Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Саңлақ 3405 0 пікір 23 Қараша, 2022 сағат 12:17

2006 жыл. Сақ ойынның салтанаты

Басы: Ойдан тойға дейін

Жалғасы: Тұңғыштың қызығы мен қиындығы

Жалғасы: Саясаттың салқыны: ІІ чемпионат. 1934 жыл. Италия

Жалғасы: Поццоның қайталанбас қолтаңбасы

Жалғасы: Тұтас ұлтты қайғыртқан гол

Жалғасы: Альпі етегіндегі аула футболы

Жалғасы: Ұлы жаңалықтар уақыты

Жалғасы: Гарринчаның чемпионаты

Жалғасы: Ұрланып-табылған кубок

Жалғасы: 1970 жыл. Қош, «Алтын Нике»!

Жалғасы: 1974 жыл. «Тұтасқан футболдың» тұғыры

Жалғасы: Дер кезiнде құртылған мұрт

Жалғасы: 1982 жыл. Каттеначчо және қарсы шабуыл

Жалғасы: Майталман Марадона және... «Құдайдың қолы»

Жалғасы: Пенальти тебуден жарыс

Жалғасы: 1994 жыл. 24 жыл күткен жеңіс

Жалғасы: 1998 жыл. Жаңа формат – жаңа чемпион 

Жалғасы: 2002 жыл. Футболдың жеңісі


XVІІІ ЧЕМПИОНАТ. 2006 ЖЫЛ. ГЕРМАНИЯ

Әлем чемпионы – Италия
Күміс жүлдегер – Франция
Қола жүлдегер – Германия

«Ей, жігіттер! Қайырлы таң!»

2002 жылдың 25 сәуірінде Қазақстан футбол федерациясы УЕФА құрамына өтті. Сөйтіп, XVІІІ чемпионаттан бастап, еліміздің футболшылары іріктеу сынында Еуропа аймағында ойнайтын болды. Командамыздың Қарт құрлықтағы алғашқы қадамы аса сәтті бола қойған жоқ: 12 ойында небәрі бір-ақ ұпай олжалаған бас бапкер С.Тимофеевтің жігіттері ең соңғы – 7-орында қалды. Біздің топтан тұңғыш рет әлемдік додаға жолдама алған Украина топ жарды. Бұл – еуропалық іріктеу топтарындағы жалғыз сенсация еді, ал Африкада кіл мықтылардың бәрі сүрініп, нәтижеде Кот-д'Ивуар, Гана, Того және Ангола құрамалары тарихта бірінші рет финалдық сынға қатысты. Тағы бір жаңалық – осы додадан бастап әлем чемпионы финалдық сынға бірден жолдама алмай, өзгелермен бірге іріктеуге қатысатын болды.

Финалдық турнирдің тұсауын кескен Германия және Коста-Рика командалары алты гол соғып, жанкүйер қауымды әбден риза етті (есеп 4:2). Бұл – беташар матчтар үшін нағыз рекорд еді. Бұған дейінгі үздік көрсеткіш – 1998 жылғы үш гол болатын. Сондай-ақ неміс Клозе мен костарикалық Ванчопе қос-қостан доп соғып, тұңғыш кездесулердің мергендеріне айналды. Алайда «А» тобынан келесі кезеңге чемпионат қожайындарымен бірге Эквадор шықты. Бұл команда Польшаны да, Коста-Риканы да айқын басымдықпен жеңіп, дода ақжолтайларының бірі болды.

«В» тобындағы алғашқы ойында мұндай додаға бірінші рет қатысып отырған Тринидад және Тобаго құрамасы шведтерден ұпай жырып алды (0:0). Кариб теңізінің бір пұшпағында елеусіз жатқан шағын ғана елден келген жігіттер сосын ағылшындарға да лайықты қарсылас бола білді. 83-минутқа дейін мұнда да қақпа құлпы ашылмай тұрды. Англия құрамасының тілеулестері голдан мүлде күдер үзіп, өз ойыншыларын ашық мазақтауға көшкен кезде Бекхэмнің оң қанаттан әуелете берген пасы сорайған Краучтың басын дәл тапты-ау әйтеуір! Артынша «жетінші нөмірлі құтқарушының» және бір ыңғайлы пасын тиімді пайдаланған Джеррард есепті еселеді.

Бұл жеңіс ағылшын жұртшылығының пәс көңілін сәл де болсын көтергендей еді. Өйткені бірінші турдағы сұмдық іш пыстырарлық Англия – Парагвай матчы бүкіл жанкүйер қауымды ренжіткен болатын. Парагвайлық қорғаушы Гамарра 3-минутта абайсызда өз қақпасына гол соғып алған соң, қалған уақыт «жабық есік жағдайында» өтті. Рас, ұтылып жатқан латынамерикалықтар шама-шарқынша шабуыл жасауға тырысты-ақ, ал ағылшындар тарапынан жәй футбол ойнауға деген де талпыныс байқалмады. Екінші таймда тіпті трибунадан «Ей, жігіттер, қайырлы таң! Оянсаңдаршы! Бұл әлем чемпионаты емес пе?» деген айғай естіліп, ел наразылығын ашық білдіре бастады. Оған қыңған ойыншы болған жоқ.

Тек үшінші турда ғана Свен-Горан Эрикссон баптаған британдық команда өзінің қайда және не үшін келгенін есіне түсіргендей, ерекше ерік-жігермен қимылдады. Олар екі рет алға шықты, екеуінде де шведтер таразы басын теңестіріп үлгерді. Айтпақшы, осы ойында швед шабуылшысы Маркус Алльбек соққан доп – әлем чемпионаттары тарихындағы 2000-гол еді.

Грэм Полл қойған «концерт»

Жұртшылық «Өлім тобы» деп айдар таққан «С» төрттігінен Аргентина мен Голландия озып шықты. Екі команда да топтағы қос қарсыласын ұтып, соңғы тур алдында-ақ келесі кезеңге жолдама алып қойды. Сондықтан болар, бұлардың өзара матчы «жұлдыздар шайқасынан» гөрі жолдастық кездесуге көбірек ұқсады. Нәтижеде Аргентина бірінші орын алды, өйткені оның доп айырмасы анағұрлым жақсы еді. Бұған себеп – бас бапкер Хосе Пекерман шәкірттерінің Сербия/Черногорияны 6:0 есебімен талқандауы. Бірінші турда Голландиядан жеңілген балқандықтар бұл жолы қарсыласымен ашық футбол арқылы айқаспақ еді, алғашқы жарты сағатта-ақ екі гол жіберіп алды. Екінші таймда Кежман алаңнан қуылған соң, олардың үміті біржола үзілді. Бір қызығы, осы матчта Аргентинаның ойынға кейіннен қосылған 3 футболшысы да гол соқты (тарихтағы бірінші жағдай)! Олардың қатарында финалдық турнирлерде тұңғыш рет алаңға шыққан Месси мен Тевес те бар еді.

«D» тобынан Португалия мен Мексика үздік шықты. Ангола өзінің бұрынғы метрополиясын қапы қалдыруға қанша тырысса да, шамасы келмеді: Паулетаның бәсеке бастала бере-ақ соққан добы 2002 жылғы әлем чемпионы, бразилиялық маман Луиз Фелипе Сколари баптаған португал командасына жеңіс сыйлады. Ал Иран болса, жалпы алғанда жаман ойнамағанымен, топ жеңімпаздарына есе жіберіп, Анголамен ғана тең түсті.

«Е» тобында Италия құрамасы жеңімпаз атанды. Гананы да, Чехияны да бірдей есеппен ұтқан олар АҚШ командасымен ғана ұпай бөлісті. Кезінде екі рет әлемдік чемпионаттардың күміс жүлдесін олжалаған даңқты чехословак футболының ФИФА таныған заңды мұрагері – Чехия құрамасы өзінің Словакиядан бөлініп, жеке ел ретінде қатысқан тұңғыш турнирін сәтсіз өткізді. Жарысты ірі жеңіспен бастаса да, одан соң Гана командасының тегеурініне төтеп бере алмады. Егер Гьян пенальтиді бағанаға соқпай, торды дәл көздегенде, Мунтари мен Пимпонг гол соғатын тамаша мүмкіндіктерді мүлт жіберіп алмағанда, П.Чех өз қақпасын қаншама қауіптен құтқарып қалмағанда, есеп тіпті масқара болар еді. Соңғы турда төреші «ойлап тапқан» пенальтидің арқасында АҚШ-ты да ұтқан африкалықтар 2-орын алды.

«Ғ» тобында ойнаған әлем чемпионы – Бразилия қиналмай-ақ топ жеңімпазы атанды. Құрама тізгінін қайта ұстаған Карлос Алберто Паррейра 4-4-2 тактикалық жүйесіне адалдық танытты. Жапониямен кездесуде Роналдо қос доп соғып, даңқты Г.Мюллерді қуып жетті. Айтпақшы, жапон құрамасын әйгілі бразилиялық маман Зико жаттықтырды. Оның командасы турнирді сәтті бастауға жақын еді. Австралиямен ойынның 84-минутына дейін Күншығыс елінің футболшылары 1:0 есебімен ұтып тұрды. Алайда Гус Хиддинк жетекшілігіндегі австралиялықтар айналдырған алты минуттың ішінде үш доп соғып, нәтиженің астаң-кестеңін шығарды! Және ол голдардың бәрін де алаңға екінші таймда шыққан ойыншылар соқты.

Екінші орын үшін Хорватия мен Австралия айқасты. Ойынның басты «қаһарманы» – ағылшын төрешісі Грэм Полл болды. Оның, хорваттардың қақпасына екі рет пенальти белгілемей қойғаны өз алдына, Шимуничке... үш сары қарточка көрсетті! 61 және 89-минуттарда тәртіп бұзған хорват қорғаушысына ол екі рет ескерту берді – ал бұл дегеніңіз автоматты түрде алаңнан қуылу емес пе? Расында да, телеэкран Шимуничке берілген екі сары қағаздың бірігіп, қызылға айналғанын көрсетті. Ал Полл... оны мүлде ұмытып кетті. Тек негізгі уақытқа қосылған минуттардың төртіншісінде ғана тағы да дөрекілік танытқан хорватқа және бір ескерту беріп жатып... оның үшінші екенін аңғарды! Сөйтіп, төсқалтасынан салтанатты түрде қызыл қағазды алып шықты... Тең ойын Австралия үшін тиімді болды, әйтпегенде «қателіктер комедиясының» соңы жанжалға ұласуы мүмкін еді.

Ұтылса да – 0:4, ұтса да – 4:0!

«G» тобындағы Оңтүстік Корея – Того матчы басталар алдында Того әнұранының орнына... Оңтүстік Кореяның әнұраны қайта шырқалды. Өз қателігін кейін байқаған ұйымдастырушылар кешігіп болса да, африкалық мемлекеттің әнұранын қойып үлгерді. Бірінші таймда Того командасы басымырақ ойнағанымен, үзілістен кейін қарқынды күшейткен азиялықтар қатарынан екі доп соғып, жеңіске жетті. Голланд бапкері Дик Адвокат жаттықтырған корейлер келесі турда Франциямен де ұпай бөлісті. Әділін айту керек, төреші қателесіп, ойынның 32-минутында Виейра соққан голды есептемеді: телеқайталауда доптың қақпа сызығынан сәл ішкері өткені анық көрінді. Бұл топтан кімнің озып шығары соңғы турда шешілді – корейлерден басым түскен Швейцария мен Тогоны ұтқан француздар 1/8 финалға өтті.

Бұрынғы доп додаларында талай өкілі КСРО құрамасы сапында өнер көрсеткен Украина тәуелсіз ел ретінде қатысқан алғашқы чемпионатын өте сәтсіз бастады: «Н» тобындағы беташар ойында Олег Блохиннің шәкірттері Испаниядан шашылып түсті – 0:4! 13-минутта Хаби Алонсо бұрыштан берілген допты торға дәл бағыттады, 17-минутта Вилья тепкен айып добы тосқауылда тұрған Ващуктің басына тиіп, бағытын өзгертті де, қақпашы Шовковскийді тағы сан соқтырды. Осы екі гол украиндықтарды есеңгіретіп тастады. Екінші тайм бастала бере төреші айып алаңына ұмтылған Торресті жейдесінен сәл тартқылағаны үшін-ақ байғұс Ващукті алаңнан қуып, пенальти белгіледі (ойын ережесі айып алаңының сыртында бұзылған еді, онда да – бұзылған болса). Нәтижені өзгертуге деген үміт оты осылай сөнді.

Әбден ашынған украиндықтар бар ашуын Сауд Арабиясынан алды: мұнда да – есеп 4:0! Украинаның финалдық сындағы тұңғыш голын қорғаушы Русол... тізесімен енгізді. Сосын Ребровтың алыстан бағыттаған соққысын араб қақпашысы Зайед тойтара алмады. Ал үзілістен соң Шевченко мен Калиниченко есепті еселей түсті... Шешуші ойында Тунисті де ұтқан (1:0) Блохиннің командасы екінші орынға ие болды.

1/8 финал сатысында таң қаларлық нәтижелер бола қойған жоқ. Немістер шведтерді ұтты. Бразилия Ганадан айқын басым түсті. Матчтың 5-минутында Кака тамаша пасымен Роналдоны қақпашымен жекпе-жек шығарып еді, шабуылшы оны алдап өтіп, есеп ашты. Бұл – Роналдоның әлем чемпионаттарындағы 15-голы еді! Демек, тағы бір рекорд жаңарды: осыған дейін 14 голмен көш бастап келген Г.Мюллер екінші тұғырға сырғыды. Аргентина Мексиканы қосымша уақытта ғана тізе бүктіре алды. Ағылшындар Эквадорды Бекхэмнің шебер соққан айып добы арқылы ұтты.

Бір ойында – 4 қызыл карточка!

Португалия – Голландия матчында ресейлік төреші Иванов 4 футболшыны алаңнан қуып шықты! Бұл – бұрын-соңды болып көрмеген «рекорд». Оған қоса ойыншыларға 16 сары карточка көрсетілді. Кездесу тәп-тәуір-ақ басталып еді, бірінші таймның соңына қарай екі жақ та дөрекілікке ұрынды. Булахрузбен соқтыққан К.Роналду жарақат алып, 34-минутта-ақ алаңнан кетуге мәжбүр болды. Төреші бұзақыларға әу бастан қатаңдық танытуы керек еді. Иванов болса, әуелгі жарты сағатта оларды тым еркінсітіп алды, ал ол өз билігін орнатуға кіріскен кезде бәрі де кеш болатын: әбден «қаны қарайған» қарсыластар қазының дегеніне бағынудан қалған-ды. Әсіресе екінші таймды футбол емес, соғыс десе де артық болмас еді.

Италия – Австралия кездесуінде де басты рөлді төреші орындады. Тең дәрежеде өтіп жатқан ойын қосымша уақытқа ұласатындай көрінген. 50-минутта-ақ бір ойыншысы (Матерацци) алаңнан қуылған итальяндықтар үшін жағдай қиындай түскен-ді. 90 минут бітіп, төреші қосқан 5 минут та түгесілер шақта қорғаушы Гроссо сол қапталдан қарсыластың айып алаңына енді. Австралиялық Нилл оны бөгемек болып, жолына көлденеңдей құлады. Гроссо болса, допты одан асыра өткізіп жіберіп, өзі жерде жатқан Ниллдың үстінен аттап өтпей, әдейі сүрініп жығылды. Испандық қазы Медина Канталехо бірден 11 метрлік нүктені нұсқады! Тотти пенальтиді дәл соқты.

Швейцария – Украина матчында 120 минут бойы есеп ашылған жоқ. Жалпы 2006 жылғы Швейцария құрамасы – өз қақпасына бірде-бір доп жібермеген тарихтағы жалғыз команда (4 ойында). Дегенмен пенальти сериясында олардың қақпашысы Цубербюлердің үш рет тордан доп алуына тура келді. Ал оның украиндық әріптесі Шовковский бұл серияда өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ! Ол екі соққыны кері қайтарды, үшіншісі маңдайшаға тиді. Демек, Украина – әлемдік доп додалары тарихында пенальти сериясында ешқандай гол жібермеген бірінші команда.

Роналдиньоның көз жасы

Топтық кезеңде күшті ойнаған Испания құрамасы Франциядан ұтылып қалды. Турнир басталар алдында Зидан «бұл – менің соңғы чемпионатым, ол біткен бойда мен футболмен қоштасамын» деп мәлімдеген еді. Журналистер плей-офф кезеңінің әр ойынын «бұл, бәлкім, Зиданның ақырғы рет алаңға шығуы шығар?» деп күтумен жүрді. Ақырында оны «зейнетке» 1/8 финалда-ақ шығарып салудан үміттенген испандықтардың өздері елдеріне ерте қайтуға мәжбүр болды. Зидан өзі де гол соқты, Виейраға да пас шығарып берді, жалпы, жас күніндегідей жасал алаңда қалауынша ойнақ салды. Рас, Луис Арагонес бұл кезде «жеңілмейтін испан эскадрильясын» жасақтауды енді бастаған-ды. Вилья, Торрес, Иньеста секілді болашақ жеңімпаз буынның алғашқы қадамы осылай сәтсіз болды. Қатарынан үш ірі доданы жеңіп алатын даңқты «Фурия Роханың» қалыптасуына әлі екі жыл бар еді...

Сөйтіп, плей-офф кезеңінде Францияның ойыны түлеп сала берді. Әсіресе «зейнетке» шығуға аса асығыстық танытпаған Зидан жарқырай көрінді. Оның ширек финалдағы бірінен бірі өткен ғаламат финттеріне, лезде тиімді шешім таба қоятын сұңғылалығына, далақтап көп жүгірмей-ақ ойын тізгінін өз қолында ұстай білетін даналығына қарап отырып, «Осындай футболшының доп тепкенді қоямын дегені несі? Одан да жанындағы кейбір серіктері қойып, ал мұның осылай ойнай бергені жақсы еді ғой!» деп ойламаған жан сирек шығар-ау. Журналистер «сиқырлы квартет» деп атаған Кака-Роналдиньо-Роналдо-Адриано төрттігі де, Бразилияның басқа шеберлері де Зиданның көлеңкесінде қалды. Тіпті бір сәт «о, тоба, нағыз бразилиялық деген Зинедин емес пе осы?» деп тамсанғанымыз да рас. Тамаша матчтың тағдырын шешкен жалғыз голды да Анри сол Зиданның пасынан соң соқты. Үнемі күліп жүретін Роналдиньоның жылағанын көру қаншалықты қиын болғанымен, нәтиже әділ еді.

Біртіндеп бауырын жаза түскен «Скуадра адзурра» Украинаны ұтты.

Басқа ширекфиналдық кездесулерде жеңімпаз ойыннан соңғы пенальти арқылы анықталды. Екеуінде де сәл басымдау ойнаған командалар жеңіліп қалды. Аргентина 80-минутқа дейін ұтып тұрып, немістердің тегеурініне төтеп бере алмады да, ақыры 11 метрліктерді сәтсіз орындады. Англия да қарсыласынан гөрі әлдеқайда жақсы ойнағанымен, «футбол лотереясында» португалдықтар салқынқандылық танытты. Әрі олардың қақпашысы Рикарду ерледі-ақ: үш соққыны ұстай алған ол әлемдік рекорд жасады!

Үздік футболшы – Зидан, чемпион – Италия

Жартылай финалдың бірінде сұмдық іш пыстырарлық ойын көрсеткен португалдықтар Франциядан ұтылды, ал екіншісі естен кетпес ерекше қызықты матч болды. Юрген Клинсманның жетекшілігіндегі жас неміс командасы өте жақсы өнер көрсетті, бірақ итальяндықтар одан да асып түсті. «Скуадра адзурра» осы додада тұңғыш рет өз бақытын шабуылдан іздеп, шабыттана ойнады. Олар қарсыласын әсіресе қосымша уақытта тықсыра түсті. Ширек финалда екі сағат бойына Аргентинамен сілкілескен Германия футболшылары бұл кезде шаршай бастаған еді. Мұны байқаған Липпи алаңға тағы екі шабуылшы шығарды. Овертаймда Италия төрт шабуылшымен ойнады. Сөйтіп, ақыры 119-минутта Гроссоның, сосын араға екі минут салып Дель Пьероның соққан голдары арқылы дегеніне жетті.

Финалда ең қорғанысы мығым екі команда ойнады. Деңгейлес ұжымдардың шешуші айқасы аса тартымды бола қойған жоқ, бірақ тұла бойы тартысқа тұнып тұрды, бұл нағыз мінездер мен ерік-жігерлердің егесуі еді. Шеберлікпен бірге жүйке де сыналатын мұндай сын сағатта психологиясы бекем, жеңіске деген ұмтылысы мол команда ғана табысқа жетеді. Сол команда Италия болды. Рас, қосымша уақытта Зиданның баспен ұрған добы қақпаға еніп кете жаздады, Буффон бұл жерде өзінің бар шеберлігін көрсетті. Ал пенальти сериясын итальяндықтар шебер орындады.

Иә, финал нәтижесіне Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған Зиданның алаңнан қуылуы да әсер етті. Шетел баспасөзі аталмыш көріністің сан-сапалақ себептерін сәт сайын құбылтып, құйқылжытып жазды. Ақыры Бразилияның «O Globo» телекомпаниясына тиесілі «Fantastico» бағдарламасының ерін қимылдарын оқу мамандары «Матерацци Зиданның қарындасын екі рет былапыт сөзбен балағаттаған» деп шешті. Бұған орай «Қарсыласы қандай сай-сүйегін сырқыратар сөз айтса да, ол шыдауы керек еді, енді, міне, командасын да жерге қаратты, дүйім дүние алдында өзі де масқара болды» деушілер де, «Ол дұрыс істеді, кейде намысыңды осылай қара күшпен қорғауға тура келетін жайттар болады» деп алақанын ысқылаушылар да болды. Қалай десек те, нағыз ойынның нағыз тілеулестері үшін Зиданның футболмен осылай қоштасқаны өкінішті еді. Ол тіпті командаларды марапаттау рәсіміне де шыққан жоқ...

Сонда да чемпионаттың үздік ойыншысы Зидан болды, ал алтын кубок Апеннин түбегіне аттанды.

ОЙЫН НӘТИЖЕЛЕРІ

Финалдық турнирге 32 команда қатысты.

64 ойын өткізілді, 147 доп соғылды (орта есеппен 2,29 гол).

«А» ТОБЫ

Германия – Коста-Рика – 4:2, Польша – Эквадор – 0:2, Германия – Польша – 1:0, Эквадор – Коста-Рика – 3:0, Германия – Эквадор – 3:0, Польша – Коста-Рика – 2:1.

«В» ТОБЫ

Англия – Парагвай – 1:0, Тринидад және Тобаго – Швеция – 0:0, Англия – Тринидад және Тобаго – 2:0, Швеция – Парагвай – 1:0, Швеция – Англия – 2:2, Парагвай – Тринидад және Тобаго – 2:0.

«С» ТОБЫ

Аргентина – Кот-д'Ивуар – 2:1, Сербия/Черногория – Голландия – 0:1, Аргентина – Сербия/Черногория – 6:0, Голландия – Кот-д'Ивуар – 2:1, Голландия – Аргентина – 0:0, Кот-д'Ивуар – Сербия/Черногория – 3:2.

«D» ТОБЫ

Мексика – Иран – 3:1, Ангола – Португалия – 0:1, Мексика – Ангола – 0:0, Португалия – Иран – 2:0, Иран – Ангола – 1:1, Португалия – Мексика – 2:1.

«Е» ТОБЫ

АҚШ – Чехия – 0:3, Италия – Гана – 2:0, Чехия – Гана – 0:2, Италия – АҚШ – 1:1, Италия – Чехия – 2:0, Гана – АҚШ – 2:1.

«Ғ» ТОБЫ

Австралия – Жапония – 3:1, Бразилия – Хорватия – 1:0, Жапония – Хорватия – 0:0, Бразилия – Австралия – 2:0, Бразилия – Жапония – 4:1, Хорватия – Австралия – 2:2.

«G» ТОБЫ

Оңт.Корея – Того – 2:1, Франция – Швейцария – 0:0, Франция – Оңт.Корея – 1:1, Того – Швейцария – 0:2, Франция – Того – 2:0, Швейцария – Оңт.Корея – 2:0.

«Н» ТОБЫ

Испания – Украина – 4:0, Тунис – Сауд Арабиясы – 2:2, Сауд Арабиясы – Украина – 0:4, Испания – Тунис – 3:1, Испания – Сауд Арабиясы – 1:0, Украина – Тунис – 1:0.

1/8 ФИНАЛ

Германия – Швеция – 2:0, Аргентина – Мексика – 2:1 (қосымша уақытта), Англия – Эквадор – 1:0, Португалия – Голландия – 1:0, Италия – Австралия – 1:0, Швейцария – Украина – 0:0 (пен. 0:3), Бразилия – Гана – 3:0, Испания – Франция – 1:3.

ШИРЕК ФИНАЛ

Германия – Аргентина – 1:1 (пен. 4:2), Италия – Украина – 3:0, Португалия – Англия – 0:0 (пен. 3:1), Бразилия – Франция – 0:1.

ЖАРТЫЛАЙ ФИНАЛ

Германия – Италия – 0:2 (қосымша уақытта), Португалия – Франция – 0:1.

3-ОРЫН ҮШІН МАТЧ

Германия – Португалия – 3:1

ФИНАЛ

Италия – Франция – 1:1 (пен. 5:3)

9 шілде. Берлин. «Олимпиаштадион». 69 000 көрермен. Төреші Элисондо (Аргентина).

Италия: Буффон, Дзамбротта, Каннаваро, Матерацци, Гроссо, Гаттузо, Перротта (Де Росси, 61), Пирло, Каморанези (Дель Пьеро, 86), Тотти (Яквинта, 61), Тони.

Франция: Бартез, Саньоль, Тюрам, Галлас, Абидаль, Виейра (Диарра, 56), Макелеле, Малуда, Рибери (Трезеге, 100), Зидан, Анри (Вильтор, 107).

Голдар: Зидан, 7, пенальтиден (0:1), Матерацци, 19 (1:1).

Пенальти сериясы: Пирло – 1:0, Вильтор – 1:1, Матерацци – 2:1, Трезеге (маңдайшаға тиді) – 2:1, Де Росси – 3:1, Абидаль – 3:2, Дель Пьеро – 4:2, Саньоль – 4:3, Гроссо – 5:3.

Ескерту алғандар: Дзамбротта, Саньоль, Макелеле, Малуда.

110-минутта Зидан алаңнан қуылды.

Сұрмерген: Клозе (Германия) – 5 доп.

Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1231
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2945
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3290