Жұма, 22 Қараша 2024
Саңлақ 3285 0 пікір 19 Маусым, 2024 сағат 16:37

ХІІІ чемпионат. 2008. Қырық төрт жыл күткен жеңіс

Коллаж: Abai.kz

Басы: Кешігіп туған керемет

Жалғасы: І Чемпионат. 1960. Кеңес футболының алтын дәуiрi

Жалғасы: ІІ Чемпионат. 1964. «Қызыл фурияның» тұңғыш табысы

Жалғасы: ІІІ чемпионат. 1968. Теріс түскен «теңге»

Жалғасы: IV чемпионат. 1972. Алманша арман-команда

Жалғасы: V чемпионат. 1976. Сегіз сағатқа созылған турнир

Жалғасы: VІ чемпионат. 1980. Немістердің екінші алтыны

Жалғасы: VІІ чемпионат. 1984. Мишель Платини фестивалі

Жалғасы: VІІІ чемпионат. 1988. «Ғасыр голы» және ғаламат футбол

Жалғасы: ІХ чемпионат. 1992. «Дат динамитінің» дүмпуі

Жалғасы: Х чемпионат. 1996. Футбол өз үйіне оралды

Жалғасы: ХІ чемпионат. 2000. Шабуылдың салтанаты

Жалғасы: ХІІ чемпионат. 2004. Эллиндердің ерлігі

Футбол тарихында бірінші болып қатарынан үш ірі турнирді ұтқан «Қызыл фурия» сол табысты жолының алғашқы қадамын 2008 жылы бастады.

Қазақстан алғаш қатысқан Еуро

ХІІІ Еуропа доп додасы басталмай жатып-ақ бір рекордтың шетін қылтитты. Рас, іріктеу сынына бұл жолы да 50 құрама қатысты, олар 6 топта – жеті-жетіден, ал 1 топта – сегіз команда болып өнер көрсетті. Әр іріктеу тобынан қос жеңімпаздан озып шықты, сосын оларға финалдық турнир қожайындары – Австрия мен Швейцария қосылған кезде, содан төрт жыл бұрынғы рекорд құлады: 52 (!) команда қатысқан құрлық додасы бұған дейін болмаған еді.

Қатысушылар саны жөнінен чемпионаттың осындай айрықша көрсеткішке ие болуы... Қазақстан ұлттық құрамасының арқасы-тұғын. 2002 жылдың 25 сәуірінде УЕФА-ның 52-мүшесі болып тіркелген еліміздің футбол федерациясы клубтық жарыстарға шақыру алғанымен, құраманы Еуро-2004-тің іріктеуіне қосуға үлгермеді (оның жеребесі әлдеқашан тартылып қойған болатын). Есесіне, келесі турнирде қазақ құрамасы бірден иін тірескен ығы-жығы ортаға – сегіз командадан тұратын 1-топқа топ ете түсті. Тұңғыш еуро-қадам аса сәтсіз болды дей алмаймыз, өйткені біздің жігіттер ешкімнен қаймығып, қалтырап-дірілдеген жоқ. Деңгейіміз төмен екеніне қарамастан, топ жеңімпаздары – поляктарға да (0:1, 1:3), португалдықтарға да (0:3, 1:2) шама-шарқымызша қарсылық көрсете алдық. Сербиямен тіпті ұпай алмастық (Алматыда 2:1 есебімен жеңдік, сырт алаңда 0:1 болып ұтылдық), Бельгиямен екі рет итжығыс түстік (0:0 және 2:2). Өкініштісі, Финляндиядан ұпай ала алмадық (0:2,1:2), ал өзімізбен қарайлас Армениямен (1:2 және 1:0) және Әзербайжанмен (1:1, 1:1) бұдан да тәуір нәтижеге қол жеткізуге болар еді.

2-топта алдыңғы әлем чемпионатының қос финалисі – Италия мен Франция жеңімпаз атанды. Іріктеу сыны барысында бұлардың бірін Шотландия құрамасы ығыстырардай көрініп еді, бірақ олар соңғы екі ойынын сәтсіз өткізіп (грузиндерден 0:2, италиялықтардан 1:2 боп ұтылды), жолдамадан сырт қалды. 3-топтан Грекия мен Түркия, 4-топтан Чехия мен Германия, 7-топтан Румыния мен Голландия озып шықты. 5-топтағы соңғы тур ойындары басты сенсацияға ұласты: Лондонда Хорватияны қабылдаған ағылшын командасы үшін тең нәтиже де жеткілікті еді, алайда өз жолдамасын әлдеқашан иеленіп қойған қонақтар сонда да жеңіске деген ерекше ерік-жігермен қимылдап, 3:2 есебімен ұтып кетті! Сөйтіп, күтпеген жерден бұл топта екінші орынды Ресей алды. 6-топта жарысты әуелде Швециядан (0:2) және Солтүстік Ирландиядан (2:3) ұтылып бастаған испан құрамасы бірте-бірте бауырын жазып, шведтермен бірге финалдық сынға жолдама алды.

Голланд дауылы мен испан самалы

Австрия және Швейцария жасыл алаңдарында өткен финалдық турнир ойындары өте жоғары деңгейімен ерекшеленді. «А» тобында алғашқы екі ойынның нәтижесі арқылы-ақ жеңімпаз атанған Португалия құрамасына лайықты қарсылас табылған жоқ. Бас бапкер Луиз Фелипе Сколари тіпті турнирлік тұрғыда ештеңе шешпейтін соңғы матчқа қосалқы құрамды шығарып, Швейцарияға үш ұпай «сыйлады». Екінші орынды ақырғы турда Түркия мен Чехия сарапқа салды. Бір қызығы, егер матч тең аяқталған жағдайда, командалардың... пенальти тебуіне тура келер еді, өйткені ұпайы да, доп айырмасы да бірдей болатын. Алайда ширек финалға шығатын команданы ондай айрықша тәсілмен анықтаудың қажеті туындаған жоқ. 75-минутқа дейін чехтар 2:0 есебімен ұтып тұрды. Арда Тұран бір доп соғып, қарымта қайырған соң онсыз да тартысты кездесу тіптен қыза түсті. Ақыры 87 және 89-минуттарда Нихат Кахведжи екі гол енгізіп, түріктер келесі кезеңге өтті.

«В» тобында Хорватия құрамасы қарсыласының бәрін де бет қаратпай ұтып, бірінші орынды еншіледі. Олардың тегеурініне тіпті Германияның өзі төтеп бере алған жоқ (1:2). Өзара тең түскен Польша және Австрия футболшылары жарысты әрі қарай жалғастыра алмады. Сөйтіп, Швейцария мен Австрия – топтық кезеңнен аса алмай, пұшайман болған қожайындардың легіне қосылды (алғашқысы Бельгия-2000 болатын).

«С» тобын мамандар да, журналистер де «өлім тобы» деп атады. Расында да, алдыңғы доданың қола жүлдегері – Голландия содан екі жыл бұрынғы әлем чемпионатының алтын медалін сарапқа салған қос сайыпқыранмен – Италиямен және Франциямен бір топқа түссе, олардың ортасына Еуропадағы ортаңқол ұжымдардың бірі – Румыния кеп қыстырылысса, «өлім тобы» болмағанда қайтеді? Іріктеу тобында да бірге ойнаған италиялықтар мен француздарды тіпті «сиам егіздері» десе де жарасар еді. Бірақ бұл екеуін әйгілі Марко ван Бастен баптаған голланд құрамасы талқандап тастады! Әуелі көресіні Италия көрді (0:3). Рас, алғашқы гол біраз дау-дамай тудырды, бірақ телеқайталаудан ешқандай офсайдтың болмағанын байқау қиын емес. Әуелеп келген допты Джанлуиджи Буффон жұдырығымен қағып жібергенде, қақпашы абайсызда өз командалас серігі Кристиан Пануччиді де оңбай омақастырған-ды. Құлап түскен қорғаушы аунап барып алаң жиегінен шығып кетті. Кері серпілген допты Джованни ван Бронкхорст қақпаға қарай қайта теуіп еді, оны жол-жөнекей Рууд ван Нистелрой түртіп жіберіп, бағытын өзгертті де, есеп ашты. Өйткені алаңнан өз еркімен кетпеген Пануччи бәрібір ойынға араласуға әзір футболшы болғандықтан, офсайд есептелген жоқ.

Көз қуантар көркем ойынын үдете түскен Голландия сосын француздарды жаңғақша шағып тастады (4:1). Сөйтіп, Италия мен Франция, екеуі де румындармен тең түскен соң, ширек финалға шығар екінші мықтыны өзара айқаста анықтауға мәжбүр болды. Ойын нәтижесіне 24-минуттағы жайбасар Эрик Абидальдің айып алаңына баса-көктей енген италиялық Лука Тониді шалып құлатуы тікелей ықпал етті. Төреші пенальти белгілеп қана қойған жоқ, француз қорғаушысына қызыл қағаз көрсетті. Андреа Пирло 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ. Ал екінші таймда Даниэле де Росси тағы бір стандартты жағдайды – айып добын шебер орындап, матч тағдырын шешті (2:0).

Ал чемпион ше? Осыдан төрт жыл бұрын алтыннан алқа таққан гректердің ахуалы нешік? «D» тобында өнер көрсеткен Отто Реххагель шәкірттерінің алғашқы ойыны статистикаға қызығушылардың назарын айрықша аударғанымен (Грекия – Швеция кездесуі бүкіл Еуропа чемпионаттары тарихындағы 2000-матч болатын), жалпы алғанда олардың жағдайы былайғы жұртты алаңдата қойған жоқ. Төрт жасқа қартайған Лиссабон-2004 жеңімпаздары топтағы үш қарсыласынан да ұтылып, ең соңғы орында қалды. Есесіне, Испания құрамасының ойыны көз жауын алды. Луис Арагонестің командасы Ресейді де, Швецияны да, Грекияны да (қосалқы құраммен) ұтып, топ жеңімпазы атанды. Орыстармен ойында шабуылшы Давид Вилья үш гол соқты. Іріктеу кезеңінде алаңнан қуылуы себепті алдыңғы екі кездесуге қатыса алмаған ресейлік шабуылшы Андрей Аршавин шведтермен шешуші матчта тамаша ойын көрсетіп, өз командасын келесі кезеңге алып шықты.

Фернандо Торрестің алтын голы

Ширек финал тосын нәтижелерге толы болды. Топтық кезеңде керемет ойнаған командалардың дені бұл сатыда өз қарсыластарынан аса алмады. Әлемнің үздік футболшыларының бірі Криштиану Роналду бастаған Португалия немістерден жеңіліп қалды (2:3). Үнемі ақырғы тынысына дейін алысатын түріктер тағы да ерлік көрсетті. Хорват командасының тегеурініне 119 минут төтеп берген олар қақпашы Рүштудің өрескел қателігінің салдарынан гол жіберіп алса да, еңсе түсірмеді. Арада екі минут өтер-өтпесте-ақ Семих Шентүрк таразы басын теңестіріп үлгерді! Пенальти сериясында ерік-жігері мықты Түркияның мерейі үстем болды. Испания мен Италия да 120 минут бойы тіресіп бақты. Испандықтар ойын жөнінен сәл басымдық танытып еді, футбол «лотереясында» да жүйкелерінің беріктігін дәлелдеді. Қақпашы Икер Касильяс екі пенальти ұстап, командасын жартылай финалға алып шықты.

Бәрінен де Ресей құрамасының ойыны таң қалдырды. Голланд маманы Гус Хиддинк жаттықтырған орыстар топтық кезеңде тамаша ойнаған Голландия футболшыларынан басым түсті (3:1). Қарсыласын құйын-перен шапшаң қимылымен састырған ресейліктер бірінші таймда-ақ есеп ашты. Үзілістен соң есін жинаған «Қызғалдақтар елінің» ұландары қанша шабуыл жасаса да, қақпашы Игорь Акинфеевті қапы қалдыра алмады. Тек 86-минутта ғана ван Нистелрой әрең жауап доп соқты. Бірақ қосымша уақытта күш-қуат жағынан орыстардың дайындығы мол екені байқалды. Сілелеп, сілесі қатқан голланд футболшыларын олар олай да былай алдап өтіп, тағы екі гол соқты.

Осы кезде турнирді ұйымдастырушылардың көрші екі топтан озып шыққандарды бір-бірімен қайта тоқайластырып, схеманы дұрыс түзбегені айқындалды. Сөйтіп, амал жоқ, Испания мен Ресей жартылай финалда қайта жүздесті. Тағы да Арагонес шәкірттері айқын басым түсті. Олар тіпті 34-минутта бас мерген Вильяның жарақат алып, саптан шығып қалғанын да елеген жоқ. 50-минутта Андрес Иньеста сол қапталдан керемет пас шығарып, Хавидің есеп ашуына мүмкіндік жасады (бұл Еуро финалдық турнирлері тарихындағы 500-гол болатын). Көп ұзамай Вильяны алмастырған Сеск Фабрегас аяғының ұшымен ғана іліп, ілуде бір кездесер ғажап паспен допты шабуылшы Даниэль Гуисаның алдына салып берді. Ал ойын соңында сол қанаттан құйындай шауып өткен Фабрегастың серіктесі Давид Сильваға допты өте ыңғайлы тастағаны сондай, гол болмауы мүмкін емес еді – 3:0.

Төрт футболшысы жарақаттанған, үшеуі сары қағаз алуына байланысты алаңға шыға алмаған Түркия құрамасы сонда да Германияның екі аяғын бір етікке тықты. Ойын жөнінен де, қақпаға бағытталған соққы тұрғысынан да «Император» Фатих Теримнің жігіттері басымдық байқатты. 22-минутта Угур Боралдың есеп ашуы заңды еді. Бірақ көп ұзамай Бастиан Швайнштайгер таразы басын теңестірді. Екінші таймда әуелеп келген допқа ебедейсіз ұмтылған қақпашы Рүштудің кезекті қателігінен соң Мирослав Клозе немістерді алға шығарды. Соңғы сәтке дейін күдер үзбейтін түріктер тағы да таң қаларлық ерік-жігер танытты: 86-минутта оң қанаттан Сабри Сарыоғлы берген допты Семих Шентүрк тоқтатпай тепті – 2:2! Алайда сағы сынбайтын мықтының мықтысы – Германия ғой, жұрт «ойын овертаймға ұласады-ау» деп ойлай бергенде, Филипп Лам жеңіс добын соқты.

Финал Испанияның бенефисіне айналды. 1:0 деген есеп бұл ойынға тіпті де лайықсыз еді. Нәтиже кем дегенде 3:0 болуға тиіс-ті! Бірақ Сильва, Хави, Хаби Алонсо, тіпті Серхио Рамос пен Маркос Сенна да талай гол соғатын ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды. Немістерде тек бір-ақ мүмкіндік болды, бірақ Михаэль Баллактың соққысын Касильяс қайтарды. Ал алтын голды Фернандо Торрес соқты. Оның алға тасталған допқа Ламнан орай оза ұмтылып жетуі, аяғының бір ғана қимылымен қақпашыны қапы қалдыруы – нағыз супершабуылшыға тән қасиет еді.

Сонау 1964 жылы құрлық додасында топ жарған «Қызыл фурия» араға 44 жыл салып, екінші рет Еуропа чемпионы атанды.

ХІІІ ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ

(2008 жыл, Австрия/Швейцария)

Финалдық турнирде 31 матч өткізіліп, 77 гол соғылды (орта есепен әр ойында – 2,48). Мерген футболшы: Давид Вилья (Испания) – 4 доп.

«А» тобы

Швейцария – Чехия – 0:1, Португалия – Түркия – 2:0, Чехия – Португалия – 1:3, Швейцария – Түркия – 1:2, Түркия – Чехия – 3:2, Швейцария – Португалия – 2:0.

  1. Португалия 3 5:3    6
  2. Түркия 3 5:5    6
  3. Чехия 3 4:6    3
  4. Швейцария 3 3:3    3

«В» тобы

Австрия – Хорватия – 0:1, Германия – Польша – 2:0, Хорватия – Германия – 2:1, Австрия – Польша – 1:1, Польша – Хорватия – 0:1, Австрия – Германия – 0:1.

  1. Хорватия 3 4:1    9
  2. Германия 3 4:2    6
  3. Австрия  3       1:3   
  4. Польша 3 1:4    1

«С» тобы

Румыния – Франция – 0:0, Голландия – Италия – 3:0, Италия – Румыния – 1:1, Голландия – Франция – 4:1, Франция – Италия – 0:2, Голландия – Румыния – 2:0.

  1. Голландия 3 9:1    9
  2. Италия 3 3:4    4
  3. Румыния 3 1:3    2
  4. Франция 3 1:6    1

«D» тобы

Испания – Ресей – 4:1, Грекия – Швеция – 0:2, Швеция – Испания – 1:2, Грекия – Ресей – 0:1, Ресей – Швеция – 2:0, Грекия – Испания – 1:2.

  1. Испания 3 8:3    9
  2. Ресей 3 4:4    6
  3. Швеция 3 3:4    3
  4. Грекия 3 1:5    0

Ширек финал

Португалия – Германия – 2:3, Хорватия – Түркия – 1:1 (пенальтиден 1:3), Голландия – Ресей – 1:3, Испания – Италия – 0:0 (пенальтиден 4:2).

Жартылай финал

Германия – Түркия – 3:2, Ресей – Испания – 0:3.

ФИНАЛ

ИСПАНИЯ – ГЕРМАНИЯ – 1:0

29 маусым. Вена. «Эрнст Хаппель» стадионы. 51 428 көрермен. Төреші Розетти (Италия).

Испания: Касильяс, Серхио Рамос, Пуйоль, Марчена, Капдевила, Сенна, Хави, Иньеста, Сильва (Касорла, 66), Фабрегас (Хаби Алонсо, 63), Торрес (Гуиса, 78).

Германия: Леманн, Фридрих, Мертезакер, Метцельдер, Лам (Янсен, 46), Фрингс, Хитцльшпергер (Кураньи, 58), Швайнштайгер, Баллак, Подольски (Гомес, 79), Клозе.

Гол: Торрес, 33.

Ескерту алғандар: Касильяс, Баллак, Торрес, Кураньи.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3199
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5138