Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Саңлақ 520 2 пікір 22 Қараша, 2022 сағат 19:19

2002 жыл. Футболдың жеңісі

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс

Жалғасы: 1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс

Жалғасы: 1998 жыл. Жаңа формат – жаңа чемпион 


XVІІ ЧЕМПИОНАТ. 2002 ЖЫЛ. ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/ЖАПОНИЯ

Әлем чемпионы – Бразилия
Күміс жүлдегер – Германия
Қола жүлдегер – Түркия

Шаршаулы жүйріктер шаба алмады

ХХІ ғасырдағы алғашқы әлемдік доп додасы туралы сөз қозғағанда, оның басты жеті ерекшелігін баса көрсетуге болады (және мұнда «тұңғыш» деген сөзді өте көп қолдануға тура келеді). Біріншіден, бұл тұңғыш рет Азияда ұйымдастырылған турнир еді; екіншіден, тұңғыш рет екі бірдей елде өткізілді; үшіншіден, азиялық құрама (Оңтүстік Корея) тұңғыш рет таңдаулы төрттіктің қатарынан табылды; төртіншіден, тұңғыш рет ислам елінің командасы (Түркия) жүлдеге ие болды; бесіншіден, тұңғыш рет түркі тілдес мемлекет өкілі (Түркия) осындай ірі табысқа қол жеткізді; алтыншыдан, дода сұрмергені – бразилиялық Роналдо 8 доп соғып, шабуылшыларды сонау 1978 жылдан бергі «6 голдан аспайтын аурудан» айықтырғандай болды.

Жетінші үрдіс – Әлем кубогынан басты үміткерлердің көпшілігі жұрт күткен деңгейден көріне алмады. Жасыл алаңда ойнақ салуға тиіс жарық жұлдыздар аяғына жем түскен аттай кібіртіктеумен болды. Бір жылда 60-70 ресми матчқа қатысатын олардың чемпионатқа сілелеп шаршап, құр сүлдері жеткені анық аңғарылды. Рас, алтын жүлдеден үміткерлердің кейбіріне біліксіз төрешілердің де зардабы тиіп жатты. Бірақ сәтсіздіктің басты себебі –командалардың күш-қуат дайындығының нашарлығынан, яғни 9-10 айға созылған футбол маусымынан соң сілікпесі шыққан, әлемдік дода алдында сәл тынығып алуға да уақыт таппаған шеберлерінің бабында болмауынан екені анық еді. Осы додадан соң ФИФА «ұлттық біріншіліктер әлем чемпионатынан бір ай бұрын бітетін болсын» деген талап қойды.

Үздіктердің ішінде ешқандай шаршау-шалдығуға қарамастан шашасына шаң жұқтырмағаны – Бразилия мен Германия болды. Мұның себебін сарапшылар былай түсіндіреді: Германия чемпионатында әр жылдың қаңтар-ақпан айларында 40 күндей үзіліс болады. Яғни Англия, Испания, Италия клубтары күзден жазға шейін үзіліссіз ойнаса, неміс командалары орта жолда бір ат шалдырып алады. Бразилияның ойынын ұйымдастыратын жұлдыздарға да футбол маусымы барысында өз күшін сарқа жұмсамаудың сәті түсті: Роналдо жарты жыл жарақатынан айыға алмай жатты, Ривалдоның да екі рет мәжбүри «демалысқа» шығуына тура келді, ал Роналдиньо ол кезде деңгейі салыстырмалы түрде сәл төмендеу француз чемпионатында өнер көрсеткен-ді. Яғни олар доп додасына шаршаулы келген жоқ.

Десек те, әуелгі сатының өзінде-ақ арнайы атап өтуге лайықты бірнеше тартысты кездесулер өтті. Тіпті беташар матчтың өзі сенсацияға ұласты: дүбірлі додаға алғаш қосылған Сенегал құрамасы Францияны 1:0 есебімен ұтып кетті. Қорғанысты тастай ғып бекітіп ап, салған жерден алға ұмтылған африкалықтардың әлем чемпионынан титтей де сескенбейтіні аңғарылды. Сенегал футболшылары екінші турда да сауатты ойынымен сүйсінтті. Қақпасына доп жіберіп алған соң да, сәтсіздікке мойымай, күшті ерік-жігер танытты. Соның арқасында есепті де теңестірді, дат командасын да қатты тықсырды. Ал француздар Зидансыз өткізген екінші матчында да гол соға алмады. Соңғы турда Данияны екі доп айырмашылығымен жеңсе, алдыңғы орындардың бірін иеленуден үміті болған Франция құрамасы ол мүмкіндікті пайдалана алған жоқ. Керісінше, Дания өте шебер ойын көрсетіп, «А» тобының жеңімпазы атанды. Ал Сенегал – Уругвай матчы 3:3 есебімен тең аяқталды. Бірінші таймда сенегалдықтар жауапсыз үш доп соққанымен, үзілістен кейін ойын тізгінін уругвайлықтар біржола өз қолына алды. Керемет ерік-жігер танытқан олар ақыры тіпті есепті теңестіріп кетті. Келесі сатыға өту үшін оларға тағы бір доп соғу қажет еді, бірақ оған уақыт жетпеді.

Бөксесіне тиген доптан... беті «жараланды»

«В» тобында Испания құрамасы үш ойында да жеңіске жетті. Оларға қарсылық көрсетуге қауқары жетеді делінген Словения болса, тіпті бірде-бір ұпай да ала алмады. Бұл аз болса, испандықтардан ұтылған соң, командадағы психологиялық ахуал тым нашарлап кетсе керек, үздік ойыншылардың бірі Захович бас бапкер Сречко Катанецпен ұрсысып қалып, еліне аттанып кетті. Ал Парагвай – Оңтүстік Африка матчында қос команда да дөрекі әрекеттерге көп барды. Алғашқы 45 минутта төрешінің футболшыларға 6 сары қағаз көрсетуі – соның дәлелі. Ойынның 1-минутында-ақ Л.Михелдің пенальти беретін жөні бар еді: африкалық қақпашы Санта Крусты итеріп құлатқан болатын. Бірақ төреші былқ еткен жоқ. Ал матчтың соңғы секундтарында ол парагвайлықтардың қақпасына ойламаған жерден 11 метрлік белгіледі! Егер қақпада Чилаверт (даңқты қақпашы ақырғы іріктеу ойынында алаңнан қуылуы себепті бұл кездесуге қатыспады) тұрғанда, гол болмас та ма еді, бірақ оның ізбасарыТабарелли соққыға тосқауыл бола алмады... 1/8 финалға бұл топтан Испания мен Парагвай шықты.

«С» тобындағы ойындар ірі жанжалмен басталды. Бразилиямен терезесі тең ойын көрсеткен Түркия құрамасы 45-минутта алға шықты (Хасан Шаш). Екінші таймның басында Роналдо есепті теңестіргенімен, бразилиялықтарға жеңіс жеткізбейтіндей көрінген. Бірақ соңғы минуттарда олар өте белсенді ойнады. 86-минутта корей төрешісі «Алпай ойын тәртібін бұзды» деп есептеп, оны алаңнан қуды және пенальти белгіледі. Шын мәнінде, қорғаушы ойын тәртібін бұза қойғанның өзінде, ол қақтығыс айып алаңының сыртында болған-ды. Яғни төреші 11 метрлік емес, жәй айып добын белгілесе, әділірек болар еді. Сол нүктеден жеңіс добын соққан Ривалдо ақырғы минутта бұрыштама бермек еді, ашуға булыққан Хакан Үнсал иесіз жатқан допты оған қарай қатты тепті. Доп бөксесіне тиген замат... бетін ұстап жата кеткен бразилиялықтың «актерлік шеберлігін» жоғары бағалаған төреші түрік ойыншысына қызыл карточка көрсетті. Кездесуден кейін әлемнің 1999 жылғы үздік футболшысы өз «қылмысын» мойындап, «Мен Хаканды төреші алаңнан қуып жіберсін деп әдейі істедім» деген еді. Чемпионат алдында «мұндай әртістік әрекеттерге қарсы аяусыз күрес ашамыз» деп күшенген футбол шенеуніктері Ривалдоның атақ-даңқын сыйлады ма екен, оған тек айыппұл (10 мың швейцар франкі) төлетуді ғана ұйғарыпты... Қалай болғанда да, бұл оқиға аталған командалардың жарысты жалғастыруына кері әсерін тигізе алған жоқ.

Аргентина «өлім тобынан» «тірі» шықпады

«Е» тобының жеңімпазы Германия бірінші турда Сауд Арабиясын 8:0 есебімен талқандады. Арабтардың баспен аса жақсы ойнай бермейтінін білген Германия құрамасының бас бапкері Руди Феллер жігіттеріне «допты айып алаңына көбіне әуелетіп тастаңдар» деп тапсырса керек, 8 голдың алтауы баспен соғылды. Арғы тегін қазбаласаң поляк болып шығатын жас шабуылшы Мирослав Клозе тіпті өзінің үш голын да қақпаға баспен енгізген! Азиялықтардың өте нашар ойнағаны сондай, олардың ең жақсы қырымен көзге түскені... қақпашы Мұхамед әл-Деайя болды... Бұл топтан келесі кезеңге немістермен бірге Ирландия шықты.

«Ғ» тобына түскен ағылшындар үшін ең қауіпті қарсылас... Швеция екен. Осы спорт түрін ойлап тапқан елдің құрамасы скандинавтарды 1968 жылдан бері ұта алмай келеді! Сәтстіздік сериясы Жапонияда да жалғасын тапты. Әуелде жақсы ойнаған Англия футболшылары матч соңына қарай шаршап қалды ма, әйтеуір шабыттана түскен шведтердің шабуылына әрең тойтарыс берді. «Рас, мұндай күшті командамен тең түсудің өзі мәртебе, бірақ екінші таймда талай ұрымтал сәттің уыстан шығып кеткенін ойласам, ішім удай ашиды» деді ойыннан соң Швеция құрамасының руліндегі қос бапкердің бірі Ларс Лагербак. Жеті апта емделген Бекхэм дәрігерлердің қыруар еңбегін ақтап, алаңға шықты. Бірақ тек бір сағатқа ғана шыдады.

Аргентина – Англия матчы да жанкүйерлер мен мамандар күткен үдеден шықты. Қорғаушыларына дейін алға ұмтылып тұратын оңтүстікамерикалықтар допты ағылшындарға қарағанда әлдеқайда көп алып жүргенімен (65%), қауіпті жағдайлар жағынан Свен-Горан Эрикссонның жігіттері олардан кем түсе қойған жоқ. Сондай сәттердің бірінде Аргентина құрамасының қорғаушысы Почеттино өз айып алаңында Оуэнді шалып жықты. 11 метрлік нүктеден Бекхэм қателескен жоқ. Екінші таймда ойын түгелдей ағылшындардың айып алаңының алдында өтті. Бірақ аргентиналықтар қарсыласының мығым шебін бұза алмады.

Соңғы турда олар қанша шабуылдаса да, жұдырықтай жұмылған швед командасының тасқамал қорғанысының алдында тағы да әлсіздік танытты. Айтары жоқ, А.Свенссонның орындауындағы айып соққысы керемет болды, дегенмен қақпашы Кабальеро сәл кешігіп секірген секілді. Өз мүмкіндіктерін дұрыстап пайдалана алмаған аргентиналықтар тек соңғы минуттарда ғана 11 метрлік айып добын соғу құқына ие болды. Бірақ Ортега оны өте нашар орындады, әбүйір болғанда швед қақпашысы Хедман кері қайтарған допты Креспо торға дәл бағыттап үлгерді. Бірақ оның несі әбүйір болды дейсіз...

Түрік футболының керемет табысы

«G» тобындағы Италия құрамасы Эквадормен кездесудің алғашқы бөлігінде өте жоғары деңгейлі футбол көрсетті. Әсіресе Тотти мен Вьери ерекше көзге түсті. Біріншісі орталық алаңда ойнақ салса, екіншісі әріптесінің дәл берген пастарын мүлт жіберген жоқ. Екінші таймда бас бапкер Джованни Трапаттони өз жігіттерін сабыр сақтауға шақырып, онша көп күш жұмсамауды тапсырса керек, итальяндықтар өздерінің сүйікті жұмысына – ойын тізгінін қарсыласына беріп қойып, қорғанысты тастай ғып, тек анда-санда қарсы шабуыл ұйымдастыруға көшті. Келесі турда «Скуадра адзурра» күтпеген жерден хорваттардан ұтылып қалды (1:2). Бұл ойында ағылшын төрешісі итальяндықтардың екі голын еш негізсіз есептемей қойды. Соңғы матчта Мексикамен әрең дегенде тең түскен Италия хорваттардың ойламаған жерден Эквадордан ұтылуының арқасында келесі кезеңге шықты.

Бұл додада бұрын мүлде көзге түспеген командалар бірнеше сенсация жасады. «Өлім тобынан» тірі шығып қана қоймай, бірінші орын алған Швеция құрамасы тапжылмай отырып көретін тамаша кездесуде сол сенегалдықтарға жол берді. 104-минутта Анри Камара допты торға дәл бағыттаған сәтте-ақ ойын бірден тоқтатылды – ол уақытта «алтын гол» ережесі бар еді. Ресей және Тунис командаларын жеңіп, «Н» тобынан озып шыққан Жапония футболшылары өз тарихындағы үздік нәтижеге жетіп, 1/8 финалға шықты. АҚШ құрамасы өте ұйымшыл ойын көрсетіп, ширек финалда Германияның өзін қатты састырды.

Дегенмен сенсацияның көкесін Түркия мен Оңтүстік Корея жасады. Алғашқы кезеңде Бразилияның өзімен иық теңестіре ойнаған түрік бауырлар барған сайын бауырын жаза түсті. Ширек финалда әлемді аузына қаратып, жұрттың бәрінің сүйкімді «еркесіне» айналған Сенегалдан олар әлдеқайда басым қимылдады. Әсіресе жартылай қорғаушылардың таланттылығы тәнті етті. Олардың допты бір-біріне тоқтатпастан тез ғана емес, сонымен қатар дәл бере және тамаша қабылдай алуына сүйсіне отырып, алаңда бразилиялықтар ойнап жатқандай әсерде қалғанымыз жасырын емес. «Бразилия» демекші, түріктер жартылай финалда тағы да Луиз Фелипе Сколаридің жігіттерімен кездесіп, 0:1 есебімен тізе бүгуге мәжбүр болды. Әйтсе де, Рүшту Реджбер, Хакан Шүкір, Хасан Шаш, Илхан Мансыз, Йылдырай Бастүрк, Үміт Дауала секілді жігіттердің аты жер жарды.

«Корей ертегісі»

Ал «D» тобында ойнаған корейлер үшін бұл чемпионаттың орны мүлде бөлек болды. Әлемдік футбол чемпионатына алтыншы рет финалдық сынға қатысып отырған Оңтүстік Корея құрамасы осыған дейін 14 кездесу өткізіп, бірде-бірінде жеңіс дәмін татпаған-ды. Өздері үшін шын мәнінде «тарихи матч» болған Польшамен кездесуде олар 2:0 есебімен жеңіске жетті. 48 миллион корей халқы 48 жылдан бері күткен алғашқы табысты команда стадионға жиналған 48 мың адамның көз алдында олжалады.

Әрі қарай корей жанкүйерлерінің өңі түгілі, түсіне кірмеген оқиғалар басталды. Тең ойын да қанағаттандырар тұста олар Португалияны жеңіп кетті. Италиядан ұтылып жатып, соңғы минуттарда есепті теңестіріп қана қоймай, қосымша уақытта жеңіс добын соқты. Испаниямен тіресіп бағып, ақыры матч соңындағы футбол лотереясында сәтті билетті жұлып алды. Ойын тізгіні испандықтардың қолында еді, бірақ оларға дәлдік жетіспеді. 100-минуттағы Морьентестің қақпа бағанасын солқ еткізген сәтінің өзі неге тұрады! Дегенмен, испандықтардың нысананы дөп көздеген кездері де болды: мәселен, 93-минутта тағы да сол Морьентес оң қапталдан Хоакин тастаған допты торға дәл түсірді. Бірақ төреші «пас берілер алдында доп алаңнан шығып кетті» деп, голды есептемей тастады. Алайда телеқайталауда доптың алаңнан шықпағаны анық көрінді. Мұның алдында төреші жартылай қорғаушы Бараханың да таза голын есептемей қойған-ды... Пенальти сериясында корейлер барлық соққысын дәл тепті, ал испан жігіттерінен Хоакин мүлт кетті де, Мендьетаның соққысы қажет болмай қалды.

Бұл табыстан бас бапкер Гус Хиддинктің кәсіби шеберлігін ғана емес, ойыншылардың ерік-жігерінің мықтылығын, ағзасының төзімділігін және «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ауызбіршілікті аңғаруға болады. Сериал екеш сериал да бітеді ғой, ақыры «корей ертегісі» де аяқталды. Оның «соңғы тарауын» немістер жазды – 1:0.

Үшінші орын үшін болған матчта чемпионаттың екі ақжолтайы өзара кездесті. Түркия футболшылары «үшінші орын не, төртінші не, бәрібір емес пе?» демей, бұл ойынға да аса қатты маңыз берген екен. Төрешінің ойынды бастауға белгі берген ысқырығы естіле сала алға лап қойған олар небәрі 11-секундта-ақ есеп ашты! Бұл – әлем чемпионаттарындағы ең тез соғылған гол еді. Бұған дейінгі жылдам голдың авторы чех Вацлав Машек болатын. 1962 жылы Мексикамен ойында ол қақпаны матчтың 15-секундында дәл көздеген еді. Өз командасын іріктеу сынынан алып шыққанымен, Корея мен Жапония алаңдарында осы матчқа дейін бірде-бір гол соқпай, өзге әріптестерінің көлеңкесінде қалып келген Хакан Шүкір бәрібір тарихқа енді!

Енді – пентакампеондар!

Ал финалда Бразилия құрамасы бесінші рет әлем футболының алтын тәжін иеленді. Бүкіл турнир бойына қарсыластарынан айқын басым түсіп келген олар шешуші кездесуде де жеңіске лайық болды. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы Бразилия мен Германияның тұңғыш тоқайласуы еді. Йокогамадағы шешуші ойынның алдында мамандар осы чемпионаттың жұлдызы атануға лайық деп мына үш футболшыны көрсеткен болатын: Роналдо, Ривалдо және Кан. Бір қызығы, финалдың тағдыры расында да осы үшеуінің тікелей араласуымен шешілді. Алғашқы гол Ривалдоның соққысын ұстай алмаған неміс қақпашысының қателігінен соғылды. Канның басқа кезде емес, тура Бразилиямен ойында қателесуінде де бір мән бар секілді. Жалпы алғанда, қимылы тәнті еткенімен, Германия чемпион болуға мүлде лайық емес-тұғын. Егер олар жеңімпаз атанғанда, бәлкім, футболға обал болар ма еді. Сондықтан футбол құдайының, сөз жоқ, чемпионаттың үздік қақпашысын тап осы сәтте сүріндіруі тегін емес-ау...

Ал екінші голға Канды кінәлаудың жөні жоқ. Бұл жерде бәрі де тамаша болды: Клеберсонның пасы да, оны өткізіп жіберген Ривалдоның тапқырлығы да, допты сол аяғымен тоқтатып, оң аяғымен соғып жіберген Роналдоның шеберлігі де... Тіпті жан ұшыра секірген қақпашының әрекеті де осы бір әдемі көрініске өзінше әр қосып тұрды.

«Бүгінгі Бразилия 1994 жылғы командадан да, осыдан төрт жыл бұрынғы құрамадан да күшті!» деді қуаныштан жүрегі атша тулап, 23 жігіттің әрқайсысының бетінен сүйген Пеле. «Футбол королінің» сөзінде титтей де асылық жоқ. Бұл жолғы Бразилия «қойшы, кубокты қайта-қайта осылар ала бере ме?» деп, турнир басталғаннан өздерінің жеңісіне қарсы болған жанкүйерлер тобын да әсем ойынымен баурап әкетті. Әу баста тым селкеу көрінген қорғанысы да шешуші сәт жақындаған сайын тас-түйін бола түсті. 3-5-2 тактикалық жүйесі ұжымның бар мүмкіндігін ашып көрсетуге көмектесті. Кафу мен Роберто Карлос қос қапталдың нағыз қожайындары болды. Айтпақшы, команда капитаны Кафу – үш рет финалдық матчқа қатысқан тұңғыш және әзірге жалғыз футболшы!

Сколари мығым қорғаныс, ұйымшыл әрекетпен бірге командадағы жекелеген жарық жұлдыздарды тактикалық жүйе шырмауына қамап ұстамай, оларға белгілі бір дәрежеде ой және қимыл еркіндігін берудің де жақсы жақтары бар екенін тағы бір рет дәлелдеді. Сөйтіп, «бүгінде прагматик болмай күн жоқ!» деп күңіренетін кейбір мамандарды әжептәуір ойлантып тастады. «90-жылдарда тоқырауға ұшыраған әлемдік футболдың француздар айқындап берген шабуылдаушы сипаты бұдан соң Бразилия нұсқаған бағытта дамиды» десті дуалы ауыз сарапшылар. Демек, бұл – Бразилияның ғана емес, жалпы футбол өнерінің жеңісі болды десек, артық емес.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 32 команда қатысты.

64 ойын өткізілді, 161 доп соғылды (орта есеппен 2,52 гол).

«А» ТОБЫ

Франция – Сенегал – 0:1, Уругвай – Дания – 1:2, Франция – Уругвай – 0:0, Сенегал – Дания – 1:1, Франция – Дания – 0:2, Сенегал – Уругвай – 3:3.

«В» ТОБЫ

Парагвай – Оңт.Африка – 2:2, Испания – Словения – 3:1, Испания – Парагвай – 3:1, Словения – Оңт.Африка – 0:1, Словения – Парагвай – 1:3, Испания – Оңт.Африка – 3:2.

«С» ТОБЫ

Бразилия – Түркия – 2:1, Қытай – Коста-Рика – 0:2, Бразилия – Қытай – 4:0, Түркия – Коста-Рика – 1:1, Бразилия – Коста-Рика – 5:2, Түркия – Қытай – 3:0.

«D» ТОБЫ

Оңт.Корея – Польша – 2:0, АҚШ – Португалия – 3:2, Оңт.Корея – АҚШ – 1:1, Польша – Португалия – 0:4, Оңт.Корея – Португалия – 1:0, Польша – АҚШ – 3:1.

«Е» ТОБЫ

Ирландия – Камерун – 1:1, Германия – Сауд Арабиясы – 8:0, Германия – Ирландия – 1:1, Камерун – Сауд Арабиясы – 1:0, Германия – Камерун – 2:0, Сауд Арабиясы – Ирландия – 0:3.

«Ғ» ТОБЫ

Аргентина – Нигерия – 1:0, Англия – Швеция – 1:1, Нигерия – Швеция – 1:2, Аргентина – Англия – 0:1, Аргентина – Швеция – 1:1, Нигерия – Англия – 0:0.

«G» ТОБЫ

Италия – Эквадор – 2:0, Хорватия – Мексика – 0:1, Италия – Хорватия – 1:2, Эквадор – Мексика – 1:2, Италия – Мексика – 1:1, Эквадор – Хорватия – 1:0.

«Н» ТОБЫ

Жапония – Бельгия – 2:2, Ресей – Тунис – 2:0, Жапония – Ресей – 1:0, Бельгия – Тунис – 1:1, Бельгия – Ресей – 3:2, Жапония – Тунис – 2:0.

1/8 ФИНАЛ

Германия – Парагвай – 1:0, Дания – Англия – 0:3, Швеция – Сенегал – 1:2 (қосымша уақытта), Испания – Ирландия – 1:1 (пен. 3:2), Мексика – АҚШ – 0:2, Бразилия – Бельгия – 2:0, Жапония – Түркия – 0:1, Оңт.Корея – Италия – 2:1 (қосымша уақытта)

ШИРЕК ФИНАЛ

Англия – Бразилия – 1:2, Германия – АҚШ – 1:0, Оңт.Корея – Испания – 0:0 (пен. 5:3), Сенегал – Түркия – 0:1 (қосымша уақытта)

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Германия – Оңт.Корея – 1:0, Бразилия – Түркия – 1:0

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Оңт.Корея – Түркия – 2:3

ФИНАЛ

Бразилия Германия 2:0

30 маусым. Йокогама. «Йокогама» стадионы. 69 029 көрермен. Төреші Коллина (Италия).

Бразилия: Маркус, Кафу, Лусио, Эдмилсон, Роке Жуниор, Роберто Карлос, Жилберто Силва, Клеберсон, Ривалдо, Роналдиньо (Жуниньо Паулиста, 85), Роналдо (Денилсон, 90).

Германия: Кан, Фрингс, Рамелов, Линке, Метцельдер, Хаманн, Йеремис (Асамоа, 77), Шнайдер, Боде (Циге, 84), Нойвилл, Клозе (Бирхофф, 74).

Голдар: Роналдо, 67 (1:0), Роналдо, 79 (2:0).

Ескерту алғандар: Роке Жуниор, Клозе.

Сұрмергендер

Роналдо (Бразилия) – 8 доп, Ривалдо (Бразилия), Клозе (Германия) – 5 доптан.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2207
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1034
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1225