1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс
Басы: Ойдан тойға дейін
Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы
Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия
Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы
Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол
Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы
Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты
Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты
Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок
Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!
Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры
Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт
Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл
Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»
Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс
XV ЧЕМПИОНАТ. 1994 ЖЫЛ. АҚШ
Әлем чемпионы – Бразилия
Алтындатылған жүлденің иегері – Италия
Күміс жүлдегер – Швеция
Қола жүлдегер – Болгария
Автогол үшін адам өлтіру – сұмдық...
Алдыңғы чемпионатта командалар тек қана қорғанысты ойлап, матчтардың көпшілігі сүреңсіз өткен соң, ФИФА ойынды едәуір қызықты ете түсу үшін бірқатар тың шешімдер қабылдаған еді (жеңіске 3 ұпай беру, өз қорғаушысы аяқпен берген допты қақпашының қолымен ұстауына тыйым салу, дөрекілікке қарсы ымырасыз күрес, т.б.). Соның әсері ме, командалар шабуылға көп көңіл бөле бастады, нәтижеде қақпаға доп көп соғылды, матчтардың көпшілігі өте қызықты өтті. Стадионға жиналған көрермендердің саны жағынан бұл турнир тіпті рекордтық көрсеткішке қол жеткізді: АҚШ-тағы әр кездесуді орта есеппен 68 604 адам тамашалады!
«А» тобындағы алғашқы ойын (АҚШ – Швейцария – 1:1) әлем чемпионаттары жылнамасында мәңгі қалды. Жо-жоқ, қос команда да тәп-тәуір ойнағанымен, таң қалдырар ештеңе көрсете қойған жоқ, бірақ бұл – финалдық турнирлер тарихындағы жабық стадионда өткен тұңғыш матч еді. Ал таң қалдырғанның көкесін Колумбия көрсетті. Іріктеу сынында Аргентинаны сырт алаңда 5:0 есебімен талқандап тастаған оларды Пеленің өзі «алтын кубоктан басты үміткер» деп болжаған болатын. Бірақ колумбиялықтар «футбол королінің» және сан мыңдаған тілеулестерінің үмітін ақтамай, әуелгі екі кездесуде де ұтылып қалды. Румыниямен ойында допты бұлар көбірек ұстағанымен, қорғанысы мығым қарсыласынан айласын асыра алмады. Вальдеррама да, Ринкон да, қос қапталды біреу миналап тастағандай, шабуылды тек ортадан ұйымдастырды. Ал Асприлья гол соғуға бірнеше мүмкіндік алып, бәрін де мүлт жіберді. Қорғаныстан қолы босаса-ақ зу етіп алға ұмтылатын румындар шабуылда өте нәтижелі қимылдады.
«Чемпион болуға тиіс» команда алғашқы ойында-ақ жеңілген соң, елдің Медельин шаһарындағы лаңкестер құраманың бас бапкері Матурана мен оның көмекшісі Э.Гоместің туысқандарын кепілдікке алып, оларға қысым жасай бастады. Сөйтіп, келесі АҚШ-пен ойынға лаңкестердің талабы бойынша Г.Гоместің орнына Гавирия шықты. Бірақ америкалықтардың жеңісіне ол да қарсы тұра алмады. Колумбиялықтар топта ең соңғы орын алып, елдеріне ерте қайтуға мәжбүр болды. Әлгі алаң иелерімен ойында өз қақпасына абайсызда гол соғып алған қорғаушы Эскобарды елге барған соң біреулер атып өлтіріпті. Бейшараның денесінен дәрігерлер 12 оқ алып шығыпты. Сол уақыттағы баспасөзде жазылғанындай, қылмыскерлер әрбір оқ атқан сайын «гол!», «гол!» деп кіжіне айғайлап тұрыпты...
Алаңға шыға сап, шырық бұзған Эччеверри
«В» тобында өнер көрсеткен Бразилия құрамасы салған жерден өзінің алтын кубоктан басты үміткер екенін байқатты. Кеңес Одағының ФИФА-дағы ізбасары саналған Ресей футболшыларын олар қарсылас құрлы көрген жоқ. Бірінші тайм бойына басымдық танытқан теңбіл доптың теңдессіз шеберлері 27-минутта есеп ашты: бұрыштан берілген допқа өзгелерден бұрын ұмтылған Ромарио оны оң аяғының сыртымен қақпаға ысыра салды – 1:0. Екінші таймда баяғы даңқты футболшы Сократестің туған інісі – Райи пенальтиден есепті еселеді. Бұрынғы командалар секілді емес, бұл жолғы Бразилия азға қанағат етіп үйренген екен, бұдан соң қарқынды бәсеңсітіп, қауқары шамалы қарсыласымен «мысық-тышқан» ойнап жүріп алды.
Бұл жолы 1990 жылғыдай тегеурін таныта алмаған Камерун құрамасын да олар оп-оңай ұтты. Екінші орынды бірте-бірте бабына енген шведтер алды. Ал орыстар соңғы кездесуде ойламаған жерден осалдық танытқан африкалықтарды 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Осы матчта Саленко 5 доп соғып, әлемдік рекорд жасады. Бірақ шабуылшының бұл ерлігі құраманың 1/8 финалға шығуы үшін жеткіліксіз еді. Камерун шабуылшысы Милланың Ресей қақпасына енгізген добы да тарихта қалды, өйткені ол – финалдық турнирлер тарихындағы ең «қарт гол» еді (авторының жасы... 42-де болатын).
«С» тобынан Германия мен Испания суырылып шықты. Бұлардың өзара кездесуінде жеңімпаз анықталған жоқ. 15-минутта Гойкоэчеаның оң қапталдың сонау қиыр бұрышынан қиғаштай тепкен добына неміс қақпашысы Иллгнер тосқауыл бола алмады. Тіпті ол «испандық онша қолайлы емес жерден қақпаға тура соққы бағыттай қоймас, ары кетсе әуелетіп пас асырар» деп ойлаған тәрізді. Бір қызығы, аталған құрамалардың 1966 жылғы матчтында да айна-қатесіз дәл осындай гол соғылған еді! Тек ол кезде неміс шабуылшысы Эммерихтің мерейі үстем болған-ды... Екінші таймда Клинсманн шеберлік танытып, таразы басын теңестіріп кетті.
Боливия құрамасы еуропалық қос мықтыға лайықты қарсылас бола алмады. Ал Оңтүстік Корея ойыншылары шеберліктері жетпей жатқанымен, ерекше ерік-жігерімен көзге түсті. Олар Испаниядан 0:2 есебімен ұтылып жатып, таразы басын теңестіре алды. Сосын Германиямен де батыл ойнады. Немістер бірден үш гол соғып тастап, үзілістен соң қайнаған күннің астында құр алаөкпе бола бермей, арқа-басты кеңге салмақ еді, корейлер бұған көнбейтінін байқатып, әлем чемпиондарының екі аяғын бір етікке тықты. 63-минутта-ақ есеп 2:3 боп үлгерді. Бұлай боларын күтпеген Фогтс жігіттері қанша тырысса да, допқа иелік ете алмай қалды. Тек қана қорғанумен болған олар ойын біткен замат әлдері құрып, көкмайсаға сұлай-сұлай кетісті.
Осы топтың ғана емес, чемпионаттың беташар кездесуінде 79-минутта ойынға қосылған боливиялық шабуылшы Эччеверри 82-минутта алаңнан қуылды! Ол – әлемдік доп додасы тарихындағы алаңға шыға сап, бірден «шырық бұзған» алғашқы футболшы. Оның бұл «рекордын» (3 минут) Швейцариямен ойында румын шабуылшысы Владою, сосын 1998 жылы дат ойыншысы Вигхорст қайталады (Оңтүстік Африкамен кездесуде).
Нағыз Марадона мен «Шөл дала Марадонасы»
«D» тобында мұндай дүбірлі додаға тұңғыш рет қатысқан Грекия футболшылары үш қарсыласынан да жеңіліп (жалпы есебі 0:10), ең соңғы орында қалды. Ал Нигерия, Болгария және Аргентина командалары бірдей ұпай жинап, турнир кестесінде доп айырмасы арқылы тура осы ретпен орналасты. Латынамерикалықтар 1-орын алуға лайық-ақ еді, әрі 34-ке келгеніне қарамастан Марадона өзінің төртінші чемпионатын да тамаша бастаған болатын. Әлем баспасөзі «Футбол кемеңгерінің оралуы» деген тақырыптармен таласа мақала жазып, тамсана таң қалысып жатты. Бірақ кезінде нашақорлығы үшін ұсталып, жазаға тартылған ойыншы тағы да өз командасын қиын жағдайда қалдырды. Нигериямен ойыннан соңғы допинг-тестте оның бойынан тыйым салынған медициналық препарат – эфедрин табылды. Сөйтіп, Марадона чемпионатқа мүлде қатыстырылмайтын болды. Соңғы турда Аргентина серкесіз қалған отардай ауа жайылып кетті. Сөйтіп, болгарлардан ұтылып қалған олар доп айырмасы жөнінен 3-орынға сырғыды.
«Е» тобындағы төрт команда да бірдей (4) ұпай жинады. Мұнда қарсыластарды орын-орнына тек доп саны арқылы ғана орналастыру қажет болды. Сөйтіп, үш доп соққан Мексика 1-орынды, екі-екі голдан енгізген Ирландия мен Италия 2-3-орындарды иеленді (жеке кездесуде «Скуадра адзурраны» жеңіп кеткен ирланд командасы сәл жоғарырақ орналасты), ал бар-жоғы бір-ақ доп соққан Норвегия, амал жоқ, аулына қайтты... Айтпақшы, Италия – Норвегия матчында әлем чемпионаттары тарихында тұңғыш рет қақпашы алаңнан қуылды. Ол – италиялық Пальюка еді. Дегенмен, оның серіктері қайтпас қайсар мінез танытып, норвегтерді 1:0 есебімен жеңіп кетті.
«Ғ» тобында финалдық турнирлер тарихында бірінші рет қос араб командасы өзара тоқайласты. Соның бірі – Марокко құрамасы үшін дода өте сәтсіз болды. Бірінші турда олар Бельгияны ұтуға тиіс еді. Олар қарсылас қақпасына 16 тура соққы бағыттады, гол соғатын талай ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды. Бірақ бұл күн бельгиялық қақпашы Прюдомның бенефисіне айналды. Нәтижеде ойын 1:0 есебімен Ван Химст командасының пайдасына шешілді. Айтпақшы, 88-минутта марокколық бапкер Блинда алаңдағы үшінші ойыншысын алмастырды. Себебі, турнир алдында ФИФА қақпашыны қосқанда үш футболшы алмастыруға рұқсат берген-ді. Блинданың жағдайы тура сондай-тұғын: кездесуді жалғастыра алмайтыны мәлім болған қақпашы Азмидің орнына Аллауи шықты...
Тағы бір араб командасы – Сауд Арабиясы мұндай ірі додаға тұңғыш келіп отырғанына қарамастан, барлық ойында да қарсыластарымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Голландиямен 87-минутқа дейін тең ойнап тұрған олар матч соңында сәл босаңдық танытып, Таументтің баспен дәл соққы жасауына кедергі бола алмады. Қандас-діндес марокколықтарды тізе бүктірген соң, аргентиналық Солари жаттықтырған сауд футболшылары үшінші турда Бельгиядан да басым түсті. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды шабуылшы Саид әл-Овайран тура 1986 жылғы Марадонаның стилінде соқты. Допты алаң ортасынан ала сала алға ұмтылған ол аяғына оратылған үш қорғаушыны бірінен соң бірін алдап өтіп, сосын Прюдомды да қапы қалдырды. Тамаша голға таңдай қаққан әлем баспасөзі бұдан соң шабуылшыны «Шөл даланың Марадонасы» деп атап кетті.
Марселино маңдайшаны қалай сындырды?
1/8 финал ойындары өте қызықты өтті. Германия бірінен бірі өткен әдемі голдарға толы мазмұнды матчта Бельгияны тізе бүктірді (3:2). Өкінішке қарай, 70-минутта швейцариялық төреші Ротлисбергердің қателігі тартымды матчтың әсерін сәл бұзып алды. Неміс қорғаушысы Хелмер өз айып алаңына кіреберісте қақпашымен жекпе-жек шыққалы құстай ұшқан Веберді шалып жыққан болатын, бірақ төреші не пенальти белгілеген жоқ, не айыптыны «соңғы үміт фолы» үшін қызыл карточкамен жазаламады... Ал испандықтар Швейцария қақпасына жауапсыз үш доп соқты.
Шабуылдағы қос бірдей көшбасшысынан айрылған Аргентина құрамасы Румыниямен болған таңғажайып тартысты кездесуде 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұл – осы додадағы ең үздік ойынның бірі еді. 11-минутта Думитреску айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, есеп ашты. Араға бес минуттай уақыт салып, екі қорғаушыны алдап өткен Батистута қарсыластың айып алаңына баса-көктеп енді. Ол қақпаны дәл көздемек еді, кешігіп ұмтылған Продан тобықтан қағып, жалпасынан түсірді – пенальти! Шабуылшының өзі 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ. Артынша оң қапталда үш қорғаушының қоршауында қалған Хаджи допты аса бір дәлдікпен ортадан оза шапқан Думитрескудің аяғына салды да берді – 2:1. Екінші таймда «Карпат Марадонасы» – Хаджи трибунада отырған нағыз Марадонаның көзінен жас парлатып, үшінші голды соқты. Кездесудің соңында аргентиналық Бальбо есеп айырмасын қысқартты.
Бұл кезеңде шведтер Сауд Арабиясын, Голландия ирланд командасын, ал бразилиялық футболшылар АҚШ-ты ұтты. Осы сатының соңғы екі кездесуінде төрешілер қосымша жарты сағат қосуға мәжбүр болды. 88-минутқа дейін Нигериядан ұтылып жатқан италиялықтар Р.Баджоның қос добының арқасында ширек финалға шықты. Ал Мексика – Болгария матчында жеңімпазды пенальтилер сериясында анықтауға тура келді. Мұнда қарсыластарына қарағанда екі допты артық енгізген болгарлардың айы оңынан туды. Айтпақшы, осы ойынның 21-минутында бір қызық жайт болды. Болгарлар орындаған бұрыштама добын баспен алаң сыртына шығарып жіберген мексикалық Марселино Берналь өз секірісін тежей алмай, қақпаның торына оралып, шырмалып қалды. Ол тордан босану үшін олай-былай қозғала бергенде... қақпаның маңдайшасы сарт етіп сынып түсті! Амал жоқ, қақпаны ауыстыруға тура келді. Ойын 7 минутқа үзіліп қалды.
Бранконың алыстан соққан аңыз-голы
Ширек финал ойындарының ішіндегі ең тартымдысы – Бразилия мен Голландия футболшылары қойған спектакль еді. Қақпа құлпы ашылмаған әуелгі 45 минуттан кейін қарқынын үдеткен Карлос Алберто Паррейраның үздік шәкірттері – Ромарио мен Бебето бір-бір доп соғып, ойын тағдырын шешіп қойғандай әсер қалдырды. Бірақ бұл пікірмен голланд құрамасындағы бір футболшы үзілді-кесілді келіспейтінін білдірді. Ол – Бергкамп еді. Әуелі өзі, сосын Таффарелдің қателігін пайдаланған Винтер көзге түсіп, жаңа ғана жайбарақат күйге көшкен бразилиялықтардың қуанышын су сепкендей басты. Дегенмен осы су үш дүркін әлем чемпиондарының есін жиғызды. Өзінің үшінші чемпионатына келіп, турнир басталғалы алаң жиегінде әзер шыдап отырған, тек осы матчта ғана негізгі құрамға қосылған қорғаушы Бранко екі рет алыстан айып добын соғып, нысанадан сәл ғана қиыс кеткен болатын. Айтқандай, ол жасыл алаңға сол күйі шықпауы да мүмкін еді, тек Бразилия – АҚШ матчында Леонардо өрескел тәртіп бұзып (америкалық Рамосты шынтағымен шықшыттан қағып, жалпасынан түсірген-ді), төрт ойынға жазаланып, сол қапталдағы қорғаушының орны босаған-ды. Негізгі құрамға осылай қосылған Бранконың 81-минутта 35 метрдей қашықтықтан бағыттаған соққысы тосқауылды шиырыла айналып өтіп, қақпашыға сауырын да сипатпастан оң жақ бағананың түбінен торға күмп берді!
Күштері өзара тең шведтер мен румындар жеңімпазды тек матчтан соңғы 11 метрліктер арқылы анықтады. Белодедичидің қателігі скандинавтарға жол ашты. Италия мен Испания деңгейлес кәнігі боксшыларша 86-минутқа дейін бірін-бірі жеңе алмай тұрды. Ақырында бәрін де команда шабуылшыларының шеберлігі мен салқынқандылығындағы айырмашылық шешіп берді. Испандық Салинас 84-минутта қақпашымен жекпе-жек шығып, оны қапы қалдыра алмады, ал арада екі минут өткенде Р.Баджо өзінің тура сондай мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.
Германия құрамасы сонау 1978 жылдан бері бірінші рет жүлдесіз қалды. Маттеус мүлтіксіз орындаған пенальтиден соң олар 1:0 есебімен ұтып тұрды. 70-минутта Меллердің соққысы бағанаға тиіп, кері қайтқанда оған Феллер аяғын тоса қойып, торға түсіріп еді, төреші «шабуылшы ойыннан тыс қалды» деп, голды есептеген жоқ. Ал арада айналдырған алты минут өткенде бәрі күрт өзгеріп кетті. Әуелі Стоичков айып соққысын керемет орындап, ғажап гол енгізді. Артынша Лечков жақын жерден баспен соғып, Болгария құрамасы үшін тарихи нәтижені тіркеді (2:1).
Жартылай финалдарда қарсыласынан күші басым құрамалар жеңіске жетті. Топтық кезеңде Бразилиядан ұпай жырып алған шведтер бұл жолы да 80-минутқа дейін тіресіп бақты. Паррейраның командасын Ромарионың жеке шеберлігі құтқарды, әйтпесе матч қосымша уақытқа ұласары анық еді. Бабына еніп, өзіне деген сенімі ширай түскен Р.Баджо қос доп соғып, Италияны финалға алып шықты. Стоичковтың пенальтиден енгізген голы оған ресейлік Саленкомен бірге турнир сұрмергені атануға мүмкіндік берді. Онсыз да бұрын-соңды болмаған табысқа жеткен болгарлар үшінші орын үшін болған кездесуге ешқандай мақсатсыз шығып, 0:4 есебімен жеңілді.
Бразилия прагматик те бола алады екен
Өкініштісі, өте жақсы өткен чемпионаттың шешуші ойынында гол соғылған жоқ. Әрқайсысы үш реттен әлем чемпионы атанған екі ұлы футбол державасының айқасын дүние жүзі қызыға күткен еді, бірақ командалар тым сақ қимылдап, жұрт үміттенген үдеден шыға алмады. Бұл ойындағы гол соғатын ұрымтал сәттерді санамалауға бір қолдың саусағы да жетіп-артылар еді. Ақыры әлем чемпионы футбол тарихында тұңғыш рет пенальти арқылы анықталды. Серия Франко Барезидің өрескел қателігімен басталды. Бірақ Пальюка да қырағылық танытып, Марсио Сантостың соққысын қайтара білді. Одан кейін қарсыластардың екі-екіден соққылары нысанаға дарыды да, ерлік жасау кезегі Таффарелге тиді. Ол Массаро тепкен допты асқан шеберлікпен ұстай алды. Бұдан соң Дунга допты торға дәл бағыттады, ал бүкіл Италияның үмітін арқалаған Р.Баджо күтпеген жерден допты аспанға тепті...
К.А.Паррейра нағыз шеберлікпен астасқан әсем ойынмен қатар қай ойында қанша күш жұмсау керектігіне мән беретін прагматизмді де жақсы меңгеріпті. Бұрын команданың ең селкеулеу саналатын шебі – қорғанысты да тастай ғып бекітіпті. Бапкер ойыншыларына шығармашылық еркіндікті де толайымен бере салмай, қажетіне қарай құрсаулап ұстауға көшіпті. Бразилияның ұлттық футболына аса тән емес қасиеттерді шәкірттерінің бойына сіңірген ол қайталанбас команда құра білді. Бұл елдің командасы тұңғыш рет қатаң тәртіпке мойынсұнып, ұйымшыл футбол көрсетті. Өйткені баяғыдай тек ақборан шабуылға ғана үміт артудың орынсыз екенін түсінген-ді. Бұл жолы олар жеңіс үшін қандай тәсіл қажет – соған бой ұрды, бапкер ұстанымына қалтқысыз иланды. Өйтпесіне де болмайтын еді, себебі, Бразилия бұл төртінші алтынды 24 жыл, 26 күн бойы күткен болатын...
ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ
Финалдық турнирге 24 команда қатысты.
52 ойын өткізілді, 141 доп соғылды (орта есеппен 2,71 гол).
«А» ТОБЫ
АҚШ – Швейцария – 1:1, Колумбия – Румыния – 1:3, Швейцария – Румыния – 4:1, АҚШ – Колумбия – 2:1, Швейцария – Колумбия – 0:2, АҚШ – Румыния – 0:1.
«В» ТОБЫ
Камерун – Швеция – 2:2, Бразилия – Ресей – 2:0, Бразилия – Камерун – 3:0, Ресей – Швеция – 1:3, Ресей – Камерун – 6:1, Бразилия – Швеция – 1:1.
«С» ТОБЫ
Германия – Боливия – 1:0, Испания – Оңт.Корея – 2:2, Германия – Испания – 1:1, Боливия – Оңт.Корея – 0:0, Боливия – Испания – 1:3, Германия – Оңт.Корея – 3:2.
«D» ТОБЫ
Аргентина – Грекия – 4:0, Нигерия – Болгария – 3:0, Аргентина – Нигерия – 2:1, Грекия – Болгария – 0:4, Грекия – Нигерия – 0:2, Аргентина – Болгария – 0:2.
«Е» ТОБЫ
Италия – Ирландия – 0:1, Норвегия – Мексика – 1:0, Италия – Норвегия – 1:0, Ирландия – Мексика – 1:2, Ирландия – Норвегия – 0:0, Италия – Мексика – 1:1.
«Ғ» ТОБЫ
Бельгия – Марокко – 1:0, Голландия – Сауд Арабиясы – 2:1, Марокко – Сауд Арабиясы – 1:2, Бельгия – Голландия – 1:0, Марокко – Голландия – 1:2, Бельгия – Сауд Арабиясы – 0:1.
1/8 ФИНАЛ
Германия – Бельгия – 3:2, Швейцария – Испания – 0:3, Сауд Арабиясы – Швеция – 1:3, Румыния – Аргентина – 3:2, Голландия – Ирландия – 2:0
Бразилия – АҚШ – 1:0, Нигерия – Италия – 1:2 (қосымша уақытта), Мексика – Болгария – 1:1 (пен. 1:3)
ШИРЕК ФИНАЛ
Италия – Испания – 2:1, Бразилия – Голландия – 3:2, Германия – Болгария – 1:2, Швеция – Румыния – 2:2 (пен. 5:4)
ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ
Италия – Болгария – 2:1, Бразилия – Швеция – 1:0
3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ
Швеция – Болгария – 4:0
ФИНАЛ
Бразилия – Италия – 0:0 (пен. 3:2)
17 шілде. Лос-Анжелес. «Роуз Боул» стадионы. 94 000 көрермен. Төреші Пуль (Венгрия).
Бразилия: Таффарел, Жоржиньо (Кафу, 22), Алдаир, Марсио Сантос, Бранко, Дунга, Мауро Силва, Мазиньо, Зиньо (Виола, 106), Бебето, Ромарио.
Италия: Пальюка, Мусси (Аполлони, 35), Ф.Барези, Мальдини, Бенарриво, Альбертини, Д.Баджо (Эвани, 96), Берти, Донадони, Р.Баджо, Массаро.
Пенальти сериясы: Ф.Барези (биік кетті) – 0:0, Марсио Сантос (қақпашы қайтарды) – 0:0, Альбертини – 0:1, Ромарио – 1:1, Эвани – 1:2, Бранко – 2:2, Массаро (қақпашы қайтарды) – 2:2, Дунга – 3:2, Р.Баджо (биік кетті) – 3:2.
Сұрмергендер
Стоичков (Болгария) және Саленко (Ресей) – 6 доптан, Ромарио (Бразилия), Р.Баджо (Италия), К.Андерссон (Швеция), Клинсманн (Германия) – 5-тен.
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz