Жексенбі, 4 Желтоқсан 2022
Саңлақ 1116 0 пікір 24 Қараша, 2022 сағат 12:26

2014 жыл. Футбол карнавалы

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс

Жалғасы: 1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс

Жалғасы: 1998 жыл. Жаңа формат – жаңа чемпион 

Жалғасы: 2002 жыл. Футболдың жеңісі

Жалғасы: 2006 жыл. Сақ ойынның салтанаты

Жалғасы: 2010 жыл. Тики-така триумфы


XХ ЧЕМПИОНАТ. 2014 ЖЫЛ. БРАЗИЛИЯ

Әлем чемпионы – Германия
Күміс жүлдегер – Аргентина
Қола жүлдегер – Голландия

Чемпион топта-ақ тоңқалаң асты

Футбол өнерінің дамуына, шежіресінің байи түсуіне мол үлес қосқан Бразилия елі араға 64 жыл салып, әлемдік доп додасын қайта қабылдады. Бес рет әлем чемпионы атанған Бразилия құрамасы соның бірде-бірін өз жерінде иеленген емес-ті. 1950 жылы өз елінде өткен доданың финалында олардың ойламаған жерден Уругвайдан ұтылып қалғаны белгілі. Торсида арасында «Мараканазо» («Мараканадағы» масқара» деген мағынада) атанып кеткен сол сұмдықты ел жадынан өшіріп, алтыншы алтынды сол футбол Меккесіндей әйгілі стадионда жеңіп алмаққа бекінген Бразилия құрамасын бұл жолы Сколари басқарды (2002 жылғы жеңімпаз команданың ұстазы).

Алайда бұл жолы оның жетекшілігіндегі жігіттердің ойыны онша көз жауын ала қойған жоқ. Беташар матч тіпті біршама дау-дамай туындатты. Қарбалас сәттің бірінде хорват қорғаушысы Ловренмен допқа таласқан шабуылшы Фред айып алаңында құлап қалды. Жапон төрешісі Нисимура бірден 11 метрлік нүктені нұсқады! Оны жан-жақтан қоршап алған хорваттар ойын тәртібінің мүлде бұзылмағанын дәлелдеуге тырысты. Телеқайталауда расында да Фредтің ешкімнің «көмегінсіз» өзі жығылғаны аңғарылды. Алайда төреші шешімін өзгерткен жоқ, Неймар пенальтиден екінші добын соқты. Бұған да мойымаған Хорватия құрамасы алаң қожайындарын кәдімгідей тықсырды. Бірақ еш нәтиже шығара алмады.

Осы «А» тобындағы Мексика – Камерун матчында Джованни дос Сантос соққан екі голды да колумбиялық төреші есептемей қойды! Себеп – қапталдағы қазының жалауша көтеруі. Шын мәнінде екеуінде де ешқандай офсайд болған жоқ-ты. Құдай оңдап, Перальтаның голы мексикалықтарға жеңіс әперді, әйтпегенде нағыз жанжал сонда туындар еді. Сосын өзара тең ойнаған Бразилия мен Мексиканың қайсысы қай орынға қонжияры ақыры осы доп айырмасы арқылы шешілді. Мексикалық қорғаушы Рафаэль Маркес – төрт чемпионатта капитан міндетін атқарған тарихтағы тұңғыш футболшы.

«В» тобының алғашқы кездесуінде-ақ тарихта тұңғыш рет алдыңғы чемпионаттың қос үздігі – Испания мен Голландия өзара тоқайласты. Бірінші таймда әлем және Еуропа чемпиондары едәуір басымдық байқатты. Рас, олардың қимылынан бұрынғы кездегідей қунақтық, жастық жігер байқала қойған жоқ, өйткені команда біршама «қартаң» тартқан-ды (орташа жасы 28-де). 27-минутта Хаби Алонсо пенальтиден өз командасын алға шығарды. 42-минутта Давид Сильваның торға жәй асыра салмақ болған добын қақпашы Силлессен саусағының ұшымен сыртқа қағып үлгерді. Бірер минуттан соң Блинд айып алаңына әуелете доп асырды – ван Перси қалықтай ұшып барып, баспен керемет соқты. Сәл алға ұмтылыңқырап кеткен Касильяс өзінен асып өтіп торға түскен ғаламат голға тек қарап қана тұрды. Үзілістен соң жүйрік Роббен қопал испан қорғаушыларының жанынан желдей есіп өте шығып, қос доп соқты, тағы бір рет ван Персидің қанжығасы майланды.

Голландия құрамасының бас бапкері Луи ван Гал испан тики-такасына қарсы 3-5-2 схемасын қолданған еді. Бұл тәсіл чилилік Хорхе Сампаолиге де ұнаса керек, Австралияны 4-4-2 жүйесімен-ақ жеңген ол Испанияға қарсы дереу «голланд үлгісін» қолдана қойды. 90 минут бойы бір тынбаған Чили футболшылары қай тұста да қарсыластың жолын бөгеумен болды. Сампаоли шәкірттері сауатты қорғанып қана қоймай, жылдам алға ұмтылып та отырды. Сондай сәттерде Варгас пен Арангис бір-бірден гол соқты... Испания-2014 – топтық кезеңде-ақ тоңқалаң асқан Франция-2002 және Италия-2010 секілді күйреген чемпиондардың қатарын толықтырды.

Алаңда – шайқас, ал Суарес үшін – шайнас!

Аргентиналық маман Хосе Пекерманның жетекшілігіндегі Колумбия құрамасы турнирге басты жұлдызы – Фалькаосыз келсе де (сұрмерген аяғын сындырып алған-ды), өткір шабуылымен, әдемі ойынымен жанкүйер қауымды риза етті. Алаң ортасында 23 жастағы талант Хамес Родригес қалауынша ойнақ салды. «С» тобындағы үш қарсыласынан да басым түскен олар топ жеңімпазы атанды. Жапониямен кездесудің 85-минутында қақпашы Оспинаның орнына туғанына сол күні 43 жас, 3 күн болған ардагер Фарид Мондрагон шықты. Сөйтіп, әлем чемпионаттарының жаңа рекордын жасады. Бұған дейін финалдық сынға қатысқан ең қарт футболшы – камерундық Милла еді: 1994 жылы Ресейдің қақпасына гол салғанда ол 42 жаста болатын... Екінші орынды Грекия футболшылары алды.

«D» тобын мамандар да, жанкүйер қауым да әу бастан «Өлім тобы» деп атаған-ды. Өйткені мұнда үш бірдей әлем чемпионының (Уругвай, Англия, Италия) басы қосылған болатын. Жұртшылық осы үшеуінің қайсысы еліне ерте қайтады, қайсы екеуінің бағы ашылып, жарысты әрі қарай жалғастырады деп сан түрлі болжам жасап жүрді. Ешкім де үш алыптың ортасына топ ете түскен Коста-Риканы елеп-ескерген жоқ. Алайда сенсацияның көкесін сол жасады. Уругвайды 3:1, Италияны 1:0 есебімен ұтқан олар (және ешқайсысын да кездейсоқ жеңді дей алмайсыз) соңғы турда Англияға да есе жібермей (0:0), топ жеңімпазы атанды. Қызық болғанда, бұл – көш соңында қалған ағылшындардың осы турнирдегі жалғыз ұпайы еді.

Италия – Уругвай матчы енді нағыз екінші орын үшін таласқа айналды. Шынына келгенде, бұл талас емес, кәдімгі өліспей-беріспес шайқас еді. Ал өткен ойында ағылшындардың қақпасына бірінен бірі ғажап қос доп тоғытып, өз командасына жеңіс әперген уругвайлық Луис Суарес үшін... шайнас болды десек, артық емес шығар. Бұрын да бір-екі рет қарсы тарап ойыншысының қолын немесе иығын тістеймін деп, басы бәлеген қалған ол өзінің азулы шабуылшы екенін тура мағынасында тағы да дәлелдеп, бұл жолы италиялық Джорджо Кьеллинидің иығынан тістеп алды! Мұны төреші байқамады да, ешқандай шара қолданған жоқ. Бірақ ФИФА бейнематериалды пайдалана отырып, кейін оны 9 ойынға жазалады. Матч тағдырын шешкен голды қорғаушы Диего Годин баспен соқты.

«Е» тобынан Франция мен Швейцария суырылып шықты. Эквадор құрамасы бұларға лайықты қарсылас бола білді, жап-жақсы ойын көрсетті, бірақ бәрібір үшінші орында қалып қойды. Гондурас футболшылары болса, үш ойында да жеңілді, өздері небәрі бір-ақ гол соқты. Олардың француздармен кездесуінде әлемдік дода тарихында тұңғыш рет допқа ендірілген «голды анықтау технологиясы» көмекке келді. 48-минутта Кәрім Бензема тепкен доп бағанаға тиіп, Ноэль Вальядареске келіп еді, гондурастық қақпашы оны ебедейсіз қимылымен өз қақпасының сызығынан өткізіп алды. Гондурастықтар бастапқыда наразылық танытқанымен, заманауи технологияға қарсы дау айта алмады. Ал топ жеңімпаздарының өзара бәсекесінде доп қақпаға қарша борады – 5:2!

Шабытты Месси, шаршаулы Роналду

«Ғ» тобында ел назары бірден Аргентинаға, әсіресе оның капитаны Лионель Мессиге ауды. «Барселона» сапында талай жетістікке жеткен әйгілі жұлдыздың ұлттық құрамада солғындау ойнайтыны әңгімеге жиі арқау болатын. «Алтын доптың» төрт дүркін иегері бұл жолы сондай сөздің бәрін жоққа шығарғысы келгендей ерекше шабытпен ойнады. Мұндай дүбірлі додаға тұңғыш қатысқан Боснияның қақпасына шешуші голды соқты, сонымен бірге қарсы жақ қорғаушысы Сеад Колашинацты өз қақпасына доп енгізіп алуға мәжбүрледі. 0:0 боп біткелі тұрған ойынның ең соңғы сәтінде Иранның тасқамал қорғанынан да бір саңылау тапты. Ашық футбол ойнауға батылы барған нигериялықтардың қақпасын екі рет дәл нысанаға алды. Сөйтіп, алғашқы кезеңнің өзінде-ақ төрт доп соғып, мергендер көшін бастаған Мессидің шабытты қимылына арқа сүйеген Аргентина топ жеңімпазы атанды. Екінші орынға босниялықтарды жеңген Нигерия құрамасы ие болды. Әділін айту керек, бұл матчта төреші өрескел қателік жіберіп, Эдин Джеконың таза голын есептемей қойды.

«G» тобында Германия құрамасы қарқынды ойын көрсетіп, ұзаққа шаба алатынын байқатты. Алдыңғы дода мергендерінің бірі Томас Мюллер Португалиямен кездесуде хет-трик жасады. Бас бапкер Йоахим Лев алаңға бірде-бір шабуылшы шығармаса да, алғы шептің алғыр қимылы португал қорғаушыларын әбден әбіржітті. Ойынның кей сәттерінде немістер бұрынғы испан командасының тактикалық стилін шебер қолданды. Допты бір-біріне тоқтаусыз дәл бере білетін олар қарсыласын құр жүгіртіп-ақ шаршатты. Криштиану Роналду жарақатынан толық айықпаса керек, бұл матчта ғана емес, жалпы чемпионатта өз деңгейінде өнер көрсете алмады.

Екінші турдағы Германия – Гана кездесуі әлем чемпионаттары тарихындағы 800-матч болды. Осы ойында шабуылшы Мирослав Клозе есепті теңестіріп, өзінің финалдық турнирлер тарихындағы 15-голын соқты. Сөйтіп, бразилиялық Роналдоны қуып жетті (бір қызығы, екеуі де 15-голдарын Гананың қақпасына соққан). Сонымен қатар Клозе төрт бірдей доп додасында мергендік танытқан өзінің даңқты отандасы Уве Зеелердің және әйгілі бразилиялық Пеленің рекордын қайталады. Ал АҚШ – Португалия матчында мундиаль тарихындағы 2300-гол соғылды. Оның авторы – америкалық Джермейн Джонс. Келесі кезеңге бұл топтан Германиямен бірге неміс маманы Клинсманның жетекшілігіндегі АҚШ құрамасы өтті.

«Н» төрттігі құрамы жөнінен әлсіздеу топтардың бірі еді. Мұны әбден іш пыстырар Ресей – Оңтүстік Корея ойыны дәлелдей түсіп, теледидар алдындағы жұрттың ұйқысын келтірді. Қақпашы Акинфеев кешірілмес қателік жіберіп, өзіне дөп келген допты ұстай алмай, өткізіп алды. Абырой болғанда, ардагер шабуылшы Кержаков қақпа алдындағы қарбалас сәттердің бірінде ептілік танытып, есепті теңестіріп кетті. Алайда Фабио Капелло баптаған ресейліктер Бельгиядан ұтылып, Алжирмен тең түсіп, небәрі екі-ақ ұпаймен үшінші орында қалды. 1/8 финалға 9 ұпай жинаған «Қызыл сайтандар» мен корейлерді 4:2 есебімен жеңіп, финалдық турнирлерде бір ойында 4 гол соққан алғашқы африкалық құрама атанған Алжир шықты.

Чили мен Мексикаға обал болды

Плей-офф кезеңі тамаша ойындармен басталды. Бразилия құрамасы чилиліктердің өліспей-беріспес өжет қарсылығына тап болды. Бес дүркін әлем чемпиондары кей сәттерде болмаса, қарсыласынан еш артық ойын көрсете алмады. Қайта чилиліктер көбірек қауіпті шабуылдар жасап отырды. Тіпті 120-минутта шабуылшы Пинильяның соққысы қақпа маңдайшасына тиіп, кері қайтты! Ақыры бәсеке тағдырын пенальти шешті. Екі соққыны қайтара алған бразилиялық қақпашы Жулио Сезар айрықша қайрат көрсетті.

Топта жақсы ойнаған Мексика құрамасы голланд қорғанысын әбден әбіржітті. Әуелгі 45 минутта есеп аша алмаған олар үзілістен соң ақыры мақсаттарына жетті: дос Сантос алыстан ұрған әдемі соққысымен өз командасын алға шығарды. Бірақ бұдан соң олар осы нәтижені сақтап қалуға тырысып, тек қана қорғануға көшті де, қол-аяғы босап, еркіндік алған голландиялықтар қарқынды үдетті. Чемпионаттағы үздік қақпашылардың бірі Гильермо Очоа қос бағана арасында арыстанша арпалысты-ақ. Бірақ қорғаушылар сыр берді. Ойын соңында Снейдер таразы басын теңестірді, ал төреші белгілеген қосымша минуттардың бірінде капитан Маркес өз айып алаңында Роббенді шалып құлатып, төреші 11 метрлік белгіледі. Рас, португалдық қазы Проэнсаның бұл шешімі біршама дау да тудырды, бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ: Хунтелар пенальтиді мүлтіксіз орындады.

Суарестей сұрмергенінен ойда жоқта айрылған уругвайлықтар Колумбияның тегеурініне төтеп бере алмады. Француздар Нигерияны аса қиналмай ұтты, ал басқа кездесулер 120 минутқа созылды. Онсыз да «қырағы қақпашылар чемпионаты» деген айдар тағылған турнирдің ажарын алжирлік Раис Мболи мен америкалық Тим Хоуард одан сайын аша түсті. Алғашқысы немістердің алақұйын шабуылына талай уақыт төтеп беріп, ойынның соңғы сәтке дейін қызықты өтуіне үлес қосса, кейінгісі белсенді бельгиялықтармен жалғыз арпалысты. Қос матчтың да қосымша уақытқа ұласуы қақпашылар ерлігіне байланысты еді. Дегенмен ширек финалға өз мықтылығын дәлелдеген Германия және Бельгия шықты. Олардың қатарына жеңіс голын 118-минутта әрең соққан Аргентина да қосылды. Бұл жолы Месси емес, Анхель Ди Мария ерекше көзге түсті.

Топтық кезеңдегі ірі сенсацияның авторы – Коста-Рика жеңісті жолын әрі қарай жалғастырды. Бұл жолы олар өздері секілді өлермен гректермен 120 минут бойы тіресті. Азшылықта қалып, әбден сілесі қатқан Коста-Рика футболшылары тамаша қақпашы Кейлор Навастың шеберлігінің арқасында ширек финалға шықты. Өз тарихында тұңғыш рет!

«Минейраодағы» масқара

Бірақ ширек финалда Навастың таланты да көмектесе алмады. Бұл ойын да 120 минутқа созылды. Рас, костарикалықтарға талай рет Құдай да қарасты: доп маңдайшаға да тиді, бірнеше ұрымтал сәтті голландықтар дұрыстап пайдалана алған жоқ. Ақыры бәрі тағы да жүйке сынағы – пенальтиге кеп тірелді. Міне, осы сәтте ван Галдың басы істеп-ақ кетті. Айтпақшы, «осы сәтте» емес, бұл жоспарды ол алдын ала ойластырып қойған екен. 120-минутта ол Силлессеннің орнына еңгезердей қосалқы қақпашы Тим Крулды шығарды. Коста-Рика футболшыларының екі соққысын ұстаған ол пенальти сериясының қаһарманына айналды. Осы ойындағы тағы бір қаһарман – өзбек төрешісі Равшан Ирматов еді. Ол финалдық турнирлерде өзінің 9-матчына қазылық етіп, әлемік рекорд жасады.

«Бразилия – Колумбия матчы латынамерикалық техника салтанат құрар сәнді ойын болады» дескен жұртшылықтың күткені орындалмады. Керісінше, кездесу өте дөрекі өтті. Әсіресе алаң қожайындары қарсыласының әр шабуылын «ұсақ фол тактикасы» деп аталатын жағымсыз әдіспен үзіп тастай берді. Олардан колумбиялықтар да қалысқан жоқ. Испан төрешісі Карбальо шектен шығып бара жатқандардың жазасын бірден бермей, жалпақшешейлік танытты. Мұның ақыры Неймардың ауыр жарақатына апарып соқты. Оның арқасынан Суньига тізесімен тепкен, шабуылшының омыртқасы сынған. Колумбиялық қорғаушы бұл дөрекілігі үшін тіпті ескерту де алған жоқ! Ал ойын тағдырын Бразилияның орталық қорғаушылары (Тиаго Силва мен Давид Луиз) шешті. Германия мен Аргентина қарсыластарын (тиісінше Франция мен Бельгияны) бірдей нәтижемен жеңді.

Жартылай финалдың бірінде Германия алаң қожайындарын 7:1 есебімен масқараға ұшыратты. Бұл – Бразилия құрамасының дүниежүзілік чемпионаттардағы ең ірі жеңілісі еді. Және небәрі екінші ірі ұтылысы: алғашқысында олар 1998 жылғы финалда Франциядан таяқ жеген еді (0:3). Сондай-ақ, бұл – жартылай финал кезеңіндегі ең ірі есеп (6 доп айырмасы).

Бұл – командалардың бірінің тепкені гол бола беріп, бағы жанған, екіншісінің алға басқан аяғы кері кетіп, сағы сынған ойын болды. Т.Мюллер соққан алғашқы гол тіпті де мұндай сұмдық нәтиженің бастамасы болып көрінбеген-ді, бразилиялықтар одан кейін де шама-шарқынша қарсыласып бақты. Бірақ 23-29 минуттар аралығындағы немістердің керемет ойыны матч тағдырын шешіп тастады. Алты минуттың ішінде олар төрт гол соқты! Бұл сәттерде Бразилияның қорғанысы мүлде нашар ойнады. Кроос пен Хедира, Өзіл мен Мюллер айып алаңының ішінде емін-еркін пас алмасып, ойларына келгенін істеді. Майталмандар майда балаларға футбол сабағын үйреткендей болды. Бразилиялықтар «екінші Мараканазодан» қауіптеніп жүргенде, күтпеген жерден «Минейраозоға» ұшырады (матч Белу-Оризонти қаласындағы «Минейрао» стадионында өткен еді).

Германия мен Клозенің рекорды

Германия құрамасы қатарынан төртінші әлем чемпионатында жартылай финалда ойнады (рекорд). Және сегізінші рет финалға шықты! Бұл да – әлі ешкім қол жеткізбеген көрсеткіш. Шабуылшы Клозе бұл ойында финалдық турнирлердегі 16-голын соқты. Бұл да – рекорд. Бір қызығы, бразилиялық Роналдо мергендік жөнінен неміс Г.Мюллерді 2006 жылы Германияда қуып жетіп, басып озса, неміс Клозе әлгі Роналдоны... Бразилияда ғана емес, сол Бразилияға қарсы ойында қуып жетіп, басып озды.

Гол соғылмаған екінші жартылай финалда пенальти бойынша Аргентина футболшыларының мерейі үстем болды. «Минейраодағы» масқарадан соң ес жия алмаған алаң иелері сосын Голландия құрамасынан тас-талқан боп жеңіліп, қола жүлдеден де құр қалды.

Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында өткен финалда Германия футболшылары 1:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтиже әділ еді. Аргентиналықтар допқа небәрі 36-ақ пайыз уақыт иелік етті, қарсы қақпаға бірде-бір дәл соққы бағыттай алған жоқ. Рас, Игуаин, Месси және Паласио гол соғатын тамаша мүмкіндіктерді құр жіберіп алды. Ал немістер бүкіл финал бойына басым ойнады. Жалпы Бразилия жасыл алаңдарында Германиядай жақсы ойнаған команда болған жоқ десек те, артық болмас. Ақыры сол қанаттан Андре Шюррле берген пасты шебер пайдаланған жас дарын Марио Гетце жеңіс голын соқты. Екеуі де – алаңға кейіннен шыққан ойыншылар еді. Жалпы бұл чемпионатта матчты алаң жиегінде бастап, ойынға оқыстан кіріскендер ерледі-ақ: 171 голдың 31-ін солар соқты!

Бұл – неміс футболының тарихындағы төртінші табыс еді. Германия құрамасы Оңтүстік Америка жерінде чемпион болған тұңғыш еуропалық команда атанды. Жалпы кейінгі үш чемпионатта тек Қарт құрлық құрамалары табысқа жетіп келеді: 2006 жылы – Италия, 2010 жылы – Испания, 2014 жылы – Германия...

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 32 команда қатысты.

64 ойын өткізілді, 171 доп соғылды (орта есеппен 2,67 гол).

«А» ТОБЫ

Бразилия – Хорватия – 3:1, Мексика – Камерун – 1:0, Бразилия – Мексика – 0:0, Камерун – Хорватия – 0:4, Камерун – Бразилия – 1:4,

Хорватия – Мексика – 1:3

«В» ТОБЫ

Испания – Голландия – 1:5, Чили – Австралия – 3:1, Австралия – Голландия – 2:3, Испания – Чили – 0:2, Австралия – Испания – 0:3, Голландия – Чили – 2:0

«С» ТОБЫ

Колумбия – Грекия – 3:0, Кот-д'Ивуар – Жапония – 2:1, Колумбия – Кот-д'Ивуар – 2:1, Жапония – Грекия – 0:0, Жапония – Колумбия – 1:4, Грекия – Кот-д'Ивуар – 2:1

«D» ТОБЫ

Уругвай – Коста-Рика – 1:3, Англия – Италия – 1:2, Уругвай – Англия – 2:1, Италия – Коста-Рика – 0:1, Италия – Уругвай – 0:1, Коста-Рика – Англия – 0:0

«Е» ТОБЫ

Швейцария – Эквадор – 2:1, Франция – Гондурас – 3:0, Швейцария – Франция – 2:5, Гондурас – Эквадор – 1:2, Эквадор – Франция – 0:0, Гондурас – Швейцария – 0:3

«Ғ» ТОБЫ

Аргентина – Босния – 2:1, Иран – Нигерия – 0:0, Аргентина – Иран – 1:0, Нигерия – Босния – 1:0, Нигерия – Аргентина – 2:3, Босния – Иран – 3:1

«G» ТОБЫ

Германия – Португалия – 4:0, Гана – АҚШ – 1:2, Германия – Гана – 2:2, АҚШ – Португалия – 2:2, АҚШ – Германия – 0:1, Португалия – Гана – 2:1

«Н» ТОБЫ

Бельгия – Алжир – 2:1, Ресей – Оңт.Корея – 1:1, Бельгия – Ресей – 1:0, Оңт.Корея – Алжир – 2:4, Оңт.Корея – Бельгия – 0:1, Алжир – Ресей – 1:1

1/8 ФИНАЛ

Бразилия – Чили – 1:1 (пен. 3:2), Колумбия – Уругвай – 2:0, Голландия – Мексика – 2:1, Коста-Рика – Грекия – 1:1 (пен. 5:3), Франция – Нигерия – 2:0, Германия – Алжир – 2:1 (қосымша уақытта), Аргентина – Швейцария – 1:0 (қосымша уақытта), Бельгия – АҚШ – 2:1 (қосымша уақытта)

ШИРЕК ФИНАЛ

Франция – Германия – 0:1, Бразилия – Колумбия – 2:1, Аргентина – Бельгия – 1:0, Голландия – Коста-Рика – 0:0 (пен. 4:3)

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Бразилия – Германия – 1:7, Голландия – Аргентина – 0:0 (пен. 2:4)

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Бразилия – Голландия – 0:3

ФИНАЛ

Германия – Аргентина – 1:0 (қосымша уақытта)

13 шілде. Рио-де-Жанейро. «Маракана». 74 738. Төреші Риццоли (Италия).

Германия: Нойер, Лам, Боатенг, Хуммельс, Хеведес, Крамер (Шюррле, 31), Швайнштайгер, Кроос, Өзіл (Мертезакер, 120), Мюллер, Клозе (Гетце, 88).

Аргентина: Ромеро, Сабалета, Гарай, Демикелис, Рохо, Билья, Маскерано, Перес (Гаго, 86), Месси, Лавесси (Агуэро, 46), Игуаин (Паласио, 78).

Гол: Гетце, 113.

Ескерту алғандар: Швайнштайгер, Хеведес, Маскерано, Агуэро.

Сұрмергендер

Хамес Родригес (Колумбия) – 6 доп, Томас Мюллер (Германия) – 5.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Қандастар қазаққа, Қазақстанға не берді?

Райыс Әріпжанұлы 2213
Алашорда

Түркілік тек және түркі-моғол бірлігі

Жәди Шәкенұлы 1045
Қауіп еткеннен айтамын

Газдың геосаяси «геморройы»

Әміржан Қосан 1230