Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Саңлақ 3732 0 пікір 21 Маусым, 2024 сағат 13:49

ХІV чемпионат. Теңселген Киев, теңдессіз Испания

Сурет Сәкен Сыбанбайдың жеке мұрағатынан алынды

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Жалғасы: ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі

Жалғасы: Х чемпионат. 1996. Футбол өз үйіне оралды

Жалғасы: ХІ чемпионат. 2000. Шабуылдың салтанаты

Жалғасы: ХІІ чемпионат. 2004. Эллиндердің ерлігі

Жалғасы: ХІІІ чемпионат. 2008. Қырық төрт жыл күткен жеңіс

Тарихта тұңғыш рет Еуропа чемпионы өз атағын қорғап қалды.

Қола жүлдегер біздің топтан шықты

ХІV Еуропа доп додасының іріктеу сынына 51 құрама қатысты: алты топта – 6 командадан, үш топта – 5 командадан. Финалдық турнир тағы да қос елде – Польша мен Украинада өткізілді, жарысқа ол екеуі кіріскенде осыдан төрт жыл бұрынғы рекорд қайта жаңарды – 53 (!) құрама қатысқан құрлық чемпионаты бұған дейін болмаған-ды (бұған себеп – бұрын Сербия құрамында болған Черногорияның тәуелсіздік алып, дербес елге айналуы еді). Топ жеңімпаздары шешуші кезеңге бірден шықты, екіншілердің үздігі де сол қатарға қосылды, ал қалған 8 «екінші» жеребе арқылы төрт жұп түзіп, финалдық турнирдің ақырғы жолдамаларын сарапқа салды.

Қазақстан құрамасы тағы да 1-топта өнер көрсетті. Рас, алдыңғы, алғашқы додамен салыстырғанда, бұл жолы футболшыларымыздың «көрсеткен өнері» көңіл көншіте қойған жоқ. Өз алаңымызда Әзербайжаннан басым түсіп (2:1), Австриямен тең ойнадық (0:0), басқа ойындардың бәрінде қым-қиғаш жеңілумен болдық: Германиядан (0:3, 0:4), Түркиядан (0:3, 1:2, шешуші голды Арда Тұран 97-минутта соқты), Бельгиядан (0:2, 1:4), Австриядан (0:2, екі голды да 90 минут түгесілген соң, төреші қосқан қосымша минуттарда жіберіп алғанымыз өкінішті) ғана емес, Бакуде де ұтылдық (2:3). Тобымыздың жеңімпазы Германия болды (финалдық турнирде жартылай финалға дейін жетіп, қола жүлдені иеленді).

2-топтан Ресей, 3-топтан Италия, 5-топтан Голландия мен Швеция, 6-топтан Грекия, 7-топтан Англия, 9-топтан Испания ешқандай қиындықсыз шықты. 4-топта жеңімпаз соңғы ойында анықталды: Сен-Дениде алаң иелерін 1:0 есебімен ұтып тұрған босниялықтар 78-минутта пенальтиден гол жіберіп алды да, екінші орынға сырғып, француздарға жол беруге мәжбүр болды. 8-топта да бірінші орын үшін талас ақырғы турға дейін созылды: өз алаңында португалдықтарды ұтқан Дания құрамасы жеңімпаз атанды.

Шешуші сынның қалған жолдамаларын сарапқа салуға мүмкіндік беретін екінші орындар үшін күрес те тартысты өтті. Құрлық додасына тұңғыш қатысып отырғанына қарамастан Черногория футболшылары Швейцарияны кейінге ығыстырып, өз тобында екінші орын алды. Алайда плей-офф кезеңінде чехтардан жеңілді. Бұрын еш артылып көзге түспеген Эстония құрамасы солтүстік ирландиялықтарды да, словендіктерді де, сербтерді де сырт алаңда тізе бүктіріп, Италиядан кейінгі орынға көтерілді. Бірақ соңында Ирландиядан ұтылды. Плей-оффтың басқа матчтарында хорваттар түріктерді, Португалия Боснияны тізе бүктірді.

Қауым көрген голды... қазы көрмепті

Чемпионаттың беташар ойынында дода қожайындарының бірі – Польшаның «грек жаңғағына» тісі батпады (1:1). Бірінші таймда біршама басымдық байқатқан алаң иелері 17-минутта есеп ашты. Сол уақытта Дортмундтың «Боруссиясында» ойнайтын үштік өз дегенін жасады: Блащиковски оң қанатпен оза шапқан Пищекке пас асырды, оның әуелетіп берген добын Левандовски торға дәл бағыттады. Тайм соңында испан төрешісі В.Карбальо екі рет қателесті: аса дөрекі ойнамаса да, Папастатопулосты алаңнан қуды, сосын поляк Перкистің қолмен ойнағанына қарамастан, алаң иелерінің қақпасына 11 метрлік белгілеген жоқ. Ал ойынға екінші таймда араласқан Салпингидис лезде матч қаһарманына айнала жаздады. Алдымен грек шабуылшысы таразы басын теңестірді, сосын қақпашымен жекпе-жек шығып, оны айып алаңында тәртіп бұзуға мәжбүрледі. Пенальти белгіленді және Щесны алаңнан қуылды. Алайда капитан Карагунис тепкен пенальтиді қосалқы қақпашы Тытонь кері қайтарды.

Осы «А» тобындағы ғана емес, жарыстағы ең жасамыс команда – Ресей өзінің Euro тарихындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді (4:1). Бірақ түбінде ширек финалға олар емес, жеңілген чехтардың шыққаны қызық болды. Кейінгі ойындарда гректер мен поляктардан басым түскен Чехия күтпеген жерден топ жеңімпазы атанды. Ал екінші орынға шешуші ойында орыстарды ұтқан Грекия ие болды. Карагунис соққан жалғыз доп Еуропа чемпионаты финалдық турнирлерінің тарихындағы 550-гол еді.

«В» тобында алтын тәжден дәмелі Голландия қарсы қақпаға 32 соққы бағыттап, рекорд жасаса да, Даниядан ұтылып тынды. 2010 жылы әлемдік доп додасының финалында ойнаған команда сосын Германиядан да жеңілді. Тылды тас қып бекіткен немістер алаң ортасында да белсенді қимылдап, қарсыласының ойын тізгінін қолға алуына мүмкіндік бермеді. Осыған дейін көп сыналған шабуылшы Гомес әріптесі Швайнштайгер шығарып берген әдемі пастарды шебер пайдаланып, қос доп соқты. Голланд құрамасының португалдықтарға да шамасы келмеді. Алдыңғы екі ойында қимылы көңіл көншітпеген Криштиану Роналду бұл жолы өзінің мерген шабуылшы екенін елдің есіне қайта салды. Турнирді сәтті бастаған Дания барлық ойында да қарсыласымен тайталасып бақты, алайда бәрібір үшінші орында қалды. Үш матчта да жеңіске жеткен Германия құрамасы болса, шынында да Еуропа чемпиондығынан басты үміткердің бірі екенін байқатты.

«С» тобындағы қос мықты – Испания мен Италия көз сүйсіндірер көркем футбол көрсетіп, өзара тең түсті (1:1). Сосын Еуропа чемпиондары ирландықтардың жарысты жалғастырудан үмітін үзіп қана қоймай, Euro тарихындағы өздерінің ең ірі жеңісіне қол жеткізді (4:0). Осыған дейін талай ұрымтал сәтті уыстан шығарып алып, мазаққа қалып келген Фернандо Торрес өзін сынап-мінеушілерге тамаша голдарымен жауап берді. Хорваттар ерекше ерік-жігер танытып, өте күшті ойнаған Италия құрамасынан ұпай жырып алды. Жалпы балқандықтар барлық матчта да баса-көктеген өктем һәм өте жігерлі ойын көрсетті. Ирландияны айқын басымдықпен тізе бүктірді, испандықтармен соңғы минуттарға дейін тіресіп бақты.

«D» тобында Франция мен Англия іш пыстырарлық ойында өзара тең түсті (1:1). Украина – Швеция кездесуі анағұрлым мазмұнды өтті. Матч алдында ел «ойын тағдырын қос капитан – Ибрагимович пен Шевченконың қимылы шешпек» деген-ді. Расында да, солай болды, Златанның бір голына Андрей екі доппен жауап қайырды. Бұл – Euro-ның финалдық турниріне тұңғыш рет қатысып отырған Украина құрамасының алғашқы голдары, алғашқы жеңісі еді. Сондай-ақ 35 жастағы Шевченко – Euro тарихындағы бір ойында қос доп соққан ең қарт футболшы.

Олег Блохиннің шәкірттері ағылшындармен де терезесі тең өнер көрсетті. Тіпті шабуылшы Девич қарымта гол да соқты. Қас қылғанда, қорғаушы Терридің допты қақпа сызығынан асқан соң барып кері қайтарғанын стадиондағы мыңдаған, телеэкран алдындағы миллиондаған жанкүйер көргенімен, осындай сәттерде алаңдағы қазының көзі-құлағы болады делінген қақпа артындағы қосалқы төреші көрмей қалыпты! Тартысты кездесудің тағдырын шешкен жалғыз голды жазалану мерзімі аяқталған соң, бұл турнирде алаңға алғаш рет шыққан Руни соқты. Бұл – мінезі алақұйын ағылшынның финалдық сындағы 5-добы. Ал Ибрагимович Францияның қақпасына өзінің Euro тарихындағы 6-голын енгізді. Өкініштісі, тәп-тәуір ойнаған шведтер бәрібір топ соңында қалды.

Доп қарша бораған финал

Ширек финалда Португалия құрамасы Чехиядан анағұрлым басым ойнады. Олар қарсы қақпаға 20 соққы бағыттаса (Криштиану Роналдудың өзі екі рет бағанаға тигізді), чехтар тек 2 соққымен ғана жауап бере алды. Соған қарамастан 79-минутқа дейін есеп 0:0 боп сіресті де тұрды. Әбүйір болғанда ойынның соңына таман португалдық капитанның жеке шеберлігі жетекші орынға шығып, бәсеке тағдырын шешіп кетті. Германия құрамасы 90 минут бойына ойын тізгінін өз уысында ұстап, гректерді жеңді (4:2). Испания Францияны оп-оңай-ақ тізе бүктірді (2:0, екі голды да өзінің ұлттық құрама сапындағы 100-матчын өткізген Хаби Алонсо енгізді). Англия – Италия кездесуінде есеп сол күйі ашылмады, ал матч соңындағы пенальти сериясында басымырақ ойнаған италиялықтардың бағы жанды.

Олардың жартылай финалдағы қимылы да көз сүйсіндірді. Әсіресе Кассано мен Монтоливоның алғы шептегі Балотеллиге асырған пастары – «па, шіркін!» деуге тұрарлық. Ағылшындармен кездесуде бірнеше ұрымтал сәтті уыстан шығарып алған шабуылшы бұл жолы салқынқандылық танытып, әлгі пастарды асқан шеберлікпен пайдаланды. Германияның орталық қорғаушылары бұл ойында өте жиі қателесті. Екі гол жіберіп алған соң, бүкіл команданың ойын өрнегі бұзылды. Ал Португалия Еуропа және әлем чемпиондарымен арыстанша алысты. Доп әдеттегідей испандықтардың аяғында көбірек жүргенімен, бәсеке тең дәрежеде өтті. Криштиану Роналду бұл жолы ештеңе жасай алмады. «Қызыл фурияның» гол соғар сәттерін санауға да бір қолдың саусақтары жетер еді. Ақыры 0:0 боп біткен матчтың тағдырын пенальти сериясы шешті. Футболшылардың бабын ғана емес, бағын да сынайтын сынақ барысында қақпашылар бір-бірден соққы қайтарды, португалдық Бруну Алвештің тепкен добы маңдайшаны солқ еткізді, ал шешуші сәтте жауапкершілікті өз мойнына алған Фабрегас қақпаны дәл көздеп, командасын финалға алып шықты.

Қызықты өткен чемпионаттың шешуші матчы да көз қуантып, көңіл сүйсінтті. Мұндай ірі есеп құрлық додасы финалдарында болып көрген емес. Бірақ нәтижеге қарап, Италия өте нашар ойнады деудің жөні жоқ. Бірінші таймда, жалпы 60-минутқа дейін «Скуадра адзурра» «Қызыл фурияға» лайықты қарсылас бола білді. Алайда матч басында-ақ Кьеллини жарақат алды, шабуылды күшейту үшін үзілісте тағы бір ойыншы алмастырылды. Көп ұзамай бапкер алаңға Тиаго Моттаны да шығарды. Ол үш-төрт минут қана ойнады да, ауыр жарақат алып, саптан шығып қалды. Амал жоқ, Италия ақырғы жарты сағатта он-ақ футболшымен ойнады.

Дегенмен Испанияның ірі жеңісін тек қарсылас сапындағы қиындықтармен ғана түсіндіру дұрыс болмас еді. «Қызыл фурия» финалда өзінің кейінгі жылдардағы ең тамаша ойынын көрсетті. Әсіресе төрт голдың соғылуына өз үлестерін қосқан «пас падишалары» – Хави мен Иньеста ерекше көзге түсті. Олар ғана емес, шешуші сәтте допты өзі соға салмай, апандай қақпаның алдында ашық тұрған Матаға ыңғайлы пас берген Торрес, шабуылшы «мамандығын» меңгерген «жалған тоғыздық» Фабрегас, қорғанысты мығым ұстаған Серхио Рамос, 6 ойында бір-ақ гол жіберген Касильяс сынды шеберлер де риза етті. Испан жанкүйерлерінің көптігінен, жалпы күллі әлемнен жиналған футбол әуесқойларының мерекелі думанынан көне Киев дүрілдей теңселіп тұрды.

Тұңғыш рет Еуропа чемпионы өз атағын қорғап қалды. Осы екі құрлық додасының арасында әлем чемпионы да болған Испания футбол тарихында теңдесі жоқ нәтижеге қол жеткізді. Бас бапкер Висенте Дель Боске әрі әлемдік доп додасын, әрі Еуропа чемпионатын, әрі Чемпиондар лигасын ұтқан бірден-бір маман атанды.

ХІV ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(2012 жыл, Польша/Украина)

Финалдық турнир

«А» тобы

Польша – Грекия – 1:1, Ресей – Чехия – 4:1, Грекия – Чехия – 1:2, Польша – Ресей – 1:1, Грекия – Ресей – 1:0, Чехия – Польша – 1:0.

  1. Чехия 3 4:5    6
  2. Грекия 3 3:3    4
  3. Ресей 3 5:3    4
  4. Польша 3 2:3    2

«В» тобы

Голландия – Дания – 0:1, Германия – Португалия – 1:0, Дания – Португалия – 2:3, Голландия – Германия – 1:2, Дания – Германия – 1:2, Португалия – Голландия – 2:1.

  1. Германия 3 5:2    9
  2. Португалия 3 5:4    6
  3. Дания 3 4:5    3
  4. Голландия 3 2:5    0

«С» тобы

Испания – Италия – 1:1, Ирландия – Хорватия – 1:3, Италия – Хорватия – 1:1, Испания – Ирландия – 4:0, Италия – Ирландия – 2:0, Хорватия – Испания – 0:1.

  1. Испания 3 6:1    7
  2. Италия 3 4:2    5
  3. Хорватия 3 4:3    4
  4. Ирландия 3 1:9    0

«D» тобы

Франция – Англия – 1:1, Украина – Швеция – 2:1, Украина – Франция – 0:2, Швеция – Англия – 2:3, Швеция – Франция – 2:0, Англия – Украина – 1:0.

  1. Англия 3 5:3    7
  2. Франция 3 3:3    4
  3. Украина 3 2:4    3
  4. Швеция 3 5:5    3 

Ширек финал

Чехия – Португалия – 0:1, Германия – Грекия – 4:2, Испания – Франция – 2:0, Англия – Италия – 0:0 (пенальтиден 2:4).

Жартылай финал

Португалия – Испания – 0:0 (пенальтиден 2:4), Германия – Италия – 1:2.

ФИНАЛ

ИСПАНИЯ – ИТАЛИЯ – 4:0

1 шілде. Киев. Олимпиялық стадион. 63 170 көрермен. Төреші Проэнса (Португалия).

Испания: Касильяс, Арбелоа, Пике, Серхио Рамос, Альба, Бускетс, Хаби Алонсо, Хави, Иньеста (Мата, 86). Сильва (Педро, 59), Фабрегас (Торрес, 75).

Италия: Буффон, Абате, Бардзальи, Бонуччи, Кьеллини (Бальдзаретти, 21), Де Росси, Пирло, Монтоливо (Тиаго Мотта, 56), Маркизио, Кассано (Ди Натале, 46), Балотелли.

Голдар: Сильва, 14 (1:0). Альба, 41 (2:0). Торрес, 84 (3:0). Мата, 88 (4:0).

Ескерту алғандар: Пике, Бардзальи.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320