның ұлттық құрамасы алғаш рет әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып, екінші кезеңде ғана Азия мықтыларына жол берді.

Тағы бір жаңалық – финалдық турнирге бұрынғыдай 24 емес, 32 команда қатысатын болды. Бұл – ФИФА-ның жаңа президенті Зепп Блаттердің «футбол ғаламшардың барлық бұрышында да жақсы дамуы керек, біздің мақсат – оны жан-жақты насихаттау» деген ұстанымының көрініс еді. Шынын айту керек, бұл өзгеріс жұрттың бәрін бірдей қуанта қойған жоқ. «Соншама команданың қажеті не?» деп ренжігендер де, «енді әлем чемпионатына кім көрінген кеп қатыса беретін болды-ау» деп налығандар да кездесті. Бірақ мұндай кереғар көңіл-күйге қарамастан ХVІ әлемдік доп додасы өте жоғары деңгейде, аса тартысты өтті.

Чемпионат Бразилия – Шотландия матчымен ашылды. Мұнда беташар ойындардағы ең тез гол қақпаға енді (4-минут, бразилиялық Сезар Сампайо), алғашқы автогол соғылды (шотландтық Бойд), және тұңғыш пенальти белгіленді (орындаған шотландтық Коллинз). Бұл ойында бразилиялықтарға лайықты қарсылас бола білген Шотландия құрамасы қалған матчтарда бар-жоғы 1 ғана ұпай жинап, топтық кезеңнен асып көрмеген өздерінің көңілсіз тарихына өзгеріс енгізе алмады. Соңғы турда оларды тас-талқан еткен Марокко, керісінше, өте жақсы өнер көрсетті. Тек әлем чемпиондарының күтпеген жерден норвегтерге жол беруіне байланысты олар жарысты жалғастыра алмады. «А» тобынан Бразилия мен Норвегия шықты.

«D» тобында да осыған ұқсас жағдай болды: алдыңғы ойындарда емін-еркін жеңіске жеткен Нигерия соңғы турда аяқ астынан үш ұпайға аса зәру парагвайлықтардан ұтылып, нәтижеде болгарларды 6:1 етіп талқандағанына қарамастан испан футболшылары келесі кезеңге шыға алмады. Испания – Нигерия кездесуі чемпионаттағы ең мазмұнды ойындардың бірі болды. Әуелде испандықтардың басымдығы айқын еді. Йерро айып добын әдемі соғып, есеп ашқанымен, нигериялықтар қарымтасын тез қайтарды. Екінші таймда жас та болса танымал футбол жұлдызына айналып үлгерген Рауль тамаша соққымен өз командасын тағы да алға шығарған соң, еуропалықтар енді жеңісті қолдан берместей көрінген. Бірақ оларды 37 жастағы ардагер қақпашы Субисарретаның қателігі сорлатты: нигериялық Лавальдің сол қанаттан домалата салған добын ол ақылға сыйымсыз ебедейсіздікпен өз қақпасына енгізіп алды! Енді африкалықтар жігерленіп, ерекше екпінмен алға ұмтылды. Ақыры Олисе алыстан теуіп, жеңіс добын соқты.

Австрия гол соғу үшін 90-минутты күтті

«В» тобынан Италия мен Чили озып шықты. Бұлардың өзара кездесуі өте тартысты өтті. «Скуадра адзурра» тіпті ұтылып та қала жаздады, әйтеуір 84-минутта чилилік қорғаушының қолына қаңғып барып тиген допты көре қалған төреші 11 метрлік белгілеп, абырой болды. Бұл турнир айдай әлемге Марсело Саластай сұрмергенді танытты. 4 ойында 5 рет гол соғуға мүмкіндік алған чилилік шабуылшы соның төртеуін нәтижелі аяқтады! Бірақ Чили құрамасы топтағы барлық ойынында да есепті бірінші болып ашқанымен, бір рет те жеңе алмады. Соңғы турда Камерунның екі футболшысының алаңнан қуылуы да оларға артықшылық әкеле қойған жоқ. Қызыл карточка алған қос камерундықтың бірі – Р.Б.Сонг – финалдық турнирлерде екі рет алаңнан қуылған тұңғыш футболшы. Айтпақшы, осы топта өнер көрсеткен Австрия құрамасы өзінің үш кездесудегі үш добын да... 90-минутта соқты!

Алаң иелері – француз футболшылары «С» тобындағы үш кездесуде де жеңіске жетті. Әлемдік доп додасына тұңғыш рет келген Оңтүстік Африка командасын олар 3:0 есебімен еркін ұтты. 77-минутта Джоркаефтің тепкен добын кері қайтарамын деген қорғаушы Исса оны өз қақпасына енгізіп алды. Бұл – финалдық турнирлер тарихындағы 1600-гол және мерейлі доптар тізіміндегі алғашқы автогол еді. Онсыз да осы чемпионаттың алтын жүлдесінен дәмелі алаң иелерінің көңіл-күйін ірі жеңіс одан бетер көтере түсті. Дегенмен Сауд Арабиясымен ойында шыдамсыздық танытқан Зинедин Зиданның қызыл карточка алуы француздарды біраз шошытып тастағаны рас. Алайда ұлттық құраманың жаңа серкесі қатыспайтын екі кездесуде де өз командасының жеңетініне олар күмәнданған жоқ... Бұл топтан Эме Жакенің командасымен бірге келесі кезеңге Дания шықты.

«Е» тобындағы ғана емес, «бірінші турдағы ең керемет матч болады» деген жанкүйерлер үмітін қос көрші – Голландия және Бельгияның ойыны ақтай алмады. Екі команданың да шабуылынан гөрі қорғанысы мығым болды. Голландия үш шабуылшымен ойнаса да, жеңіске жете алған жоқ. Доп соғудың орнына Клюйверт дөрекілік көрсетіп, 81-минутта төрешіден «қызыл қағаз» «сыйға» алды. Бұл топтағы Мексика құрамасы ерекше ерік-жігерімен көзге түсті. Үш кездесуде де олардың қарсыластары 1:0 және 2:0 (екі рет) есебімен ұтып тұрды, бірақ кейінгі екеуінде ацтектер таразы басын теңестіре алды, ал Оңтүстік Кореяны тіпті 3:1 есебімен ұтып кетті. Сөйтіп, голландықтармен бірге бұл төрттіктен келесі сатыға Мексика өтті.

Маттеус жеке-дара көш бастады

«Ғ» тобында Германия мен Югославия үздік атанды. Бұлардың өзара кездесуіне жанкүйер қауым ерекше көңіл бөлген-ді. Матч ел күткен дәрежеде өтті. Әуелде югославтар басым ойнады. Тайм бойы Еуропа чемпиондарын есінен тандырған олар есепті де бірінші болып ашты. 54-минутта Кепкенің қателігінен соң Д.Стойкович екінші допты енгізгенде, немістердің сағы енді сынатын болар дегенбіз. Жоқ, ешқашан еңсесі түспейтін Германия құрамасы тағы да қайсар мінез көрсетіп, таразы басын теңестіре алды. Әуелі Тарнат айып добын соққанда, ол Михайловичтің аяғына тиіп, бағытын өзгертіп барып қақпаға күмп берді. Ал матч аяқталуға он минут қалғанда оң қапталдан әуелете тасталған допты Бирхофф баспен дәл соғып, торға түсірді.

Осы ойында әлемдік чемпионаттардың бір рекорды құлады. Екінші таймда алаңға 37 жастағы неміс футболшысы Маттеус шықты. Бұл – оның финалдық турнирлердегі 22-матчы еді. Осыған дейін ол бұл көрсеткіш жөнінен 1-орынды Зеелер (Германия), Жмуда (Польша) және Марадонамен (Аргентина) бөлісіп келсе, енді жеке-дара алға шықты. Бұған қоса Маттеус бес чемпионатқа қатысқан мексикалық қақпашы Карбахалды қуып жетті.

«G» тобында ойнаған Англия командасы чемпионатты жеңіспен бастады. Алайда ағылшындар үш ұпайды оңай олжалаған жоқ. Ширер баспен соғып есеп ашқаннан бастап кездесудің соңғы минуттарына дейін Тунис құрамасы голдан күдер үзбеді. Тек бұған дейін екі рет қателескен Скоулздың үшінші тамаша соққысы нысанаға дарығанда барып британдықтардың бас бапкері Гленн Ходдлдың жүрегі орнына түсті. Екінші турда ағылшындар босбелбеулік танытып, ойда жоқта румындардан ұтылып қалды.

Бұл нәтиже көрші «Н» тобындағы командалардың соңғы тур алдындағы турнирлік стратегиясына да күрт әсер етті. Ағылшындардың ары кеткенде екінші орын алатыны белгілі болған соң Хорватия құрамасының кәнігі жаттықтырушысы Мирослав Блажевич оларға тап келмеу жағын ойластырған секілді. Әйтеуір өз тобында екінші сатыда қалғысы келгендей, хорват командасы Аргентинаға қарсы ешқандай қарсылық танытпастан, өте сылбыр қимылдады (0:1). Нәтижеде Батистута мен оның серіктері 1/8 финалда ағылшындармен 120 минут айқасып, сілікпесі шықты.

Бұл ойынның бірінші таймы өте керемет өтті. Төрт доп та осы кезеңде қақпаға енді. Әсіресе кейінгі екеуін ерекше атап өткен жөн (оның үстіне, алдыңғы екеуі өте күмәнді 11 метрліктерден соғылды). Алдымен Бекхэмнен пас алған 18 жастағы бозбала Оуэн тәжірибелі Шамот, Айяла сынды қорғаушыларды жас балаша алдап өтіп, өз командасын алға шығарды. Сосын таймның соңғы минутында белгіленген айып добын Батистута әуелі өзі әуелетіп қатты тебетіндей сыңай танытты да, кенет 5-6 адамнан құралған тосқауылдың жанынан жәй ғана домалатып, қақпа алдында тұрған  Дзанеттидің аяғына салды да берді. Қорғаушы ұрымтал сәтті уыстан шығарған жоқ. Үзілістен соң болмашы жерден екінші ескертуін алған Бекхэм алаңнан қуылды да, матчтың тамаша табиғаты бұзылды. Тең аяқталған ойыннан соңғы пенальти сериясында аргентиналықтардың жолы болды.

Алғашқы «алтын гол»

1/8 финалда Франция мен Парагвай да жеңімпазды 90 минутта анықтай алмады. Қосымша уақытта латынамерикалықтар тағы 6 минут шыдағанда іс пенальти сериясына барып тірелер еді де, сапында Чилаверттей әлемнің үздік қақпашысы бар команданың жеңу мүмкіндігі күрт артар еді... Дегенмен алаң иелерінің жеңісі әділ екенінде дау жоқ. Олар ойынның басым бөлігін шабуылда өткізді. Парагвайдың қорғанысы мығым екен, мызғымады. Тек 114-минутта Пирес оң қанаттан допты айып алаңына бағыттап еді, Трезеге оны баспен тура Бланның алдына түсірді. Парагвайлықтардың сәл босаңсыған осы сәтін тәжірибелі қорғаушы кешірген жоқ – 1:0. Матч лезде тоқтатылды. Бұл – мундиаль тарихындағы тұңғыш «алтын гол» еді...

Италия құрамасы Норвегиядан басым түсті. Бразилия құрамасы Чилиді аса қиналмай-ақ ұтты (4:1). Дәл осындай есеппен Дания футболшылары күтпеген жерден Нигериядан басым түсті. Бұл кездесуді дат құрамасының ардагерлері – Шмейхель мен М.Лаудруптың бенефисі десе де болғандай еді. Қақпашы нигериялықтардың барлық соққысына дерлік тосқауыл бола білсе, капитан команда ойынын шебер ұйымдастырып қана қоймай, соғылған төрт доптың екеуіне тікелей атсалысты. Ал 60-минутта алаңға шыға салып, 16 секундтан соң үшінші допты енгізген шабуылшы Санд – алаңға ойын барысында шыққан футболшылар соққан ең жылдам голдың авторы болды.

Германия – Мексика матчы да өте тартысты өтті. Ойынның екінші бөлігі бастала бере олардың сұрмергені Луис Эрнандес айып алаңының ішінде үш қарсыласын бірдей алдап өтіп, тамаша гол соқты. Үш дүркін әлем чемпиондары бір сәт абдырап қалғандай болды. Осыны пайдаланған ацтектер тағы бір керемет шабуыл ұйымдастырды. Алайда әлгі Эрнандес үш метрдей жерден допты тура... Кепкенің қолына бағыттады. Егер екінші гол торға түскенде, неміс командасының ширек финалға шығуы мүлде қиындар еді. Күтпеген жерден Германияға мексикалықтардың өздері көмектесті. Қорғаушы Лара өз қақпасы алдында кешірілмес қателік жіберіп, аяғының астындағы допты Клинсманнға беріп қойды – 1:1. Ал бір гол енгізген соң, немістерді тоқтату мүмкін бе: көп ұзамай Бирхофф жеңіс добын соқты.

Голландия 2:1 есебімен югославтарды ұтты. Комленович таразы басын теңестірген соң арада небәрі 3 минут өткенде төреші голланд командасының қақпасына 11 метрлік белгіледі. Бірақ Миятович соққының дәлдігіне емес, күшіне көбірек маңыз берсе керек, доппен қақпа маңдайшасын солқ еткізді де қойды. Осыдан кейін-ақ псхологиялық үстемдік голланд футболшыларына ауысып жүре берді. Ақыры матч соңында Давидс алыстан бағыттаған әдемі соққысымен командасын ширек финалға алып шықты. Ал Румыния – Хорватия кездесуінің тағдырын Давор Шукер соққан пенальти шешті.

Ширек финал ойындары көңілден шықты

Сауд Арабиясымен ойында алаңнан қуылуына байланысты бұдан алдыңғы екі кездесуге қатыспаған француздардың серкесі Зидан ширек финалдағы Италиямен жекпе-жекке сақадай-сай боп шықты. Алаң иелері салған жерден алға лап қойды. Апеннин түбегінен келген меймандардың қарсы шабуыл ұйымдастыруға анда-санда ғана мұршасы келді. Обалы қане, қос команданың қорғанысы да 120 минут бойына бір сыр берген жоқ. Ойыннан соңғы пенальти сериясында француздардың бағы жанды.

Бразилиямен кездесудің 2-минутында-ақ дат футболшылары есеп ашты. Бірақ әлем чемпиондары сасқан жоқ. Олар әуелгі 45 минутты өте қарқынды өткізді. Чилимен ойында қос доп соққан Роналдо бұл жолы өзін диспетчер ретінде танытты: бірінші таймдағы екі гол да соның пастарынан соң қақпаға енді. Бразилиялықтардың ширақ қимылына қарап, ойынның екінші бөлігінде есеп ұлғая түсетін болды-ау деп шешкен жанкүйер көп ұзамай аузын ашты да қалды: Роберто Карлостың қателігін пайдаланған Б.Лаудруп таяу жерден теуіп, есепті теңестірді! Марио Загаллоның жігіттері мұндайды күтпесе керек, сәл қобалжып қалғандай болды. Ақсақалдың өзі де бағанағы байсалдылығын ұмытып, алаң жиегіне жиі-жиі ұмтылып, ойыншыларына нұсқау беріп жатты. Ақыры осы күні керемет ойнаған Ривалдоның алыстан бағыттаған соққысы нысанаға дарыды – 3:2.

Қорғаныстан гөрі шабуылға көбірек көңіл бөлетін Голландия және Аргентина құрамаларының белдесуі де қызықты өтті. Таразы басы да, ойын барысы да тең болған бірінші таймда бұл чемпионатта гол соқпаған шабуылшылар көзге түсті. Турнирдегі небәрі екінші ойынын өткізген Клюйвертке Бергкамп баспен өте ыңғайлы пас тастаса, Клаудио Лопеске тек Веронның пасы ғана емес, жасанды офсайд жасауда қателескен голланд қорғаушылары да көмектесті. Екінші таймда Голландия құрамасы тоқтаусыз шабуылдаумен болды. Бірақ матч аяқталуға 17 минут қалғанда екінші ескертуін алған қорғаушы Нуман алаңнан қуылды. Еуропалықтар, амал жоқ, артқа шегінді. Дегенмен Аргентина футболшылары шабуылда шапшаңдық пен жинақылық таныта алмай, бір ойыншысы кем қарсыласын тықсыра түсудің орнына... өз қақпасына доп жіберіп алды. Бәріне кінәлі Ортега еді: ол голланд қақпашысын баспен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алды. Дәл осыны күтіп тұрғандай Франк де Бур 50 метр қашықтықтан Бергкампқа ғажап пас тастады. Ол әлгі оқиғадан соң абыржып қалған Айяланы алдап өтіп, жеңіс добын соқты... Ширек финал сатысының соңғы кездесуінде Хорватия құрамасы Германияны 3:0 есебімен талқандады.

Зиданның бенефисі

Жартылай финалдағы Бразилия – Голландия матчы тамаша футбол спектаклі болды (1:1). Тең аяқталған ойыннан соңғы пенальти сериясында әдеттегідей ең жақсы ойнаған футболшылар қателесті. Франция – Хорватия кездесуінің 46-минутында Шукер өзінің 6-добын соғып, бас мерген атанды. Алайда француздардың қатарынан да бір мерген табылды – бұған дейін де, одан кейін де құрама сапында ешқашан гол соқпаған қорғаушы Тюрам қос доптың авторы атанып, командасын финалға алып шықты.

Эме Жакенің жігіттері алға шыққан замат бас бапкердің қуанышын су сепкендей басқан бір оқиға болды. Зидан сол қапталдан Хорватияның айып алаңына доп бағыттамақ боп тұрғанда, Блан мен Билич шекісіп қалды. Қайсысының бірінші бастағанын кім білсін, екеуі де бірін-бірі итеріп, әуелетіп берілмек допқа таласып тұрған. Әйтеуір бір кезде француз шыдамсыздық танытып, хорватты сәл нұқып қалды. Анау тап бір Тайсонның жұдырығы тигендей ұзынынан түсті. Оның «мұрттай ұшқанын» көріп, екі көзі тас төбесіне шыққан испандық төреші екі сөзге келмей, Бланды алаңнан қуып шықты. Сөйтіп, ол ақтық бәсекеге қатыса алмады.

Финал осыған дейін мүлде мергендігімен көзге түспеген Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыштамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ұлы футболшылардың шешуші сәтте ойын тағдырын шешетінін дәлелдеді. «Чемпионат алдында «құрығанда бір гол соғуға тиіспін!» деп өзіме-өзім сөз берген едім. Шешуші матчқа дейін қоржыным бос келді. Міне, қызық, финалда бір емес, екі голдың авторы атандым!» деді ойыннан соң доданың бас қаһарманы. Тек Зидан ғана емес, француз құрамасының барлық мүшесі бұл кеште керемет ойнады. Сөйтіп, әлемдік доп додасы тарихындағы жетінші чемпион Франция болды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 32 команда қатысты.

64 ойын өткізілді, 171 доп соғылды (орта есеппен 2,67 гол).

«А» ТОБЫ

Бразилия – Шотландия – 2:1, Марокко – Норвегия – 2:2, Шотландия – Норвегия – 1:1, Бразилия – Марокко – 3:0, Шотландия – Марокко – 0:3, Бразилия – Норвегия – 1:2.

«В» ТОБЫ

Камерун – Австрия – 1:1, Италия – Чили – 2:2, Италия – Камерун – 3:0, Чили – Австрия – 1:1, Италия – Австрия – 2:1, Чили – Камерун – 1:1.

«С» ТОБЫ

Сауд Арабиясы – Дания – 0:1, Франция – Оңт.Африка – 3:0, Франция – Сауд Арабиясы – 4:0, Оңт.Африка – Дания – 1:1, Франция – Дания – 2:1, Оңт.Африка – Сауд Арабиясы – 2:2.

«D» ТОБЫ

Парагвай – Болгария – 0:0, Испания – Нигерия – 2:3, Нигерия – Болгария – 1:0, Испания – Парагвай – 0:0, Испания – Болгария – 6:1, Нигерия – Парагвай – 1:3.

«Е» ТОБЫ

Голландия – Бельгия – 0:0, Оңт.Корея – Мексика – 1:3, Голландия – Оңт.Корея – 5:0, Бельгия – Мексика – 2:2, Бельгия – Оңт.Корея – 1:1, Голландия – Мексика – 2:2.

«Ғ» ТОБЫ

Югославия – Иран – 1:0, Германия – АҚШ – 2:0, Германия – Югославия – 2:2, АҚШ – Иран – 1:2, Германия – Иран – 2:0, АҚШ – Югославия – 0:1.

«G» ТОБЫ

Румыния – Колумбия – 1:0, Англия – Тунис – 2:0, Колумбия – Тунис – 1:0, Румыния – Англия – 2:1, Румыния – Тунис – 1:1, Колумбия – Англия – 0:2.

«Н» ТОБЫ

Ямайка – Хорватия – 1:3, Аргентина – Жапония – 1:0, Жапония – Хорватия – 0:1, Аргентина – Ямайка – 5:0, Жапония – Ямайка – 1:2, Аргентина – Хорватия – 1:0.

1/8 ФИНАЛ

Бразилия – Чили – 4:1, Италия – Норвегия – 1:0, Франция – Парагвай – 1:0 (қосымша уақытта), Нигерия – Дания – 1:4, Германия – Мексика – 2:1, Голландия – Югославия – 2:1, Аргентина – Англия – 2:2 (пен. 4:3), Румыния – Хорватия – 0:1

ШИРЕК ФИНАЛ

Франция – Италия – 0:0 (пен. 4:3), Бразилия – Дания – 3:2, Голландия – Аргентина – 2:1, Германия – Хорватия – 0:3

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Бразилия – Голландия – 1:1 (пен. 4:2), Франция – Хорватия – 2:1

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Хорватия – Голландия – 2:1

ФИНАЛ

Франция Бразилия 3:0

12 шілде. Сен-Дени. «Стад де Франс» стадионы. 80 000 көрермен. Төреші Белькола (Марокко).

Франция: Бартез, Тюрам, Лебеф, Десайи, Лизаразю, Дешам, Пети, Карамбе (Богоссян, 57), Зидан, Джоркаефф (Виейра, 75), Гиварш (Дюгарри, 66).

Бразилия: Таффарел, Кафу, Алдаир, Жуниор Байяно, Роберто Карлос, Дунга, Сезар Сампайо (Эдмундо, 74), Леонардо (Денилсон, 46), Ривалдо, Роналдо, Бебето.

Голдар: Зидан, 27 (1:0), Зидан, 45 (2:0), Пети, 90 (3:0).

Ескерту алғандар: Жуниор Байяно, Дешам, Десайи, Карамбе.

68-минутта Десайи алаңнан қуылды.

Сұрмергендер

Шукер (Хорватия) – 6 доп, Батистута (Аргентина), Вьери (Италия) – 5-тен, Роналдо (Бразилия), Салас (Чили), Эрнандес (Мексика) – 4-тен.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364