Т.Жұртбай. Тұрпайы социологиялық сын – махаббатың өзінен таптық астар іздеді
Жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе!..» кітабының жалғасы. Өткен бөлімдерін мына сілтемелерден оқи аласыздар:
http://abai.kz/post/view?id=7271
http://abai.kz/post/view?id=7292
http://abai.kz/post/view?id=7363
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7819
http://abai.kz/post/view?id=7851
http://abai.kz/post/view?id=7963
http://abai.kz/post/view?id=8004
http://abai.kz/post/view?id=8164
http://abai.kz/post/view?id=8190
http://abai.kz/post/view?id=8438
http://abai.kz/post/view?id=8635
http://abai.kz/post/view?id=8747
http://abai.kz/post/view?id=8925
http://abai.kz/post/view?id=8955
http://abai.kz/post/view?id=9050
http://abai.kz/post/view?id=9536
http://abai.kz/post/view?id=9857
http://abai.kz/post/view?id=10194
http://abai.kz/post/view?id=10277
http://abai.kz/post/view?id=10532
http://abai.kz/post/view?id=10740
http://abai.kz/post/view?id=10973
http://abai.kz/post/view?id=11107
http://abai.kz/post/view?id=11260
http://abai.kz/post/view?id=11485
http://abai.kz/post/view?id=11583
http://abai.kz/post/view?id=12512
http://abai.kz/post/view?id=12602
http://abai.kz/post/view?id=12674
http://abai.kz/post/view?id=12762
http://abai.kz/post/view?id=12863
II
Қиял құсы шарықтап, жүрегің алып-ұшып ұмтылғанмен, әдеби зерттеудің құлақ күйі – көркем шығарма болғандықтан да, «ұлып жұртқа қайтқан ойдың» соңына ілесіп, айналып келіп қазығыңды табасың. Қазіргі ретте «Қаракөздің» алдына кеп тізе бүгесің. «Әйтеуір белгілі бір адамды тұлға етіп суреттегің келеді екен, ендеше өзіннен баста» – депті И. С. Тургенев. Дұрыс. Иван Сергеевичтің еркіне көнсек, «Қаракөздін» жазылу тарихын, прототиптік сыпатын, автордың шығармашылық психологиясын саралау барысында Мұхтар шығармаларының көркемдік жинақтауында бұрын-соңды кездеспеген тәлімге тап болдық. Ілгергі дүниелердегі сюжеттік желіске өмірде болған бір ғана оқиғаның көзінен арна алатын көркемдік шешім мен жазушының өз басынан кешірген сезімдері негіз қаласа, «Қаракөзде» мүлдем тосын тәжірибеге көшкен. Рухани тебіреніс, поэтикалық буырқаныс тұрғысынан өзінің жан дүниесіндегі сырын «төккенімен де», пьесаның сүйегін құраған жайлардың өмірлік деректері тарау-тарау тарамдарға тартады. Егер, нақты прототиптік шындықты іздесек, онда ол біреу емес, екеу емес, үшеу емес, төрт түрлі тағдырдың тамырын қосады. Әрбір оқиғаның жаңғырығын бір-біріне тели отырып, көңілінде екшеп, солардың барлығына ортақ әуен мен сарын тауып, тебірене жырлайды. Тіпті, «Қарөгөздегі» басты кейіпкер жеке адам емес, «асықтық пен ақындық құмарлығы билеген – биік сезім». Мұхтардың өзі осындай деп баға бергендіктен де болар ұсақ-түйек тұрмыстық тіршілікті қазбаламаған. Қажет деп таппаған. Сырым мен Қарагөз де, Нарша да, тіпті қарама-қарсы екі топтың үлкен-кішісі, еркек-әйелі, сал-серісі сол сайраншыл көңілді түсіне отырып, өздері қаһармандарымен бірге күрсінеді. Бәріне ортақ – «қайғы-зар» бар, бәріне ортақ «асықтық пен ақындық» бар. Сол «жеке бастың күй шерінен бастап барып, көп мұңдар, жылаулар күйіндегі азапты ұғынуға халықтық кайғы-қамды ұғынуға беттеген шабытты көрсетпек... Қайғы-қасірет қазасынан туған ызалы шабытты бейнелеген». Мұхтар, «Қарагөздің» өңделген екінші нұсқасында қатарынан екі рет қайталаған «шабыт» сөзінің қолданылуын өз басындағы толқуы, толқымалы көңіл күйі дейік. Ал, қалған оқиғалар ше? Қарама қарсы екі кейіпкер бір-бірімен түсінісіп, ащы запыранын төгіп, қосыла жылайтыны несі?
«Н а р ш а (Сырымға). Сырым, сен жалындаған асыл сөздің иесісің. Сенің сөзің ажалдыға кез келсін деуші еді жұрт. Бірақ шарай топтың көзінше пұшпағына ілінген ажалды киік мен болдым ба? Азалы, қайғылы жалғыз Қаракөз емес, сен де арманда көрінесің» – дейді сыйлы, сырлы сөзбен.
С ы р ы м. «Қарағым мені жерлеп қайтесің? Мен жол мен жөннен адасқан әуре жанмын... Менің елім – жылаған қыз бен жырлаған жігіт... Одан басқа елдің бәріне мен жатпын, маған сен де жат. Тіл алсаң мені қажама. Сенімен шиеленіспей-ақ қояйын» – деді Наршаға іш тартып.
Екі ортада шер күйігіне өртенген – Қаракөз жүр қамығып. Бұл психология Мұхтарға таныс, ыстық табы ұмытылмаған Кәмиланың бұрынғы күйеуі мен өзінің арасындағы сөздердің, жан түкпіріндегі жаңғырықтардың сәулесі шығар. Сонда, бұл Кәмиланың күні ертең Қаракөз тағдырын қайталайды деген емеурін бе? Әңгіме – өлімде емес, жан азабын шегудің арпалысында. Қаракөз Наршаны да кем көрмейді, тең ұстайды. Бірақ Сырым – Сырым ғой! Тек сезім тебіренісіне құрылған шығармадағы кейіпкердің арасындағы бірін-бірі жылап жүріп, жырлап жүріп дамитын психологиялық шиеленістің ащы ұйтқысы не? Қаракөз бен Сырымның қосылуына жол бермеген қандай «кер заманның қайғы қасіреті?» Ол – Қаракөздің жеңгесі Ақбаланың аузынан шыққан, шошынып жағасын ұстап:
«Астапыралла, мынау не деген сұмдық! Бір туысқан әкелердің балалары көздері тіріде... Құдай-ай, қаһарынан сақта. Төрем! Сені қара басқан екен ғой» – деген жалғыз ауыз сөзінде.
Зар жылаудың, бар жылаудың қобыз күйі – Қаракөз бен Сырымның немере туысқандығында! Жеті атаға жетпеген ағалы-қарындастардың бір-біріне ғашықтығында. Содан қымсынған Қаракөз:
«Жеңеше мен саған бәрін айтқанда атын неге айтпайды дейсің? Айтуға аузым бармағандықтан көзі көрсін дегенмін. Сүйгенім Сырым болмаса мен жалғызбын дер ме едім», – деп мұңын шағады.
«Н а р ш а (Сырымға)... Қаракөздің күйігін жыр қылушының басы сен болған соң, қарындасыңда не арман болсын. Жалғыз-ақ керегі жоқ... Бұ да кезі келген заман шығар» – деп өкпе-наз айтады. Өшпендік емес – өкпе-наз. Ал Сырым: «Ол – Қаракөз, мен – Сырым... Қаракөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді? Бізді құдайдың өзі қосқан. Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп тілеп алғамын» – дейді ақталып.
Бүкіл шығармадағы ақыл-ой азабы – екі уыз жастың арасындағы ақындық, албырттықпен тұтасып кеткен сезімдерін даттамай, олардың осынау нәзік те оғаш қылықтарына қарғыс жаудырмай, аяныш танытып, ақтап алу жағында. Туыстық қаннан гөрі пәк ниетті өрт мінезді аялай жырлайды. Мұхтар нені мегзеп, кімді көрсетіп, кімді ақтап отыр? Кәмила мен екеуінің арасындағы «немерелестікті» ойдан құрап, жауыздық пиғылмен таратқан ғайбатшыларға жан тазалығын паш етіп, жалпы ғашықтық сезімнің кез келген тіршілік ұғымынан биік әрі қатерлі екенін айтқысы келді ме. Кейіпкердің атын – Сырым қоюы: «Бұл менің сырым, жан сырым, сіздерге айтар сырым» еді деген ишарадан туған жоқ па? Мұның барлығы – әр адамның сана арқылы тұспалдайтын түйсігінің еркіндегі ілхам.
Егер де, «Қаракөздің» екінші нұсқасында шығарманың алғашқы реңін әлсіреткен, «сал-сері, бұлаң жігіт, кер марал ерке тотылардың» аяқ астынан әнін де, сәнін де ұмытып, зарлай жөнелуінің мәнісі ашылмай қалатындай көмескі қалған көркемдік себеп болса – ол осы туыстық қарым-қатынас. Мұхтар Әуезов екінші нұсқадағы алғы сөзде: «Шығарманың ерте күндегі қателіктерін жойып, жаңғырған жаңа вариантын алдарыңызға ұсынамын», – дегендегі қателіктің үлкені, серілер сахнасы, прологы болса, екіншісі осы немере адамдардың ғашықтығы еді. Кейінгі нұсқада Сырым мен Қаракөздің арасы «алты атаға» шегеріледі. Бұл орайда кінәні жазушыға артудың еш қисыны жоқ. Ол өзгертулер, 1932 жылғы 10 шілдедегі «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған ашық хатындағы: «Менің өткендегі жазушылық қызметімнің айқын белгілері «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» сияқтылары еді. Бұлар бүгінгі төңкеріс дәуірінен алыстағы қазақ салтын көрсетумен қатар, өздерінің екшеліп алынған тақырыптары бойынша төңкеріс тематикасынан әдейі аулаққа жайылып кеткендікті және ұлтшыл жазушылардың табына кеткендікті білдіретін нәрселер» – деген сөзінен соң жасалды.
Тұрпайы социологиялық сын – махаббатың өзінен таптық астар іздеп, көркем өнердің шарттары мен заңдылықтарын назардан тыс қалдырған кезеңде, тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ел көлеміндегі өнер иелері сыртқа қақпайланды. Сергей Есенин, Владимир Маяковский, Алексей Толстой, Анна Ахматова, Марина Цветаева тағдырларына да салқыны тиіп еді. Өзгені былай қойғанда, махаббат мәселесінің өзіне «өшпенділікпен» қарап, Қаракөз бен Сырымды жазаға тартуға шақырды. Екеуінің ғашықтығы «қылмысқа» саналды. «Еңлік-Кебектен» артықшылығы болмаған Қаракөз бен Сырымды екі ру бірігіп неге ат құйрығына таңбайды. Оның үстіне Сырым мен Қаракөз қазақ елінің тарихында болмаған істерді істеді, бір әкенің балалары. Бір-біріне ғашық болып, жігітшілік жөнінде масқара болып отыр. Ол күндегідей елге мұнан артық өлім бар ма, бұл екеуін ат құйрығына тағуға ол күндегі қандай ру қарсы болды. Қайта қыбы қанбай ма?... Тіпті қазір де заңда жол бермейді ғой. Тіпті ерте мезгілде қазақта мұндай оқиға болғанына кім сенеді. Жазушы оны немен сендіреді. Кітаптың ең негізді орны, негізгі оқиға осы екеуінікі болса, қазақ еңбекшілерінің жаңа жұртшылығына мұнан қандай пайда, үлгі алатын жеміс күтуге болады» – деп жазғырды Орманбайұлы. «Өзінің ағасына ғашық болып, көріне көзге екі рудың намысын аяққа басқан Қаракөзді Нарша неге тып-тыныш алып жүре береді... Қаракөзді оң жаққа тастап кетіп, екі ел болып неге сөзге келмейді, екі елдің күшімен Сырымды ұстап, Қаракөз бен Сырымға Еңлік-Кебектің керін неге келтірмейді... Мұндай оқиға ол күндегі қазақ дәстүрінде ешбір уақытта болғандығы жоқ, болғандығына «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дәлел бола алады. Қаракөз болған да шығар. Бірақ басқаша болар. Ол күндегі қазақтың ру заңынан сырт болуы мүмкін емес».
Жазалау, үкім кесу тұрғысынан алғанда Қаз АПП сыншысы Кеңгірбайдан да, Көкенайдан да, Еспенбеттен де асып түсті. Мұхтарға деген жеккөрініш оның шығармасындағы бас бостандығы үшін күрескен қыздың тағдырына ауысып кетті. «...Қаракөз сияқты бұзылып барған әйелді «ит көзі түтін танымайды» қылып ит қорлықпен жер-ошақ басында өлтірмей ме, жазушы Қаракөзді былай етіп көрсетпейді, кайта Қаракөз барған жеріне айыбының үстіне үстем болады» – деп те ақыл береді.
Сонда, «Әйел теңдігі», «қалың мал жойылсын» деп ұран тастаған «кедейшілдердің» бұл үкімін қалай түсіну керек? «Таяғым тисе – басқа, тимесе – тасқа» – дегеннің кері бұл. Көздегені – Қаракөз емес, Мұхтар. Реалистік өнер заңдылығы ол оғаштықтардың есесін толтырды, тиісті бағасын берді. Бірақ та Мұхтар Әуезов кейбір шығармаларындағы әуелгі авторлық позициясы мен тұспалына қайта оралып, орнына қоюға үлгіре алмады.
Бұл енді жазушы мен шығарма арасындағы байланысты реттеудегі тағдырдың рақымсыздығына жатады.
«Қаракөздегі» оқиға желісі өрбитін негізгі ұйтқы анықталды. Басты себеп – немерелес уыз жастардың туысқандық шекарадан аттап етіп, ағайындықтан ғашықтыққа, асықтыққа жетелеуі. Көркем шығарманың өмірлік дерегін, демек, осы «немерелес ғашықтардың» айналасынан іздейміз. Ондай оқиғалар ілгерінді-кейінді дәуірлерде, алыста емес, сол Абай ауылында, ұлы ақынның көзі тірісінде өткен. Өзі де араласқан жайлар. Бір емес, бірнеше оқиғаның басын құрайды. Кейіпкерді көркем кестелеудің тәжірибесі мол. Соның бір саласы: «Ең керекті, қисынды оқиғалармен типтік жайларды тырнақтап жиып, солардың басын қосып көркем қиялдың еркіне беру қажет. Жинай жүріп өзіңмен салыстырасың, өз бойыңнан не қарақшының, не қиялшылдың, не қызғаншақ әйелдің, сайқал мен сарамастың мінезін іздейсің» – деп А. Н. Толстой айтқан жол. Мұхтар да «Қаракөзді» жазғанда сол тәсілді қолданған. Мұнда өмірдегі төрт түрлі оқиғаның өзегі жымдаса өрілген.
Сонда Сырым кім, Қаракөз кім?
«Қаракөз» трагедиясының прототиптерін іздестіру барысында бір қызықты ұқсастықда кезіктік. «Ақылдың азабы» сияқты терең тамырлы қаһарманы Чацкийдің бір өзіне төрт адамның бейнесін біріктіргені тәрізді, «Қаракөздің» де өмірде болған төрт оқиғаның негізінде жазылғанына көз жеткіздік.
Олар кімдер? Қай заманда өмір сүрген. «Қаракөз» трагедиясында сол оқиғалар қалай тұжырымдалып, жинақы бейнеге ұқсап, бір шығармаға біріктірілген. Мұхтар Әуезов сол оқиғамен қалай танысты? Міне, осы жайларды оқырман назарына ұсына отырып, салыстыра талдап көрейік.
Қарт Шыңғысты мекендеген адамдардың тағдыры Мұхтар шығармашылығында ерекше дара, оқшау орын алады. Америка жұрты Нобель сыйлығының лауреаты
Ульям Фолькнерді Миссисипи штатының «меншікті қаламгері» десе, Мұхтардың да «Шыңғыстаудың жыршысы» деп аталуға толық хақысы бар және заңды да. «Абай жолы» эпопеясын қоспағанның өзінде, классикалық әңгіме, драмаларының өзінен-ақ анық айшықтанады.
«Қаракөз» трагедиясы да сол өңірдегі, оның ішінде ұлы жазушының өзі араласып өскен Абай ауылы төңірегіндегі оқиғалардың негізінде өрбіген. Трагедиялық тағдырлардың себеп-сырын жеткіншек жасынан жүрегіне тоқыған Мұхтар Құнанбайдың Айқыздан туған офицер ұлы, Абайдың тетелес інісі Холиолла Өскенбаевтің сондай-ақ, сол Құнанбайдың Күнкеден туған немересі, сал-сері Әмір Құдайбердиевтің, Шаған өзенінің сағасындағы Ғалия мен Ниязбек атты ғашықтардың және «...жазушының өзі басынан кешіп, куәгер болған бір оқиғаны «Қаракөзді» жазу кезінде пайдаланған. Зейін қойып, назар аударған жанға қай көріністің қай оқиғаға қатысты екендігі оңай аңғарылады. Пьесаның алғашқы нұсқасында Қаракөз бен Сырымның немерелестігін тағы да еске саламыз. Оны баса көрсетудегі мақсатымыз талдау барысында анықталады. Сонымен...
Бірінші прототип:
Өткен ғасырдың екінші жартысында аға сұлтан Құнанбай өзінің ұлы Халиолланы орысша мектепке береді. Ол 1859-1867 жылдары Омбыдағы Кадет корпусында, кейін 1867-68 жылдары Мәскеудегі III Александр атындағы әскери училищеде оқып, офицер шенін алады. Халиолла Шоқан Уәлихановпен таныс. Өйткені оның інісі екеуі бірге оқыған. Және Уәлихан мен Құнанбай да өзара жақын қарым-қатынаста болған. Халиолла демалыс кезінде Шыңғысқа бара жатып Семейдегі Тінібайдың немере қызы Айғанымды ұнатып, көңіл қосады. Тінібайдың екінші ұлы Мендібайдың әйелі Қүнанбайдың қарындасы, Халиолланың әпкесі. Бірақ Айғаным Меңдібайдың басқа әйелінен туады. Яғни қандық жақындығы жоқ. Біз тарихи мәліметтерді толығырақ беру үшін екінші бір жорамалды да ұсынамыз. Онда – Құнанбайдың кенже қарындасын Тінібайдың өзі тоқалдыққа алған. Халлиолла бәйбішесінен туған қызға ғашық болады. Шариғат жолы бойынша Тінібай да, Құнанбай да Халиоллаға қарсы болған делінеді. Қалай болған күнде де бір шындық анық. Ол – Халиолланың әпкесі Мәкіш Тінібайдың үйінің босағасын аттаған. Халиолла – сол Мәкішті тоқалдыққа алған адамның бәйбішесініц қызына ғашық болған.
….Егер Халиолланың 1868 жылы офицер шенін алғанын ескерсек, онда оның Айғанымға ғашық болғаны 1868-1869 жылдың қысы еді дегенге саяды. Біз – Айғаным – Мендібайдың қызы, Мәкен – Меңдібайдың әйелі дегенге жүгінеміз. Әйтеуір әке жағынан немере туыстығы бары рас. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай.
Қысқы боранды-шашынды уақытта әке-шешелерінің рұқсат бермейтінін білген қос ғашық жасырынып, қаладан қашып шығады. Халиолланың қасына әнет руынан Мырзақан есімді адам ереді. Қыздың ағайындары соңдарынан қуады. Олар адастырып кетеді. Ұстай алмасын білген соң Семейден әскер жалдап, соңынан салады. Шыңғыстың сілемі Тасбөгетке жеткенде әскердің қарасы көрініп, жақындап қалады. Қыз бен жігіттің шанаға жеккен аты болдырады. Сонда салт атты Мырзақан:
– Қызды маған бер. Мен бұта-жыраны сағалап құтылып кетем. Ал өзіңе түк те істемейді, әкел, – дейді.
Халел (Халиолла – Т. Ж.) шанадағы қызды көтеріп алып, жақындай бере кілт тоқтайды.
– Әй, Мырзақан, қалыңдығын ат артына мінгестіріп жіберді деген жаман атаққа қаламыз. Мұнымыз болмас. Не жазса да көрейік. Жүрегіміз бір, серттен таймаймыз, – дейді.
Сөйтіп екі ғашық қолға түседі. Екеуін абақтыға қамап, сот ісін қозғайды. Ел ішінде де үлкен тартыс туындайды. Құнанбай мен Тінібай бірі ұлын, бірі қызын жазаға тартады. Тек Абай ғана ара түседі. Сол кезінде қыз сөзінен, сертінен таймайды. Абақтыда отырса да мойымайды. Халиолла да зар-мұңын шағады. Қатал үкім орындалады. Екеуін қоспайды. Құнанбайдың қаталдығына, катыгез мінезіне ренжіп, әрі ғашығынан айрылған Халиолла ауылға соқпай, сол бетінде Омбыға кетіп қалады. Қыз бен екеуі өлеңмен хат жазысыпты. Ағайындарының қорлығы мен қоқан-лоққысынан қатты азап шегіп, шошынып қалған қыз шерменде күйге шыдамай есінен адасады. Оның қызба ауруға шалдыққанын естіп, өзі де құсаланып 1870 жылы 2 шілдеде қайтыс болады.
Өлер алдында Абайға хат жазыпты (Халелдің бір хатын академик Ә. Марғұлан Ленинград университетінің профессоры Березиннің архивінен тапқан – Т. Ж.) Онда өзінің ұзамай о дүниеге аттанатынын айтып, өзін Шыңғыстың қара дауылының үніне салып, ащы дауыспен жоқтауын өтініпті. «Ол менің құсалы өмірімнін үні. Көзге ешкім жас алмасын» – депті. Сондай-ақ сол жақта жүріп, өз ата-бабасынын қатыгездігін суреттейтін тарихи дастан да жазса керек. Айтқандай, хат соңынан қайғылы хабар ілесе келеді. Халиолланың сүйегін Құнанбай Омбыдан атпен алдырады. «Абай жолындағы» кездесетін Сарыапа дауылдың дауысын салады. Алдын ала сүйек келгенше өзгелерге де (әйелдерге) үйретіп, үш жыл бойы күніне бір уақыт жоқтап отырыпты.
Міне, «Қаракөздегі» қыздың сүйген, жүрегі қалаған Сырымнан айырылғаннан соңғы жындану сценасы осы оқиғадан алынған. Оған негізгі дәлел: жоғарыдағы Халиолла мен Айғанымның тағдырының пьесамен астасып жатуы. Мұхтар Әуезов сол мұңлықтардың өмірімен жақсы таныс. Ол – енді автордың көркемдік ой екшеуінің еншісіндегі мәселе.
Халиолланың тағдырын Әбіш Жиреншин де білгені Абай шығармалары жинағының 1961 жылғы басылымында біраз дерек келтіреді. Осы оқиғаны ұлы жазушының өзінен естіген қария, Халиолланың бір анадан туған немере інісі Ахат Шәкерімұлы Құдайбердиев былай дейді: (Әңгіме 1976 жылы жазып алынды. Ахат Құдайбердиевтің көзі тірісінде жинақта жарияланды – Т. Ж.)
– «Қаракөздің» соңғы түйіні Халиолланың өмірінен алынғанын Мұхаң оңаша бір әңгімелесіп отырғанымызда маған сыр ғып айтқан. Романдағы Дәрмен – Мәкен арасындағы оқиғаны неге өзгертіп кірістіруінің себебін де ескерткен. Абай образын биіктете түсу үшін ғой. Халиолланың Семейдегі сотына Абай аға араласқан. Бірақ діни жолды қатты ұстаған қос әке – Тінібай мен Құнанбай жастарға есе-теңдік бермепті. Бар қолынан келгені Халиолланы үлкен шығыннан, даудан құтқарыпты. Тінібай тұқымы қуғыншы әскерге жұмсалған қаржы мен сот шығынын Халелге (Халиоллаға – Т. Ж.) жүктепті. Бір көмегі тиер деген үмітпен оны Халел өз мойнына алып; қол хат жазып беріпті. Абай қалаға келгенде кепілдеме Семейдің бас хазіретінде екен. Сәлем берген болып барыпты. Хазіреттен:
– Қолхат жалған шығар. Көрсет – деп өтінеді.
– Мінеки, – деп ұсынған қағазды күлдей ғып жыртып тастапты.
– Ойбай, Абай, пайғамбар алдында тек күнәға ғана батырдың, мойныңа сен ал, – дегенде:
– Жоқ, хазірет, күнәдән енді арылдың. Әйтпесе екі жастың көз жасы сенің мойныңда қалатын еді, – депті.
Екінші бір есімде қалған әңгіме, Зере апамыз Халелдің жылы өткен соң, оның мүліктерін балаларына үлестіріп беріпті. Біреуі қылышын, біреуі белдігін, біреуі офицерлік киімін алыпты. Зере: «Қарағым Абайжан, қайсысын аласың» дегенде «Әже, маған үюлі жатқан кітабын беріңіз», деп кітаптарын қалап алыпты, Халиолла жөніндегі мағлұматым осы. Ал, оқиғасы да жоғарыдағыдай, – деді Ахаң.
Әуел баста Мұхтар Әуезов Халиолла өмірін өз атымен жазуды ұйғарып жоспар да жасапты. Онда: «Тінібай үйі. Қала жасының қызығы. Оқудан келген Халел, Тінібай қызымен екі арасы. Қазақ жайын білмейді. Тінібай қызын алып қашады. Абай Аякөзге қуып барған. Алып қайтады. Халел мінезсіз төрешік. Абай ұрсады» – деп көрсетіпті. Бірақ образдың тұтастығын сақтау мақсатымен бұл оқиғаны Дәрмен бейнесін аша түсу үшін қолданған. Жазушының Халиоллаға ерекше көңіл қоюы – жоғарыдағы оқиғаның шын екендігін дәлелдейді. «Қаракөз» ашықтықтың салдарынан жынды болады. Ашық болған кісі жынды бола ма екен. Қазақ баласында бір-біріне ашық болып жынды болғандар бар ма, жынды болса – кімдер болды? –деген Жұмабай жолдастың да «айыптауына» берер жауап осы.
Халиолла – Құнанбайдың бәйбішесі Айқыздан туған. Ол Омбы, Мәскеу қалаларынан ауылға оралғанда шетел және орыс жазушыларының шығармаларын алып келіп, мазмұнын жұртқа айтып беріп отырған. Ол туралы 1896 жылы «Русское богатствода» оқымысты ғалым Г. Н. Потанин сүйіне баяндаған. «Маған Омбының кадет корпусын бітірген, Семей маңында туған, қырда тұрған қазақтың бір сұлтаны (осы күнде қайтыс болған Өскенбаев) туралы біреу әңгіме айтты. Ол кешке жақын өздерінің жерлестеріне орыс романдары мен повестерінің мазмұнын түсіндіреді екен, ал қазақтар оны сондайлық ынтамен елти тыңдап, одан айтқандарын жазып беруді өтінеді, соның арқасында Тургенев, Лермонтов, Толстой, тағы басқалардың шығармаларын ойша аударған дәптерлер пайда болған. Кейде мұндай әдебиет кештерінде киіз үйдің ішінде өзара таластар туатын, көрген адамдардың айтуынша сол кезде Өскенбаев орыс беделіне сүйенеді екен де: «Тыңдаңыздар, бұл жөнінде орыстың белгілі сыншысы Белинский не дейді екен»: не болмаса: «бұл жөнінде орыс сыншысы Добролюбов былай деген» – деп түсінік беріп отырыпты», деп жазды Г. Н. Потанин журналдағы мақаласында.
Тәрбиелі, білімді Халиолла Өскенбаев Шыңғыс өңіріне тұңғыш рет ағасы Абайдан бұрын орыс әдебиетінің лебін, тынысын, үрдісті үлгісін әкелген. Бұл дәстүрді кейін Абай одан әрі жалғастырды. Кейбір деректерге қарағанда Халиолла Шоқаннын ұстазы Н. Ф. Костылецкийге «Еңлік-Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын, Жиренше шешеннің әңгімелерін айтып берген. Костылецкийдің, досы, профессор Березиннің архивінен Халиолланың хаты табылуының өзі осы тұжырымды растайды.
Академик Әлкей Марғұланның қолжазбаларынын: ішінде бүркеншік атпен жазылған, Ресей газеттерінде жарияланған көптеген материалдар сақталған. «Хан тауы туралы аңыз» мақаласын бізге оқып беріп еді. Шы-ғыстанушы ғалымдар Н. Ядринцев пен Н. Наумов Халиолланың қолжазбаларын жинастырған, кадет корпусында оқи жүріп, ел аңызын баспасөзге, не ғалымдарға жолдап отырған. Қалайда, өмірі ерте үзілген Халиолла Өскенбаев туралы осыншама деректердің жиналуы, онын жас кезінің өзінде үлкен талант иесі болғандығын байқатады. Құнанбайдың өзі де ерекше үміт артыпты. Жалындаған жас өмірдің жүрек оты ерте өшті. Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасының тұжырымына өмірі арқау етіп алынған Халиолла Өскенбаев жөніндегі архив деректері мен ел аузындағы әңгіме, міне, осындай.
Ал екінші прототип...
...Ол – Сарыарқаны әнге бөлеген күміс көмей сал Біржанның серігі, кезінде серілік құрып, қызылды-жасылды киініп, астындағы сәйгүліктерінің жал-құйрығына түрлі түсті шүберек тағып, сән-сауықтың дуы болған Әмір Құдайбердиев. Бұл да Халиолланың інісі. Шәкерім ақынның туған ағасы. Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған жалғыз ұлы Құдайбердінің баласы. Әмір жеті жасында жетім қалып, үлкен үйдің еркесі атанып өседі. Өзі өткір, өжет, өнерлі екен. Бозбала шағынан ән айтып, 30-40 жас жігітті қасына ертіп, арқаны әсем әуенге бөлеп, ел-жұрт аралаған. Оның салдық өнеріне Құнанбай наразылық білдіріп, қатты азапқа салып, арбаның артына таңып тастаған. Сонда да өткір тілімен Құнанбайды түйреп, алған бетінен қайтпаған. Әмірдің салдық өнері, Үмітей қызбен арадағы мейірімге толы қимас махаббаты, «Абай жолы» эпопеясының «Жайлауда», «Оқапта» атты тарауларында тамылжыта суреттелген. Сондағы бөлімде Әмір мен Үмітейдің ғашықтық сыры кең толғанып, мұңлы сырға ұласады. Бұл оқшау үзіктегі оқиға «Қаракөздің» сюжетімен сабақтас. Әсіресе, екі асықтың оңашада табысып, мұң-шерін ағытып тұрған жеріндегі қыз күйеуінің ұстап алуы, сонда да екеуінің бір-бірінен ажырамауы, тіпті кейбір сөйлемдер мен диалогтарға дейін өте ұқсас. Әрине, екі шығармада айырмашылықтар да бар. Ол проза мен драматургия сияқты әдебиеттің екі ұдай жанрының ішкі заңдылықтарынай туындаған өзгерістер.
Романда да, драмада да, Әмір мен Үмітей, Сырым мем мен Қаракөз аталас, туыстығы жеті атадан барып тоғысады. Екеуі де бір ауылдан. Қос шығармада да қыздың ұзатылу сәті суреттеледі.
Демек, Әмір мен Үмітей тағдыры «Қаракөз» трагедиясының бірінші бөліміне көркем материал ретінде желі тартқан. Әрине, «қайғылы хал» эпопеядағы тараудан жиырма бес жылдай бұрын жазылды. Жазушының ше-берлігі де өсіп, деректі оқиғаға өзгеше тың, толысқан көзқараспен келді. Абай өміріне өзектестіре өрді. Дегенмен де, сюжет сарабы қабыса дамып, қатарласа көгенделген. Тіл кестесіндегі сарын да төркіндес. Тек драмада сөз салмағы қатқылдау, салмақты, ширақ, сөйлемдер ықшам. Эпопеяда сырлы саз, ойлы өріс, терең толғау басым.
Қашан да көркем шығарманың өз шындығы бар. Ол қаламгердің шығармашылық қиялының шарықтауына, шығарманың негізгі мақсатына, кейіпкердің философиялық көзқарасында, оқиға өрісіне қарай өріс тауып, өрбіп, құбылып отырады. Бұл, әрине, тарихи шындықтан бас тарту емес, қайта сол оқиғаны көркем тілмен, қисынды жүйемен мол мағлумат аңғартып, жүректе із қалдыратындай етіп суреттеу мақсатынан туындайтын байсалды байлам. Көркем туындыға ауадай қажет қасиет. М. Әуезовтің өзі айтқандай «көркем қиялға еркін ерік берген», Абайдың немерелес бауыры Ахат Шәкерімұлы Құдайбердиев жоғарыдағы оқиғаның өмірде қалай өрістегені хақында қызықты бір дерек айтты. Ахат ақсақалдың әкесі Шәкерім мен Әмір бір әке, бір шешеден туған. Екеуі де Құдайбердінің баласы. Әмірдің жеке өмірін де Ахат Құдайбердиев жақсы біледі. Әмірдің өмірі лап етіп жанып, шоғының қызуы тез күйдіріп, тез өшетін сексеуіл сияқты ғой. Лаулады да өшті. Ғұмыры аз болды. Абай «өзі де өртеніп туратын», – деп есіне алады екен. Эпопеяда осы жайда: «...Абайдың ең бір қадірлес ағасы Құдайберді жастай өлгенде, содан жетім қалған бес баланың ортаншысы Әмір болатын. Құдайберді өлерде Абай оған; «Балаларды әке орнына бағу, – қарызымыз болар», деп, «жетімдік көрсетпеймін» деп ант еткендей болатын. Айт-қанындай, Абай содан бері Құдайберді балаларын өзімен туысқан Оспаннан да, өз балаларынан да қатты еркелететін. Ал Әмір болса, сол балалардың ішіндегі әнші, өнерлісі боп келеді. Ерке, серілігі де бар. Өзінде шалқып, серпіп шығарлықтай бір шығымы бар, дәмелі жас. Аса тілеулес ағасы Абай оның алдынан шықпайды және ешкімге бетін де қақтырмайды» – деп байыпты баяндалған. Біржанның үлгісін көріп, әншілік тәрбиесін алған.
Әмір де салдық құрып, қызыл-жасыл киінген, домбыраларына үкі таққан, астындағы аттарының жал-құйрығына шүберек байлап, өнерді өмірлік мақсат еткен, Шыңғыс өңірінің 30-40 жастарын біріктіріп, қатар түзеп, сән-сауық құрып жүреді екен. Біздің ауылдағы жақын бір ағайынның қызына ғашық болыпты. Бұл екеуі де қажы атанған Күнекеңнің жүрегіне тікендей қадалады. Қодар – Қамқа оқиғасын есіне салып, өз тентегіңді қайтесін деген ишара білдіріп, емеурін танытқандар да шығады. Бір жолы барлық салдарының басын қосып, өзара дайындық жасап, қызылды-жасылды киініп, енді жаңа сапарға аттанғалы жатқанда Құнанбай Май апамды (сол кездегі Құнанбай әулеті Нұрғаным тоқалды осылай атаған – Т. Ж.) Әмірге жіберіп, өзіне шақыртыпты. Майбасардың ұлы, әнші, скрипкашы Мұхамеджан екеуі Құнанбайға сәлем бере келіпті.
Олар табалдырықтан аттар аттамастан қаһарын төгіп:
– Сендер не істеп жүрсіңдер? Неге елді аздырып, жұртты тоздырасыңдар? Тоқтатыңдар! – депті.
Олардың салдық өнерін естісе де Құнанбай атамыз әлі көрмеген екен. Соны пайдаланып өжет те өткір Әмір сөзін іліп әкетіпті:
– Жала ғой, әке. Оны қайдан білесіз?
– Білем, бәрі де мағлұм маған.
– Көзбен көрмесеңіз өтірік болғаны. Ай астында қылаң мінген жігітті қайдан білесің. Баран мініп, қай жаққа барып едіңіз, – дегенде, шыдай алмай ашуланады да атшысын шақыртады.
– Тәйт, бетбақ! Әй, Мырзақан! Екі-үш кісі шақырып кел де, байла мына екеуін. Қане кім қолымды қағар екен! Бол, шақыр кісілерді!..
– Шақыртып әуре болмаңыз. Сіз айттыңыз, біз көндік. Қарсылық көрсетпейміз. Мырзақан байласа да жетеді ғой, – дейді Әмір екіленіп.
– Байла! Арбаның артына арқан салып тартыңдар! Қажының үкімі орындалады. Әмір мен Мұхамеджанның қос қолын артына қайырып байлап, кеуделерінен орап алып, терезеден арқанды сыртқа шығарып, пәуескеге іледі де жегулі дайын атты жетектей тартады. Екі жігіттің де кеудесі қысылып, еттері көгеріп, талаурап кетеді. Сонда Нұрғаным орнынан ұшып тұрып Құнанбайдан сауға сұрап:
– Жеті жаста қалған жетімің емес пе, кешсеңші. Аяушылық жасасаңшы, – деп ұмтылғанда, оны:
– Кет! – деп кеудесінен итеріп жіберді.
Арбанын шен теміріне байланған арқанға тартылған Әмір мен Мұхамеджан сол күйі біраз тұрады. Құнанбай намаз оқуға кіріскенде Мырзақан арқанды босатады. Тыныс алған Әмір ашынып:
– Әй, Мұхамеджан өнерің өткір де, өзің жасықсың. Еңсеңді түсірме. Көтер басыңды! Мен бір ән бастаймын. Сен қосыл. Осы шал қайтер екен, көрейік. Өзі намаз оқып отыр. Соны бұзайық. Әйтеуір дінсіз дейді. Ал кеттік, – дейді де өзінің «Сыпыра бойдақ» деген әнін сызылтып шырқай жөнеледі. Оған қоңыр дауысты Мұхамеджан да ілеседі. Ол әннің сөзі былай:
Салғаным салқара атқа өмілдірік,
Өртеңнен жылқы айдадым төгілдіріп.
Болғанда жаңа таныс қарағым-ай,
Кеттің-ау қабырғамды сөгілдіріп.
Сыпыра бойдақ, сылқылдақ,
Буыны жоқ, былқылдақ.
Керім жеңгей, кербез қыз,
Өлтіреді қутыңдап.
Қаршығам қазға салсам қаз іледі,
Жиылып қыз, бозбала бір жүреді.
Құдай-ау жас күнімде өлім берме,
Көл шайқап, жем жейтұғын мезгіл еді.
Оймақ ауыз, күлім көз,
Қай уақытта болар кез.
Ойнап күліп қалайын,
Жастық дәурен өтер тез.
Шариғат үрдісі бойынша намаз оқығанда ешкім бөгет жасамау керек және алаңдамау қажет. Қажы мынаған не істерін білмей сасқалақтап, бар болғаны басын сәл оңға бұрып, намазын үзіп:
– Әй, Мырзақан, мына бәтшағар кәпірлерді босат. Діннен безгенге дауа жоқ, – депті де аятын жалғастыра беріпті” – деп аяқтады сөзін Ахат қария.
Міне, Әуезов суреттеген оқиға осы жайттан өркен жайып, қиял құсының шиыршық атқан оқиғаға ұласқан. Құнанбайдың Әмірді жазалау себебі, Нұрғанымның араша түсуі, Мырзақанның екі жасқа тыныс алдыруы романда ширақ та, шынайы көркем өрнекпен әдіптелген. Тіпті Әмірдің өз атасына кектене айтқан “Көпсінгенің тірілік болса, өзі алар. Бұйырар өліміне бұйырдың ғой, бірақ өкінбеймін. Отқа өртесең де өкінбеймін” – деген сөзі орайын тауып, орынды қамтылған. Бұл сөзде Әмірдің өлеңіндегі “құдай-ау жас күнімде өлім берме” деген жолының мазмұны жатыр. “Сыпыра бойдақ” әнін Құнанбайға осы оқиға барысында Мұхамеджан екеуінің бірігіп шырқағанын Әуезов білген.
Оған Ахат Құдайбердиев ақсақалдың сөзі куә. Әмір Құнанбай қақтығысы арқылы Абайдың әділ де, турашылдық бейнесін, жат түгіл жақынына озбырлықтың тізгінін берментін, ел қамын ойлаған азаматтың ер қимылын даралап көрсету мақсатымен әдейі өзекті оқиғаны әсірелеп, әсерлеп баяндаған. Дәл осы бөлімнен жаңа Абай, ел Абайы бой танытқан. Екі заман, екі көзқарас текетірескен тұс.
Сал-сері Әмір Құдайберді ұлы 27 жасында ауырып, содан айықпай дүниеден кеткен. Ол екі әйел алған. Ақымай атты әйелі кейін басқа адамға тұрмысқа шыққан. Әмірдің қыстауы – Жидебайдағы Құнанбай ауылының маңында болған. Өзі Құдайбердінің зиратына жерленген.
Жастайынан қыршынан қиылса да Әмірдің әндері оның қысқа ғұмырын одан әрі жалғастырған. Қалың қауымның жүрегінде қатталып, кейбір мұрасы бүгінге жетіп отыр. «Абай жолындағы» Біржан салдың әуелете шырқайтын «Қозы көш» әні осы Әмірдікі. Қынжылатын жай сол: Әмір әндерінің әуені сақталмады. Мүмкін, ел ішінде білетін көне көздер бар да шығар. Бірақ оны нотаға түсірту мәселесі мен іздеу жұмыстары жүзеге асырылған жоқ. Әндерінің сөздері де ішінара сақталған.
Шіркін-ай, қазақ әнінің жас қаршығасының көкірегін жарып шыққан әннің әуенінің де Шыңғыс аспанына сініп, мәңгі өшкені ме?!
Әмірдің өнерлес серігі Мұхамеджан Майбасар ұлы хақында бірер сөз. Ол әнші, скрипкашы. Қоңыр даусы болған. Әмір шырқайтын «Боз қоян» соның тел туындысы. Кейінгі ұрпаққа жеткен біраз мұрасы бар. Мәкен Тұрағұл қызы Мұхамеджанның біраз әуенінің мақамын, сөзін көкірегінде сақтаған.
Сырт көзге «Қаракөздің» оқиғасы осымен түгелденген тәрізді. Негізгі оқиға, іс-әрекет, тартыс – бәрі де Халиолла мен Әмірдің өмірінен өріліп біткен тәрізді. Бірақ Шыңғыс өңіріндегі өмір сүрген тағы бір қос мұңлықтың – Ниязбек пен Ғалияның қайғылы қасіретті хикаясы еріксіз назар аударады. Тоғжан ару ұзатылып барған Шаған өзенінің бойында өскен екі жас бір-біріне қосыла алмай, арманда өтеді. Ғалия құсаланып, дертке ұшырайды. Әке-шешесі оңаша үйге қамап қойып, ұшықтауға кіріседі. Бақсы балгердің дауасыз емі арманды аруды есінен тандырып, шерменде халге түсіреді. Шағанның тоғайын аралап, біресе сақ-сақ күліп, біресе жылап, бұтадан қорқып, шошымалы ауруға ұшырайды. Екі сөзінің бірінде: «Тоғай! Қалың тоғай! Ниязбек!» – деп қайталаудан танбайды. Сол бейшаралық күйден қалпына келе алмай, далада адасып өліпті.
Бұл оқиғаны Семей облысының Абай ауданына қарасты Шаған селосының тұрғыны Мұқан Асқаров айтып берді.
Оқиға төңкеріс қарсаңында болыпты. Мұхтар Әуезов жас кезінде Шаған өзенінің жағасына талай ат басын тіреген. «Оқыған азамат», «Қыр әңгімелері», «Қаралы сұлу» әңгімелерінің прототиптерінің мекені бұл. Сорлы Ғалияның қасіретін естіген. Қаламгер жүрегін тебіренткен. Әсіресе трагедияның соңғы көрінісіндегі Қаракөздің шошынуы, тоғайды жиі-жиі айтуы, сандырақтаулары Ғалияның мүшкіл халін көзге елестетеді. Ой иірімі, сөз толғамы, суреттеудің дәлдігі Мұхтардың бұл оқиғаны да өзінше пайдаланғандығын мегзейді. Осының барлығы Қаракөз – типтік бейне деген ұғымға саяды. Әуезов мол материалды кең толғап, қиыннан қиыстырып, ұштастыра қолданған.
Төртінші тұжырым...
Аталмыш жайларға қарағанда соңғы топшылау оқырманға таныс, автордың жеке өміріндегі құбылыстардың, әсеріне, сезімдік тебіреністерге қатысты тарқатылады. Бағдарлап байыбына барсақ прототиптік негізден гөрі, шығармашылық интуицияны, жазушының көңіл-күйін, қолына қалам алуға әсер еткен ізденістердің ізін аңғартады. Оқырман қауымының арасында, оның ішінде әдебиет зерттеушілері мен қаламгерлердің, сонымен қатар сонау бір жылдары етене араласқан адамдар да «Қаракөздің» жазылу тарихының себептері ретінде Мұхтар Әуезовтің Кәмила Мағауия қызымен ажырасу тұсындағы ішкі арпалысын меңзейді.
Жиырмасыншы жылдары Мұхтардың жеке өмірінде, қоғамдық көзқарастарында көптеген қарама-қайшылықтар мен қиыншылықтардың, елеулі өзгерістердің кездескені, «Қаракөзді» жазуға итермелеген тебіреніс көзі ілгерідегі баяндау арқылы таныс.
Ішкі толғаныс талант иесіне «Қаракөз» трагедиясының сарынын дөп басып, сәтті шығаруына интуициялық сезімнің әсер еткені анық. Тебіреніс толқыны жан түкпірінен қопарылып шықпаса – жүрекке жетпейді. Тіпті, суреткер өмір сүрген заманнан алыс дәуірлерді бейнелесе де, ондағы кейіпкерлеріне өзінің сезім-түйсігі арқылы жан бітірді. Кей тұстарда творчество адамдарының интуициясының күштілігі сондай, күні ертең не боларын көбінесе дәлме-дәл болжайтын көрінеді. Кейіпкер мен өз сезімінің астасып, өзге адам үшін арпалысуы шынайы өнер иесіне тән. Гете «Жас Вертердің қасіреті» романын Шарлотте Буфқа есі кете ғашық боп, махаббат азабына түскен кезде жазыпты. Өзінің егілген жүрегінің ащы запыраны Вертердің қасіретіне қосылғанда Гетені шарасыздық билеп, өмірден түңіледі. Вертердің өзіне-өзі қол жұмсаудан басқа амалы қалмағанын аңғарғанда қатты қапаланады да, бұл да сондай шешімге келеді. Жан түршігерлік шешімді әзер жеңеді. Гете: «Мен өзімді өзім өлтіру туралы қатыгез де ақылға сиымсыз пиғылдан бас тартып, өмір сүру керек деп шештім. Бұл мақсатты еш алаңсыз жүзеге асыру үшін өзімнің барлық қасіретімді жеткізе алатындай поэтикалық шығарма жазуым керек болды» – деп еске алады. Сондай тығырқа тірелген шақта күйеуге шыққан әйелге ғашық болған, бірақ тілегін қабылдамағанға қорланған Карл Вильгельм Иерузалем деген жігіттің өзін-өзі өлтіргенін естиді де Вертердің тағдырына сол оқиғаны теліп барып, рухани азаптан құтылады.
Міне, Мұхтар «Қаракөзді» жазғанда дәл Гете сияқты шектен шыққан шешімге ниет қылған жоқ. Бірақ, жан дүниесінің қатты күйзелгені аян. Тіпті, ол Қаракөз бейнесіңде елестеткен Кәмиланың ұзамай құсалықпен дүниеден өтетінін де іштей сезген сияқты. Біз, тура мағынасында емес, көркемдік образдың рухани күйзелісінің түңілу коллизиясын айтып отырмыз. Анығы сол: «Қаракөздің» соншама «азапты шабытпен» жазылуына отбасының тіршілігіндегі бұл өзгерістің тікелей әсері тигені сөзсіз. Жанын жаралаған «немерелестік» хақындағы ғайбат-өсектер де отқа май құйғандай өршіте түскен. Кәмила тек поэтикалық бейне. Ал өмірлік деректердің мүлдем басқа екендігін жоғарыда айтып өттік.
Өткен өмірдің елестерін ұмыту қиын. Мұхтар да Кәмиланың бейнесін есінен шығармаған. Оны өзгелерден жасырмаған да. Осы ретте Кәмила мен Мұхтардың арасындағы қарым-қатынасты сан-саққа жүгірткен алып қашты пікірлер орын алып келеді. Мұхтар Әуезовтің стенографисткасы Данабике Байқадамованың «Қазақстан әйелдері» журналыньщ 1986 жылғы, № 7 санында «Кемел көңілдегі өшпеген шоқ» атты мақаласындағы біраз тұжырымдары сол қауесетке құрылған. Мұхтардың Кәмила туралы ұзақ әрі сүйіне-күйіне әңгімелеуі, ерекше ыстық ықыласын аңғартуы шындық. Алайда тым әсірелеп баяндаудың нәтижесінде Мұхтарға да, Кәмилаға да обал жасайтын, көлеңке түсіретін жала мен жаңсақтықтар бар. Сол әбестіктерге сеніп жүргендер де, сенбесе де сенгісі келетіндер де көп. Бұл қиянат. Сондықтан да, мақаладағы қате түсініктердің негізгілерін көрсете кетуді парызымыз деп санадық.
Бірінші: Кәмила – «Абайдың баласы Жағыпардың қызы» емес. Жағыпардың жас мөлшері – Мұхтарға қайын ата боларлықтай үлкен емес. Кәмила – Мағауияның Маржаннан туған қызы. Маржан Мағауиядан соң іле қайтыс болып, Кәмила Дәмегөйдің, Ділда мен Әйгерімнің қолында өскен. Екінші: Кәмиланың денсаулығы жас кезінен дімкәс, нәркес болғандықтан да гимназияда оқымаған. Ауыл мұғалімінен хат таныған. Үшінші: Мұхтар мен Кәмила бесікте жатқанда айттырылмаған. 1920 жылы ұзатылып кеткен жерінен Жақсылық Теленов деген белгілі большевиктің шығарған сот үкімімен Мұхтарға қосылған. Төртінші: Ленинградқа барған емес. Демек «азия сұлуы» атануы, «қонаққа жалғыз барып, Кәмиланы түн ортасында біреудің шығарып салып жүруі» – құр қиялдың жемісі. Айрылысуының себебінің өзі – Кәмиланың алыс жол жүре алмауында, Ленинградқа баруға келіспеуінде, Мұхтардың үнемі салт жүруден жалығуында жатыр емес пе. Бесінші: Кәмила мен Валентина Николаевнаның кездесуі мүмкін емес. Тіпті, 1928 жылы Абай ұрпақтарының барлығы Ташкент, Шымкент жаққа көшкенде, «Мұхтармен кездесіп қаламын, не іздеп келеді» – деп Кәмила бармай, Семей қаласындағы Белағаштағы туысқандарында қалып қойған. Міне, осының барлығы дәйексіз сөзге өрт қояды. «Шоқ» емес, өрт. Сол өсектің ұшығы ғой, екеуінің арасын суытып тынған. Асылға Абай болғанға не жетсін.
(жалғасы бар)
Abai.kz